Белгілі ғалым Қытай түрмесінде қамауда отыр
Қытай қазақтарының арасынан шыққан белгілі ғалым, Өтейбойдақ Тілеуғабылұлының "Шипагерлік баянының" тұңғыш зерттеушісі, "Алтай аймақтық қазақ медицина колледжінің жоғары дәрежелі оқытушысы, қазақ шөп дәрілерін зерттеп, қытайға танытушы, "Қазақ шипагерлік негізі", ”Жұлдыздық” қатарлы ондаған медициналық кітаптар мен ғылыми мақалалардың авторы, Қалибек Қанжарбайұлы 2017 жылдың қыркүйек айында түрмеге жабылған. Содан бері, ғалымның хал-жайы турасында ешқандай дерек жоқ.
Бұл қазақ медицинасын дамытуға жасалған қиянат. Қамауда отырған ғалым ертеректе берген бір сұхбатында: "Әлемде жаһандану үрдісінің жүруімен көптеген ұлт өз бетімен жойылып барады, бұл жайында ғалымдар дабыл қағуда. Қазақ халқы Алланың құдыретімен ұлт ретінде жойылудан аман құтылып, қазіргі әлем халқының назарын өзіне аудара білді. Оның айқын дәлелі ретінде районымыздың Алтай тауындағы жартас суреттерін мен Құттыбидегі 10 000 жылдық тарихы бар жартас сызбаларындағы аң аулаған бабаларымызды, сонымен қатар, адамдарды науқастан айықтыруды бейнелеген жартас суреттерін айтуға болады. Демек ата-бабаларымыз 10 000 жыл бұрын адам емдеу шараларын жүргізгендігі дәлелденіп отыр. Мұны айтпағанның өзінде осыдан 5 000 жыл бұрын Лұхпан хакім халық арасында емдеу іс-шараларын жүргізген. Тарих қойнауына тереңірек көз жүгірткен ғалымдар мен археологтар 2 000 жыл бұрын Үйсін ордасында да емшілік шараларды орда тәуібі басқарғаннын айқындайтын дәлелдер мен сипаттарды жариялады. Жазу мәдениеті қалыптасқаннан кейінгі жағдай мүлдем бөлек дүние саналады. Сол кезеңнің өзінде, яғни соңғы мың жылдықта әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу-Насыр Әл-Фараби бабамыз ғылымның барлық саласында 200 жүзге тарта трак жазып, адамзат халқына өшбес бақыт қалдырып кетті" деп бастап, қазақ медицинасының тарихын он мың жылдықтарға дейін тереңдетіп тастаған болатын.
Сол жас ғалым Өтейбойдақ Тілеуғабылұлының жолын жалғап, түрлі шөп дәрілермен адам емдеу ісін індете зерттеген еді. Сондай, білікті ғалымның кінәсіз Қытай түрмесінде отырғаны жанымызға батады. Жалпы, қазір саяси үйрену лагерьіне қамалғандардың дені Қалибек Қанжарбайұлы сынды мықты азаматтар. Қалибек Қытай мемлекетін былай қойып, жалпы адамзатқа пайдасы тиер, талайларды ажалдан арашалауға қабілетті азамат. Сондықтан да, тым құрыса осындай азаматтарымызды саясаттың салқынынан қорғап қала алсақ игі еді.
Еркінбек Нұрақынұлы
Abai.kz