Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Аласапыран 6192 6 пікір 30 Сәуір, 2018 сағат 09:11

Жүректегі соғыс сызы

Күркiреп өткен кешегі соғыстың мәңгi ұмытылмас, жаныңды мәңгi сыздатар қасiретi бар екен. Мен осы бiр қасiреттi жастайымнан сезiп өстiм.

Көктем шығып, 9 мамырдағы Ұлы Жеңiс мейрамы жақындаған сайын әкем көп күрсiнетін де, ақыр соңында төсек тартып, жатып қалатын. Қайран әкем үшін қанды майдан даласындағы қырғыннан оралмаған өзiнiң төрт бiрдей туған бауыры – екі ағасы мен екі інісінің қайғысы мен қасiретiн көтеру, әрине, оңай болмағаны анық.

– Барып дұға қылайын десем, қа­бірі жоқ, оқиын десем, хаты жоқ бауырларымның, – деп егiлетiн қайран әкем.

Жеңiс күнi әкемiзбен бiрге бiз де егiлетiнбiз, бiз де күрсінетінбіз. Соғыс даласынан қайтпай қалған әкемнiң екi ағасы Мұқаметқали мен Нұрғали, екi iнiсi Нәбiғали мен Қинаятқали Жұмжұмаұлдарын iздестiрiп, солар жайлы деректер жинауға әкемнiң осы бір жан күйзелiсi әсер еткен едi. Бiр қызығы, осы ағалардың қазасы жайында елге бiрде-бiр «қаралы қағаз» келмеген көрiнедi. Алайда, бертін, ел үлкендерінің айтуынша, соғыста хабарсыз кеткен ағалардың қаралы қағаздары елге келген де деседі. Сол кездегі колхоз басшылығында жүрген шолақ белсенділер: «Қажы молланың үйі елді жинап алып, дұға оқытып, колхоздың жұмысына кедергі жасайды, қаралы қағазды соғыс біткен соң берерміз», деп пішеді. Бірақ соғыс біткеннен кейін колхоздың кеңсесі, сондағы барлық құжаттар өртеніп кеткен көрінеді.

Менің атам Жұмжұма молла діни білімі күшті және түрлі қасиеттері де мол жан болатын. Біздің ауылдың кез келген адамы ең әуелі біздің үйге бас сұғып, нан ауыз тиіп, атамның батасын алып қана жолға шығады екен. Жарықтық сол атам өз балаларының оққа ұшқандықтарын түсімен-ақ біліп отырған деседі.

– Құлыным-ай, өтіп кеткен екенсің-ау», – деп аһ ұрып, төсегінен тұрады екен де, құранын бағыштайды екен.Төрт бірдей ұлдарының соғыстан оралуын зарыға тосып, күні-түні жылаумен болған әжем Жүрсила Шегенқызының екі көзі су қараңғы соқыр, атам екі аяғынан жүре алмай сал болып отырып қалған-ды. Мұның барлығын маған Бикен әжем айтатын. Бұл кісі соғысқа дейін әкемнің туған ағасы Мұқаметқалидың әйелі болған. Ері соғыстан қайтпаған соң үлкендер жағы немере ағамыз Ғабдылхамитке әмеңгерлік жолмен қосқан көрінеді. Жалпы, сол тұста соғыстан қайтпаған көптеген азаматтардың жесірлерін қайындары мен өз ағайындарына қосу ел ішінде көп болған көрінеді. Немере ағамыз Бірімжан Оқасұлы соғыста оққа ұшқан өзінің туған ағасы Кәрімжанның әйелі Латипаны алғаны бар. Сол ағамыз: «Масқара, ағамның әйелін алып қойдым ғой, ағам келіп қалса мен не қыламын?! Мен онда ауылдан қашып кетемін, – деп әзілдеп болса да айтып отыратындығын да естіп өстік.

Әжем Жүрсила 1945 жылдың соңын ала қайтыс болыпты. Төсек тартып жатқанында ақырғы демі үзілгенше өзінің кіші ұлы Қинаятты (Қинаятқалиды) сұрап жатты деседі.

– Келді ме, Қинаятжан келді ме? Бар, қарап келіңдерші, Қинаятым келді ғой деймін! Келді ме? – деп кейуана зарығып дүниеден озыпты.

Бұрынғы Көкшетау облысының Красноармейец аудандық әскери комис­сариатындағы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы) архивте отырып, шаң басқан папкiлердi ақтарғанымда да ағаларым жайында ешбiр дерек таба алмадым.

– Олар тiрi, келiп қалады. Мен өліп қалып, олар үйге келіп қалса, сендер танымай қалып жүрер ме екенсіңдер?!» – деп әкем ауыр күрсініп бізге осыны айтатын да, екі ағасы мен екі інісінің түр-түсін, біздің қайсымыздың солардың қайсысына ұқсайтындығымызды көзi жұмылғанша санамызға сіңірумен болды. Өз бауырларын тiрiлер қатарында санап, жыл сайын төртеуiне тиесiлi пiтiр садақасын да өзi берiп жүретiн. Енді ойлап отырсам, әкем өз бауырлары өзі жоқта келіп қалса, біз танымай қала ма деп алаңдаған да екен-ау!

Ағалар жайлы нақтылы бiр дерек болмағаннан кейін сол кездегі Кеңестер Одағының Қорғаныс министрлiгiнiң Орталық архивiне сұрау салып хат жазуға тура келдi. 1983 жылдың 21 сәуiрінде Орталық архивтен алынған №85359 жауапта 1904 жылы туған қатардағы жауынгер Мұқаметқали Жұмжұмаұлы 1942 жылдың шiлде айында, 1906 жылы туған Нұрғали 1942 жылдың қазан, 1916 жылы туған Нәбiғали 1943 жылдың қараша, ал 1919 жылы туған Қинаятқали 1943 жылдың наурыз айларында хабарсыз кеткендігі жазылыпты.

Міне, бір үйдің төрт бірдей азаматының және әкемнің төрт бірдей бауырының, менің ағаларымның тағдыры осылай болған екен. Қорғаныс министрлiгiнен алынған осы бiр жан сыздатар қаралы хабарды әкеме айта алмадым. Бұл жайында әкем мүлдем бiлмей өттi дүниеден. Әкемнiң «олар тiрi, келедi әлi, мен жоқта келiп қалса, танымай да қаласыңдар-ау» деп отырар тәттi бiр соңғы үмiтiн үзгiм келмедi. Өмiрдiң түрлi-түрлi қасiретiнен онсыз да мұқалып жүрген әрi өзiнiң төрт бiрдей туған бауырын зарыға тосқан әке жаны күйзелмесе екен дедiм.

Міне, осы арада Нәбіғали ағамның майданнан жазған бір өлеңінде:

Түсімнен Қинаятжан шықпай-ау жүр,

Білмеймін бұл күнде не болғанын? – деп күңіренгені ойға оралары бар. Сонда жарықтық Нәбіғали ағам өзінің туған бауыры Қинаятқалидың 1943 жылдың нау­рызында оққа ұшқандығын түсінде сезген екен ғой деп ойласам болды, жүрегім жылайды. Ал «Түсімнен Қинаятжан шықпай-ау жүр», – деп сыз окопта отырып мұң жырын жазған Нәбіғали ағамның өзі 1943 жылдың қарашасында оққа ұшқан еді.

Әкемнің төрт бірдей бауырларының, біздің үйдің төрт бірдей арыстай-арыс­тай азаматтарының осы бір «хабарсыз кеткендіктері» бір кездегі біздің қасиетті шаңырағымыздың кейінгі қасіреті де болып, ең аяғы соғыстан кейін туған біздің де тағдырымызды мұздатқандықтары аз болмады.

Бұған дейін, яғни Кеңес өкіметі орнаған заманда бай-қажының тұқымдары ретінде көзге түрткі болғанды былай қойып, менің атам Жұмжұма молланың туған ағасы Бабаназар қажының орыс патшасына қарсы жұмыстар жүргізді деген айыппен Сібірге жер аударылған Науан хазіретті елге қайтару және де Дала генерал-губернаторының әмірімен Көкшетау өңірінде жабылып қалған мешіттер мен діни медреселерді қайта ашып, тыйым салынған діни салт-дәстүрлерді қайта қалпына келтіру жөнінде орыс патшасы Николай екіншіге хат жазғандығы тарихта бар жай. Менің атам Бабаназар қажы ақ патшаның алдында болып, арызданып, Науан хазіреттің соңынан іздеп барып ит жеккен жер дейтін Иркутскіден елге аман-сау алып қайтты. Бұл жайында жазушы ағамыз Сарбас Ақтаев өзінің Науан Хазірет жайындағы зерттеу еңбегінде дәлелді айта білді. Бұл жайға менің қолымдағы Омбыдағы Дала генерал-губернаторының патша кеңсесіне 1903 жылдың 9 қараша айында түсіп, тіркелген мына бір анықтама айғақ болары да анық. «Аса мәртебелім! Сізге қырғыздар Бабаназар Жаңабатыров пен Әбутәліп Бакизиннің және де басқалардың жергілікті әкімшіліктің құзырымен жабылған медресені ашу және Сібірге жер аударылған молла Таласовты босатып, қайтару жөніндегі Ақмола облыстық Әскери губернаторының аса маңызды істер жөніндегі шенеунігі Яхонтовтың, мұсылмандармен хат алысып, хат алмасушы ісінің меңгерушісі генерал-майор Романовтың айғақтары мен түсініктері бойынша бар жағдайды тікелей өзіңізге жеткізуді ұйғарып отырмын», – деп қол қойылған тарихи құжат айғақ болары бар.

Қажы атамның ақ патшаның қабыл­дауында болғандығы және сыйлыққа оқалы шапан мен алтын сағат алғандығы біздің әулеттің кешегі кәмпескенің тізіміне  де ілігуіне себеп болып, жан сақтау үшін бір түнде Сібірге қашып кеткендігі де ұрпақтар санасында қалды.

Кеңес өкіметінің біздің әулетке деген әуелгі осы бір сенімсіздігі мен күдіктеріне енді келіп, төрт бірдей жанның соғыста хабарсыз кетуі келіп қосылды да, мұның соңы біздің үйдің тыныс-тіршілігінің ұдайы жасырын бақылауда болуына әкеліп соқты. Әсіресе, Нұрғали ағамның жауға «беріліп кетті» деген күдікті жай көп болған көрінеді. Әкемнің айтуынша, НКВД-ның жандайшаптарының біздің үйді сырттан торуылдаулары мен аңдулары хрущевтік «жылымық» орнағанша тоқтамаса керек. Тіпті осы бір аңдудан зәрезап болған әкем 1971 жылы кеңес әскері қатарындағы жауынгерлік міндетімді атқаруға аттанғалы тұрған сәтімде мені оңаша шығарып алып:

– Мүмкіндік болып жатса, әскерде жүрген жағыңда партияға өтіп кел. Сені бұл жақта өткізбейді, – деп айтқанының сырын да кейін түсіндім. Әкемнің сол кеңесімен мен елге әскерден Компартия мүшелігіне кандидат болып оралған едім.

– Түннің бір уағында есік-терезені тас қымтап алып, шай-суымызды ішіп, бір-бірімізбен сыбырласып сөйлессек те, таңертеңіне біз не ішіп-жедік, не дедік соның барлығын да колхоз кеңсесіндегілер біліп отыратын, – деп әкем осы жайды қамығып айтатын.

Сондай бір аңдудың салдарынан колхоз егістігінен суы ағып тұрған бір шелек қара бидай алып келген менің анам Үмітжан Уәлиқызы да 1946 жылы он жылға сотталып кете барды. Үйдегі майданнан оралмаған төрт бірдей жауынгердің сал болып қалған әкелерінің,  яғни менің атамның да жағдайына, оны қойып, бесіктегі алты айлық баласына да қарамастан, он келі қара бидай үшін сот өз үкімімен менің анама он жылды кесіп берген еді. Сот үстінде анамның:

Етегі көйлегімнің бәсең деймін,

Баласы Шәкіровтің есер деймін.

Қаралап сен ісімді бергенменен,

Әділ сот бұл ісімді шешер деймін, – деген соңғы бір үміті де ақталмады. Шәкіров деген сол кезде милиция тергеушісі болса керек.

Мен бүгін айдалармын, сор кешермін,

Бұл жолдан не қайтпаспын,

не келермін?!

Өзіңді көріңде де қарғап өтем,

Қызығын жалғызыңның көрсетпесін, – деп қайран анам жылай-жылай этаппен Краснояр өлкесіндегі кілең әйелдерге арналған колонияға түсіп, сондағы кірпіш зауытында жұмыс істеген екен.

Гудогы айғайлайды сағат сайын,

Әрдайым барып тұрам, пошта дайын.

Поштада бір мыңдаған хат жатады,

Оқимын соның бәрін шықпайды атым.

 

Анадан жетім қалған мен бір мұңды,

Жүремін жалғыз басым, сары уайым.

Сіздермен хат арқылы сөйлескенмен,

Іштегі тарқамайды қалың қайғы, – деп басталар анамның сол айдауда жүріп елге жазған көп өлеңдерінің осы бірін оқыған сайын ғазиз анамның тым болмаса бейнесін де көз алдыма әкеле алмай қиналамын да, жанарыма жас үйіріліп, жүрегім қан жылап тұрары бар. Сондай-ақ, Нәбіғали ағамның қан майданның ортасында жүріп:

Қадiрлi ел iшiнiң жастарына,

Әртүрлi мекеменiң бастарына.

Сәлемiм, барлығыңа аманатым,

Алыңдар біздің үйді естеріңе, – деп қан майданның ортасында жүріп жазған ұзақ бір жырын ауылдағы сол кездегі жарықтық аналарымыз көз жастарын сығып, сыңсып отырып әндетіп айтатындықтары да осы күндері санамда қайта бір жаңғырып тұрып алатыны бар. Сол өз үйіне күні бүгінге шейін орала алмай жүрген қайран ағамның: «Алыңдар бiздiң үйдi естерiңе!» – дегені біздің әулетті өздері жоқта тағы да «жау», «дұшпан» есебінде жандайшап пысықтардың әлекке саларларын сезді ме екен?! Өйткені, Нәбіғали ағамның да отызыншы жылдары ұсталып, түрме азабын тартқаны бар екен.

Жатырмын Қызылжардың түрмесінде,

Адамның басына мұны бермесін де, – деп жазған жыры да осыған айғақ болса керек.

Әлқисса, Нұрғали ағамның «жауға беріліп кетіпті» деген нақтылы анықтал­маған күдікті жай бертін келе біздің де жанымызға қатты бататын. Кеңестік жүйе «Отанын сатқандар» мен жау қолында тұтқын болғандарды аямағандықтарын, тіпті олардың үрім-бұтағына дейін се­­нім­­­сіз «элементтер» ретінде есепте ұста­ғандықтарын бүгінгі аға ұрпақ өкіл­дері біледі.

Біздің ауылда бір аяғын соғыста беріп келген Зейнеш Салықбаев деген ағамыз болды. Бұл кісінің бір ұлы Өсербай екеуміз он жыл мектепте бірге оқыдық. Кейін газетте тілші болып жүргенімде осы Зейнеш ақсақалмен ұзақ әңгімелесіп, қарт жауынгер жайлы суреттеме де жаздым. Сол әңгіменің үстінде Зейнеш ақсақал:

– Сенің Нұрғали ағаңды немістерге беріліп кетті деп жүргендердікі бекер. Бос сөз. Біз бір ауылдың алты азаматы Сталинград түбіндегі бір алапат шайқаста бір окопта қатар жаттық. Содан бір кезде жау жағынан артиллериядан снаряд қарша борады да, іле жау ұшақтары бомбаның астына алды. Астан-кестені шыққан дүние бір жарты сағаттан кейін тына қалды. Есімізді жиып, айналаға барлай қарасақ, қырылып қалған екенбіз. Жаңағы бір ауылдың алты азаматынан окоптан бас көтерген Нұрғали екеуміз ғана едік. Жаудың жаяу әскері анталап қаптап келеді. «Кейін шегініңдер» деген бұйрық жетті. Шегіне беріп, бір кезде Нұрғали «Аналар топырақтың астында беттері жабылмай қалып қойды ау», деп жау анталап келе жатқан бетке ұмтылды. «Қайт кейін» деп жаным ышқына айқай салғанымды білемін. Содан кейін Нұрғалиды көрген жоқпын. Бомбаның астында қалған ауылдың бірге өскен азаматтарын құтқарамын деп жауға қарсы жүрген сенің ағаңды өзіміздің, болмаса немістердің оғы алды. Бұлардың Нұрғали жауға беріліп кетті деп сандырақтап жүргендіктері осы шығар. Жоқ, Нұрғали жау қолына түскен жоқ, – деп «махоркасын» ұзақ сорып отырып алған қарт жауынгердің бейнесі көз алдымда әлі де тұр.

Мiне, кешегi соғыстың бiздiң үйдiң төрт бiрдей арысын жалмап кеткен қасiретi мен мұңы ендi келiп, менiң жүрегiмдi сыздатады. Әкеден қалған жалғыз тұяқ, кей-кейде мен де жалғыздықты сезiнiп, жаны ашыр аға, бауыр iздер сәттерiмде соғыстан оралмаған ағаларымды ойлаумен күн кешемiн.

Қайран сол төрт бiрдей ағалардың соңынан, шiркiн-ай, тым болмаса бiр-бiрден ұл қалса ғой, олар да өсiп өнiп, ендiгi бiз де бір қаралы үй болып отырар едiк-ау, деп өкінемін. Сол ағаларымның соңынан ұрпақ қалса ғой, кешегi күнi әкем дүниеден озғаннан кейiн атадан балаға мұра болып келе жатқан қара шаңырақтың есiгiне жылай-жылай құлып салып, егiле кетпес едiм-ау елiмнен деп те мұңаямын.

Өкiнiш… мiне, осы бiр өкiнiш, сұм соғыс ойып түскен бiр шаңырақтың қасiретi ет жүрегiңдi тырналап, өз қасiретiңнiң иiрiмiне батыра бередi әлi күнге дейiн.

Соғыстан қайтпай жүрген ағала­рымның туған елдегi, туған топырақтағы iзi өшпесiн деген ниетпен әке қабырының басына орнатылған құлпытасқа да төрт ағаларымның аттарын, Қорғаныс министрлiгiнiң архивiнен алдырған анықтама бойынша туған және соғыста хабарсыз кеткен жылдарын тасқа қашап, жазғызып қойдым. Ағалар соғысқа аттанған қара шаңырақ – елдегi қараша үйдi де ешкiмге берместен, болмаса құлатпастан, өздерi дәм татқан қазан-ошақтары мен дастарқанын да шашау шығармай сақтап отырмын әзiрге. Бәлкiм, келiп те қалар…

Ағалар тағдырына алаңдаған көңiлiм­мен деректер жинастыра жүрiп, бiздiң шағын ғана – Қарағаш ауылынан соғысқа 125 ер-азаматтың аттанып, солардың 68-i майдан даласынан қайтпағандығын, қаралы қағаз келгендiгiн, хабар-ошарсыз кеткендiгiн анықтадым. Отан үшiн от кешкен ағалардың 45-i ғана елге аман-сау оралып, туған елiнен дәм татуды жазған екен Жаратқан Иеміз!

Соғыстан оралмаған төрт бiрдей ағам­ның әзiрге екеуiнiң ғана фотосуретiн қолға түсiрдiм. Нәбiғали (ел iшi Нәбiкен деген) суретке колхоз басқармасының мүшесi, партия ұйымының мүшесi, партия ұйымының хатшысы болып жүрген кезiнде, яғни соғыстың алдында түскен көрiнедi. Ал Қинаятқали соғысқа Көк­шетаудағы қазақ педучилищесiн бiтiрiп келiп, Ортақ ауылында мұғалiм болып жүрген жерiнде алынған көрiнедi. Сейiл Әушамаұлы бiзге жиен. Жұмжұма атамыздың iнiсi Әушаманың (Тентаға) қызы Рахима апамыздан туған ұл. Бiрақ Тентағаның ұл баласы болмағандықтан, Сейiлдi бауырына басып, асырап алған көрiнедi. Сейiлдi бiлетiн, көрген адамдар оның дене тұрқының iрiлiгiн, азаматтық қадiр-қасиетiн айтып, күнi бүгiнге дейiн тамсанып отыратындары бар. Сол Сейiл ағам соғыстан аман-сау келiп, әне-мiне үйленемiн деп жүргенде, соғыстан жазылмай қайтқан жарасы асқынып кетiп дүние салыпты.

Дүние дөңгеленiп, шыр айналып тұрған сәтте соғыс салған жара талайлардың жа­нын сыздатар әлi. Майдан даласынан қайтпай жүрген қайран ағаларым, сендердiң жүрегiмдегi де, өмiрімдегi де орындарың мәңгiлiк толар емес. Бәлкiм, ол менiң жанымның жазылмас мәңгі жарасы, айықпас мұңы мен сағынышы болып қалатын да шығар. Дүние-ай, шіркін!..

Жабал Ерғалиев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының V-VI шақырылым депутаты

Abai.kz

 

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052