Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Көршінің көлеңкесі 21731 14 пікір 24 Сәуір, 2018 сағат 18:27

Қытайдың қазақтарға қысым көрсетуінің сыры

Қытайдың қазақтарға жасалған қысымы кеше ғана басталған жоқ. Шынжаңға Чын Чуанго келгеннен кейін ғана басталды деушілермен өз басым келіспеймін. Бұл қысым, жаңа жұңголықтардың тілімен айтсақ, «азаттықпен» бірге басталып кеткен. 1958-жылдан басталған «Оңшылдарға» «Ұлтшылдарға» қарсы күрестен бастау алса, берісі 1993-жылдан басталған жасырын түрдегі «Зор қазақшылдыққа» қарсы тұру, одан бергі «Қос тіл» оқу-ағартуы, бүгінгі «Мемлекеттік тілді тұтастай жалпыластыру», туы айқын түрде «Зор қазақшылыққа қарсы тұру» деген ұрандар соның айғағы.

Біз ең алғашқы қысымды ұлттық қысым ретінде сезген жоқпыз, сезінсек те, сезбегендей болып, саясатты «тұра» түсініп, «партияның саясаты дұрыс» деп, жүре бердік.

Чын Чуангоның заманында бұл қысымның салмағы төбемізден басып, тынысымызды тарайта бастағанда барып тұтас ұлтқа қысым жасалып жатқанын бірден сезініп, ботадай боздап, ұлар шу болдық.

Сондықтан, бұл жолғы қысым бұрыннан жалғасып келе жатқан қысымдардың заңды жалғасы. Мен оған бірнеше мысал келтірейін.

Қателеспесем, Шынжаңда партия мен Үкіметтің жиналыстары 1997 жылға дейін қытайша-қазақша аудармашы арқылы ашылатын. Аудандық үкіметте аудармашының арнайы штаты болатын. Кейінгі жылдары аудармашы қажет етпей,  үкіметтің жиналыстары тікелей қытай тілінде ашылып, құжаттар аз ұлт тілдерінде емес, тек мемлекеттік тілде ғана түсірілетін болды. 2000 жылдан кейін, мектепті қытайша(民考汉) оқығаннан басқа, қазақ тілінде оқыған студенттерді жұмысқа алмайтын, қытай тілінде оқымаған басшының  қызметі өсірілмейтіні аңғарыла бастады. 2000-жылдардан бастап малшыларды «Отырықтандыру» «Саяхатты дамыту» деген желеулермен малшылардың жайлымдык жерлерін тартып алып, қазақтың өрісін тарылтты. 2005-жылдан бастап аз ұлт мектептерімен қытай мектептерін біріктіру қолға алынды. Мектептердегі қазақ мұғалімдер сабақтан босатылып, күзетшілікке, тазалық қызметіне тартылатын болды. Айта берсек, мұндай мысал шаш етектен!

Бірақ, біз «қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк болса болды, мемлекеттің саясатында неміз бар? Өкімет өлтірмейді!» деген ұстаныммен оң-солымызға қарамадық. Басымызды ішімізге тығып алып, жүре бердік. Керек десеңіз, Қазақстанға көшу туралы 1.5 миллион қазақтың басым көп бөлігі ойланған жоқ. Тек, «барып-келіп жүре берсек болды» деп қарады.

Сонымен ЖКП-ның (Қытай Компартясының) 18-Құрылтайы ашылғаннан кейін, 2012-жылдан бастап күні-түні тексеру жүргізіле басталды. Бірыңғай аз ұлттар қосылып жиналыс ашуға, топтық іс-шара өткізуге, 50 адамнан артық жиналуға шектеу қойылды. Басқосу  өткізу керек болса, Қоғам қауіпсіздік мекемесінен рұқсат алу түзімі жолға қойылды.

Біз бұл қысымды ашық сезіндік. Бірақ, тағы да Қытай компартиясына шаң жұытқымыз келмей, «Бұл қытайдың қателігі емес, ұйғырдың қателігі, егер ұйғырлар қытайға қарсы шықпағанда, бұл қысымға ұшырамайтын едік!» деп, өзімізді өзіміз жұбатумен болдық. Ертең еркіндігіміз бұғақталып, тіліміз бен дінімізден айырылып, көзіміз жаутаңдап, қорқыныш пен үрейдің ішінде қалт-құлт етіп өмір кешетіндігіміз деп еш ойламадық. Қытай 2016 жылы қоңымыздан ала түсіп, тісін батырғанда барып бірақ білдік. Әттең! Сондада екі миллион қандасымыздың үштен екісі әлі де айдаһардың бір күні тісін босатып, әлі ақ бірге шөшіре ішіп, мамыражай өмір кешетінінен үмітті.

Жарайды, өкінгеннен не пайда?! «Ештен кеш жақсы»-дейді ғой! «Өлмеген жанда үміт бар», қытайдың сұрқия саясатына, әлі көзі жетпей жүргендердің көкірек көзі ашылсын, қытайдың соңғы кезде не себептен соншама құтырына қысым жасап жатқанын білсін.

Енді «Қытай бұл құрсауын жақынғы мезгілде босата ма, босатпай ма?»-дегендерге, өз білгенімізше. қысқаша жауап беріп көрейік.

2012 жылы Ши Жинпиң таққа шыққаннан кейін, «Қытай арманы»(中国梦)деген ұлы мұратты алға қойды.

«Қытайдың арманы»: «Қытайдың қос жүз жылдығында, яғни 2021жылғы Қытай компартиясының құрылғанына 2049 жылғы жаңа ҚХР Үкіметінің орнағанына жүз жыл толуына орай ұлттың ұлы жаңғыруын жүзеге асыру».

«Арманды»  жүзеге асырудың уақыт кестесі үш кезеңге бөлінген:

Бірінші кезең, 2021жылға дейін кедейшілікті жойып, тыныш ынтымақты дөңгелек дәулетті Ел құру.

Екінші кезең, 2049жылға дейін ұлттың ұлы жаңғыруын толықтай жүзеге асырып құдіретті ел болу.

Үшінші кезеңі, 2049жылдан кейін дамыған елдерден асып түсіп әлемде бірінші құдіретті ел болу. «Арманның» жәйі осылай. Біздің еркіндігімізді бұғақтап, тынысымызды тарайтып отырған да, осы «Арманның» әлегі екенін, біреу білсе біреу білмейтін шығар. Сондықтан осы «арманның» шынайы кейіп кеспірін ашып көрейік.

«Қытай арманын» жүзеге асырудың жоғарыдағы уақыт кестесі бойынша, Шынжаңдағы дінни экстремизімді, ұлттық бөлшектеуші Шығыс Түркістан күштерін, «Зор Қазақшылдықты» 2021 жылға дейін, түп тамырымен жоғалтып, Шынжаңда мәңгі тыныштық орнату керек. Сол арқылы «Қытай арманын» жүзеге асырудың кешенді бағдарламасы «Бір белдеу, бір жолдың» баянды жүзеге асуына да кепілдік ету.

«Бір белдеу бір жол» бағдарламасы қытай компартиясының 19 Құрылтайында Қытай компартиясының партия ұстабына енді, әуелі «Ата Заңына» дейін кіргізіліп, мәңгілік бағдарлама етіп мәңгілікке  шегелеп тасталды.

Бұл бағдарламаны заңмен шегелейтін де жөні бар. Өйткені, «Бір белдеу бір жолдың» бойында әлемнің 63% жан санын құрайтын, 4 миллиярт 4 жүз миллион халық тұрады. Ол әлем экономикасының 29%-тін құрайтын 26 мемлекетті қамтиды. Оның өтетін жолдары: бірінші жолы Қытайдан басталып Орта Азияға кіріп, одан Рессейге өтіп Европаға (Балтық теңізіне) тіреледі. Екінші жолы Қытайдан басталып, Орта Азияға кіріп, Батыс Азиямен Персия шығанағын кесіп өтіп, Жерорта теңізіне жетеді. Үшінші жолы Қытайдан басталып, Оңтүстік шығыс Азияға, Оңтүстік Азияға барып, соңында Инді мұқит елдерімен шектеседі.

Бұл жоба үшін Қытайдың әртүрлі формамен қосатын қаржысы 780 миллиарт юанға яғни 124 миллярт долларға жетеді деп жобалануда. Бұл жоспар Қытайды «не қайраннан, не сайраннан» шығаратын ұлы сынақ. Бағдарлама көздеген мақсатына жетсе, Ұлы жібек жолының бойныдағы елдерге өзінің стандартын орнатып, «Қытай арманына» жетеді (ол кезде біз Евро стандарт емес Қытай стандартымен жүретін боламыз). Жетпесе, Қытайдың не күй кешетінін бір Құдайдың өзі біледі. «Шешінген судан тайынбайды» демекші, Қытай ұлы жоспарды орындау үшін, Ел іші-сыртындағы мәселелерді қысқа уақыттың ішінде шешіп, қосылған қаржыны желге ұшырмауға, жол ортада қалып қоймауға тырысатыны сөзсіз.

Сондықтан, Қытай осы бағдарлама үшін бар құрбандықты беріп, жолдағы кедергіні тазалайды. Алдына келгенді тістейді, артына келгенді тебеді. Қытай «Шынжаң қауіпінің» үшінші факторы деп «Зор қазақшылдықты» атайтынын жоғрыда айттық. Осы сөзіміз тіпті де дәлелді болу үшін, Қытайдың құпия құжатына жүгінбей-ақ, ашық-әшкере «Baidu.com» сайтын ашып, қытайлардың «Зор қазақшылдыққа» берген анықтамасын оқып көрейік:

«大哈萨克主义又称为哈萨克主义,就是号召全世界的哈萨克人回归哈萨克斯坦,以谋求建立单一民族国家的社会思潮。大哈萨克主义的长期目标是要建立包括哈萨克斯坦、吉尔吉斯斯坦中国新疆北部、外蒙古西部等地在内的泛哈萨克主义大哈萨克斯坦共和国。

Бұл анықтаманы қазақ тіліне аударсақ, ««Зор қазақшылдық» дегеніміз «Панқазақизм» деп те аталады. Атап айтқанда, әлемдегі барлық қазақтарды Қазақстанға оралуға шақырып, жалаң бір ұлттан құрам тапқан ұлттық мемлекет құруға талпынған қоғамдық идеялогия. «Зор қазақшылдықтың» ұзақ мерзімді мақсаты «Қазақстан, Қырғызстан, Қытайдың солтүстік Шынжаңы мен Моңғолияның батысын қамтыған Ұлы Қазақстан республикасын құру» деп түсіндіреді.

Одан да ары таман оқи түссек, оның сыртқы мемлекеттерге әсері деген бөлімінде «哈萨克斯坦于199210月召开的世界哈萨克人大会,号召全世界所有哈萨克人到哈萨克斯坦定居,此举当时就引起了中国的不满,更有媒体称大哈萨克主义社会思潮已经超出国界向中国新疆北部蔓延-депті.

Қазақшаласақ, «Қазақстан 1992 жылы қазан айында әлемдегі барлық қазақты Қазақстанға қоныс аударуға үндеп, дүние жүзлік қазақ құрылтайын өткізді. Бұл Қытайдың наразылығын тұдырды» дей келіп, «Көптеген ақпарат құралдары «Зор қазақшылдық» қоғамдық идеялогиасы шегара аттап, Қытайдың Солтүстік Шынжаңына дейін ауа жайылды»-деп жазды» делінген аталған сайтта.

Сөйтіп, Қазақстан Тәуелсідігінің баянды болуына, құдіретті елдер қатарына Ұлы көршіміз осылай қарсы шықты.

Естеріңізде болса, Дүниежүзі қазақ қауымдастығының бірінші құрылтайына Қытай бірде-бір уәкіл жібермеді. Сол кездегі Шынжаңның өлкесінің Үкімет басшысы Темір Дауамат Қазақстанға сапарлай келгенде тілшілердің «Қазақ Құрылтайына неге уәкіл жібермедіңіздер?» деген сұрағына: «Біз Жұңхуа (Қытай) ұлттары бір-бірінен айырылмайтын, бір тұтас 56 ұлтпыз, оның бірде-бір адамын бөліп жарып шетелге жібере алмаймыз!»-деп жауап бергені әлі есімде.

Қытай 26 жылдан бері қазақты өзінің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін негізгі фактордың бірі ретінде қарап келеді. Қытайдағы қазақтарды Қазақстанның «Зор қазақшылдығын» жүзеге асыратын «Уақыт бомбасы» (定时炸弹) деп қарайды. Сол үшін Қазақстанды Қытай қауіпсіздігіне қатер төндіретін қауіпті 26 мемлекеттің қатарына қосып отыр.

Қытай Елі көз алдымызда Ұлы жоспарын жүргізу барысында, бүгінгідей ішкі-сыртқы күрделі геосаяси жағдайында «Уақыт бомбасын» құшағына алып, тыныш ұйықтауы мүмкін емес.

Ол «Уақыт бомбасын» жиып Қазақстанға өткізіп берейін десе, Қазақстанның «Зор қазақшылдық» арманы жүзеге асып, құдіреттеніп кететінінен және қауыптенеді. Өзіме қатер төндіре ме деп алаңдайды. Одан гөрі бұл «Бәлекетті» ота ғасырдың жабайы мінезіне салып, қайткенде де өз құшағында тұншықтырып құртқанды ең дұрыс тәсіл деп шешіп отыр. Қазір оны тазалаудың кешенді жоспарларын саты-сатыға бөліп жасап та үлгірді.

Бұл жоспардың жалпы барысы мынау:

Бірінші, дінни экстремизмге соққы беру деген желеумен, «қытайға емес, бір құдайға сенуге» жетектейтін, имамдар мен молдаларды және олардың жамағатын тұтқындап, өлтіретінін өлтіріп, қалғандарын өлімші етіп, халытың сенімін мұқалту. Бұл жоспар басталып кетті.

Екінші, «Топтарды талқандау» (打击团伙) деген желеумен, білегінде күші, жүрегінде түгі, қалтасында ақшасы бар ұлтын сүйгіш, «жанпида» деп шыға алатын жастарды тып-типыл ету. Бұл операция ? наурыздан басталды.

Үшінші, қолына қалам ұстап, халықтың өліп кеткен санасы мен сенімін қайта оятуға себепкер болатын ақын-жазушыларды аластау. Бұл әлі кең көлемде бастала қойған жоқ. Қазір 40 жылдан бергі баспадан шыққан кітап-журналдың барлығы қайта сүзгіден өткізілу  үстінде. Қанша игі-жақсының, ұлт қаймағының құрбан боларын бір Құдай өзі біледі.

Төртінші, жан-жаққа тарыдай шашу. Өкімет бар деген жерге өз еркіңмен кетесің. Бас тартсаң, зорлықты күшпен қуыласың. Сөйтіп, соңғы мақсат – тегіңнің кім екенін ұмыттыру...

«Жақсыға басын айтса, аяғын өзі түсінеді» деуші еді ғой дана қазақ. Білгенімізше, айттық! Ендігі үміт – елдің жүгін көтерген көреген депломаттарда. «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауы келіссе, бермейтін сараң жоқ» деген деген мақал дәл осы жерге керек. «Есі барлар елін тапсын!» «Әлемдегі бар қазақ аман болсын!» деп тілейік.

Ер Жанұлы

10.04.2018

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063