Қытай бөлшектене бастайды
Қадірлі оқырмандар, төменде назарларыңызға ұсынылып отырған аударма мақаланың авторы – Ма Рұң Бейжин университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің бұрынғы деканы, профессоры. Мақала осыдан жеті жыл бұрын «Лиң Даужы» - «көшбасшысы» журналының 2011 – жылғы 38/39 сандарында жарияланған екен. Кейінірек «ұлттар қоғамдық ғылымдары» журналында толық нұсқасын жариялаған. Бұл күндері әлеуметтік желілерінде жалаулата насихатталып жүр. Мақала әсілі 10 бөлімді болып, бұл ретте ықшамдалған 6 бөлімін қазақ тіліне аударып жариялағалы отырмыз.
Мақсатымыз қазақ – қытай достығын жалаулатып жүрген қытай жағының іргедегі азғана қазақтармен бауырлас ұйғыр, қырғыз халқына қандай саясат жүргізіп жатқанын, «аз санды ұлт» деп сүмірейте атап келген осы аз халықты ұлт ретінде, халық ретінде, қысқа ғана уақыт ішінде бүкілдей жойып жіберуге кіріскен бүгінгі Қытай компартиясы дара билігіндегі Қытай өкіметі, оның күштік құрылымдары жүргізіп отырған «зұлмат-геноцидке» теориялық негізсымақ жасап беруге тырыштанған аса залалды мақаласын оқырмандарға таныстыру. Сондай-ақ қолдан жасалған Қытайдағы «ұлттық саясат» деген нағыз өктемдік, зорлық-зомбылыққа негізделген «зұлматтың» шын сыйқын мынау бейғам, аңқау қазағымызға ашып көрсету еді. Бұл күнде аты өшкен Совет Одағы Компартиясына өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап, ревизионист – социал жиһангер деп – өздерін «нағыз маркісшіл-лениншіл етіп көрсетуге барын салған, Мау Зыдың бастаған қытай коммунистері кейінірек «қытайша социализм» құрып жатырмыз деп даурығып «нағыз ревизионистердің қандай болатынын әшкерелеп қойған еді.
«Қытайлық социализм» дегені - бір партияның дара билігіндегі шектеусіз қанды диктатураға негізделген казармалық социализмнің нағыз жексұрын формасы болатын.
Қытай компартиясы бұл күндері бір мезгілдік экономикалық жетістіктерге қол жеткізгенімен соңғы жылдары алдағы күнінің не боларын ойлап үрейге бой алдырған да сияқты.
Біз сөз етіп отырған профессор Ма Рұңның (одан басқа да көптеген саясаткерсымақтардың) мақаласының ортақ тақырыбы «ХХІ ғасырда Қытай (Жұң Го) тап болар ең зор қатер – мемлекеттің бөлшектенуі болмақ» - деп сүрен сала, пәле шақырып тұр.
10 бөлімнен тұратын осы байбаламның негізгі мазмұнымен жасырын Һәм әшкере мақсаты – Қытайдағы хандық емес ұлттарды не үшін, қалай, қандай айлашарғымен ұлт ретінде жұтып, жоқ қылуға болады деген сұраққа саяси, әлеуметтік, діндік, рухани сондай-ақ геосаяси тұрғыдан жауап-теориялық негіз жасап беру болатын. Бұл күндері Шинжияңдағы ұйғыр, қазақ, дүңгендер басына төнген ауыр ұлттық езгімен жазалау шараларының зардаптарын шовинист профессорлардан ғана көру аңғалдық болар еді. Бұл мәңгіліктен дәмегөй Ши Жинфиң бастаған Жұңнанхай билеушілерінің ұр да жық саясатының нәтижесі болатын.
Нақтылап айтқанда олар «ұлт-ұлттың өзін-өзі билеу құқын терістеп, олардың империялардың бұғауынан құтылу жолындағы барлық іс-әрекеттерін жоққа шығару керек дейді. Іс жүзінде ондай әрекеттер бұрыннан да мақсатты түрде астыртын жүргізіліп келген болатын. Енді ашыққа шықты.
Өзінің атамекенінде мыңдаған жылдардан бері өмір сүріп, небір қуатты хандықтар мен қағанаттар құра алған тибеттіктер мен Шығыс Түркістандағы ұйғырларды «ұлт» деп мойындауға болмайды екен. Сонда осы тарихи мекенге кеше ғана келген қытайларды кім деуіміз керек?
Профессор Ма Қытай мемлекетінде тұрып жатқан байырғы ұлттарды «этникалық топтар-қауымдар» деп атаудан тайынбайды. Сонымен өздері пір тұтып келген Маркс-Энгельс, Ленин-Сталиндердің ұлт-ұлттың өзін-өзі билеу құқы жөніндегі көзқарастарын терістеп, жоққа шығаратын уақыт келді деп есептейді. «Этникалық топтарды» Қытай теңізіне батырып жоқ қылғанда ғана Қытай ХХІ ғасырда төніп тұрған «бөлшектену қатерінен аман-сау құтыла алады. Сол үшін бүгінгі қалыптасқан әлемдік қолайлы жағдайды ұтымды пайдаланып аяусыз күрес жүргізуден тайынбауға шақырады.
Ендеше Қазақстанды соңғы бір-екі ғасырдан бері ғана мекендей бастаған келімсектерге Тәуелсіз Қазақстан Конституциясында ұлықтап, 130-140 ұлт мәртебесімен «Ұлттық Ассамблея құрып беретінімізді қалай түсінсек екен? Сөйте тұра біртұтас «Қазақстан халқын» (кешегі Кеңес халқы «Қытайдағы» жұңхуа ұлты) қалай қалыптастырмақшымыз? Қытайша «геноцидтікпен бе, әлде «Ассамблея» аясында би билеп ән салумен бе?
Қазақстандық жол қандай болу керек еді? Әрине бұлардан басқаша жолмен. Осындай өмір мен өлім тайталасына тап болған ХХІ ғасыр зобалаңын көзімен көріп, қолымен ұстағандай болып отырса да «Көршісін құдасындай (құдайындай деп те соғамыз) сыйлаған елміз деп «ұлы аспан асты елімен» (басқа елдер аспан астында емес, жердің астында өмір сүріп жатқандай-ақ) байқап сөйлеу керек» деп ара ағайын болғысы келіп дедектеп жүрген қандастарымызға «әкесі өлгенді де естіртеді дегендей көз алдымызда қытайлар жүргізіп жатқан зұлмат саясаттың бет-пердесін ашып, құныкерлерден қандастарымыздың құнын даулауға батыл кірісуіміз керек.
Қытай өкіметі жүргізіп жатқан жаныштауларды «ол біздің ішкі ісіміз, басқалардың араласуға хақы жоқ» деп өзеурейді. Олай болса олар жүргізіп жатқан қанды қырғынның халықаралық адам құқы жөніндегі декларациясындағы «Геноцид-зұлмат» жөніндегі баптарымен салыстыра отырып талдау жасап көрулеріңізді, әділ баға берулеріңізді өтінеміз, қадірлі оқырмандар.
Олай болса, большевиктер мен кешегі және бүгінгі Қытай компартиясы жүргізіп келген саясат пен іс-әрекетті салыстырып көрелік. Болбшевиктердің көсемі В.И.Ленин ашықтан ашық «жер бетінде большевиктер мен буржуилардың біреуі ғана тұруы керек. Ал, екеуі де өмір сүруге құқылы дейтіндер табылса, оларды африканың кеңгіруларымен бірге темір шарбақта ұстау керек» - деп жар салуы Кеңестік Ресейдің 70 жылдық қанды тарихы Ленин айтқан межеден әлдеқайда асып кеткені, ХХ ғасыр басында 6 миллионға жеткен қазақ халқы үштен екі бөлігінен айрылып, жетпісінші жылдары әрең 6 миллиондық межеге жеткені таласқа жатпайтын шындық еді.
1949-1966 жылдар аралығында Лениннің жолын ұстанған Қытай коммунистері 26 миллион қытайлықты өлім жазасына кескенін, 1935 жылға дейін Қытай компартиясының бас хатшысы болған Уаң Мин өзінің «Жұңгың Жұңяң Йүй фанту Мау Зыдұң» кітабында (1970 жылы Мәскеуде басылған) «Жұң Го компартиясы Орталық комитеті және сатқын Мау Зыдұң» деген кітабында жазған болатын. Ал, 10 жылғы қан қасап «Мәдениет төңкерісінде» және одан бергі жарты ғасырға жуық «пролетариат диктатурасын» қару еткен Қытайда қанша миллион адамның ажал құшқанын көз алдыға келтіре алмаймыз.
«Күн бір жауса, терек екі рет жауады» демекші жалпы Қытайда жүргізілген репрессиялық науқандар кезінде Тибет пен Шығыс түркістандықтарға қарсы еселеп жүргізген жаныштаулардың зардабын, қытайластыру мен жергілікті халықтың демографиялық өсіміне шектеу қоюлардың (жоспарлы туыт) зардабын азсынған Ши Жинпиңшылдар қолданып жатқан «геноцидтік» қырғындардың жалпы жағдайын былайша атап өтуге болады.
Қытай профессорлары мен Қытай компартиясы ХХІ ғасырда тап болар «бөлшектену қатерінің алдын алу үшін жасап шыққан ұлттық саясатын басты тақырыптар бойынша топтастырар болсақ былай болып шығады:
В.И.Ленин мен Сталин дәріптеп қалыптастырған «ұлттардың өзін-өзі билеу» және «бөлініп шығуға дейінгі құқын» мойындағанын теріске шығару керек деп кесіп айтады. Өйткені, Сталиннің ұлт теориясы тәрбиелеп шығарған қазіргі «ұлт» санасы «автономиялық аймақ» жүйесі ұлттық бөлшектенуге апарады дейді.
Теориялық тұрғыдан ұсынылып отырған осы реакцион теория арқылы қытай «ұлттың өзін-өзі билеу» құқын аяққа таптауға жол ашып отыр.
Қытай қоластындағы 56 ұлттың «өзін-өзі билеу» құқы сақталар болса Қытай болашақта әрдайым «ұлт ыдырауының тәуекелінде өмір сүреді» екен. Профессор мырза көп ұлтты елдер жағдайына талдау жасай келе былай дейді:
«...Қытайдағы этникалық деморкация мен этникалық саясатты «қайта қалыптастыруды», яғни «саясиландыруды ұсынамын» «қытай ұлты» концепциясын сақтап, «қытай ұлты», «этникалық құрылыс» пен «қытай ұлтын» қайта жариялауды, сонымен қоса 56 «ұлттарды» «этникалық топтар» ретінде құруды ұсынамын».
Ма Рұң мырза одан әрі ашықтан-ашық, Қытайдағы барлық этникалық топтар... барлығы бір этникалық топ қытай ұлты ретінде бірігуі тиіс» екен.
Ол үшін істелер және істеліп жатқан қытайландырудың нақты тактикалық және стратегиялық міндеттері ретінде баса көрсетілгендері мынадай:
- Жергілікті шағын ұлттардың балаларын толығымен, ешбір ойланбастан бала бақшадан бастап тек қана қытай тілді мектептерде оқытып, қытай етіп шығару. Бұл мақсат соңғы 10-15 жылдан бері нақтылы іске айналған.
- Мектеп бағдарламасында жергілікті ұлт тарихындағы белгілі тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар. Нақтылап айтқанда Қытайға қарсы көтерілген ұлт-азаттық күресіне байланысты зерттеулер, оқулықтар аласталуы керек. Оқушы санасына ұлт, ұлттық тарих, мәдениет, дәстүр, діндік наным-сенімдер жөнінде мағлұмат бергізбеу.
- Жастарға кәсіптік білім беру және қытайлармен күнделікті араластыққа жол ашу үшін ішкі өлкелепге жаппай тарқата орналастыру.
- Аралас некені барынша дәріптеп қытайлық отбасылар санын арттру.
- Аз санды ұлттардың дарынды балаларын қолдау желеуімен Қытайдың таңдаулы оқу орындарында оқытып, келешекте соларды әкімшілік жүйелерге тарту арқылы қытайландыруды оңтайландыру.
- Ислам, будда діндерін жергілікті халық тұрмыс-тіршілігінен аластау үшін «экстремизм, соператизм және терроризмге» қарсы күрес желеуімен аяусыз жаныштау, діни рәсімдерді өтеуге жол бермеу, діни қызметкерлерді аяусыз жазалау, тіпті із-тозсыз жоқ қылып жіберу.
- Ішкі Қытайдағы қағылған-соғылғандар мен иесіз қалған шал-шауқаңды жергілікті ұлт отбасыларына кіргізіп «бауырластыру» арқылы қытайландыру.
Бұдан басқа да толып жатқан қытайлық «қамқорлықтар» арқылы жергілікті ұлтты ұлт ретінде жойып қытайға төніп тұрған ХХІ ғасырдағы «ұлттық мемлекеттік бөлшектену қатерін» біржола жоқ қылу, сөйтіп біртұтас қытай болып тып-тыныш құшақтасып жатып-тұруға қол жеткізу.
Ма Рұң мырза, сонда, қытай қол астына зорлықпен бағындырылған, бірақ тәуелсіздігі үшін, діні мен тілі, салт-дәстүрі үшін жүздеген жылдар бойы жүздеген ұлт-азаттық күресті басынын өткерген 56 ұлт, әсіресе қытайлардан артық болмаса кем емес бай мәдениеті мен дәстүрі бар ұйғыр, тибет, моңғол, дүңген, қазақтар қытай болу үшін, ұрпағын миллиарт қытай теңізіне батырып жоқ қылу үшін өмір сүруі керек болғаны ма?
Қытайдағы шағын 56 ұлт халқы алдында осындай зобалаң, аяусыз жойымпаз саясат жүріп жатқанын, оны тек қана әлем жұртшылығы мақұлдаған «геноцидке» қарсы ортақ күреске шақыру арқылы жұмыла кірісетін уақыт жеткенін ашық мойындау керек.
Сонымен зұлмат немесе геноцид деген не? Әуелі осы сөздің мағынасын ашып, жұмбағын шешіп алайық. Геноцид сөзі ежелгі гректің genos – тұқым, caedere – өлтіру, құрту деген сөзінен алынған. Нәсілдік, ұлттық, діни немесе идеологиялық түрлі желеу-сылтаулармен халықтың кейбір бөлігін, кейде тіптен бүтін халық немесе ұлттың тұқымын құрту деген сөз. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1948 жылы 9 желтоқсанда қабылданып, 1961 жылы 12 қаңтардан бастап күшіне енген «Геноцидтік қылмыс және жазалаудан алдын-ала сақтандыру туралы конвенциясының І бабында «Келісімге қатысушы тараптар зұлмат бейбіт немесе соғыс кезінің қайсысында жасалғанына қарамастан адам құқығы ережелерінің нормалары бұзылған болса оған қарсы ескерту жасауға тіптен жасалған қылмысқа қатысушыларды жазалауға міндетті» деп көрсеткен. Ал, конвенцияның ІІ бабында «Қандай да бір ұлттық, этникалық, нәсілдік және діни топтарды біржола немесе бір бөлімін жойып жіберуге бағытталған іс қимыл геноцид деп танылады» деп жазылған. Мұндай әрекеттерге:
а) Нысаналы топтардың мүшелерін өлтіру;
б) Топ мүшелеріне дене жарақатын беру немесе рухани күйзеліске ұшырату;
с) Қандай да бір топтарды түгелімен және кейбір бөлімдерін құртуға бағытталған алғы шарттар жасау міндеті жүктелген жазалаушы ұйым, топ құру;
д) Көзі құртылуға тиісті топ адамдарының бала тудыру жолын кесуге бағытталған шара ұйымдастыру;
е) Адамзаттың бір тобының ұрпақтарын басқа бір топқа күшпен аудару, міне осылар жатады.
Ал енді осыларды боьшевиктердің іс-әрекеттерімен салыстырып көріңіз. «Меншік иелері, бай, кулактар мен буржуйларды тап ретінде жою» туралы жобасын алғаш большевиктердің көсемі В.И.Ленин ұсынды. «Жер бетінде большевиктер мен буржуйлардың біреуі ғана тұру керек. Ал, егер де екеуі де өмір сүруге құқылы дейтіндер табылса, оларды Африканың кенгуруымен бірге темір шарбақта ұстау керек» деп салды күн көсемінің өзі. Бұл іс жүзінде ұлттың бір бөлімін жазалау туралы жарлық болатын.
Коммунизм құру стратегиясы, коммунистік идеологияның салдарынан тек Кеңес Одағы ғана емес Кеңестер Одағының ықпалындағы барлық ұлттар жапа шекті. Олардың ішінен зұлматтан ең ауыр жапа шеккені білікті, білімділер мен дін адамдары және көшпенді малшы қауым болды. Өйткені большевизм теориясы жұмысшы, шаруаларға арналғандықтан жоғарыда аталған үш топтың табиғатына жат болатын. Осы жаттық оларға әсіре зұлмат әкелді. Білікті, білімді топ большевиктер үшін «ақылды жауы» саналды. Ондай жаулар жер басып жүруі мүмкін емес екен, сол үшін жойылды. Ал діндарлар большевизм догмасымен келіспегені үшін, көшпенді қауым коммунизм теориясына жат құбылыс болғаны үшін жазаланды.
- 1929-1933 жылдары Қазақстанда ОГПУ-дің тізіміне 22933 адам ілігіп, олардың 3386-сы атылып, 13151 адам 3-10 жыл уақытымен концлагерлерге айдалған. ОГПУ жаналғыштары ұсталғандарға жазасын мойындату, каелешекте оларды үрім-бұтақсыз қалдыру үшін Кеңестер Одағы прокуратурасында ұйғарылған «Жазалау ішкі ережесі» бойынша төмендегі жазалау шараларын қолданған:
- Маңдай тістерін қағып түсіру.
- Ер адамдардың жыныс мүшелеріне істік жүгірту.
- Екі аяғын салбыратып іліп қойып басынан ыстық бу, жалынмен қақтау.
- Жазалылардың балаларын үрім-бұтақсыз қалдыру үшін ызғар, мұз, қырауға отырғызу.
- Үкім шығарғанда әдейі таңдалып алынған іріткі салушылар, сөз тасушылар, құпия хабар берушілердің жалған куәлігін негізге алу т.б.
Мұны күн көсемдерін қызғыштай қорғаштап жүрген коммунистер білмегенімен атылған, айдалғандардың ұрпақтары біледі. ОГПУ-дың бұл рекомендациялары 1956 жылғы жылымық басталар алдында жойылған.
Ал, ХХІ ғасырдың бұл күндерінде бүкіл Қытай аумағында мұндай рекомендациялар одан әрі толықтырылып, түрленіп, аяусыз тән және рухани азаптау өркениетті Әлем алдында ашық-әшкере қолданылып отыр.
Қадірлі оқырмандар, мен білім-білігімнің жеткенінше, сондай-ақ азаматтық парызыма адалдығымды білдіру мақсатымен өздеріңе ой салу үшін осыларды жаздым
Қытаймен қарым-қатынастың қандай болуы азғантай қазақ халқының болашағына тікелей байланысты, онда да аса қауіп-қатері мол геосаяси мәселе.
Құдай тағала ұлан-байтақ жерге ие еткен Қазақстан әлемдік тарихта зорлық-зомбылық пен империялық жаулаушылықпен жаман аты шыққан орыс пен қытайға көрші етіп қойыпты. Қытай көршілес шағын халықтарды құшақтап тұрып тұншықтырып өлтіруге әбден машыққан «зұлымдық империясына» айналған. Ол тарихта көршілеріне қарата «хуай руи жыңсы –алдарқату саясатын» қолданса, бұл күндері «жұмсақ саясат» деген көлгірсіген зұлымдық саясатын кеңінен қолдануда. Олар Қазақстан мен Орталық Азия елдерін зерттейтін ондаған ашық әрі бүркемеленген мекемелермен жұмыс істеп отыр. Бұл күндері Қазақстан олар үшін оқылып, жатталып қойылған өз кітаптары сияқты. Құпия дейтін ештеңеміз қалған жоқ.
Ал, Қазақ өкіметі, оның дипломаттары, қарсы барлау органдары қайда қарап отыр? Тым болмаса қытай тілі мен тарихын, саясатын білетін ғалымдар мен саясаттанушылар және маманданған журналистердің басын қосып Қытай баспасөзін бақылап, сараптап тиісті орындарға ұсыныс беріп отыратын беделді Орталық ашып, іске қосуы керек.
Қытай өз еліндегі қандастарымызбен діндес, түбі бір түркі мұсылмандарды түгелдей жойып жіберу жолына кешелі бері ғана кіріскен жоқ еді ғой. Енді олар шектен шығып, ұлы қытайлық араны ашылып, таяу жарты ғасырда «кезінде қолдан кеткен» делінген қазақ, қырғыз, тәжік жерлерін, Моңғолияны тұтастай, тіпті Қиыр Шығыстағы Ресей аумағын қайтарып алу жоспарын баспасөздерінде ашық, әшкере жариялап, өкіметіне өз ұсыныссымақтарын жолдауда. Оқулықтарында ашық жазып, қытай жастарын шовинизммен улауда. Осындай алысты көздеген Қытайдың сұрқия саясатына шолу, талдау жасау біздерге ауадай қажет еді ғой. Сауда саттық пен жеке бизнестің мүддесінен басқаға басын қатырмайтын әр дәрежелі шиновниктер мен тойымсыз байшыкештер үшін ұлттың, мемлекеттің болашағы түкке тұрғысыз, басы артық нәрсе. Сондықтан бүкіл халық болып, ұлт болып Қазақ мемлекетінің болашағы үшін күресетін уақыт жетті.
Қытай үшін ХХІ ғасырдағы ең үлкен қатер – мемлекеттің бөлшектенуі екені рас болса қазақтар үшін қытай қатері – қытайдың алдарқату – жұмсақ саясаты арқылы экономикалық, саяси, мәдени, территориялық экспонциясы төндіріп келе жатқан алапат зардаптар екенін танып, білуіміз, соған қарсы қолданар стратегиямыз бен тактикамызды ашық әшкере түрде тез арада жасауымыз керек.
Бірлескен ұлттар ұйымымен Еуропалық адам құқұқтары жөніндегі комитетке қытай жүргізіп отырған геноцидтің зардаптарын тергеп, халықаралық сотқа жүгіну арқылы зұлмат құрбандарын және олардың азап лагерлерінде қиналып жатқан қандастарымызға араша түсуіміз елдігіміз бен Егемендігімізге сын болып отыр.
*****
Біз төменде қытайлық геноцидтің нақтылы мысалдарынан бірқаншасын назарларыңызға ұсынбақшымыз:
- Саяси үйрену атты конслагерь әдеттегі, орта дәрежелі, ауыр дәрежелі деп үш топқа бөлінген. Ауыр дәрежедегі қылмыстыларды қамайтын лагерде басына қара дорба кигізіп, құлағына құлаққап кигізіп, шырылдаған қоңырау үнін күні бойы естіртеді. 24 сағатта үш сағат қана демалдырады, жарық көрсетпейді. Қылмысыңды мойында дейді, мойындаса соттайды. Мойындамаса сол азапты жалғастырады. Одан жынданып кеткендерді арнайы салынған жындыханаға апарады.
- Студент жастарды Қазақстаннан Қытай шекарасына өте салысымен отбасымен кезіктірмей саяси үйрену деген желеумен алып кетіп, әдемі қыз студенттерге ойына келгенін істеген. Ұлдарды ішкі Қытайға әкетіп, қазақтың гені мықты деп олардың ұрығын алады. Осы уақытқа дейін олардан еш хабар-ошар жоқ.
- Конслагерлерде қақпасына «техника үйрету мектебі, сүйіспеншілік мектебі деген сияқты әдемі аттарды көзбояушылықпен жазып қақпаға іліп жазып қойған, шын мәнінде ол түрме еді. Онда отаншылдық, коммунистік тәрбие жүргізіледі. Қытай компартиясының заң ережелері күштеп миларына сіңіріледі. Мысалы: Жалпы тамақ ішер алдында қытайдың ән ұраны орындалады, ту көтеріледі. Тамақ жеудің алдында отанға, көсемге рахмет, мәңгі жасасын деген ұрандар айтылып барып тамақ жеуге рұқсат етіледі.
- Ондағы ата-апалар, үлкен кісілер қытайша білмейтін малшы-диқандар қытайшаға тілі келмесе әріптерді үлкен әріппен жазып, қолына ұстап соны үйренумен болады. Айта алмаса бөлек жалғыз қамайтын бөлмеге қамап бір-екі күн бойы тамақ бермей жазалайды екен. Әсіресе, кәрі ата-әжелерді қазақ сақшылардың, мұғалімдердің көзінше ұрады екен. Сол арқылы олардың үрейін ұшырып, қорлап отырған.
- Конслагердің ішінде отыз 30-40 адам бір бөлмеде тұрады. Дәретханасы, тамақ ішетін жері жатын орыны бәрі бір үйде болады. Дәретханада есік жоқ, тамақ ішіп отырған адамға қарап шарасыздықтан дәретке отырады. Есігі жоқ болуының себебі өзін-өзі өлтіріп алмасын деп күндіз-түні кезекпен кезекшілер күзетеді. Үйдің ішіне жан-жақтан камера орнатылған. Күніне екі-ақ сағат далаға шығарады. Басқа уақытта күн көрмейді. Мысалы: сол конслагерге отыз күн отырып шыққан бір жігіттің айтуынша қытайша тіл білгендіктен белсенділік танытып, еден жуатын жұмысты сұранып алған. Ондағы мақсат тазалық істеп жүріп таза ауа жұтуға, өзін-өзі солай емдеуге тырысқан.
- Бір істі қайта-қайта істетіп қайталата беру арқылы адамдарды жындандырып, рухын өлтіруде. Күніне жүз неше қызыл әндер үйренеді, оны тоқтамай айтады. Мысалы: компартия болмаса жаңа Жұңго болмақ емес деген сияқты қызыл әндер. Мұның тірі куәгері Өмірбек Бегәлі деген Қазақстан азаматының айтқан сөзінде ән ұраны, қызыл әндер санамда әлі сақтаулы, ұмыта алмаймын. Содан соң сан санай беремін. Цифрлар санамда қайталана береді. Өйткені ол жерде ұйықтай алмайсыз, аяғымды кісендеп, тапшаңға байлап тастады. Екі ай бойы солай отырдым, сол арада тамақ ішемін, сол арада үлкен-кіші дәрет сындырамын. Байлаудағы мал секілді, жуындырмайды.
- Ол жерде ауырып сырқағандардың үйінен ақша алдырып, өз ақшасына өздерін дауалайды екен. Ақшасы жоқтар ауруы қозып, сасып-шіріп жата береді.
- Конслагердің ішінде Қазақстанға келіп, Қанат Исламның бокс жарысын көргені үшін түрмеге кіргендер бар. Бекболат Тілеуханмен суретке түскені үшін айып тағылып, түрмеге түскен бір азаматты түрмеде қинап, азаптап өлтірген, сүйекті үйіне алып келгенде 7-8 туысының ғана басын қосып, сақшылардың бақылауында жаназасыз жерленген. Тағы да Шинжияңдағы көптеген мешіттің имамдары хабар-ошарсыз кеткен. Өлі-тірісі белгісіз.
- Дөрбілжің ауданында бір отбасында әкесі саяси үйренуге кеткен соң отбасындағылар Пекинге арыз жазған, сол үйдегі әйел адам уайымнан нервісі әлсіреп, ұйықтай алмай жүргенде арыз жазған себепті бала-шағасымен қосып түрмеге кіргізген. Әйел кісі түрмеге кіре сала жынданып кеткен, оны жындыханаға апарып тастаған.
- Туыстастыру саясаты бойынша әр қазақ семьяға қытаймен туыс болуды міндеттеген. Аз дегенде 4-5 туысың болу керек. Қызметшілер күндіз жұмыстан келген соң сол туыстардың үйіне барып, тамағын бірге ішіп, бірге түнейді. Ал, малшы-диқандар саяси үйренуге кірмегеннің өзінде күні бойы партияның заң саясатын үйренетін мектепке қатысып, қытайша үйренеді. Кешке тағы сол туыстарының үйіне барып, бірге тамақтанып, қонады. Мысалы: Алтай жақта сол туысқан бір қытай 40 жастағы ер кісі сол қазақ семьядағы 16 жасар қызға көзі түседі. Қызыңды бермесең сендерді саяси үйренуге кіргізіп жіберемін деп қорқытады. Шарасыздықтан әке-шешесі не істерін білмей отырғанда тауда мал бағып жүрген қыздың кіші әкесі келеді де қолына шалманы алып, атына мініп, әлгі 40 жастағы қытай күйеуді атқа сүйретіп өлтіреді. Іле шала қарулы сақшы бөлімі келіп, сол бір үйлі жанды бір-ақ ұстап кетеді, одан еш хабар жоқ.
- Аудан орталықтарында бір орталықтандыру (итихуа) жүйесі деген іске қосылып, жастарды студенттерді сол араға жинап, алдыларына үлкен экран қойып компьютермен басқарылған ақпарат құралдарын құрсаулаған.
Ондағы мақсат: елдің телефонын жасырын тыңдайды мысалы онда істеген бір қыз өзінің көбінесе ұйғырлардың телефонын тыңдайтынын айтқан. Ал, ұйғырлар қазақтардың телефонын тыңдайды. Жұма қабыл болсын, Алла разы болсын, Ассалаумағаләйкум деген сияқты сезімтал тақырыпта сөйлескендерді бірін-бірі ұлттық мерекелерімен құттықтаған адамдарды әшкерелеп отырған. Осы сылтаулар арқылы саяси үйренуге кіретін адамдардың санын толықтырып отырған. Қиыр қонып шет шалғай жүрген малшылардың өзіне дейін смартфон тегін таратылған.
- Кейбір ауылдарда еркектердің көбі саяси үйренуге кіріп кеткен соң сол ауылға ішкі Қытайдан келген үйсіз-күйсіз, қаңғыбас қытай еркектерін қаптатқан. Сол ауылдағы әйелдерге тиіскен, онымен қоймай бүлдіршін қыздарға көзалдында қылмағанды қылған соң қорлыққа шыдамай асылып өлген әйелдер де бар.
Қытай компартиясының басшылығындағы Шинжияңдық әр дәрежелі партия, өкімет органдары жағынан жүргізіліп жатқан зұлматтың жүздеген, мыңдаған түрлерін атап өтуге болады. Біз жоғарыда сөз еткен Бірлескен Ұлттар Ұйымының Адам құқұқтары жөніндегі декларациясында атап көрсетілген геноцидке жататын қылмыстар мен Гитлерлік фашизмінің адамзатқа қарсы жүргізген қанды қылмыстарынан бүгінгі қытайлар жүргізіп жатқан қылмыстар одан әлде қайда сорақы, одан әлде қайда жауыздықпен жалғасып жатқанына көздеріңіз жеткен болар. Ендеше, Тәуелсіз Қазақстан өкіметінің отаншыл азаматтары не істеу керек екенін Қытаймен арақатынасты қалай реттеу керегін ескеретін уақыты өтіп барады.
(Жалғасы бар)
Қазақ баласы
Abai.kz