Жұма, 29 Қараша 2024
Бәсе... 6400 6 пікір 27 Сәуір, 2018 сағат 13:42

Жандос Оразмаханов: Біздің елден де Марк Цукербергтер шығады әлі...

 

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Бизнес-Start» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының жетекшісі Жандос Оразмаханов біздің тілішімізбен сұхбатында бизнес әлемінде өз ісін бастап, құрдастарын жұмыспен қамтамасыз етіп бастаған студенттер туралы әңігмелеп берді. Ол біздің елден де Стив Джобс, Билл Гейтс, Илон Маск және Марк Цукерберг сынды алпауыт инноватор кәсіпкерлер шығады дейді.

-Жыл басынан бері еліміздің барлық жоғары оқу орындарында Кәсіпкерлікті дамыту орталықтары ашылуда. Кейбір оқу ордаларында, тіпті, ондай орталықтардың жұмыс істеп жатқанына біраз болыпты. Сыр өлкесіндегі негізгі білім ордасы ретінде Сіздердің ЖОО-да  бұл жүйе қалай жұмыс істеуде? Жалпы оқу орындарында дәл осындай орталықтарды ашу қандай қажеттіліктен туды? 

Қазіргі капиталисттік қоғамда кез-келген мемлекеттің экономикалық қуаттылығы сол елдегі шағын және орта бизнестің даму деңгейімен өлшенетіні бәрімізге белгілі. Осыған байланысты республикамызда шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы реформалар мен жұмыстар жасалып та келеді. Соның бір мысалы ретінде, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанында ашылған бизнес-инкубаторды да айтсақ болады. Студенттердің бизнесін бастау және оны дамыту мақсатында ашылған орталық небәрі 11 ай ішінде 22 бизнес жобаны жүзеге асыра отырып, 75 студентті жұмыспен қамтыды. «Бизнес-Start» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығы 2017 жылдың 4 мамырында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ашылған болатын . Бұл орталықтың мақсаты өз істерін бастауды қалайтын, бірақ оған мүмкіндігі мен тәжірибесі жоқ студенттер мен магистранттардың оқу аясында инновациялық идеяларын дамытып, «бизнес санасын» қалыптастырып, өз кәсіптерін ашуға көмек беру. Сонымен қатар жұмыс орындарын, жиһаздарды, компьютерлік және көшірме техникаларын, интернет пен коммуникация, бухгалтерлік есеп жүргізу, қауіпсіздік, коммуналдық, консалтингтік, ақпараттық, білім беру және басқа да қызметтерді тегін көрсетеді.

-Осы уақытқа дейін жүзеге асқан қандай жобаларыңыз бар?- Студенттеріміздің бастапқы легі өз мектептерін ашты. Ең алғашқысы «Қорқыт Ата мектебі». Директоры 2 - курс студенті Өткелбай Бибінұр қазіргі таңда 120-дан аса оқушыны оқытып, 15 адамды жұмыспен қамтып отыр, 9-ы өзіміздің студенттер.

Мектептің басты мақсаты облысымызда шахмат спортын дамыту болып табылады. Сондай-ақ 2018 жылдың басында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Мега Арт» жобасын бастады. Тасқа, құмға, суға, әйнекке де сурет салуды және қолөнерді үйретеді. Өз бизнес-жобаларына 1,5 млн теңге көлемінде инвестиция тартқан жастар жұмыстарын дөңгелетіп әкетті. Қазіргі уақытта студенттік іс-шараларға демеушілік жасап жүр!

Жаһандану заманында Төртінші өнеркәсіптік революция ағымының бизнеске талап ететін құралдарының бірі – ол Интернет, әлеуметтік желі. Инстаграм арқылы сапалы вайн түсіріп, 3 ай ішінде 25К-дан аса өз көрермендерін жинаған ЕЕГО тобы, жарнама түсіру арқылы бизнестерін дамытуда. Азамат бастаған жігіттер Қызылорда облысындағы №1 вайнерлар болып саналады!

-Және бір байқағаным, кейінгі уақытта түрлі бизнес жобалар, тренингтер, стартап жобалар байқауы, телевизиялық жобалар, жиындар мен әлеуметтік белсенді топ-жастарды кәсіпкерлікке тарту шаралары жиілеп барады. Бұндай тенденцияның белең алуы неден сіздіңше?

«Баланы жастан» деген қазақ атамыз. Яғни, ерте жастан баланы кәсіпке тәрбиелеп, бизнестің қыр-сырын түсіндірсе, болашақта әлемдік бәсекелестік пен бақталастыққа төтеп бере алатын мықты кәсіпкер тұлғаларды дайындайтынымыз анық. Бұл өз кезегінде Қазақстан Республикасының дамуы мен жаһандық аренадағы позициясын бекітуге септігін тигізеді. Бизнесте адамның жасы емес, ақылы мен санасы рөл ойнайды. Сондықтан, оқушыларға жасы кіші бала деп емес, әлеуеті мен ерік-жігері мықты, креативті ойлай алатын жеке тұлға ретінде қараған жөн. Осы жолдағы біздің мақсат – өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт пен сапалы бағдар беру. Сол кезде біздің елден де Стив Джобс, Билл Гейтс, Илон Маск және Марк Цукерберг сынды алпауыт инноватор кәсіпкерлер шығады.

-Онсыз да прагматик деп сыналатын жастарымыз бұндай қарқынмен кәсіпкерлікке бірыңғай бет алып, білім ошақтары кадр тапшылығын сезінеді –ау деп ойламайсыз ба?Мұны айтып отырғаным бір ғана Ақтөбе облысынан 850-ге жуық студент кәсіп ашқысы келетінін жазып, өтінім беріпті. Ал, педагогикалық бағытта оқытып жатқан ЖОО студенттерінің дені оқуларын аяқтаған соң, мұғалімдікті емес, кәсіпкерлікті таңдайтындарын айтады...

-Қоғам санасында әлі күнге дейін «бизнес» деген сөзге қатысты қорқыныш пен үрей бар. Кеңес өкіметінен қалған бұл ойды түбегейлі өзгертетін уақыт келді. Кез-келген адам жұмыс жасап жүріп те, қосымша кәсіппен айналысу арқылы да табысын арттыра алады, болмаса жақсы көретін ісін үлкен бизнеске айналдыра алады. Бір ақпарат келтірейін: Илон Маск – миллионер, инноватор, филонтроп, инженер-физик. Марк Цукерберг – миллионер, Фейсбуктың негізін қалаушы, программист. Джеф Безос – әлемдегі ең бай адам атанды, қалай? Тағы да сол өзі жақсы көретін ісін кәсіпке айналдыра алған. Осындай мысалдарды айта берсек өте көп! Бұл кісілер бизнес секторына кіру арқылы қазіргі уақытта сан-мыңдаған адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, қоғамның дамуына елеулі үлестерін қосуда.

-Байқағаным, бизнес идеяларын ұсынушы жастар аймақтық ерекшеліктерді ескереді. Сіздердің ЖОО облыс бойынша байқауға қатысуға ниет білдірген барлық студенттердің басын қосатын негізгі алаң ғой. Осы ретте сіздер жастардың ұсынып отырған жобаларына орай жалпы бүгінгі нарықтың трендтеріне қатысты сараптама жасап, талқылап, семинарлар өткізесіздер ме?

-Иә, әрине. Біз бұл жұмыстарды енді-енді қолға алып жатқандықтан тәжірибе жинақтап, ақпарат алмасып, кемшін тұстарымызды толықтырып, сапаны арттыруға күш салудамыз. Қазіргі уақытта халықтың сұранысы өте жоғары деңгейде екені анық. Сол себепті бизнесті дөңгелету үшін сапалы өнім шығарып, жоғарғы дәрежеде қызмет көрсете білу қажет. Осыны ескерген жастарымыз бүгін де ізденіс пен оқып-үйренуді әдетке айналдырып келеді. Жыл басындағы Елбасы жолдауында айтылғандай, қоғам «төртінші өнеркәсіптік революция» кезеңіне келді. Яғни, ақпартты технологиялар мен сандық жүйенің үстемдік құратын уақыты болғандықтан студенттеріміздің басым көпшілігі IT-саласында бизнес жасауға бет бұруда. Сондай-ақ, оқу орталықтары мен әлеуметтік желілерде өз кәсіптерін жақсы жүргізіп отырған резиденттеріміз жетерлік.

-Стартап жобаларды қолдауға арналған республикалық «Менің арманым» телевизиялық жобасының аймақтардағы іріктеу кезеңдері өтуде. Қатысушылар қатарында Сіздердің де студенттеріңіз баршылық. Нәтиже қандай?

-БҒМ бастамасымен өткізілген «Менің арманым – Startup Bolashak» ұлттық бизнес-жобалар байқауы сәуір айында Қызылорда қаласында Қорқыт Ата университетінің базасында өткізілген болатын. Қызылорда облысынан 200-ге жуық жастар қатысып, келесі айналымға 24 жобамыз жолдама алды. Қазіргі таңда, қатысушыларымыз өздерінің менторларымен бірге жұмыс жасау арқылы Астана қаласында өтетін келесі кезеңге жақсылап дайындалуда.

-Жобада жастардың идеясын қолдап, дауыс берген ментор, білуімше, сол жобалар республикалық деңгейге шығуына, масштабын кеңейтуге күш салулары керек. Ол қандай қызмет? Ол үшін менторларға ақы төлене ме? Әлде біздің кәсіпкерлер шын мәнінде жастардың жобаларын қаржыландыруға (құрығанда прототип жасауға), жүйелі жұмыс істеуге мүдделі ме?

Білімді бөліссең көбейеді деген сөз бар. Бір қызығы, біздің елдің кәсіпкерлері жалынды жастарды қолдап, оларға көмектесуге дайын екендіктерін жоба аясында көрсетті. Менторлық қызметті атқару арқылы жастармен өзінің бизнестегі білімі мен тәжірибелерін бөлісті. Осы жолды ары қарай дамыту үшін университет бизнес-инкубаторында кәсіпкерлер мен студент жастар арасында байланыс орнату бағытында іскерлік платформада құрылды.  Енді соның тұрақты, сапалы жұмыс істеуіне тырысуда.

Әңгімелескен Зарина Әділбек

Abai.kz

 

 

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1577
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3390
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6578