Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 10488 3 пікір 2 Мамыр, 2018 сағат 14:31

Талғат Кеңесбаев. Түнде ұшқан қаршыға

                                           (Повесть)

Түн құшағынан беті қызарып шыққан күннің маңдайы ағара бастаған еді. Таңғы самал жер бетін әлдилеп, еңсесін көтеріп келеді. Күн шапағы тәй-тәй басқан жас баланың қадамындай ақырындап Шыңғыстаудың басына  өрмеледі. Ұябасар құстың бауырындай жылылық келе жатыр. Төңірек анық көрінді.   Шаған өзені айнадай  жарқырап, тек анда-санда буда-буда ақ бұлттар су бетіне түсіп, жарыса сырғып келе жатқан сияқты. Кешегі күн шуағынан  ерімей қалған мұздақтар еді. Осыдан біраз күн бұрын ақ бастарын қар бүркеген жұмсақ жел соғып,  ағаш-талдардың төбесі қарайып қалған. Әлі бүр жара қоймағанымен, сұлу қайыңдардың ашық алқымынан жұпар иіс шығатындай. Күн желі бойы ұзарып, аялы алақаны қарт Шыңыстаудың маңдайынан сипап, Бұғылы, Машан, Абыралы, Дегелең тауларының қойны-қонышына мейірім шуағын молынан шаша бастаған.          Шөп басынан жылап түскен тамшылар ақырын-ақырын буға айналып, күн көтерілген сайын көзге көрінбей жоқ болып кетіп жатыр. Шүрегей төбелердің басынан бәйшешектер балғын саусақтарын қылтитып, көз қызықтырып қалады.   Шаған өзеніне улап-шулап тым-тым алыстан аққу-қаздар ұшып келіп, етегін енді баса бастағанда, үйректер қанаттарымен су сабалап келіп, қатарласа қонды. Құс біткен мойындарын қақшаң-қақшаң еткізіп, «Мынау неткен тамаша жер!» дегендей таңдайларын қағып, су бетіне еркін жүзіп өрнек сала бастады.   Кәрі өзеннің қыс бойы қабағы ашылмап еді, дәл бүгін ажары кіріп  мейірленген қариядай жомарттық танытып, ернеуінен асып төгіліп жатыр.   Бұл өлкеге жеті ел келіп, жеті ел қоныстанған, әуелі Алла, содан кейін Мамай батыр мен Кеңгірбай бидің көрегендігінің арқасында атадан балаға қоныс боп келе жатқан киелі жерді Алаш елі деп атайды.   Алланың нұры жауған Мотыш баба осы жерге ұрпағын кеңінен орналастырған.          ...Жұлдыз ағып, ай жамбастаған кезде көзі ілінген Ике тұяқ серіппей жата берген. Қор-қор етеді. Қасқыр ішікті жамылып алған. Сырт көзге дәл бір апанында алаңсыз жатқан Шыңғыстаудың көкжалы сияқты.   – Өй,  мынау Ике ме? – деп  жүзі мейірімді, бадырақ  көзін жыпылық-жыпылық еткізіп, атын тебініп жақындай берген Нұржаубай желке тұсына келгенде, қарқылдап күліп жіберді. – Түнімен қой күзеткенсің бе-ей, мына  жатысың не, а? Қатының қуып шыққан ба, екі әйелі бар адамның қонатын үйі болмаушы ма еді? Мына жатысыңа жол болсын! Әй, Өмірғали, мына  шалжиып жатқан атаңа сәлем бер!   Әкесінің алдында отырған үш-төрт жасар бала көзі бақырайып, «Ашшалау!», «Ашшалау!» деген болды. Кімге сәлем беріп жатқанын өзі де білмеді.   Нұржаубай ат үстінде тұрып, жерде жатқан қасқыр ішікті іліп алып, басынан екі-үш айналдырған кезде, ауыл мырзасы көзін ашып алған еді.          – Ау, Нұржаубай, сенбісің?!          – Иә, менмін,  – деді ат үстіндегі адам еңкейіп, – Күн көтеріліп, маңайдағы ауыл-ауылдан ел келіп жатыр. Сенің Наурыз тойын тойлауға  дайындығың  осы ма? Шалжиып, жатысың мынау!  – деді құрдастығына басып Нұржаубай.   – Ассалаумағалейкум, Ике аға!  – деді ат үстінде тұрған  кішкене  мығым денелі, жуан қарнын ердің алдыңғы қасына төгілдіре тастаған бадырақ көз, қара жігіт жымың-жымың  күліп. Бұл – Серкебай еді. Түбі сонау Абыралы етегіндегі «Қарашіліктің» жігіті. Сүйегі Тарақты. Осыдан біраз жыл бұрын Құлықтан қыз алып, күйеу атанып, Қаражанның ағасы Аймағанбеттің қол астын пана көріп, сеніміне әбден кірген адам. Оның  үстіне жұғымды болған ерке күйеу. Ана бір жолы Қаражанның  жылқышысы  «күшік күйеу» деп кемсіте сөйлегенін естіп, Аймағанбет қатты ашу шақырған. Содан бері Серкебайға өзге түгіл, Қаражанның өзі қатты сөйлемейтін болған. Аймағанбетке  еріп, Семейге  барған сайын Қаражанның қоймасының қара құлпын жұлып алып, кедей-кепшікке қолына түскенін  тарататын. Мұны біліп қойған Қаражанның жігіттері:   – Үлкен аға, әшейінде «Тарта жесеңдер, тай қалады» деуші едіңіз, өзіңізді тапа-тал түсте тонаған  күйеуге тым құрымаса, қой демегеніңіз не? – деген. – Е, неғылар дейсің? Күйеудің еркелігі ғой, – деген Қаражан. Қысқа сөздің астары қашанда сөзді өршітпеуге саятыны белгілі. Содан күңкіл сөздер де тоқтаған.          – Әй, мына Қаражан ағаның күйеу баласы ма?  – деп Ике күн сала қарады. Оның бұл сөзін дәл бір бала кезден бірге өскен қатарласының сөзіндей   көрген Серкебай селкілдеп күліп: – Ау, Ике аға, Мотыш ата ұрпағының  бірісіз, ұсақтап қайтесіз? Мені де күйеу деп көзіңізге ілсеңіз де, әр сөзімнен ілгек іздемесеңізші, – деп  қарқылдап күлді. – Нұржаубай аға, ауылдың  мырзасы бізді өзі қарсы алып тұр, шылбырдың бір  ұшын осы кісіге берейік. Ауылына жетектеп апарсын.          – Түу,  мынаған дауа жоқ екен, – деп ұйқысы енді ашылған Ике: – Ауылға жүріңдер!  – Е, бәсе! – деді Нұржаубай  жарқылдай  күліп: – Наурыз  көже  ішейік.  Қай қатының жасап еді, бәйбішең бе, әлде... Оның  бұл сөзін ауыл мырзасы естімеген сыңай танытып:  – Тым  ерте жүрсіңдер ғой? – деді.  – Кеше  кешкісін  сонау  Машан  жақтан  Серкебай  келген. Содан ғой  екеуміз таң құлан иегінен атқа қонғанымыз,  – деді Нұржаубай.  – Әй, Қабылқақ, қайдасың? – деді Ике дауысын шығарып. – Қайдасың? Жауап бола қоймады. Икенің көзі Шаған өзенінің бетінде теңбіл-теңбіл боп ағып жатқан мұзға түсті. Сол кезде бір топ үйректер жапырлап келіп, өзеннің бетіне қонды. Ат үстінде құстарды қызықтап тұрған Серкебай: «Қап, әттеген-ай, Қаражан қайнағаның қосауыз мылтығын ала шықпағаным-ай, бір-екі үйректі атып, қуырып жейтін едік»,  – деп шымши сөйледі. Оның бұл сөзін Ике күле тыңдады. Осы кезде алқына жүгіріп, Қабылқақ келді.  – Ассалаумағалейкум, Нұржаубай аға! – деп қос қолдап амандасты. – Қош келіпсіздер! Ике өзі Нұржаубайды аттан қолтықтап түсірді. Қабылқақ та қарап тұрмай, Серкебайды қолтықтады. Нұржаубайдың бәйбішесі Бәтима да ауылдың шетінен аттан түсіп, ер үстінде отырған баланы жаяу жетектеп келе жатыр еді, үйден шыққан Мақыш құшақ жая қарсы алды.  – Байласаңшы, мына атты! – деп қолындағы шылбырын Қабылқаққа ұсынған еді, ол Серкебайды тыңдамай кері бұрылды. Ондағысы, сонау Семейде Түйемойнақ аралында Қаражан бие байлатып, жамбы атқызып, палуан күрестірген. Палуан болмаса да қара күшіне сенген Серкебай да шыққан. Бәсентиіннің екі жігітін жығып-ақ еді, Уақтың Жұман деген жігітінен жығылды. «Жығылған күреске тоймайды» демекші, Серкебай қайта-қайта ұмтылып қоймады. Қаражан зекімесе де ерке күйеуге: «Жә, болды!» – деген. Жамбы атудың жаңа түрі деп наганмен атқызған. Мотыштың  Жұртыбайынан туатын Жақаман деген мерген жігіті үш алтын тиынды атып түсіріп, олжаға кенелген еді. Ірілеу жамбыны елдің көзінше Икеге беріп тұрып: «Мынау  Бапаңның сыбағасы, сен ал!» – деген кезде Серкебай айқайлап:          – Әй, Мотыштар! Сырты түк, іші боқ жылқының бәрі өздеріңде, сұлу қатынның бәрі сендердікі. Сендер, соншама, кімсіңдер? Әшейінде, Мотыш бабаларыңның басына бірігіп барып Құран оқымайтын едіңдер? Бүгін бастарың қосылып, берекелі бола қалыпсыңдар. Бәріңнің кеуделеріңе нан піскен екен. Тұрысатын жерлеріңді айтыңдар! Кәні, Мотыштар, айтыңдар, үлкенің бар, кішің бар, қайсың барсыңдар, шығыңдар?!  – деп айқайлаған  Серкебайға басу айтқандар болғанымен, көп арасынан тоқтататын ешкім  жоқ еді. Өйткені, оның неге ашуланып жүргенін ешкім түсінбеген еді. Ике  бір жағы оның мысын басайын, бір жағы қалжың болсын  дегендей:  «Мен бармын!» - деп айтып қалып еді...          – Әп, бәрекелді! – деді Серкебай. «Жығылсаң, нардан жығыл» деген, о заман да – бұ заман, Мотыштың қанжығасында кетсем арман не?!» – деп шешініп, беліне қыл-шылбыр байлады. Ике сескеніп қалса да сырт көзге сыр білдірмеді. Өзінен әлдеқайда кіші Серкебаймен белдескеніне намыстанса да,  әу баста жұлқып-ақ тастай саламын ғой деген үміті ақталмады. Серкебай жып-жып етіп, қолға толымды ілікпей-ақ қойды. Тіпті, әуелі бір-екі рет Икені  шалып кете жаздады. Екеуі бие сауым уақыт айқасты. Қатты намыстанған Ике жас жігітті жұлқа тартып, тік көтеріп алды да, лақтырып жіберген кезде құрғақтау жердің шаңы бұрқ ете түсті.          – Өлді, өлді! – деп шуаласты жиналғандар. Сәл-пәл бір орында жатып қалған Серкебай қарқылдап күліп, орнынан атып тұрды да билей жөнелді.  – Өй, өлмек түгілі, мынауың билеп кетті ғой! – деп әйелдер жағы  беттерін шымшып, таң қалысты. Көпшілік ортасында тұрған Қаражанмен көз түйістіріп қалды. Икеге басын шайқап-шайқап қалып, киіз үй жаққа кел дегендей ыммен иегін қақты. Сол кезден бері Қабылқақтар Серкебайды қолға түсіре алмай, тісін қайрап жүрсе де, ағасынан жасқанып ештеңе айта алмаған.          – Қонақтарды үйге кіргіз! – деді Қабылқаққа.          – Ел жиналсын да! – деді Нұржаубай. – Көппен бірге кірерміз. Бапаңа барып сәлем берейік.          – Е, Байғазының білгіші, сен жөн білесің, барайық! – деп Серкебай  ауылдың үлкен ақсақалының үйіне қарай Нұржаубайдың соңынан жүре берді. Балапанның үйінен есік шиін көтеріп, сұлу әйел шықты. Ерекше киінген екен. «Мынау кім?» дегендей Нұржаубай сұраулы жүзбен қарады. – Рапық ноғайдың қатыны ғой. Әйтеуір, Мотыштардың ауылында елдің сұлу қатындары жүреді, – деп Серкебай шиқ-шиқ күлді.  – Ассалаумағалейкум, Бапан аға! – деді табалдырықтан аттаған  Нұржаубай төрде жаңа киім киіп отырған қартаң адамға сәлем берді.  – Ау, Байғазым-ау, асылым-ау! Амансың ба?          – Шүкір, Балапан аға! Қыстан қысылмай шықтыңыз ба, әйтеуір?          – Мына домалағың кім? – деді ауыл ақсақалы.          – Мен Тарақты – Серкебай деген боламын.  – Е, біздің Аймағанбеттің  күйеу баласымысың? Әй, саған ризамын, кел-кел! – деп ақсақал оны бауырына басты. – Аман жүр! Қайдан жүрсіңдер?  – Кеше Машан тауына  барғанмын. Басында екі көк балақ бүркіт ұшып жүр. Соның, Құдай қаласа, қырық күннен кейін екі балапанын алмақпын. Біреуін сіздің бауырыңыз Шәкеге бермекпін. Жақында ұлы туған. Атын Арғынның  күйші жігіті Тілеу баласының атын – Хамит деп қойыпты.  – Иә, біздің Шәке бауырым Шәкәрім қажының жанында бүркіт ұстайды деп  естіп едім. Бір кісілігі мол бауырым ғой.  – Ол керемет жігіт. Текті атаның баласы, Доғал атаның ұрпағы ғой, – деп Серкебай ұшатын құстай бір орнында отырып қомданып қойды. Үйге қайта-қайта кіріп шығып жүрген Рапық пен оның сұлу қатыны күбір-күбір сөйлеседі.          Ике мен Рапықтың қорасы Шаған өзенінің екі қапталында орналасқан. Сұлу келіншек Қалимаш Алтайдың Қосағашының қызы. Кәрі әке-шешесі  қайтыс болғаннан кейін, Қатонқарағайда тұратын апа-жеңгесінің қолына келіп бойжеткен еді. Семейден барған тігінші ноғай жігіт Рапықты Әбдікерім болыстың ауылы дұрыс қарап, бір қыс паналатқан екен. Қолы шебер, тілі майда Рапық ауыл адамдарына қатты ұнағаны сондай, осы Қалимашты «мына жігітке барсаң, қор болмайсың» деген ниетпен  беріп жібереді.         Мотыштың жігіттері  сырт көзге суық болып көрінгенімен, ағайынның қонағын  күтуге  келгенде алдарына  жан салмайды. Өйтпей ше, бәрінің мыңғырған малы бар. Мінгендері жүйрік ат. Аяғының ұшымен жүріп, мейман күтетін  сұлу қатындары бар. Қабағы ашық адамның қолы да жомарт  болмай қайтсін. Қонақ күтсе, Мотыштың балалары күтсін! Рапықтың негізі ойы Омбы жақ еді. Орыс-қазағы берекелі. Оның үстіне базардың беті жақсы. Алым-салымы көптеу. «Береген қолым – алаған» дейтін-ақ жер. Оған жас әйелі қойды ма: «Сонау, түгін тартсаң, майы шығатын  Қатонқарағайдан  қаңғыртып, Семейдің құмына әкелдің, енді мына жерге келіп Саржалдың қымызын ішіп, кең тыныстап өмір сүрейік те!» – деген. Оған да қарамас еді, осы уақытқа дейін  Икедей жомарт адам көрмепті. Тең-тең қылып, малдың терісін артып Семейге жібереді. Бағаны қоятын да,  саудалайтын да өзі. Бұлар осы Шаған бойына келгенде, алдарынан Ахметжан деген ноғай жігіті шыққан. Көп қазақтың арасында Ахметжанды кездестіргенде, әкесін көргендей қуанып, Аллаға рахмет айтқанын өзі де білмей қалған. Икенің арқасында әбден байып алған екен. Рапықтың көзін  қызықтырған да сол еді. Оның үстіне,  Омбы  жақтан бес «Зингер»  тігін  машинасын  алғызса, сол жылы күзде сонау Шәуешекке апарып, екі арбаға теңдетіп, Қытайдың қымбат жібек бұлдарын  әперген. Тиын сауған саудагерге одан басқа не керек?! Ішкені алдында, ішпегені артында, бұл өңірде жалғыз тігінші. Рапықтың түкірігі жерге түспей тұр ғой. Қой-ешкіні былай қойғанда, үйір-үйір жылқы бітіп, бүйірі шыға бастаған.          Ике бір орнынан қозғалмай, Шаған өзеніне қарап ойланып тұр еді. «Бұл өзенмен бірге қаншама өмір де ақты. Бұл өңірге кімдер келіп, кімдер кетпеді?.. Адамның жасаған жақсылығы, қайырымы, мейірімі елдің жанында там-тұмдап қана қалса, сәл бір кемшілігі уақыт өткен сайын жаңарып, түрленіп, тіпті, зорайып жететіні қалай? Қазір елдің аузында баяғы  Күркілдек айғырдың аңызы. Басқа әңгіме жоқтай, не болды сонша? Күркілдек айғырдың сүйегіне қына шығатын  уақыт  болды  ғой». Осы кезде Серкебайдың қарқылдап күлгені естілді. Ике Балапан ағасының үйіне қарай аяңдады. Ту сыртынан атты адамның келе жатқанын сезіп еді. «Ассалаумағалейкум!» деген дауысқа бұрылса, Өмірзақ екен.          – Уағалейкум, амансың ба?          – Қыстан шықтық, ауылың аман ба?          – Шүкір, аманбыз. Бапаңа сәлем бер, үйінде отыр.            – Будан әулиеден кейінгі, қалған Мотыштың үлкені Балапан атамыз ғой, сәлем берейік, – деп аттан секіріп түсіп оның соңынан еріп, үлкен үйге  қарай жүрді. – Ассалаумағалейкум, үлкен аға! – деп Өмірзақ табалдырықтан аттады.  – Сәлемші болсаң, жоғары шық! – деді Балапан. Жасаураған көзін сүртіп: – Өй, мынау өзіміздің Қақабай қажының бауыры Өмірзақ қой, кел-кел, айналайын! – деп үлкен кісі екі қолын жайып құшақтады.          – Аман жүрсің бе?          – Тәуба! – деп күлімсіреп, Өмірзақ үлкен кісінің құшағына енді.  – Жылысбай аман ба? Қалдарың жақсы ма?          – Шүкір, өзіңіз қалайсыз? – деп Бапаңның сол жағына барып отырды. Ике, «Орта толсын!» деп табалдырықтан аттады. Осы кезде көрші әйел үлкендеу кәрлен кесеге қою күрең шай құйып, екі қасық май салып, Икеге беріп жатқанын Серкебай байқап қалып, Нұржаубайдың құлағына: «Өгіздің өзі қартайса да, мұрны қартаймайды» деген осы», – деді. Тумысында қақ-соқта шаруасы жоқ Нұржаубай, оның сөзін түсінген де жоқ. Орнынан тұрып: «Бапа, ал, рақмет! Бұрын келген қонақ, кейін келген қонаққа орын береді» деген, біз тұрайық, – деді Нұржаубай жұмсақ сөйлеп. – Айтпақшы, Нұржаубай-ау, осы біздің Мұсаштың аулында бала оқытқан  Әуез қожаның немересі Мұхтардан хабарларың бар ма?          – Сырттай тілеуін тілеп  отырамыз. Жетісу жақта деп естідім.  – Аман болсын, ардақты азамат қой! – деді Балапан. Нұржаубай мен Серкебай  үйден шықты.          – Мотыштар – бар ел ғой. Бірлігін сырт көзге көрсетпейді, бірақ... – деді Серкебай.  – Әй, – деді шын ашуланған Нұржаубай. – Сен немене, Мотыш, Мотыш деп аруақты адамның құлағын шулатасың. Қойсаңшы енді... Біле  білсең, сенің қайын атаң Қақабай қажыға бабаң жатқан жердің етегінен кесіп, қоныс берген кім екен? Мотыштар. Құлықтың малы көбейсе, осы Мотыш бабаңның өрісі, тіліңді тигізе берме сен! Мына сөзіңді Станбек пен Қорғанбай естісе, теріңді тірідей сыпырар.          – Терімді тірідей сыпырады?! Әй, олар Нәзік қой... Мотышқа жабысып жүрген.  – Өй, әкеңді, – деп тумысында анау-мынауға ашулана қоймайтын Нұржаубай шындап ашуланып еді.          – Ау, Нұреке, жөн-жосықсыз тулағаныңыз не? Сіз не айтып тұрсыз? Аталарының атын атағаныма неге ашуланады екен. Барған жерлерінде «көңілімді» тап дегендей, томсырайып отыратын өздері емес пе? О, несі-ей, а! Аталарының атын қайта-қайта айтсам, қуанбай ма қайта?! Икенің өзі Мотыштың атасының атын атағанымда, жымиып күлген сияқты болған.          – Жолбарыстың жымиғаны күлгені емес, сол есіңде болсын! – деп қамшысын бүктеген Нұржаубай алдыға қарай жүріп кетті. Серкебай өте ақкөңіл жігіт. Сегіз қырлы, бір сырлы. Ешкімге зияны жоқ. Тек бір айыбы – басынан сөз асырмайды. Намысшыл. Тістескенмен ұстасатын әдеті бар. Бірде Мұсатай сауда жасап Семейге  барып, Жақия қажының үйіне түскенде Қаражан сәлем бере келген. Оңаша қалып әңгімелескенде күйеу баласы Серкебайдың жайын айтқан. «Мұсеке, менің күйеу баламды қолыңызға алсаңыз. Даланы аңсап жүр-ау, бүркіт баптап, тазы жүгіртпек ойы бар екен. Мына қалада  кісінің қолынан  жазым бола ма,  не өзі біреуді мерт қылып жүре ме?» деп шынын айтқан. Сол жылы Серкебайды көшіріп алған. Өзінің адалдығымен Мұсатай ауылына көрік берген. Тіпті, олай өткенде, былай өткенде осы ауылдың адамдары Серкебайдан бүркіттің балапанын алғанды жақсы көретін. Таудан сырт көзге үзік-үзік, тасбиықтың тастарындай болып, он шақты атты адамдар түсіп келе жатыр. Байқап қалған. Серкебай соларға қарап күліп жіберді. «Бірігіп жүрсе, қайтер еді?».  – Ау, Серкебай, неғып  тұрсың? – деді Ике. – Жүр, менімен.  – Әне, сенің жолбарыстарың келе жатыр, – деді Серкебай.          – Оо! – деді Ике тау жаққа қарап, – Қажи мен Қанапия келе жатыр ғой. Қарашы, даланың нағыз көкжалдары ғой-ә?!  – Е, айтасыз-ау, ақкөңіл ағам-ау. «Тозған қазды топтанған торғай алады» деген бар, байқарсыз. Оның бұл сөзін ұқпаған Ике бір орнында тұрып қалған еді. Сонау жерден құшағын ашып, Шақардың Мәдиі келе жатыр екен.          – Ассалаумағалейкум, Ике аға! Наурыз құтты болсын!          – Ырыс берекелі болсын, амансың ба?!  Көрмегелі көп болды ғой, кел, кел, – деп батыр тұлғалы жігітті бауырына басты. – Сені де көретін күн болды ғой, мына жігіттер кім? – деп сұрады Ике.          – Арғынның апайтөс жігіттері, мына жігіт Қашаубайдың Әміресін білесіз ғой, соның інісі – Исабек. Елдің  құрметтісі.          – О, Әміре – қазақтың мақтанышы ғой! Кәне, жоғары шығыңдар! – деп үйге қарай бастап келе жатыр еді, Мәди оны қолтықтап алып тоқтатты. – Аға, ана келе жатқан үлкен кісіні аттан түсірейік. Ике артына бұрылып қараса, атты адамдар жақындап-ақ қалыпты. Құла ат мінген үлкен кісі жақындағанда қуанып кетті.          – Ау, Ұлыстың ұлы күні құдамыз келіп қалыпты ғой! Ассалаумағалейкум, Әлеке! – деп қонағын аттан түсірді. – Аман-есен  шаршамай жеттіңіз бе?          – Уағалейкумассалам, құда! Наурыз құтты болсын! Үлкен кісімен төс қағысып амандасты.          – Ассалаумағалейкум!  – Наурыз құтты болсын!  – Ақ мол болсын! Икенің көзі ауыл шетінде аттан түсіп, жаяу келе жатқан әйелдерге түсті. Осы кезде кіші үйден Икенің қызы Қайрия жүгіріп шығып, қуана айқайлады.  – Ұмытшақ жеңешем келді! – деп  ағасы  Жұмагелдінің әйелінің құшағына тығылды. – Сағындым ғой, жеңеше!          – Қайрия, сені бүгіннен бастап Бопай дейміз! Айналайын, мына әдемі жеңгең – Кеңесбай ағаңның келіншегі Нұржамал. Көрікті келіншек бойжеткеннің бетінен сүйді. – Міне, Толағай деген бауырың, біз оны еркелетіп Төкіш деп атаймыз. Төкіш-ау, міне апайың! – деп  баланың кекілінен сипап қойды. Үш-төрт-жасар бала балпанақтай екен. Маңғаз. Олардың жанына келген Нұржаубайдың әйелі – Бәтима жарқылдай  амандасты.  Әйелдер жағы құшақтасып  жатыр.  – Әлеке, жоғары шығыңыз! – деді. – Үйге кіріңіздер!  – Ике құда, далада кішкене тұра тұрайықшы, – деді Әлімхан. Таңертеңнен аттан түспедік. – Ел де жиналсын! Жиналған жұрт бір-бірімен қауқылдасып, әйелдер жағы Бимәрім апасына сәлемдесуге кетті. Балалар мәз-мейрам ойнап жүр. ...Құлықтың қыздары жезделері Серкебайдың арқасына жармасып жатыр.  – Әй, шұнақ қыздар, түсіңдер арқамнан, бұларың не? – деп Серкебай тулап жүр.  – Жезде, апама қалыңмал бердің бе өзі, ол кезде біз бала едік, – деді жуан сары қыз арқасынан түспей: – Шүу, шүу! – деп алақанымен оның бүйірінен соққылады.          – Қалыңмалым болса, Құлықтың қыздарын қос-қостап алар едім ғой.          – Қос-қос қатын алам дей ме, қойны-қонышын тінтіңдер, қыздар!          – Өй, мыналар қайтеді-ей, а! Ойбай,  қытығым келеді... Өй, өй, – деп шиқылдап күлген Серкебайды өзен жағасына қарай балдыздары апара жатыр еді. Қарқылдаған Серкебайдың күлкісі мен сықылықтаған қыздардың дауысы алыстай берді. Жастардың әзіл-қалжыңын тыңдағысы келмегендей, Әлімхан үйге кірді. Сегіз қанат еңселі, шаңырағы аспандаған үй екен. Керегесінің бәрі мол шимен оюлап тігілген. Еденге қалы кілем төселген. Түңілік  ашық болса да, ондық шам ортада жанып тұр. Мол дастарқан қайысып-ақ тұр екен. Ортада үлкен табақ, оның  ішінде Жетісудың хош иісі бұрқыраған қызыл алмалары. Самарқанның өрік-мейізі, бәрін қыс бойы жақсы сақтап шығатын Икенің үлкен әйелі – Мақыш. Қонақтарды жағалай қол жуғызып шыққан Қабылқақ ағасының алдына келгенде, «мен сыртта болайын» деген ишара білдірді. Ике басын изеді де, жан-жағына қарап, есіне бірдеңе түскендей «Бапаң қайда?» деді. Сосын Тайтөлеу інісіне «Саған сендім» деп сыбырлап, сыртқа шықты. Есік алдында Дүрмекбай мен Кеңесбай тұр екен.  – Әй, сендер неғып үйге кірмей тұрсыңдар?          – Қайын атасы бар ғой, сол кісінің үстіне қонақ болмайық, – деді Дүрмекбай.  – Ой, Әлекеңнің  қызын алса, менің інім алды. Сенікі не, үйге кір. Ана  Жұмасия мен Мәди ағаңның ортасына отыр, – деді Дүрмекбайға.          – Жоқ, Кеңесбай тамақ ішпесе, мен де ішпеймін, – деді Дүрмекбай.          – Не, тамағыңнан ас өтпей ме?          – Иә, – деп желкесін қасыды Дүрмекбай. Ике басын шайқап, әйелдер отырған үйге қарай аяңдады. Есік алдындағы ошақ басында табаққа ет салдырып жатқан Бимәрім апаның дауысы ап-анық естілді. «Қызым-ау, ана төсті қайтадан қазанға салып қой. Ол – күйеудің сыбағасы. Өстіп-өстіп қатын боп кетесің, жасыма!» – деді жас келінге Бимәрім.  – Үлкен жеңеше! – деді Ике, – Қонақтардың ортасында болыңыз! Бимәрім оған сынай қарады да: – Е, мұның білгенің, мені емес ағаңның аруағын сыйлағаның ғой. Ал, баста! Барайық. Бимәрім Машан өңірінің болысы болған Борсықбайдың қызы. Өте парасатты жан. Ел ішінде жетім мен жесірдің анасы да, панасы да болып жүр.  –  Қайным, сен еркексің, сен бастап кір! – деп ақырын сөйледі. Ике табалдырықтан аттады.          – О, апам келіпті ғой! – деп Мәди орнынан тұра беріп еді. Бимәрім: – Қайным, отыра бер, менің орным мына жер, – деп демін ала алмай тұрған алтын самауырдың жанына барып, бағанадан қызмет қылып отырған Икенің үлкен әйелінің жанына жайғасты.          – Әлеке  құда, Наурыз көже ала отырыңыз, – деді Тайтөлеу.          – Рахмет, дәмді екен! – деп тамағын Әлекең кенеп алды да: – Мына отырған Жұмагелдінің үйіндегі Ұмытшақ та – менің жиен қызым, Кеңесбайдың қайын атасымын, – деді Әлімхан, – сүйегім Қондыбай болады.  – Е-е, Ұмытшақ жеңгем, Есболаттың қызы емес пе? – деді Тайтөлеу жан-жағына қарап. Ондағысы туыстарынан өзінің сөзін растайтын біреу бола ма дегені еді. Төмендеу отырған  Жұмагелді жөтеліп қойды. Онысы інісі Тайтөлеуге «қой» дегені. Мақыш қонақтарға жағалай қымыз ұсынды. Бал қосылған қымыздың ашуы бабында еді. Жұмасия домбырасын қолына алып, «Бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі бар» демекші деп күлді де, домбырасын шертіп-шертіп алып, бір ән айта бастады:   Сәлем де менен барсаң-ау, Мәрияға, Тәуекел, салдым қармақ дарияға. Айдалып бара жатып-ау, Сібір жаққа, Әні екен Тәуке салған жарияға.   Ел қайда, туған жер қайда? Ел қайда, туған жер қайда?   Ән аяқталды. Бәрі үнсіз. Ике неге екені белгісіз, терең күрсінді.  – «Қор болған арысым-ай!..» – деп Тайтөлеу ұзақ-сонар әңгіменің шетін шығарып келе жатыр еді.          – Әлеке, бата беріңіз! – деп  Ике көпшіліктің назарын басқа жаққа аударған болды. Әумин десең міне бата, – деп Әлімхан қолын жайды: Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын! Елім деген жолаушыға Жол болсын! Алла бақ берсін, Жер-Ана ас берсін! Жауын жасытар Қазаққа бас берсін! Абайдай дана бол, Көрсетіп сара жол! Жаратқан бір өзің, Алашқа пана бол!!!          Әумин!   Бәрі сыртқа шықты. Шапандарының етегі желмен желбіреп, көңілдері марқайып, ашық-жарқын әңгімелесіп тұр. – Дауысың керемет екен, осымен екінші рет тыңдап отырмын. Семейде «Түйемойнақта» Қашаубайдың Әміресі ән салып еді. Керемет енді. – Әлімхан құда, менің көңілім өссін деп айтасыз ғой. Аспандағы аққуға үнін қосқан Әміредей болу қайда маған?! Ол Алла жартқан әнші ғой. Әміреге сырттай тілеулес болсам да жетеді, – деген Жұмасия ақырын жымиды. – Шіркін, қазақтың бар азаматы сендей болса ғой, Әміреге тілеулес болып отырсың, мұның ауыл жастарына үлгі боларлық екен, – деді Ақылбек. Оған жалт қараған Әлімхан: – Сені, бауырым, шырамытқандаймын, – деді. – Мен Қиқараның Ақылбегімін. Руым Мотыш. Мотыштың үлкен ұлы Құлжаннан тараймыз. – Ой, бауырым, кел-кел! – деп Ақылбекті бауырына басып, құшақтап тұрды. – Асылдың сынығысың ғой, Қиқара ағам әкемдей болған адам еді. Керемет адам болатын. Мені баяғыда Қырғыз еліне апарып тері илейтіндермен таныстырған. Он күн солардың жанында болдым, олардың қалай істі жүргізетінін көріп-біліп, қайтып едім сенің әкеңнің арқасында, Құрманжан-датқаның күйеуімен жақсы дос-жаран болған едік. Сенің әкең Қиқара Ташкентте жазатайым қайтыс болды деп естігенде, төбеме жай түскендей болды ғой, – деп Әлімхан көзінің жасын сүртті. – Сіз аман болыңыз, аға. Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген. – Рақмет, қарағым. Осы Мотыш бабаның ұрпағы Қабдырақман деген жас жігіт бар еді. Ана бір жылы сол баламен Семейде сауда жасап едім, өте іскер, талапты жігіт. Көрмедім ғой? – Ол менің Сыздық ағамның баласы. Өзі шаруақор... – деп бір әңгіме бастап келе жатыр еді... Ойбайлаған әйелдің ащы дауысы шықты. Бәрі жалт бұрылса, дәу сары өгіз үстіне әлем-жәлем киінген әйел адам отырған сияқты. Өгіз жолындағының бәрін жайпап, тура бұларға қарай ауызынан ақ көбігі бұрқырап келе жатыр. Ике қонышындағы наганын алмаққа қолын соза беріп еді. Шақардың Мәдиі білегінен ұстап, басын шайқады да, өгізге қарай тұра жүгірді. Өкіріп, бақырып келе жатқан алакөз диюды екі мүйзінен шап бергенде, әуелі өзі шалқасынан түсе жаздап, белі бүгіліп кеткенімен, қайтадан бойын түзеді. Өгіз жер тарпып, әрі-бері арпалысты. Бір кезде «Аруақ!» – деді Шақар баласы, «Аруақ!» деп екі шайқап, өгізді жерге құлатты. Анандай жерден шауып келген Шөптемістің жігіті қойнындағы  қанжарын жарқ еткізіп суырып алды да, өгіздің тамағынан орып-орып жіберді. Өгіз көзі алайып жан тапсырды. Қара терге малшынған Мәди маңдайын сүртіп тұрып, жанындағы жігіттен, «Кімсің?» – деп сұрады.          – Арғын.  Шөптеміс. Құрманғали деген боламын. Сізді білемін, аға, анау бір жылдары «Қояндыда» Қожалардың үйінде көргенмін. Ентігіп тұрған Шақардың Мәдиі басын изеді.  – Батыр, мынау сізге! – деп  Мәдидің иығына  шапан жапқан жас жігіт Құлықтың палуан жігіті Бұланбай екен. – Ризамыз, сізге!  – Ал, ағайындар, Наурыз құтты болсын! Әлімсақтан мұсылман баласы Наурызды тойлағанда, осылай өгіз жіберетін ойыны бар дегенді естіп, Ұлыстың ұлы күнінде жаңартайық деген едік. Бір жағынан көп елдің алдында айыпты болдық, – деп қызарақтады Құрманғали. – Енді, бұл өгіз осы ауылдың қазанында қайнасын. Мәди жан-жағына қараса, жаңа өзінің иығына шапан жапқан жігіт көпшілік арасында тұр екен. Бұланбаймен көз түйістіріп қалды. «Бауырым, сен берген мына шапанды...» «Түсіндім, батыр аға, өзіңізге бердік! Ендігісін...» Бұланбай мен Мәди сөйлеспеген. Бірақ, екеуі бір-бірін көзқарастарынан түсінген еді.          – Мынау саған  деген құрметім! – деп  шапанды Құрманғалидың иығына жапты. Жиналған қауым дүр ете түсті.  – Батырлар ұр да, жық болушы еді!          – Е, алаған қолым береген деген...          – Бұлар күніне  мыңды беріп, жүзді алып жүрген жігіттер ғой, беріп үйренген батыр ғой! – десіп, ел гуілдеп кетті. Ағасының мерейі  үстем болғанын көріп,  Жұмасия домбыраны қағып-қағып жіберіп, әнді әуелетіп әкетті.   «Атымды Сұлубай деп әкем қойған, Руым Жәнтекейдей ортаны ойған-ай. Секпілтай, Шаңқан, Тұрғынды-ай, Сағындым қалған құрбымды-ай.   Жазықсыз жауым мені қойдың қамап, Кетпейді бұл қорлығың әсте ойдан-ай. Шіңгілдің мөлдір суындай, Деп салған әнім Сұлубай!   Астымда алқоңырым, желмедің ғой, Құдайым, сұрағанды бермедің ғой-ай. Былғары белдік, бұраңбел, Бұрылар ма екен біздің ел?!   Талпынып қанша қанат қаққанменен, Қысқа жіп, күрмеуіме келмедің ғой-ай. Қайқая шапқан қарагер, Қайрылар ма екен қайран ел?   Басында мәуесі жоқ қу қайыңның, Жігітке пайдасы жоқ уайымның-ай. Секпілтай, Шаңқан, Тұрғынды-ай, Сағындым қалған құрбымды-ай.   Сан жердің дәмін таттым, суын іштім, Білмеймін қайда аларын Құдайымның-ай?! Шіңгілдің мөлдір суындай, Деп салған әнім Сұлубай».   – Ой, пәлі-ай!          – Жаса, Шақардың ұлдары!          – Ән салсаң, Жұмасиядай сал! Шырқа, шырқа, Жұмасия! – деп көпшілік шуласып жатыр. Ортаға таудай болып Бекбатыр шықты да жетегіндегі күрең атты Жұмасияның алдына көлденең тартып: – Мынау саған мінгізгенім! – Әй, Бекбатыр, сен Керей ме едің? – деп ел тағы шулай бастады. Мотыш па, Құлық па деп біле алмай жүрсек, – деп өзара даурығып жатты. Құдасының жанында тұрған Икені ауыл баласы жеңінен тартып, – Аға, аға! – деді. Әуелде  көзі күлімдеп тұрған баланың бірдеңе айтқысы келгенін  ұғып, сәл еңкейді.          – Аға, аға, ана жақта талдың ішінде бір адам жалаңаш қалыпты. Сізге көмектессін дейді.  – Не? Кім ол?  – Білмеймін, аға! Бала көпшіліктің ортасынан шыққасын күле бастады. Кекілін қайырып қояды. Осы кезде ту сыртынан Рапықтың келе жатқанын байқап тоқтады.          – Не болды?  – Хозяин, бір ақылдасатын шаруа бар еді, – деді Рапық.          – Қазір, мына баламен барып келейін, сосын. Сен осы маңайда бол!  – Есть! Хозяин! – деп қолын шекесіне апарып, етігінің өкшесін бір-біріне соқты.          Желі бойы жүргенде, кішкентай баланың жанында тізерлеп отырған Нұржаубайды көрді.          – Өй, Нұреке, мынауың не?          – Мына ұлды тосайын, – деп Нұржаубай еңкейді. – Әрі тұрыңдар.  – Байғазының бәрі бастық. Ал, тұрайық! – деді Ике күліп. Нұржаубай  баласын «кәні, кәні» деп екі алақанына шаптырған ұлына өзі керемет риза болды. Ике қараса бала ширақ екен. Ісін бітіргесін, тез-тез ышқырланып, жүгіріп кетті. Ол ойнап жүрген балалардың ортасынан Төкішті көріп қап:          – Әй, әкеңді, сабаймын сені! – деп Өмірғали солай қарай ұмтылды.          – Тыныштық па? – деді Нұржаубай. – Қайда барасыңдар?          – Ана күшігің қайда барады? Бірдеңеге сүрініп жығылып қалмасын, – деді Ике күлімсіреп.          – Жығылса жер  көтерер, – деді Нұржаубай, – бала емес пе, жеті жасқа келгенше жерден жеті рет таяқ жеп өсер. Ол ешқашан жығылмайды. Қарабас атасының ұрпағы. Заман жаңарса, әлі көресің, менің ұлым өкімет болады. – Сенің ұлың алақанға толтырып сие ала ма деп қарауға келдік қой дейсің бе? – деді Ике, – Талдың ішінде бір адам  отыр дейді. – Өй, бірдеңеге ұрынбасын, – деп Нұржаубай баласы жаққа бір қарап, Икенің соңынан ерді. Бала шиқылдап күле береді. Тоғай ішіне кірді. Аң-таң боп тұрып қалыпты.  – Серкебай-ау, сенсің бе? Әбүйір болғанда ұзын балақ ақ дамбалы ғана қалыпты. Нұржаубай аузын басып күліп жүр. Ике не болғанын түсінбей қалды. Оның сұрақ қойғанын күтпей-ақ, Серкебай өзі жер шұқып отырып айтты.  – Ана, Балқия бастатқан Құлықтың пұшық қыздары, балдыздарымның ойыны ғой. Байсыз қалғырлар, әбден абыройымды төкті ғой. Нұржаубай күлкіден қыстығып, бір бүйірін ұстап жерге тізерлеп отыра кетті.          – Әй, бала, бері кел, мына кісіні сенен басқа кім көрді?          – Сағын, Өкенай деген балалармен өзеннен балық аулауға барып, қайтып келе жатқанда осы жерден көрдік. Олар қорқып қашып кетті.          – Олар кімдер?          – Тарақты ауылының балалары.          – Сен кімсің?          – Мен «Қырықүңгірден келгенмін». Қадырғазының баласы  Бекмұқанмын. Апама келгенбіз, – деп бала күле сөйледі.          – Өзімнің балам екенсің, жаңағы менімен сөйлескен ағаңды шақырып кел.          – Рапық  деген тігінші ноғай ма? – деп бала тұра жүгірді. Біраздан соң жаңағы бала мен Рапық келді.  – Не боп қалды, хозяин? – деді тігінші.          – Мына Тарақтының жалаңтөс батырын киіндір! Мұсатай ағамнан ұят болады.          – Хозяин, былай ғой, – деп келе жатыр еді, Ике оны тыйып тастады.          – Құдай тілеуіңді берсін, мынаған бір жаңа киім берші, – деп Нұржаубай  қалжыңдап, Икенің соңынан ере берді. Серкебай  жалаңаш  қалмайтынына көзі жеткен соң, шалқасынан жата кетті.  – Әй, Нұржаубай, кімге күліп жатырсың? – деп қояды.          – Кімге күлуші едім, саған да.          – Балқиядай балдызың жоқ болғасын, ішің күйіп жатыр-ау! – деп Серкебай оның соңынан айғайлады.          – Иә, иә, – деді ақкөңіл Нұржаубай. – Балдызға бай сенсің ғой. Бай болғасын жатырсың ғой жалғыз дамбалмен.  – Ей, сен де бір, – деп Серкебай жалаңаш қарнын сабалады. Жел соғып қайың-теректің басында қонып отырған құстарды ұшырып жіберді. Қалимаштың әсем дауысы оларға жақсы естіліп тұрды.   «Бұл өлке — біздің ауыл жайлаған жер, Желіге асау құлын байлаған жер. Көзіме от-жалындай көрінеді, Айқасып құлын-тайдай ойнаған жер. Е-е-й, ахау сабаз, Ұшырдым ұясынан балапан қаз».   Олар  топқа жақындағанда, Өмірғали мен Төкіш бірін-бірі жұлқылап, күресіп жатыр еді. Жиналған балалар шу-шу етеді. Ересектеу Уәлел «қойыңдар!», «қойыңдар!» – деп әлек болып жүр. Ике  Мұқан  ағасының  баласы Уәлелге күле қарап: – Уәш, күресе берсін, қоя бер! – деді.          – Өй, қойсаңшы, екеуі  бір жерлерін ауыртып алса, – деп Нұржаубай аяғын жеделдете басып, балаларға  қарай  жетіп  барды да, Толағайды көтеріп алып,  – Айналайын, қоя ғой! – деп  Уәлелге берді. – Бауырым, мына батыр ініңе ие бол! «Батыр інің» дегенге  мақтанып кеткен он жасар сары бала інісінің бетінен сүйіп: «Сен жеңдің, сен жеңдің!» – деп  алдап, шеткері апара жатыр еді, Толағай жұлқынып:          – Жекпе-жек! – деп айғайлады. Төкіш қанша ашуға булықса да, Уәш ағасының қолынан сытылып шыға алмады. Нұржаубай болса өз ұлын жерден көтеріп алып кетті. Ике ән тыңдап тұрған көпшіліктің ортасына елеусіз кірді. Өз көзіне өзі сенбеді. Қалимаш керемет киінген екен. Етегі бүрмелі көйлек, аяғына биік өкшелі аяқ киім, басына дөңгелек тақия тектес шашақты бас киім киген.  Бұрынғы  әдемілігі әдемі ме, құлпырып кетіпті.   «Бұл өлке — біздің ауыл қыстаған жер, Қайыңға кер жорғаны ұстаған жер. Көзіме от-жалындай көрінеді, Күлімкөз бір қызыққа бастаған жер. Қорамнан ақтылы кой кетпеген жер Көзіме от-жалындай көрінеді...»            – Неткен дауыс?!          – Уәлидің Майрасы ма?          – Ноғай Рапықтың  қатыны.          – Қосағаштың қызы ғой, елін сағынып жүр ғой, енді қайтсін! Сағынса барып келмей ме? Мына Шақпақтан әрі асса болды емес пе? – Ой, сен қатын да өз төркініңе қарай бұрасың? Сенің Қосағашың  қайда, Моңғолдың Қосағашы қайда? Жердің түбі ғой...  – Қосағаш Керейлердің жері ғой.          – Керейлер неге жер аттарын  ұқсастырып қойған?  – Енді қалай? Керейлерде қос-қостан қатын алғасын, Қосағаш деп қоймағанда не істесін?  – Әй, көп оттамай, ән тыңдаңдар! – деді Нұржаубай. «Ұшырдың  ұясынан  балапан қаз-ай...» – деп  көзіне жас алып, Қалимаш бұрылып кетті.          – Қайтсін-ай, туған жерін сағынып жүр ғой...          – Әнді керемет салады екен!          – Дауысын айтсаңшы. Ел шулап жатыр еді. Ел арасында мұңайып, үлкен әйелі Мақыш тұр екен. Ике оған тесіліп қарап тұр.Үлкен  әйелі  жылап тұр. Көзінен шыққан  жас омырауына тамып-тамып түсіп жатыр. Ол ойланып қалды. Жүрегінде Мақышқа деген аяушылық  оянды. Кенет екеуінің көздері  түйісті. Ике көзін тайдырып әкетіп бара  жатты  да, иегімен «үй жаққа бар» деген  белгі  берді. Ұғымтал  әйел есін тез жинап, үйге қарай аяңдады.          – Ассалаумағалейкум! – деп ортаға  ықшам киінген  жас жігіт шықты.          – Оу, мынау кім болды?          – Көп Керейдің бірі де, – деді екіншісі.          – Киім киісі Керейдің үлгісіне келмейді-ау.          – Онда, Бекбатырдан  сұрау керек? – деп дуылдасып  келе жатыр еді,  жас жігіт өзін  көпшілікке таныстырды.  – Мен Ұлытаудың Арғыны, әйгілі күйшісі Тоқаның  ұрпағымын. Ауылдарыңызда Наурыз  тойланады  дегенді естіп жеткенім осы болды. Ұлыстың  ұлы  күні   сіздермен  қасиетті Мотыш баба ауылында кездесіп отырмын. Бұл да Алланың берген ырысы ғой. Мына  күй Тоқа  Шоңманұлының «Алқалы қосбасар» деген күйі.          – Тоқа дейсің бе, баяғыда Уәлиханның Шоқаны Тоқаны итжеккенде  айдауда  жүрген  жерінен  пәуеске жіберіп  алдырған  екен, – деді біреу.  – Жоқ, Шоқан оны Көкшетаудан  қарсы алып, пәуескеге мінгізген, – деді екіншісі.  – Әй, сөзге қонақ беріңдер, күй тыңдайық! – деді Бекбатыр. Жас жігіт күйді шерте бастады. Тау біткен қалғып, құлап кетердей. Шаған өзені арнасынан асып-төгіліп жатқан сияқты. Қыран шаңқылдап, қалың жылқы үрке қашқандай. Тұяқ  дүбірі. Қыран  шаңқылдаған кең аспан. Селеулі ақ дала. Бір кезде күй тоқтады. Жас жігіт тура тұғырға үйренгісі келмеген жас сұңқар сияқты жалт-жұлт етеді. Жан-жағына қарап: – Оу, ағайын! Сіздерге арнайы ат басын бұрдым. Рұқсат болса, Кеңгірбай би атама, Ақшоқыдағы Құнанбай әулиеге, Жидебайдағы Абай ағама Құран оқытпақпын. Баталарыңызды  беріңіздер! Мен аттанайын. Ел шулап жатыр.          – Күйді  жастарға  үйретіп кет, айналайын!          – Менің  немерем тез қағып алды, әне шидің түбінде домбырасын шіңкілдетіп отыр. Ике маңайына қараған кезде, Бұланбайды көріп қуанып кетті. Құлықтың Бұланбайы биыл қыс осы ауылда болды. Ана бір жылы сонау Тарбағатайдың етегіндегі Майлышат деген жерге барғанда үш мың жылқының ішін үш күн аралады. Он еркек, он ұрғашы тайды таңдап,  Момбай құдасына базына айтқан. Тарбағатай, Алтай, Арқа өңіріне әйгілі Момбай ақсақал:          – Ау, орнына екі үйір жылқы берейін дегенің не, құда? Сай аман болса, толтырар малымыз да аман. Үш жүзбен құда боп келе жатыр едік. Мотыштың балаларымен  туыс, жекжат болғаным осы. Кешегі көзіміз көрген Доғал бидің баласы екенсің. Ырым болсын. Ал, құда, қолыңды қақпаймын! – деп мырзалық  танытқан.          – Жүрегіммен қарыз болдым ғой сізге, Момбай құда, Алла риза болсын! Ұрпағыңыз аман болсын!  – Әумин, жүрегіңмен  қарыз  болған деген сөзді де тұңғыш рет естіп тұрмын, сірә, орыстың сөзі-ау, – деді  Момбай  кеңк-кеңк күліп. Онысы Икені сыртынан орысша жақсы біледі дегенді естігені бар еді.          – Жоқ, құда, шын айтамын! – деп күлген. Сол он ұрғашы тайларды келер жылы он жігітке жетектетіп, жан-жаққа жберіп, Баянауылдан бастап Ұлытау, Торғай даласына, Бетпақдала жаққа,  Құлынды жазығы, Мұңғыл елінің етегіндегі Өлгейге, Шәуешекке, Уақтар қалың отырған  орман  ішіне  апарып, тәуір-тәуір  айғырлардың  бауырынан өткізіп  алған еді. Келер жылында бәрі құлындап еді. Тайында  бастықпаған сол жылқыларды биыл Бұланбай  қалың  қарға салып үйреткен еді. Бұланбай  осы  өңірде  асау үйретудің шебері. Тақымы құт жігіт. Он үйретілген дөненнің біреуін өзі кертіп алады. Ике екеуінің келісімі солай.          – Бұланбай, мына күйші жігітке ат мінгізу керек! Онның ішінде қайсысы жүйрік?          – Аға, дөнен  деңіз, – деді Қабылқақ. – Обал ғой,  үйірге саламыз деп едік қой. Мен үркек жиренімді берейін, дуадақты аспанға көтертпей  кеудесімен қағады. Ике інісінің сөзін тыңдамады.          – Барыңдар, дайындаңдар! – деп қысқа қайырды. Бұланбай мен Қабылқақ бастары салбырап, байлаулы тұрған  дөнендерге қарай  кетті. Күйші жігітті ауыл мырзасының інісі  Қабдышүкір  бүйірде тұрған үйге кіргізіп күтіп жатыр еді. Оны дауысынан таныған Ике есіктің шиін көтеріп, кіріп барғанда, бәрі орнынан  атып-атып тұрысты. Аузындағы майлы етке қақала-шашала сөйлеген  Қабдышүкір:          – Е, әзірейіл екен десем, өзімнің  ағатайым екен ғой, – деп жалғыз өзі ғана күлген болды. Келіндері Ұмытшақ пен Нұржамал иіліп, қайнағысына жол берді. Ике төрге озып,  күйші жігіттің оң тізесін баса отырды.  – Иә, жігітім, жөніңді айта отыр, – деді дауысы ақырын шығып.          – Тоқа Шоңманұлының шөпшегі боп келемін. – Аа! Қонақ кәдең сол болсын, бір күй тартып берші, – деп өтінді Ике.          – Рахмет, мырза аға! Еліңіз дарқан болса, өзіңіз дара екенсіз! Сізге арнап «Кетбұқа бабамыздың» күйін тартып берейін.   *** Бата беріліп, бәрі орнынан тұра бергенде, есік ашылып Бұланбай көрінді.          – Жөн де сұраспадық, айта кетсең айып етпессің? – деді  Ике.          – Бағана  ел алдында  айтты ғой, не болды сонша? – деп Қабдышүкір шап ете қалды.          – Аа, иә, айтқан екен ғой, – деп күліп, Ике сөзді көбейтпес үшін орнынан тұрды. Есік алдында ұзын Қарагер дөненді көлденең ұстап, Қабылқақ пен Бұланбай тұр еді.          – Ал, бауырым, жол болсын! Мынау саған мінгізген тұлпарым! Аман бол! – деді. Ел қошемет көрсетті.  – Ағатай, астымда  атым бар ғой, несіне әуре болдыңыз?! – деді күйші жігіт.          – Ал, ал, ағаңның қолын қақпа, мінген атыңды маған тастап кет, екі қыс қатарынан соғымсыз қалып, елдің әкелген бір-бір жілігін жеп күнелттік, – деді Қабдышүкір. Ондағысы, бай ағасына  ренжігенін білдіру еді. Оған  ұстара тілді Керей Бекбатыр: – Әй, Қабдышүкір, ауыз өзімдікі деп оттай берме! Осы кезде Қабылқақ: «Аға, бері келші», –  деп Қабдышүкірді үй сыртына сүйрелегендей  алып кетті.          – Қайнаға! – деген дауысқа Ике жалт қарағанда, бауыры Жұмагелдінің  келіншегі Ұмытшақты көрді.          – Иеке! – деді Жұмагелді, келініңіз екеуміздің күйші жігітке аздаған сыйлығымыз бар еді. Рұқсат сұраймыз.          – Рұқсат! – деді күйші  жігітті қолтықтап  алған  Ике, оларға таңырқай қарады.          – Қайнаға, мына жабу сонау бір заманда  Баянауылға,  Жағалбайлы келгенде бір әже немересіне арнап, ат жабуын тоқыған екен. Содан келе-келе бір ғасыр өтіп, әбден тозғанда менің қолыма түскен-тін. Соның өз үлгісін айнытпай, жасауға тырыстым. Ерлі-зайыптылар Қаракердің үстіне жабу жапқанда сәл үркектегені болмаса, қаумалаған жұрт: «Әп-бәрекелді, түу, неткен керемет еді, көздің жауын алады!» – деп шын қуанып жатты. Жабудың бұрыш-бұрышындағы шашақтарды қызықтап тұрған әйел: – Мына жерде үш шашақ, мына жерде төртеу, мынау екеу екен, бесеу нешеу боп кетті өзі? – деп сөйледі. Шашақтың саны он төрт болады, –  деп әкесі Жұмагелдінің шапанын ұстап тұрған сары бала. Ой бәрекелді, мына Бейсеніміз есепті дұрыс айтты. Ағасы Кеңесбайға тартқан ғой, – деп Бекбатыр баланың басынан сипады. – Ал, бауырым, жолың болсын! – деді Ике күйші жігітке. – Рақмет, мырза, ризамын, жүрген жеріме айтып жүремін Сіздің жомарттығыңызды! – Қайтесің, бауырым, ондай әңгімені. Одан да Алашты айт жүрген жеріңде, ауыл баларының оқуына жағдай жасап жүріңдер десең жетеді маған. – Қош болыңыз, аға. – Аман бол, бауырым, қазақтың өнерлі жасы, әрқашан да халқыңмен осындай тойда кездесіп жүр. – Шу, – деп атын тебініп қалды күйші жігіт... Ике көңілі жайланып жиналған қауымның жанына барды. Байқаса                 ортада билеп Серкебай жүр.  Киген киімін айтсаңшы. Аяғында хром етік, кең балағына ою салған шалбар, камзол үлгісінде тігілген оюлы аппақ жейде. Түймелері жалт-жұлт етіп, ерекше көзге түседі екен. Басында үкілі құндыз бөрік. Серкебайың билеп  жүр. Бағанағы, Қалимаш «Балапан қазды» айтқан кезде, бұрыш-бұрышта тұрып сүйемелдеген жігіттер қайтадан ортаға шығып, шаңқобыз ойнатып, домбыраны шертіп, дауылпазды ақырын ұрып, «Қаражорға» биіне әр беріп тұрғандай. Бір кезде сонау Өлгейден келін боп түскен екі қыз шырқай жөнелді.             «Қара жорға болмаса, Тойдың сәні келе ме?..»   – Керейлердің  әні «Қаражорға» болды ғой. – Сен де бір, қатының Керейдің қызы болғасын, солай қарай бұрасың да отырасың.          – Бұл – Тарбағатайдағы Наймандардың  әні мен биі.          – Өй, сен де бір! – деді оның желкесін нұқып қалған жуан сары: – Сен де қатынжанды  біреу  болдың ғой, қайынжұртың Найманнан болғасын.          – Бұл өзі енесін керемет жақсы көреді. Жылда сонау Тарбағатайға соғым апарып, қазысын өз қолымен айналдырып, енесінің аузына ақ май  тосып келмесе, іші кебеді, – деп қарқылдай күлген  Шақардың Амантайы.          – Әй, қойсаңдаршы елді қажамай, берсе өз енесіне берді. Балаларының нағашы  шешесі, – деді  Мотыштың Қуанышбайы, – Не болды, сонша!  – Әй, Қуанышбай, сол екен ғой сенің сонау Семейтауға, жылына бір тайынша,  бір ту бие апарғаныңмен  қоймай, жаз бойы лақ пен қозыны арбаға салып апаратының, – деп  Амантай қарқылдап күлді.  – Енді қайтейін, Айдарлымның нағашы апасы, – деп  Қуанышбай қызарақтап қалды. Ике інілерінің  әзіл-қалжыңмен  қағысқандарына  шын қуанып тұр еді. «Алла, осылардың берекесінен айырмасын! Осылар құлын-тайдай тебісіп, бірге өсіп еді, ұрпақтарын тату қылып, елдің берекесін келтірсе екен».          – Әй, Балқия! – деді, – Ошақ басында жүре бересің бе? Бері кел, Серкебай жездең сені келсін деп жатыр, – деп айқайлай шақырды. Дауысы мұндай ащы болар ма?  Жиналғандар ренжіп, «Не болды сонша айғайлап?»  – Серкебай билеп келіңдер, ән салып жатыр ғой. Қолында көсеуі бар, алаңғасар Балқия келді. Күйелеш-күйелеш боп  жүгірген сайын о жер мен бұ жері ірік-ірік етеді. Келе-сала: – Бәле, құтырғандарды қара! – деп  қарқылдап  күлді.  – Қай  уақытта киінген мынау? – деп таңырқасты әйелдер жағы.  – Тақиясындағы таққан үкіні әперші, қорықпасаң, – деді бір әйел.          – Балқия жездесін көсеумен  басынан  бір-ақ  переді, – деді екінші әйел. Қолындағы көсеуді тастаған Балқия білегін түріп жіберіп, «Қамажайды» биелеген болып, Серкебайға жақындай берді. Бар ойы басындағы үкілі тақияда. Өзі ел күлген сайын күледі. Елдің қарқ болғаны, оның күйелеш беті еді. Серкебай «Қаражорға болмаса, тойдың сәні бола ма?» – деген кезде жып етіп, Балқияның борбайының ортасына басын сұғып жіберіп, тік көтеріп алды. Ел одан сайын күлкіге батты. Серкебайдың  үкілі  тақиясына  қатын-қалаш таласа  жүгіріп еді, бір қара кемпірге бұйырды. Серкебайдың  мойнында  балдызы  Балқия, әрі-бері билеп жүрді де:          – Ау, ағайын, менімен бажа болатын қайсың барсың? – деп айқайлаған кезде Арғынның, Керейдің, Жалықпастың жігіттері шулап қоя берді.          – Біз аламыз!          – Қалыңмалы дайын! – деді  Жалықпастар.  – Біз де қалыспаймыз! – деді Тарақтылар. – Қанына тартпағанның  қары талсын! Серкебай, еліңді ойла! «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген.  – Әй, не оттап тұрсыңдар! Құлықтың қызын ат көтіне байлайтын сендер кімсіңдер, доғарыңдар кәні! – деді бір шал намысқа булығып. – Бұланбай, қайдасың?! Ағасының дауысын естіген Бұланбай жүгіріп барып, шіліктің ішіне тығылды. Өйтпесе, қайтеді? «Қымызды кім ішпейді, қызды кім алмайды?» Серкебай «Кім алады?» деп ағайлап жүргенде, Керейдің тақымы кеппеген жігіттері атқа мініп, өздеріне төселген  сырмақтың төрт бұрышынан төртеуі ұстап  тұр екен.          – Бізге, қарай бізге! – деген дауыс жаққа қарай Балқияны атып жіберген кезде, тойған  қозыдай  томпиған  қыз сырмақтың  ортасына  барып топ ете түсті. «Шүу!»  – деді  Керей жігіттері. Ауыздығын  қарш-қарш шайнап, жер тарпып тұрған аттар сытылып шыға берді. Осы жігіттерді бастап жүрген Әбдімомын деген жігіт көз ілеспес шапшаңдықпен, белдеуде  тұрған  күрең аттың шылбырын кесіп жіберіп,  жетектей кетті. Үйренген  әдеті  ғой...   ***    – Сү-й-і-і-і-н-ші!... – деп бір бала ауылға қарай шауып келеді. Бәрі  дауыс шыққан жаққа қарай қарап қалыпты. Бала мінген ат шабандау ма, әлде, болдырып қалды ма, ауылға келіп болсашы. Тек бір жақсысы дауысы  естіліп-естіліп қалады.  – Сү-й-і-і-і-н-ші!... Баланың дауысын жел қағып-қағып кетіп, үзік-үзік, анық  естіртпейді. Ауыл іргесіне келгенде, бала мінген ат төбеден ұрғандай тұрып қалды. Әбден таңдайы кепкен бала ауылға қарай жүгіріп келеді.  – А, Құдай, жақсы хабар ғой, әйтеуір.          – Ақсарбас!  – Ақсарбас! – деп ел дүрлікті. Бала ауылға қарай жүгіріп келеді. Ике дүрбі салып тұр. Бұл көзі өткір дүрбіні сонау бір жылдары орыстың Архангельск қаласынан еңбекақы табуға барғанында, алтын іздеуші америкалықпен жақсы тамыр болып, алтынға сатып алған Әлімжан ағасының ұлы Жұмагелдіге Ике сәлемдесе барғанда, «Аға, мына керемет дүрбі саған сыйлығым болсын» деген  еді.  Бала үйдің іргесіне жете екі өкпесімен жер соғып, жатып қалды.          – Сүйінші, сүйінші! – деп анық айтты.          – Қымыз әкеліңдер балаға! – деді Мұқан айғайлап. Әйелдер  үйге қарай жүгірді. Ике бала жаққа аяғын аттап та баспады. Дүрбі салып тұра берді. Бір кезде, ап-анық Шәкәрім қажының аты ауыздығымен алысып келе жатқанын көрді. Одан сәл қалыс қалып келе жатқан Жақия қажы екенін білді.          – Кім?  – Кімдер екен? – деп ел шулап жатыр. Жайшылықта дауысы жұмсақ шығатын Мұқанның қуанғаны соншалық,  ауылға анық естілді. Икенің дүрбісін өзіне берді.  – Қажы аталарымыз келе жатыр. Шәкәрім қажы мен Жақия қажы, – деді Мұқан.          – Ұлыстың ұлы күні!          – Ниетіміз түзу екен!  – Алла бізге  нұрын төккен екен! – деп  қуанып, шуласып жатты. Көпшіліктің ортасында тұрған кіші әйелі Бәтиқаны байқап қалды. Икенің оған қадала қарағанын сезіп қалып, бетін бұрған. Бәтиқаның көзі мұндай өткір бола ма? Ұзын кірпіктері жебедей қадалатын сияқты. Екі беті нұрланып, көзі жарқ-жұрқ етеді. «Бәрі оңды болады» дегендей белгі берді де, Бәтиқа қазан-ошақ басына қарай аяңдады. Икенің бойына сенімді бір күш біткендей болды. Дүрбіні қайта салып тұр. Анық көрінді. Шәкәрімнің мінгені ұзын мойын ала ат екі аяғын екі жаққа сілтей тастап, желіп, басын шұлғып келе жатса, қалғандары шауып келеді. – Әй Қабылқақ! – деп шақырды Ике інісін. – Ау, аға! – Тез Бапаңды киіндіріп үйге алып кел. – Ол кісіні Қанапия мен Қажи үлкен ауылына алып кеткен. – Не? – Икенің дауысы қатты шықты. Ауыл адамдары қуанып, үйді-үйлерінен шығып тұр.            – Қыздар, – деді Бимәрім: – Маңайды  сыпырыңдар, бағанадан  әрі-бері жүргендердің аяғымен тас та үгіліп, құм болатын уақыт болды. Шаңы шығып кетпесін, – деп еді барлық қатын-қалаш қолдарына ағаш шелектерін алып, Шаған өзеніне қарай жүгіріп бара жатты.          – Болыңдар ей, тез! – деп бір бүйірден оларға  айғайлап Қабдышүкір жүр. – «Балаң тіреп тұр ма?!» деп бір жеңгесіне айқалап қояды.          – Ей, кетші-ей, сен! – деп жеңгесі. – Тіліңе шоқ түскір! Әп-сәтте ауыл әйелдері мен қонақ болып келген қатын-қалаш жерді су сеуіп сыпырып, алаша кілемді қағып-сілкіп, жарқыратып жайып қойды. Ике аяңдап сүйінші хабарды ауылға жеткізген баланың жанына барды.          – Сен қай баласың?          – Қабыштың баласымын. Ноян!  – А, – деді  көңілденген Ике бауы жуан алтын сағатты бір бүйірінен алып шығып. – Мынау сүйіншіңе! – деді. Бәрі таңырқап қалды. Қабдышүкір ту сыртынан күңкілдеп еді. Жалт қарағанда ағасының көзінен қорқып қалып, шегіне берді.          – Ағатай! – деді Ноян. – Шәкәрім атам асығыс екен.          – Ноянды тамақтандырыңдар. Қабылқақ Ноянды қолынан жетектеп, сәл төмендеу тұрған  үйге қарай апара жатыр еді.          – Аға, мына сары салпыншақты сізге берейін, – деп алтын сағатты Қабылқаққа ұсынды.  – Қажы атамды бір көрсем деп армандаушы едім, «Жаз келер» деген өлеңін жатқа білемін, – деді Ноян.   «Жаз келер, қыстыгүнгі қысым өтіп, Қар, суық, аяз, боран – бәрі кетіп. Қасықтай қар, тобықтай тоң қалмайды, Табиғат барша жанға рақым етіп. Жетпекке үлкендікке жас балалар, Жүгірер қырдан ойға дүбірлесіп. Шал-кемпір күншуақтап, көңілі жай боп, Өткен күн, өмірін айтып, күбірлесіп. Бота, құлын, бұзау, лақ, қозы туып, Қуанып ойнақтайды, олар да өсіп. Сүйтсе де адам көзі бір тоймайды, Харекет берсе-дағы қанша несіп», –   деп оқып тұрғанда бес-алты бала жандарына келді. Көздері бақырайып оның өлең оқыған кездегі қимылдарына таңырқап тұрса, ересектеулері онымен бірге өлеңнің сөзін іштей жаттап тұр еді. Бір бұрыштан Өмірзақ шыға келгенде жаңағы бір топ бала соған қарай жүгірді. «Тәтті ата, маған беріңізші». «Маған, маған», – деп шуласып жаты. – Кәні, Абай аталырыңның өлеңін кім жатқа айтады? Сыйлығым бар, – деді Өмірзақ. – Мен! – деді таңқы танау қара бала. – Кәне? «Ғылым таппай мақтанба... Орын таппай баптанба. Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге.....»  – деп таңдайы таңдайына жұқпай тақылдатып айттып берді. – Ой, жарайсың! – деп Өмірзақ тақпақ айтқан балаға бір түйір қант берді. – Мен де айтам, мен де айтам! – деп шуласты басқа балалар.  – Жіберіңізші, Шәкәрім атамды көрейін! – деген Ноян баланың бұл сөзіне риза болған Қабылқақ оны жібере салды.  – Ағатай, рақмет, Ике ағамның көзіне түспеуге тырысамын, – деді Ноян. Қабылқақ өскін жастың зеректігіне таңырқап басын шайқады.          – Ике, ағаңның көзіне түспе, сенің тамақ ішпегеніңді білсе, маған ұрсады. Сағатты жоғалтып алма! Есейгенде тағасың.  – Мен үлкен болғанда, Семейде мұғалімнің оқуын оқимын, – деді Ноян. Қабылқақ үндемей қалды. Бала бұрылып кетті. Ике дүрбімен қарап тұр. Қажы мінген ат желісінен жаңылар емес. Бірде алдыға тұмсығын созып жіберіп жер иіскейтіндей, бірде жалы күдірейіп тұмсығын көкке шаншып желіген кезде, жер апшысын қуырып жібере  жаздайды. Ике енді таныды. Қажының оң жағында жирен мінген Ғылымбай  екен. Қалған екі жігітті со күйі тани алмай-ақ қойды. Ауыл іргесіне жақындағанда жолаушылар ат басын ірікті. Тек қажы мінген ат қана ауызыдығымен алысып, ойнақтап келеді. Дауыстары естілді.  – Жігіттер, мына ауыл Мотыштың Икесінің ауылы. Бұл нағыз ер жігіт! – деді Ғылымбай.  – А, Икені бір-екі рет көргенмін, ер азамат қой! – деді оң жақта  құла ат мінген жас жігіт. – Икені мен де білемін, – деді. – Рапық  шебер таныстырған, – деді екіншісі. Ауылға жылқының тер иісі сезіліп тұр еді. Ике орнынан қозғалды. – Әй, Қабылқақ. Қабылқақ шегініп кетті. Жолаушылар ауылға жақындап келе жатты.          – Ассалаумағалейкум! – деп Ике екі қолын алдыға созып, Қажыға қарай келе жатыр еді. Астындағы аты ауыздығын қарш-қарш шайнап, аспанға секіріп кісінеді. Басын әрі-бері шұлғып,  ауыздығымен алысып, жерді тарпып тұр. Қажы мінген аттың шылбырын ұстай алмай-ақ қойды. Екі танауынан будақтап бу шыққан желісқор ат әбден қызып алған еді. Бас берер емес. Икенің інісі Кеңесбай тізгіннен шап беріп ұстап алды. Қажы  алақанымен «қоя ғой» дегендей астындағы аттың жалынан сипап-сипап қойды. Ике Қажыны қолтықтап аттан түсірді.          – Уағалейкумассалам, бауырым! – деп Шәкәрім қажы Икені бауырына басты. – Ұлыс оң болсын, шырағым!          – Оң болсын, Қажеке! Ел амандасып жатыр. Жақия қажы да атының басын әрең дегенде ортаға қарай бұрып әкелді. Аттан секіріп түскендей болды. Жасы келген адамның осыншама ширақ  қимылдағанына  жиналғандар таң қалысты.          – Ассалаумағалейкум, үлкен аға! – деп Ике, Жақия қажыны құшақтады.          – Уағалейкумассалам, мен үлкен емеспін, сен үлкенсің. Мотыш атаңның немересісің, – деп сарғыш түсі жылып, ақырын күліп Икені құшақтады. –Ауыл аман ба? Қыстан аман-есен шықтыңдар ма?          – Шүкір, үлкен аға, жоғарылаңыз! Басымен алысып тұрған аттың тізгінін екі жағынан Әзімбайдың Қыдыры келіп ұстады.          – Кеңес  аға! – деді Қыдыр. – Бұл  аттың мінезі қызық. Үркіп ұшқан құс сияқты. Қажекеңнің мінген аттарының бәрін білем ғой. Бұл ерекше өзі...          – Орыстың жылқысы ма?          – Бәрі солай деп ойлайды. Бұл  жылқы Ботай жылқысының тұқымы. Алғаш адамзат сонау Арқадағы Қараөткел маңында қолға үйреткен ғой. Бұл сол жылқының тұқымы.          – Ботай жылқысы  туралы естігенмін, – деді Кеңесбай. Кеңесбай мен Қыдыр бұрын-соңды тойда ұшырасып қалып, кейіннен жақсы араласып, бір-екі рет қансонарға шыққандары бар. Қыдыр өзі ақкөңіл, дарқан жігіт. Бала кезінде-ақ құдыққа түсіп кеткен өгізді құйрығынан тартып алып шығарғаны осы өңірге аңыз болып тараған. Қыдыр кең шекпенінің қойнынан тұсамыс алып шықты. Қолдан өрілгені  көрініп тұр, сиралығы бес елі ішіне барқытпен қапталған. «Тұсап қояйық, бұл енді біразға дейін тыншымайды. Бұл өңірде  байлаулы атты тұсамайды». Кеңесбайдың таңырқап тұрғанын сезіп қалған Қыдыр:          – Тұсап қоймасақ, айырылып қалып жүрерміз. Былтыр елге алғашқы  Қажекең мініп келген кезде ертоқымын ала сала шылбырын сүйретіп қашпасы бар ма? Керей жігіттері үңгірге қамап, әрең ұстадық. Осы кезде олардың жанына ықшам киінген Жақия қажының інісі Орынбасар келді де жетегіндегі екі атты  кермеге байлады.          – Орынбасар, аманбысың, Әлжарсадың қалы жақсы ма?          – Иә, шүкір. Ол Семейге  кеткен еді. Наурызға мал саудалаймын деп.          – Қой, үй жаққа барайық. Үлкен кісілерден ұят, – деді Қыдыр.          – Мына тағасы керемет екен, мүйіз таға ғой, – деді Кеңесбай. Әй, Кеңесбай-ау! Ертеректе Ұлытау өңірінде Жайлыбай деген адам болыпты. Керемет ұста адам екен. Тау-тасты кезіп, ауыл-ауылдан арқардың мүйізін жинап, жұт жылында өзі соққан мүйіз тағамен айғырларды тағалап, бәленбай жылқыны аман алып қалған екен. Осы күзде мына желаяқ бас бермей, бәріміздің берекемізді алды ғой. Сонда аңызға айналған Жайлыбайдың немересі Семсер келе қап, бұлақ басында жатқан Құлжаның мүйізін алып келіп сорға салып, осы мүйіз тағаны жасап, Қажының аттарының бәрін тағалап беріп кетіп еді. Қыдыр, жүр, үйге барайық, – деді Кеңесбай. Екі дос әңгімелесіп үйге қарай бет бұрып бара жатқанда тарпаң жылқы кісінеп аспанға секірді. Әй, Әрін! – деді Кеңесбай. – Жаныңа Ақбастау ініңді ал да, Қажының атын бақылап тұрыңдаршы, шылбырын үзіп кетпесін. Жарайды, аға, – деді Әрін.      Олар үлкен үйдің табалдырығынан аттады. Кел, кел, Қыдыр! Жоғары шық! – деді Ғылымбай. Ике мырзаның кең дастарқанында әңгіме-дүкен құрып отырғанда, ойланып кеткен Шәкәрім қажы: Мұсатай бауырым көрінбейді ғой? Аман ба өзі? – деп жан-жағына қараған кезде Ике құлағына дейін қып-қызыл боп кетті. Ол кісі сәл ауырыңқырап жүр еді, – деді Ақылбек. Кішкене тұмауратып қалып еді, – деп шеттеу отыған Нұржаубай да қызарақтады. Шәкәрім үн-түнсіз. Қалғандары оны-мұны айтқан болып, қажының қас-қабағына қарап отырды. Осы кезде Ғылымбай жан-жағына шола бір қарап: Қажеке, бір ән салыңызшы, – деді. Иә, иә, ән айтыңызшы, – деп отырғандар қолдай кетті. Шәкәрімнің оң жағында отырған Әлімхан: Біз сонау Семей тауының бауырында жатырмыз. Сіз болсаңыз Шыңғыстаудың төріндесіз. Дауысыңызды естіп, әніңізді бір тыңдайық, – деп ақырын сөйледі. Шәкәрім қолына домбыра алды.   Бұл ән – Бұрынғы әннен өзгерек, Бұған – Ұйқасты өлең, сөз керек,                          Өзіне орайлы.    Денең – Жан нұрлы болса, жөнделмек, Өлең – Әнге өлшеп айтса, өңделмек,                       Ұйқасса қолайлы.          Ән – өлшеуіш, Өлең – күміс, Қоспаңыз мыс аралас. Артық алу,           Не кем салу,                Қапы қалу жарамас.   Ән аяқталған кезде айнала отырғандар сәл үнсіз қалды да: Уа, бәрекелді! Тамаша ән екен! Болашақ ұрпағымыз айта жүретін ән екен, – деп шуласып жатқанда, іргедегі әйелдер отырған үйден Бәтиқа Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін бастай жөнелді. Оған ауыл адамдары қосылды. Бүкіл Шаған өңірінің адамдары Абай әнін айтып тұр еді.   «Айттым сәлем, Қаламқас, Саған құрбан мал мен бас»...   Осы кезде ағаш шелегіне саумал толтырып алған аяғы ауыр әдемі келіншек Қажының атының жанына келіп «Атам мінгенде сүріне көрме» деп  ағаш шелекті әрең көтеріп, тұмсығына тақады. Тарпаң жылқы саумалды сіміріп салды. Әй, қортық ағамның қатыны, не істеп жатсың? –  деп сұрады Ақбастау. Көрмей тұрсың ба? Көріп тұрмын, мықшыңдап бірдеме істеп жүрсің. Ана сөлтік байың қайда, көмектеспей ме?! Е-е, атамның балалары-ай, өзінің ағасын қортық-сөлтік  деп жүрген сендер ғана шығарсыңдар? Ол қортық болса мынау қайдан келді? – деп шермиген қарнын сипап-сипап қойды. – Аманшылық болса батыр ұл табамын, – деді күліп. Менің сөлтік ағамнан батыр ұл туса, шегірткеден айдаһар туар-ау, – деп күлді Ақбастау. Жас келіншек жеңінен шаппа бәкіні алып шықты. Қақ-соқты, артық сөзді ұнатпайтын Әрін Ақбастауға жақтырмай ала көзімен қарады да: Жеңеше, не істегелі жатсың? – деді. Үндеме, қайным, – деп тарпаң жылқының жалынан жарты уыс қыл кесіп алып, – Батыр ұлымның бесігіне байлаймын, – деп күлді де Ақбастауға: – Жігіт болсаң, жеңгеңнін шелегін үйге жеткізіп таста! Әй, бірақ қасиетті Қажының аты саумал ішкен шелекті шоқпар көтере алмайтын қолыңа қор қылмаймын, – деп жүріп кетті. Икенің үйінен қонақтар дабырлап, сыртқа шықты. Орталарында ақ сақалы желбіреген Шәкәрім маңдайының терін сүртіп тұрып, көз қиығымен ауыл адамдарына көз тастады. Бәрі жиналып, ересек балалары жанында, кішкентайларын көтеріп алыпты. Қажыдан бір ауыз сөз күтетіндей оларға қарсы Шәкәрім желі бойы жүріп барып тоқтап: Амансыздар ма, туғандар?! Наурыз құтты болсын! Ұлыс оң болсын! – деді. Айтқаныңыз келсін! Ел тыныш болсын! Ұрпақ аман болсын! –  «Ақыл деген денеге егілген дән, суғарылса кіреді оған да жан» деп айтып едім. Бүгін бір өлеңімді оқып берейін мына жас ұрпаққа.   Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық, Арам айла, зорлықсыз мал табалық. Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік Бір білімді данышпан жан табалық.   Ал енді, олай болса, кімді алалық? Қазақта қай жақсы бар көз саларлық? Шын іздесек, табармыз шыны ғалым, Күнде күйлей бермелік бозбалалық.        Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық! Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық! Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан, Жалыналық Абайға, жүр, баралық! –   деген едім.  – Егер де жас ұрпақ болашақта осы жолмен жүрер болса, ел де, жер де бай болады, аман болады. Аман болыңыз, Қажы аға! Сіз ұлттың Абайдан кейінгі пайғамбарысыз! Біз сіздің өлеңдеріңізді жаттап жүреміз! –  деп ел жарыса сөйлеп жатыр. Шәкәрім атының жанына келді. Көзі атының жалының қиылған жеріне түсті. Қолымен ұстап көріп, жан-жағына қарады да аса бір ризашылықпен үзеңгіге аяғын салды. Жолдан Мұсатай мырзаның ауылына соғамыз. Ал, аман болыңыздар! Ойпыр-ай, орнынан қозғалған кезде Бопай жылқысының қозғалысын-ай! Әп-сәтте тауға шығып үлгерді. Арқырап, кісінеп. Біресе тұмсығын жерге сүзердей, біресе қайқаңдатып қайта көтеріп тау-тасты дүбірлетіп барады. Сол-ақ екен ауыл адамдары кішкентай балаларды бақырта-шақырта сүйрелеп үлкен үйге кіріп кетті: Қажы қай жерге отырды? Мына жерге отырған шығар? – деп балаларды домалатып, мәре-сәре болып жатыр еді. Ике жүрегі жарылардай қуанып, Шыңғыстаудың ең биігіне қарап тұрды.    *** Қали бауырының қалжыңынан кейін Ике орнынан тұрып, келген қонақтармен амандасты. Ташпықтың жанында тұрған Бозай бидің баласы Мұқаш қалжыңдап: Ике, біз қазан аңдып келген жоқпыз, Ұлыс күні жақсы әңгіме тыңдасақ деп келдік. Пәлі, «жақсы би ауылымен көшіп жүреді» дегендей, әнші-домбырашыларыңыз қайда?  – деп жарқылдай күліп, Мұқашты кең құшағына басты. – Сен жақсы атаның баласысың. Атаң Оразбай марқұм, алты алашқа танымал адам ғой. Көзге бірден көрінгенмен, тайлақтың ізі көзге түсе қоймайды. Сіз елейсіз бе, елемейсіз бе деп қорқақтай келген жағдайым бар, – деп күлді. Япыр-ай, «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» деген, біз қайда қалдық онда. Онда аспаннан іздейсіз де! Ай, Ике, айтасыз-ау? – деп Мұқаш желкесін қасыды. –  Мына Қали ініңіз бен Ташпық бауырыңыз «Икенің ауылына барып қайтайық» дегеннен кейін ере шығып едім, оның үстіне өзімнің ағам, өзімнің елім. Әй, Мұқа ағатайым-ау, сіз бізге еріп келген жоқсыз. Сіз бізді бастап алып келдіңіз. Біз кімбіз соншама?! Әлі жаспыз, білгенімізден білмегеніміз көп, көргенімізден көрмегеніміз көп, – деп Қали айтқан кезде Мұқаш пен Ташпық риза болып, Бозай бидің баласы: «Әй, осы Мотыш бабамның балалары сөзге тапқыр, ә?!» – деп шынайы ризашылығын білдірді. Мұқа деді, Ике, – Міржақып Дулат баласының алдына отырып алып ұйықтайтын кішкентайыңыз азамат болып қалған шығар? Құдайға тәуба, Қизатым өсіп келе жатыр. Былдырлап сөйлеп «Атам «оян, қазақ» деген, мен де ояумын деп қалғып-шұлғып отыратын еді ғой. Ой, ол қазір талпынып тайға мініп жүр, – деп Мұқаш мейірлене күлді. Алашымызың болашағы сол Қизат сияқты балаларда ғой. Осы кезде алдарына бір табақ ет келді. ...Осыдан бес-алты жыл бұрын қайнағасы Халел бастатқан Әлихан, Мыржақып, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Мұхтар – бәрі Оразбайдың ұлы Медеудің үйіне барып қонған. Медеу хабар жібергеннен кейін түнделетіп Ике де жеткен. Барса, төрде таудай болып Әлиханның маңына Алаштың марқасқалары жайғасыпты. Таң атқанша әңгіме болды. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзі Икенің есіне түсті. Мұқашқа қарап отырып, оның ойына ертеңінде күн шыға салысымен атқа қонып, Семейге қарай аттанып бара жатқанда алдарынан бір үйірлі қасқыр шыға келді. Атайық! Атайық! – деп Міржақып айтып еді. Атпаңдар! Оқ шығармаңдар! – деп Әлихан астындағы атын тебініп қалды. Қуғын басталды. Доғалаң мен Шұнайды екі айналды. Бәрі бір кезде қарайласа, алдарында дәу арлан қасқыр. Қалғандарының қайда кеткенін білмейді. Арланды жартасқа қамады. Атайық! Атайық! – деді Міржақып қайтадан. Дәу арлан қасқайып жалғыз өзі бұларға қарап тұр. Әлихан аттан түсті. Алдыға қарай екі-үш қадам жасады. Бұрылып, артындағы жолдастарына қарап: Ау, жігіттер! Біз қуғанда бір үйірлі тоғыз қасқыр еді, міне алдымызда жалғыз өзі тұр. Біз атсақ, өледі. Оның бізге не қажеті бар? Үйірін құтқарған арланға айтқан рақметіміз осы ма? Жүре берсін, – деп, қолымен ымдап «Былай тұрыңдар!» деген белгі берді. Арлан дәл бір адам тілін білетіндей, ақырын-ақырын бөктерге қарай бүлкілдеп жүре берді. Осы оқиғадан кейін бәрі үнсіз қалып, Орда тауына қарай келе жатқанда бір салт атты жас жігіт шауып келді. Ассалаумағалейкум! Амансыздар ма? Мына Медеу мен Икені ғана танып тұрмын. Сіздер тегін адам емес екенсіздер деп ойлаймын. Бүгін таңертең әйелім босанды. Атам қазақтың дәстүрі бойынша нәрестеге ат қойыңыздар. Олар аяңдап  ауылға келді. Кең-кең бөлмелері бар үлкен еңселі үй екен. Олар дастарқан басына отыра бергенде сәби жылады. Ұзын бойлы Садық жыбыр-жыбыр еткен кішкентай нәрестені Әлиханның қолына берді.   Әлеке, сізді бірінші рет көріп тұрсам да, атыңызға бұрынан қанықпыз. Алланың бұйрығымен ауылымызға келіп қалдыңыз. Сәбиге ат қойып кетіңіз, – деді. Әлихан тамағын кенеп алды да: Бұл баланың аты Жошыхан болсын! Сенің атың Жошыхан! Жошыхан! Жошыхан! – деп сәбидің құлағына дауыстады. Рақмет, Әлеке! Алланың құлағына шалынсын! Алаштың назарында болсын! Алаштың ұлы болсын! – деп бәрі тілек білдірді. Дастарқан жасалып қыстың қысқа күні тұсалып, төңірек көз байлана бастап еді. Ас қайырып, бәрі сыртқа шыққан кезде Ике: Әлеке, рұқсат болса, мен қайтайын, – деді. Әрине, шаруаға бөгетіміз жоқ. Аман бол, айналайын! – деді. Бәрімен құшақтап қоштасып, атына мініп кетіп бара жатқанда Міржақып оның соңынан қарап тұрып: Ой, біздің Ике түнде ұшқан қаршыға сияқты, ә-ә?! – деп риза болып сөйледі. Бұл бір ауыз сөз бүкіл Шыңғыстауға қалай тарап кететінін білмеп еді.   Ас ала отырыңыздар, Ике ағамның шаңырағы болғанмен, бұл ауылға мен де баламын,  – деді Қали күле сөйлеп. Дұрыс айтасың. Бұл да сенің өз үйің ғой. Ташпық-ау, ас ала отырыңыздар, менің досым Исағали ағаңның қалы қалай? – деп сұрады Ике. Шүкір. Білегінде шоқпары бар Аягөз жаққа кеткен. Бірдеңеге ұрынып қала ма деп алаңдап отырмын. Алаңдама, бауырым. Исағали ағамыздың білегінде шоқпары болса, ештеңеге ұрынбайды. Осы өңірдің ығай мен сығайлары, білімді, көкірегі ояу, көзі ашық парасатты адамдары түнімен Икенің үйінде отырып, Абайдың қарасөздерін кезекпен-кезек талқылап, Әлиханның ғұлама сөздерін айтып, Міржақыптың, Мағжанның өлеңдерін жатқа айтып отырды. Ду-ду әңгіме қозғап отырып, күннің ұясынан қалай шыққанын өздері де білмей қалып еді... Сол жолы Алаш даласының таңы ерекше атты.   ***   Үшінші күні таңғы шай ішіп отырғанда Мақыш: – Үлкен ағамыздың ауылына барып қайтайық. Ел-жұрттан ұят болады. О кісінің жолы үлкен. Ел не дейді біз бармасақ? – Бәтиқа екеуің барып қайтсаңдаршы, – деді Ике. – Менің шаруам көп. Семейге баруым керек. Ол бара алмайды. Оған жол жүруге болмайды, – деп күлді. Ике үлкен әйеліне аңтарылып қарады.  –  Неге? Сол. Болмайды, болмайды деген соң болмайды. Мен рұқсат бермеймін. Не? – деп екі көзі бақырайып қалды. Біле жатарсың, – деп күлді де Мақыш ыдыс-аяқты жинай бастады. Түк түсінбей Ике бір орнында отырып қалды. Осы кезде тайға мінген Мұқан ағасының баласы Уәлел ауылға шауып келді. Сүйінші, сүйінші! – деп есік алдына жирен тайын ойнақтатып былай жүрді, олай жүрді. Үйден жүгіре шыққан Бәтиқа: А, Құдай! А, Құдай! Сүйіншің міне, – деп баланың қолына ақша ұстатты. Бұның не екенін білмеген бала әрі төңкеріп, бері төңкеріп тұр еді, Ике үйден шығып, беліндегі күміс кісесін шешіп, Уәлелдің қолына ұстатты. Бала қуанғаны сондай ауылына қарай шаба жөнелді.   Әй, қарағым, Уәш, қымыз ішпедің бе? Ұл ма, қыз ба, айтсаңшы? – деп айғайлады Ике. Ұл бала, ұл бала! Бауырым бар менің! – деп төңірекке жар салып барады. Бәтиқа жүгіріп күйеуінің жанына келді. Ерекше қуанып тұр. Көзі жасаурап, жүзі бал-бұл жанып: Айымжан жеңешемнің аман-есен жаны қалғаны дұрыс болды. Ұл ма, қыз ба дегеніңіз не? Ұрпақ болса болды емес пе? – деп сыбырлай  сөйледі. – Мәкең екеуіңіз барып қайтыңыздар. Сен де жүр, – деді Ике. – Жоқ, маған баруға болмайды,  – деп еркелей күлді Бәтиқа. – Маған атқа мінуге де болмайды. Өзінің жүзі бал-бұл жанып, маржандай аппақ тістерін көрсетіп күле береді. – Сіздерді жолға дайындайын... Түк түсінбей Ике қалды. Түс әлетінде құлынды бие жетектеп, Мақыш екеуі ағасының ауылына барды. Мұқан олардың қарсы алдынан күле шығып: Әй, Ике бауырым! Уәш балама қып-қызыл ақшаны ұстатқандарың не? Оны қайда жұмсаймыз? – деді. Үйге кірсе көрші кемпір үйдің бір бұрышына шымылдық тартып, жас босанған ананың белін буып, кішкентайды орап қойыпты. Өмір-бойы бала сүюді армандаған Мақыш шымылдықтың ішіне кіріп кетті. Дауыстары естіліп тұр. «Қайнағамнан ұят болды-ау», – деп Айымжан сыбырлап сөйледі. «Несі ұят, сен ана болдың?! Алла бұйыртса, Алаштың баласы болады. Қазақтың басына алтын күн орнайды. Сол күннің шуағына, сенің мейіріміңе бөленіп өссін деп тілейік. Ғұмыры ұзақ болсын!». Көрші кемпір үйдің кіре-берісіне мол дастарқан жайып қойыпты.  Ағайынды екеуі дастарқан басына отырды. Ал, тентек бауырым, –  деп жарқылдай күлді Мұқан. – Бірінші Аллаға, екінші өзіңе сендім. Атын қой енді. Ике сасқалақтап, екі тізесін қайта-қайта уқалай берді. Ойланып отырып қалды. Өткен жылы аңға шығып жүргенде Жалықпас жігітінің ауылының тұсынан өтіп бара жатқанда, шауып келіп келіншегі босанғанына сүйінші сұрап, баланың атын қойып кетуіне өтініп тұрып алғанда, кеудесін қуаныш кернеген Ике: «Ұлыңнын аты Алаш болсын! Елінің ардақтысы болсын, халқының қалаулысы, Алаштың баласы болсын! Ұлыңнын аты Алаш, Алаш, Алаш!» – деп қайталағаны есіне түсті. Сәл толқып отырды да: Әй, Мақыш! Сәбиді әкел, ат қояйық. А, Құдай! А, Құдай! Тәуба! Тәуба! – деп тумысында балажан Ике дөңгелек столды әрі-бері айналып жүр. Мақыш қоржын үйдің төрінен құндақталған сәбиді алып шыққанда, ерекше қуанып тұр еді. Ике қарап қалыпты. Өй, неғып тұрсың, ей?! – деп ағасы оны желкесінен нұқып қалды, сол кезде есін жинады. Ия, Мотыш баба әруағы қолдасын! Доғал атамыздың аруағы жебесін. Алашымыздың рухы осы баланың жүрегіне қонсын. Біздің пайғамбарымыз білім іздеген адамды өте жақсы көрген екен. Кәмәл деген сөз араб тілінде бір істі орындап, оны жақсылыққа жеткізген деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, осы дүниеге келген нәрестенің атын Кәмәл деп қояйық, – деді Ике. – Кәмәл! Кәмәл! Кәмәл! – үш рет құлағына айғайлады. Кішкентай нәресте шыр етіп жылап жіберді. Біресе үйге кіріп, біресе үйден шығып, қуаныштан не істерін білмей жүрген кішкентай Уәлел есіктің алдында: «Кәмәл, Кәмәл! Менің бауырым бар!» – деп жүргенде, дөң басынан салт аттыларды көріп қалып, үйге жүгіріп кірді.   Әке, әке, кісілер келе жатыр! Келсін, балам. Есігіміз ашық. Бүгін біздің үйге Алланың назары түсіп тұр. Келсін балам, келсін! Таймастың үргені естілді. Мұқан орнынан тұрып, күлімсіреп сыртқа шығып кетті. Ике де оның соңынан ере шықты. Ауылға жақындап қалған адамдардың түр-түсін аңғаруға да болар еді. Олардың қатарында тайға мінген бала бар екен. Ауқадидің екі тізесі аттың жалынан жоғары тұрғандай. Бейтаныс адамның оң жағында Ақшеке мен бәйбішесі Биаха және жорға мінген Қайнижамал жеңгесі екен.  Өй, мынау біздің Ақшеке мен Ауқади ағаларымыз ғой. Жанындағы кісіні танитын сияқтымын,  – деп ойлады Ике. Осылайша Мұқан екеуі сөйлесіп тұрғанда аттылар үйдің іргесіне келді. Ике ер үстінде тұғырда отырған қырандай ширақ адамның алдынан шығып: Ассалаумағалейкум! – деп қолтықтап аттан түсірді. Уағалейкумассалам! Өй, Ике, сенбісің? – деді. Ақшеке болса Мұқан ағасына «Ассалаумағалейкум!» деп құшақтап амандасып, ал Икеге де мәдениетті амандасқан кезде Ике күліп жіберді. Ақшеке өзіне ылғи еркелеп, қалжыңдап жүретіні бар. Ауқади ернін жыбыр еткізді де, үйге кіріп кетті. Ия, амансыздар ма? – деді Закария. – Түу, мына үйден періштенің иісі аңқып тұр ғой. Шіркін-ай! – деп кеудесін кере демалып қойды. Осы кезде шыр етіп, нәрестенің даусы шықты. Ата, менің Кәмәл деген інім дүниеге келді, – деп Уәлел жымың-жымың етті. Осы кезде Жәмила жанындағы бес-алты жасар Демесінді ертіп, кішкентай Кәмәлды көріп келді де, кең дастарқанның шетіне отырды. А-а, – деп Икені көре сала әлденеге ашуланған Ауқадидің қабағы ашылып, кішкентай Уәшті бауырына басып, – Сүйіншіңе бір тай берем. Ертең ауылға келіп, мініп кет! – деп  баланы қуантып тастады. Өй, балам-ай, мынандай жаңалықты қазақ сүйіншілеп сұрайды. Бәйбіше, барып келші, –  деп Закария жұмсады. Әдемі киінген, сыпайы әйел ақырын үйден шығып кетті де, бір қоржын алып үйге кірді. Қоржынды ашпай: Әй, балақай! Бері кел. Шешең екеуіңе сүйіншіге бергенім, – деп алдарына қоржынды қояды. Осы кезде Закарияның ұлы Демесін қойнынан құлжа сақасын алып шығып: Мынау менен!  – деп өзі құралпас Уәштің қолына ұстатты. Өй, мына бала мырза бала ғой! – деп бәрі күлді.  Екі бала ойнап далаға шығып кетті.  Закария өте парасатты, білімді жан екен. Сырт көзге қара күштің ғана иесі боп көрінгенімен, ішкі ілімі мықты, салмақты адам екені көрініп тұр. Ике Закариямен бір-екі кездескені бар. Туған қайнағасы Халел екеуі Қарқаралыдан келе жатып, осы Закарияның үйінде Сұлтанмахмұтты жолықтырған еді. Сен өзіміздің Халелдің  күйеу баласы емессің бе? – деп Икеден Закария сұрады. Ия, аға! Бір жылы Баянауыл жақтан Сұлтанмахмұт келіп, біз Қарқаралы жақтан шығып, сіздің үйде кездесіп едік қой. Ия, ия. Ол керемет кездесу еді ғой. Шіркін, Алаштың аяғына тұсау болмаса, мына қазақтың кең даласы білім мен парасатқа кенелгелі тұр ғой, бірақ ішімде бір күдік бар... Өткен күзде Машан тауында арқар қарап жүрсем, екі салт атты қуып жетіп, «Шәкәрім деген кім? Мына жаңа құрылып жатқан Алаш өкіметіне қалай қарайсың?» дей ме-ау. Қойшы, әйтеуір, басымды әбден қатырды. Осы біздің кең даламызға бір жаманшылық келе жатқан сияқты болады да тұрады... Құдай сақтасын! – деді Ақшеке. Сақтансаң сақтаймын деген. Закария аға өте дұрыс айтып отыр. Іннен күндіз сарышұнақ шықпайтынынан қорқамын. Әй, Ауқаш бауырым-ау, сен де айтасың?! – деп Ақшеке күліп қойды. Мына бауырым дұрыс айтады. Бір өзгеріс боларда тірі жәндіктің де мінезі өзгереді, – деді Закария. Осы кезде бала жылап, Биаха мен Қайнижамал кішкентай Кәмәлді уатты.  Мақыш дастарқанды жаңалап, қазаннан етті түсіріп, сорпаға құрт қосып, сапырып алып келді.  Ал, астан алыңыздар! – деді Мұқан. Біз жолаушылап, – деді Закария. – Ақтайлақ бидің ауылынан келе жатыр едік. Ақшеке мен Ауқади бауырларым кездесіп қалып, осы қуаныштың үстінен түстік. Сонау бір жылы Абай еліне барғанымда Орда тауының етегінде Омархан қожаның баласы Мұхтардың «Маған Абай атаның мол мұрасын жинауға халық көмектесті, соның ішінде шырақшыдай қамқор болған Көкбай ағам» деп айтқанын өз құлағыммен естідім. – Иманды болғыр, көкем де бір ерекше адам еді ғой, – деп Закария күрсінді. Ия, ол кісілерді көзіміз көрді ғой, –  деді Ике. Осы байқап жүрмін, Мотыштың балаларының ішінде әнші, домбырашы сирек-ау деймін, –  деп Закария ақсары, көкшіл көзді Ауқадиға сұраулы жүзбен қарады. Ия, аға, дұрыс байқағансыз. Елдің бәрі домбыра шертіп, ән салып жүрсе, мына мыңғырған малға кім ие болады? Біз Мотыш бабамыздың жолымен жүреміз, – деді Ауқади. Олардың әңгімелері жарасып, күннің еңкейіп бара жатқанын да байқамай қалыпты. Олармен қоштасып, Закария Абыралыны бетке алып жүріп кетті. Не деген керемет адам, – деді Ауқади. – Арғы-бергіні шолып, бағдарлап сөйлейді екен. Баяғыда жас кезім. Қояндының жәрмеңкесінде бұл кісінің қатты ашуланғанын көрдім. Қап-қара боп түтігіп кетеді екен. Аузынан жаман сөз шықпайды. Өзінің белінен ғана келетін кішкентай ағасы бар екен. «Әй, Закария, жазатайым мерт болсаң, мен қайтып өмір сүремін? Қой, күреспе! Мін, ана атқа!» – деді ағасы. Үндемей атына мініп тұрды. Шынжырланған палуан жан-жағына топырақ шашып: «Әй, Закария, шық!» – деп қайта-қайта айғайлайды. Сол кезде ыза болған бұл кісі үзеңгіні шіреніп басқан кезде айылы екі айырылып, бырт-бырт үзіліп, жуан жирен айғыр шоқиып отырып қалған кезде, бағанадан топырақ шашқан палуан сескеніп, бір орнында отырып қалды. Япыр-ай, не деген қара күш?! – деп Ақшеке таң қалды. – Бұл кісі Қаракесектің Есбалақ руынан әкесі Тыныбай да ерекше адам болған екен. Иә, иә, - деді Ике. – Мықты адам екенін бұрыннан білемін. Ақшеке-ау, екеуміздің мына Ике сияқты өзінің артынан ерген бауырларына тізесін батырып жүретін адам деп пе едің? Ойбай, Ауқади-ау, бұл не сөз? Сен ана жолы наурызда Кеңесбайдың мініп жүрген атын Найман жігітіне түсіп бергізіпсің ғой? Біле-білсең Кеңесбай жуас адам болғанмен, намысын қолдан бермейтін адам. Кешегі Жақсығұл ағамыздың баласы. Оның үстіне қайнатасы Әлімхан да жанында еді ғой, ұят болды-ау, бауырым жасып кетті-ау, сол Найманның жігітіне ат мінгізетін болсаң мен-ақ мінгізер едім ғой! – деді Ауқади сарғыш түрі күреңденіп, көкшіл көздері айбар шашып. Ике бағанадан Ауқадидің  өзіне қырын қарап отырғанын енді түсінді. Ике мырс етіп күліп: Ауқаш-ау, өкпең орынсыздау енді, – деді. Әй, қойшы сен, – деп Ауқади қолын бір сілтеп атына мінді. Осы кезде әйелдер үйден шықты. Ақшеке мен Ауқади ауылдарына қайтты...     ***   ...Тырс-тырс. Үш күн ес-түссіз жатқан Ике осы бір дыбысты ғана естіген. Басы зілдей, көзі ашылар емес. Сәл қозғалса, шылдыр-шылдыр еткен дыбыс. Оны өлі ме, тірі ме деп білуге келген жас жігіт аяушылық білдіріп, басына су құйып: «Ну ты, живой, братик?»  – деп бір кружка су берген. Адам дауысын естіп бір жұтым су ішкеннен кейін бе, Ике қозғалып, басын әрең көтерді де, ақырын-ақырын жылжып есік алдына барды. Адамдардың сөйлескен даусын естіп жатыр. «Менің жазығым қанша, айтып өлтірсеңдерші?» деген шыңғырған дауысты естіп есін жинағандай болды. «Мен қайдамын?» деп ойлады. «Мен бұл жерге қалай келгенмін?.. Өліп қалғанмын ба?» Сұп-суық тас еденде біраз жатты да, орнынан атып тұрды. Шылдыр-шылдыр қол-аяғындағы шынжырларды сезді. «Мен қайдамын өзі?» Ауыр есік шиқылдап ашылды да, екі адамды ішке итеріп кіргізгенін білді. «Кушайте, на здоровье!» Салдыр-салдыр еткізіп, еденге екі темір тәрелке қойды. Есік қайтадан жабылды. Тірімісің, бауырым? – деді беті-аузында сау тамтығы жоқ қазақтың шалы. Оның дауысын ғана естіді, түрін көрмеді. Бір орнында теңселіп тұр еді, шал сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр, не оған жауап қата алмады. Теңселіп барып, бұрышқа тірелді де, бүк түсіп жатып қалды. Сол жатқаннан тағы да үш күн ес-түссіз жатты да, көзін ашты. Оң көзінің ісігі аз да болса басылған сияқты. Түрменің кішкене терезесінен түскен күн сәулесінен жанындағы екі адамның түрін ажырата бастады. Ме-е-н қайда-мын? Сіз-дер кім-сіз-дер? – деп әрең сөйледі. Мен Белгібай деген ағаң боламын. Мұнда неге жүргенімізді білмейміз. Біресе ана камерада, біресе мына камерада. Өзің кімсің, қарағым?  И-к... И-к...е... Оу, қарағым-ау сен кәдімгі Икемісің? И-и-я, и-и-я... О, Ике аға, сіз бе? – деді жас жігіт. – Мен сізді білемін ғой, ана жылы Шәкәрім қажыны Саят қорасына апара жатқанда мен де болып едім ғой. И-и... И-и... –  дегеннен басқа ештеңе дей алмады. Лоқсып-лоқсып еденге құлады. Содан ес-түссіз тағы бір күн жатты. Жанында шоқиып екі адам отыр екен. Қараңғылыққа адамның көзі үйренеді екен. Көмескі сәуленің арасынан қарап, кешегі екеу екенін ұққандай болды. Қарағым, көзіңді аштың ба? Мен Белгібай ағаң ғой. Мынау Ертуған бауырың, –  деді дәу көлеңке. Мен... қай-да-мын?.. – деді Ике үзіп-үзіп. Біз Семейдің түрмесіндеміз. Не дей-сіз, не д-е-й-с-і-з? –  деді Ике. Ақырын, ақырын, бауырым, ақырын, – деді Белгібай.  – Тыныш, бауырым, мына суды ішші. Ике мұздай судан екі ұрттап, қабырғаға арқасын тіреді. Жалғыз көзімен қапастың ішін шола бастады. Осы кезде сықыр-сықыр етіп есік ашылды да: Ертуған деген қайсысың? – деді орыс күзетші.  Мен, мен, – деді жас жігіт. У тебя есть брат по имени Жуман? – деді күзетші. Да, есть, – деді Ертуған. Вот он передал вам, поештье, потом остатки выбросите через окно, только ночью. Я просто уважаю твоего брата  Женю. Больше меня не видели и не слышали, – деп есікті тарс жапты. Жас жігіт киізге оралған түйіншекті жазған кезде, оның ішінен ақ матамен оралып, туралған қазы мен сықпа құрт  шықты. Икенің танауына жылқы етінің иісі келді. О, Жұман ағам-ай, тозақты да бұзып өтесің ғой! Ақсақал, дәмнен ауыз тиіңіз, – деп Ертуған жұтынып-жұтынып қойды. Рақмет, балам, – деді Белгібай. – Салт-дәстүрді сақтап тұратын жер емес қой, бұл орыстың түрмесі. Сен де асай бер. Жоқ, ақсақал, болмайды, – деді аузынан сілекейі ағып кеткен Ертуған. – Алыңызшы, болыңыз енді тез-тез. Туралған етті көсіп алған Белгібай Икенің аузына тосып: Батырым, асап жіберші, – деп жалынғандай болды. Икенің ашыққаны сондай, жабағының жұмсақ еті болса да әрең-әрең  шайнап жұтты. Басы айналды. Белгібай оған су берді. Ақсақал, өзіңіз де алсаңызшы, қазір аналар келіп қалса, айырыламыз ғой мынадан, – деді Ертуған. Шал етті бір-ақ асады. Ике аға, менің қолыммен бір асаңызшы, – деп Ертуған қазыдан тағы асатты. Өзі екінші қолымен жеп тұр. Үшеуі әп-сәтте кішкене етті тауысып тастады.  Ике ұртына сықпа құртты салып, сөлін сорып отырды. Өне бойы қызып, шып-шып тер шықты. Қалтырап тоңа бастады. Мен мына жерге қалай тап болдым, ақсақал? – деп сұрады. Сені алдыңғы күні арбамен сүйреп әкеліп, ішке кіргізгенін көзім шалып қалды. Ал, олардың сені қайдан әкелгенін білмеймін, қарағым. Түрменің алақандай терезесінен күн сәулесі түсті. ...Сол сәуле сонау Шыңғыстаудағы Шаған өзеніне де түсіп еді. Жанында екі жолдасы бар сері Сыпатай астындағы атын қамшылап, қосауыз мылтығын қайта-қайта оқтап, Шілік басында қонып отырған құрды әрі атып, бері атып тигізе алмай, Ике ағасының ауылының маңында келе жатқан. Алдарынан арба үстінде отырған Ресейдің су шаруашылығы басшыларының бірі Иван Иванович мылтық даусын естіп, өзінен-өзі шошып отырып еді. «Голубчик Вася! Будь очень осторожен, а то дикари нас могут схлопнуть». «Не беспокойтесь, у нас четверо солдата, четыре винтовки, целая оборона». Осы кезде Сыпатайдың алдынан бір қарсақ қашып бара жатқан еді. Жанындағы жолдасы екеуі қуа жөнелді. Атып келеді, атып келеді. Алдарынан қарулы төрт солдат шыға келді. Орыстың төрт солдаты оны қуып, зираттың ішіне тықты. Тарс етіп винтовка атылды. Сыпатай белгісіз адамның қабырын құшақтап құлады. Қарсақ анандай жерде қараған түбіне тоқтап, Сыпатайдың орыстардан қашып кеткен жолдасының қалың Шілік ішіне сіңіп кеткеніне түк түсінбегендей құлағы қалқиып қарап қалыпты.        ...Ике ойланып отыр. Ойына еміс-еміс бірдеңелер оралатын сияқты. Осы кезде Ертуған ет оралған кішкене киізді ортасынан қақ бөлді де, екі аяғына салып, ақ шытты жыртып-жыртып, шиыршықтап оның жалаңаш аяғын орады. Біраздан соң, Икенің бойына тәп-тәуір жылулық келе бастады. Жылылықпен бірге есіне еміс-еміс бірдеңелер түсе бастағандай. Қарағым, Ертуған, – деді Белгібай. – Сен темекі тартушы едің ғой? Бұрқыратып мына жерге темекі тарт, тамақтың иісі кетсін. Әй, Белгі ағам-ай, сізбен бірге он үш күн жетінші камераға ауысып келе жатырмын. Қалтамның түбінде сәл ғана махорка қалды. Тұтататын шырпы жоқ. Шіркін, сіздің ауылға құдалыққа барсам, шіреніп тұрып, подсигаркадан темекі алып тұрып, бұрқыратып тартатын едім-ау.  Міне, бір шым-шымын сізге берейін, – деп Ертуған күлген болды. Кәні, әкел, – деді Белгібай. Алақанына бір түйір махорканы салып, иіскеп біраз отырды да, алақанымен ысқылап-ысқылап ақырын үрлей бастады. Тар қапастың ішін махорканың иісі алып кетіп еді. Ике қатты түшкірді. Жәракімалла, бер Тәңір, – деді Белгібай. Сол кезде Икенің ойына біраз нәрселер ақырын-ақырын түсе бастады...   *** Семейдің базары өгіз терілерін өткізіп болып, енді қойдың терілерінің бағасына келісе алмай, ноғай Рапық екеуі тұрған еді. Хозяин, арзанға бермейміз, жақсы бағаға өткізуіміз керек, – деп екеуі сөйлесіп тұрғанда, жандарынан өтіп бара жатқан ұқыпты киінген екі жігіттің «Қайық аузында» қой терісінің құнын жоғарғы бағамен алып жатыр екен» деген әңгімесін естіп қалып: Әй, Рапық, ана кісілердің сөзін естідің бе? Естігенім жоқ, хозяин, –  деп Рапық  ашулана сөйледі. – Хазақтар айтады ғой, «пәлен юрде бахир бар, барсаң атаңның да кәлләсі де иок»  деп, біз ерінбей, иок нәрсені іздемей, тон тігетіндерге арзан да болса берейік, – деп шын ашуланды. Ике күліп: Ашуың қатты сенің, кешке өзім барып білермін, жаңағылардан сұрап алмағанымды қарашы, – деп жанына қараса, жаңағы ұқыпты киінген екі жігіт кәуәп жеп тұр екен. Ике ақырын аяңдап, олардың жанына барды да: Жігіттер, қойдың терісін жоғарғы бағамен алатын жерді білесіңдер ме? – деп сұрады. Біреуі «білмейміз» деп иығын қиқаң еткізді. Екіншісі сәл ойланып тұрды да: Сізге қалай көмектессем болады? Қымбат бағаға етік-тон тігетіндерге бермедіңіз бе? Обычно солар алушы еді ғой. Айтпақшы, «Қайық аузында» Николай деген бір көпес жақсы бағаға алады деп естігенмін. Сонда барыңыз. Ой, рақмет! Келіншегің  ұл тапсын, бауырым, – деді Ике. Аға, бұл келіншегіне бала тапқыза алмайды, – деді кәуапты шайнап жеп тұрған жігіт. – «Мұны қатыны «саған да жоқ, маған да жоқ» деп  піштіріп тастаған» деп қарқылдап күлді. Әй, жігітім-ай, өстіп те қалжың айта ма екен. Бұл бауырым түріне қарасам, жауқазын қазатын жігіт қой, – деді Ике. Вот, көрдіңіз бе, ағасы, сөйтетін болғаннан кейін ғой әйелінің піштіргені, – деп дарылдап күлді ана жігіт. Мығым денелі, ұзын бойлы жігіт сәл қызарақтап, желкесін қасып: – Ағасы, мен сол маңда тұрамын, кешке келіңіз. Николайға мен өзім апарамын, – деді. – Тек әзірге ешкімге айтпаңыз, ноғай сібірдің делдалымен өзім таныстырайын. Ренжімесеңіз, бір шиша болатын шығар менің піштірілген досыма? – деп күлді екіншісі. Болады ғой, болады, – деп Ике күліп, өзінің ноғайына қарай аяңдады. Кешкісін жылы киініп алып, «Қайық аузына» барса, әлгіндегі жігіт ауыл қазағы сияқты киініп алып, алдынан шықты. Ағасы, енді кеткелі тұр едім, дәл келдіңіз. Николай да осында екен. Жүріңіз, әлде, үйге барып шай ішесіз бе? Жоқ-жоқ, алдымен жұмысты бітірейік, – деді Ике. Сіз байқаңыз, орыстың көпесіне алданып жүрмеңіз! Бұлар опасно, бір тиын десе өледі, бірақ бағалары қымбат, – деп оны бір шайхананың ортасынан өткізіп, бұрышта тұрған жатаған үйге алып келді. Аулада екі-үш арбада тері үйіліп тұр екен. Ойында ештеңе жоқ Ике соңынан еріп келеді. Табалдырықтан аттап, есіктен еңкейіп өте берген кезде, көзінің оты жарқ ете түсті. Одан арғысы, қол-аяғы шынжырлаулы осында отыр.  Түн. Қарсақтың ініндей түрменің терезесінен жетім жұлдыздың жарығы көрінді. Сол жұлдыздың жарығы Шыңғыстаудың Шаған өзеніне де түсіп еді. Мұсатай ауылы. Ойбайлап жылаған адамдар. Сойыл ұстап аттандаған жігіттер қараңғыда Икенің ауылына қарай шапты. Көз алдына іліккендерді ұрып-соғып, жылатып Мұсатайдың ауылына келді. Ана оңбағанды әкелдіңдер ме? Бала кезінен бағып-қағып едім. Ержетіп, алдына мал бітіп, көзіне шел қаптады ғой. Жердің бетінде тірі жүрсе, иттің ғана баласын бауыздап өлтіремін! Мұсеке! – деді қолына шоқпар ұстаған Керейдің қыли Сәрсені. – Араларында бір шал бар екен. Жол бойы «Екі қарғама тауфик бере гөр! Екі қарғама тауфик бере гөр!» деп сақалынан жас сорғалап келді. Не? – деді қалш-қалш еткен Мұсатай. –  «Екі қарғама тауфик бере гөр!» деп қайта-қайта қайталайды. Әй, оңбаған! Ол менің ағам! Мотыштың бүгінгі үлкені Бапаң ғой! Апарып тастаңдар қайтадан ауылына», – деп  ақырды Мұсатай...      Қараңғы қапасқа қалай түсіп қалғанын білмеген Ике бұл жағдайлардан мүлдем хабарсыз еді ғой.   Ах, иттер-ай, – деді бір кезде.     Не дейсің, қарағым, ойыңа бірдеңе түсті-ау деймін. Түсті, түсті, ақсақал, – деп тісін шақыр-шұқыр қайрады. Ауыр темір есікке құлағы жабысып қалғандай Ертуған сырттағы дауысты тыңдап тұрды да, көзі бақырайып, бұлардың жанына жетіп келді. Екі солдаттың әңгімесін еміс-еміс естігені Ике мен Ертуғанды ертең Рубцовскіге қалған тұтқындармен бірге айдайды екен. Ертуған шалдың жанына келіп тізерлеп отыра қалды да:  – Ақсақал, бар күшіңізбен мені ұрыңызшы, аямай сабаңызшы, – деп өтінді. Ой, қарағым-ау, баламдай адамсың, сені қалай сабаймын? – деп ақсақал абдырап қалды. Ақсақал, сабаңыз мені. Қой, қарағым, – деді. – Қой, айналайын. Икенің жүрегі бір жаманшылықты сезгендей. «Мына жігіт нені айтып тұр?». Сөйткенше, болған жоқ, Ертуған қабырғаны бетімен ұрып соққанда, танауынан, аузынан қан аға бастады. Көмектесіңдер, мені өлтіріп жатыр, – деп басымен темір есікті соға бастады.  Бір кезде есік ашылды да, орыстың екі солдаты кіріп келіп: Так и тебе надо, – деп жерде жатқан Ертуғанды сүйрелеп, сыртқа алып шықты. Аң-таң болып, Белгібай мен Ике қалды. Этого переведите в шестую камеру, послезавтра с Адилевым отправятся в Рубцовск. Товарищ капитан, не завтра, а послезавтра, из Аягуза будет пополнение 50 человек. Кто они? Ну кто, кто? Японские шпионы, наверно, – деген дауыс ап-анық естілді. Не дейді? Не дейді? – деп жасы келген Белгібайдың сұрағына Ике тісін қайрап-қайрап алды да: Бұлар оттай береді ғой, – деді Ике. Түнімен Белгібай Құран сүрелерін қайта-қайта күбірлеп оқып, таң атырды. Икенің жүрегі бір-екі рет шаншып-шаншып, көз ілмей шықты.   ***   Товарищ Ике Адилович! – Міне, сізбен де кездестік. Мынау сізге тағылған айып, – деп жуан, қалың қағазды алдына тастады. – Я так понял, вы очень грамотный человек. Так, 1000 жылқыңыз, 596 ірі қараңыз, 900 бас ұсақ малыңыз, соқа, шөп шабатын тырмауышыңыз,  он шақты малай бар екен. Оларға еңбекақы төлемейді екенсіз. Нағыз феодал сіз екенсіз. Шаған өңірінің соңғы болысы... – деп кекете сөйлеген тергеуші сөзін жалғады.  – А-а, айтпақшы, ол жеріңіз бүгіннен бастап комиссар Меңдешов ауданы болады. Ике мырс етіп күлді.   А-а, кстати, я, Елемес Федорович! Очень приятно познакомиться с вами, – деді Ике орысша амандасып. Сіз орысша жақсы сөйлейді екенсіз ғой. Атаман Анненковпен жақсы қарым-қатынаста болған екенсіз. «Алаш» партиясын қолдағаныңыз қалай? Сіз үлкен қателестіңіз. Совет өкіметі мәңгілік. Енді Құдай жоқ. Сендердей байлардан мына даланы тазартамыз! Кедейлерге теңдік әпереміз! Бай мен кедейді теңестіруге болмайды деп жүрген Шәкәрімдерің сандырақтайды. Халықты олай адастыруға болмайды. Билік – халықта, біз оларға теңдік, бостандық әпереміз!  – деп мысқылдай күлді тергеуші. Алаш – менің жүрегім. Адам өз жүрегіне, өзінің көзқарасына қарама-қайшылық орнатпау керек. Әділеттің ақ жолымен жүретін Алаш ұстанымы үшін жан пида. О-о, как трогательно! – деп тергеуші қалтасынан бір қорап темекісін шығарып, шырт еткізіп өкшесіне шиді жанай өткізіп тұтатты. – Похвально! Похвально! – деп темекіні будақ-будақ тартқан кезде, Икенің есіне ана бір жылы Наурыз тойынан кейін ағасы Мұсатай ағасының ауылына барғанда, Қабылқақтың тас арасынан күміс подсигар тауып алғаны түсті... «Бұл сол ма еді?» дегендей алдындағы адамға тесіле қарады. Ұқсастық көргендей болды. Бойын сол сәтте ашу қысып, ыза алқымына тығылды.        Тергеуші мырза, мен неге мына жерде отырмын? Сіз кімсіз мені тергейтін? – деп даусы қатты шықты. Ваше величество, – деп күле сөйледі. – Я коммунист, я преданный человек к своей власти! Вы знаете где находитесь? Да, пошел ты, знаешь куда! – деп Ике орнынан атып тұрды.  Аға, – деді тергеуші жуаси сөйлеп. – Между прочем, екеуміз туысқанбыз. Мен де Мотыштың баласымын. Он жасымда әкем өліп, шешем орысқа күйеуге шығып, Омскіге мені ала кеткен. Сол жақта мен Кадет корпусында оқып, заң факультетін бітіргенмін. Ике көзі бақырайып қарады. Онда ағаңды жақсы қарсы алдың ғой, – деп мырс ете түсті. – Мен сенімен сөйлеспеймін. Жауап та бермеймін. Как жауап бермейсіз? Біз бәріне еще как жауап бергіздіртеміз, – деп қолындағы бір парақ қағазды оқи бастады. «Алаш» партиясының бар шығынын көтерген Мотыш ұрпағы Әділов Ике болса, оған баспахана сатып әперген Құлық байы – Қаражан Үкібаев болыпты. «Алаш» көсемдерінің досы Есболат руынан – Медеу Оразбайұлы, Мамай руынан – Құрманбай Мұздыбаев, Әнет руынан – Әнияр Молдабайұлы... оларға жан-жақты көмек ұйымдастырып отырған. Сондай-ақ Семей облыстық комитетінің құрамында: «Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермекұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Имам Әлібекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Тұрағұл Құнанбайұлы, Халел Ғаббасұлы, Сыдық Дүйсенбіұлы, Мұстахым Молдыбайұлы, Биахмет Сәрсенұлы болады. Комитет председателі Халел Ғаббасұлы, орынбасары Ахметжан Қозыбағарұлы, секретары Сыдық Дүйсенбіұлы, қазынашысы Әнияр Молдабайұлы». Осылардың ішінде сіз бен біздің туыстарымыз қайсысы өзі? Сұрап алайын, – деп жылмиып күлген болды. Сендей тексізге ешкім де туыс болмайды! Сен түбі көмусіз қаласың. О заман да – бұ заман, өз туысының қолына кісен салған кім бар екен мына жалғанда? А-а-а, кісен деген жақсы ғой, адамды тәрбиелейді. Мысалы асау жылқының өзіне кісен салмайсыздар ма, саласыздар. Мен қазақ болып туғаныма намыстанамын. Коммунисте қазақ, қазақ емес деген ұғым жоқ. Коммунистік партия – біздің ата-бабамыз, көсеміміз – товарищ Сталин. Сондықтан мен сізге жақсылық жасаймын. Қаражан Үкібаевты білесіз ғой? Әрине, ол нағыз Алаш азаматы! Товарищ Ике Адилович, вы не путайте слова «алаш»  и «азамат», это разные понятия. Алаш ол – халық жауы. Кедейлерге теңдік алып бермейді. Ал біз алып береміз. Қазақ даласы, қырғыз даласы деген болмайды болашақта. Коммунистік партияның жері болады. Жүрегіміз – Сталин! Жарқын өмір, коммунистік келешек! Ике ызалана күлді. Осы кезде темір есікті ашып орыстың ұзын бойлы ұқыпты киінген жігіті кірді. Тергеуші «Здравия желаю!» деп бір қолын шекесіне апарып, өкшесі сарт еткізіп сәлем берді де, астындағы орындығын жанына қойды. Слушай, Елемесов! Можно же привести порядок конюшню, видишь  сапоги запачкались. У нас же людей не хватает! Есть же вчерашний старик. А, японский шпион Белгібай что ли? Какой он японский шпион. Вы тоже придумываете всякую ерунду, вот его и отправьте в конюшню! Есть. Будет исполнено! – деп Елемесов қалтасынан орамалын алып бастығының етігін сүртті.  Бір орында қақшиып тұрған бастығы сәл жымиды да: Вечером стол накрыт будет? Будет. А женщины? Все будет, – деп Елемесов жымың-жымың етті. Офицер шығып сарт-сұрт етіп шығып кетті. Сонымен, ағасы, туыс екенбіз. Это хорошо. Мен сізге жақсылық жасайын. Мына тізімде тұрған бәрін демей-ақ қояйын, Қаражан Үкібаевты халық жауы деп екі ауыз сөз жазып беріңізші. Жазаңызды жеңілдетейін. Туыспыз ғой... Не-е? – деді Ике естімеген сыңай танытып. Елемесов оған жақындай түсіп құлағының түбіне сыбырлап айтпақшы болып еңкейгенде, Ике кісендеулі қолымен Елемесовтің кеңірдегінен шап беріп басымен қойып-қойып қалды. Осы кезде жанында екі чекист бар Оразғалиев кіріп келіп, қолы кісендеулі Икені соққының астына алды. Ол талықсып құлап кетті.     ***   Ертеңінде қараңғы түсісімен жүз шақты адамды отыз салт атты мұздай қаруланған әскер тұтқындарды байлап-матап, Рубцовксі округіне жаяу-жалпылы айдап бара жатты. Екінші күні түс қайта қалың орманнан бір алаңқайға шыққан кезде жан-жақтан ысқырып, қылыштарын жарқ-жұрқ еткізіп казактар шабуыл жасады. Тарс-тұрс мылтық атылып, оқ тиген аттар шыңғырып құлап жатқан кезде Ертуған Икенің ту сыртынан кеп құшақтай қарға құлады. Аға, үндемеңіз! Бұлар казактар. Бізді құтқаруға келген. Жұман нағашымның достары-ау, – деп Ертуған сыбырлай сөйледі. Айғай-шу ұзаққа созылған жоқ сияқты. Мұздай қаруланған НКВД әскерін қылышпен баудай түсірген казактар әп-сәтте ысқырып, айғайлап қалың орман ішіне сіңіп жоқ болып кетті. Осы сәтте Ертуған орнынан атып тұрып қарсы алдында шауып келе жатқан аттың үстіне қарғып мінді де: Аға, мініңіз, мініңіз, – деп жанына жетіп келіп, өзі жерге қарғып түсті де: Ағайындар, қашыңдар! Бийскі мына жақта! Ноғай сібір мына жақта! Аман болыңдар! – деп қарсы алдында шауып келе жатқан иесіз атқа қарғып мініп Икенің соңына ілесті. Екеуі ұзақ шапты. Ертесіне Семейдің орманына келгенде олар аттарын босатып жіберіп ары қарай «Қайық аузына» жаяу аяңдады.   Бауырым, –  деді Ике. – Мен саған масыл болдым-ау. Мені елге жеткіздің, енді өз күнімді өзім көрейін, қоштасайық. Ой, аға-ау, о не дегеніңіз, мен сіздің осыншама ақылды адам екеніңізге таң қалдым. Неге дейсіз бе? Белгібай ақсақалды ажалдан аман-есен алып қалдыңыз. Менің айтқызбай ойымды біліп отырдыңыз. Мұның бәрі Құдайдың шеберлігі ғой, тек себепкер болдың, тіпті екеуміз туыс болып кеттік, бауырым. Екеуміз екіге бөлінейік. Біріміз өлсек, біріміз қаламыз. Жоқ, ақсақал, өлімді айтпаңыз! Бізге өмір сүруге ұмтылу керек. Алаш үшін аяғымызды алға басуымыз керек. Артымызда ұрпақ келе жатыр. Солардың амандығын ойлауымыз керек. Қазір мына жерде аспалы ағаш көпір бар. Соның астымен ақырын-ақырын малтып, «Қайық аузының»  желкесінен шықсақ, әрі қарай  менің Жоламан ағамның салған үйіне барсақ, аман қаламыз. Қай Жоламан? Терістаңбалының Жоламаны. Менің ағам. Шіркін, сол кісінің үйіне жетсек бәрі дұрыс болар еді. Күн батты. Қызарып батты. Өліара. Тыныштық. Қала шетіндегі үйлердің мұржасынан будақ-будақ түтін шығып, ағараң-ағараң етіп көрінгені болмаса, тіпті қала иттері де тып-тыныш. Үрмейді. Екеуі ақырындап Ертістің жағасына келді. Ақырын кеудеге келер жер жүріп барды да, көпірдің сымынан ұстап, әрең дегенде, ешкімнің көзіне түспей жағалауға шықты. Дабырлап сөйлеп, салдыр-гүлдір етіп жандарынан арба өтті. Екеуі тығылып отыр. «Ой, мороз...» деп барылдаған масаң дауыс әнеу күні өзін ұрып жыққан үйге алып келді. Топшылауынша, сол саудагер ме деп ойлады. Дауыстары ақырын естілді.  «Сұлуым, үйге кір». «Сіз мені қайда әкелдіңіз?» – деді әйел дауысы. «Қорықпа, бүгін осында боламыз. Бұл біздің жасырын жер», – деп дарылдап күлді. Делбені ұстап отырған адамға:  «Сен бара бер, үйдің пешін жағып қойып па едің? Жылы ма?» – деді таныс дауыс.  «Жолдас Оразғалиев, пешті де жағып, етті де пісіріп қойғанмын. Терезелердің бәрі жабық. Төсек-орын жуулы, таза», –  дейді арбакеш. «Болды, бара бер», – деді таныс дауыс.  Арбакеш орнынан қозғалып кетті. Ике тісін қайрап, қалш-қалш етті. Бауырым, ана кездігіңді маған берші! Ертуған талай күн сыралғы болған оның мінезін түсінді. Аға, керегі жоқ болар. Артық шуды қайтеміз. Жететін жерімізге жетіп алайық. Жоқ, бауырым! Бұл иттің баласын өлтіремін. Сен осында қал, жалпы кете берсең де болады. Ағатай, мен кетпеймін. Өлсек бірге өлеміз. Кәне, жүріңіз, мен де сізбен бірге барайын, – деп оның білегінен ұстап қатты қысты. Екеуі мысықтабандап, жаңағы үйдің қорасына келді. Аз-кем көрші үйдің иті үрді де: «Қой, жат, болды!» – деп иесі зекіп тастап еді, ит жым болды. Екеуі тың тыңдап, біраз отырды.    Аға, – деді сыбырлап. – Мен барайын. Жоқ, сен осы жерде қал, – деді Ике. Онда бірге барайық, – деп Ертуған оның білегін қысты. Екеуі үнсіз бірін-бірі ұқты. Есіктің алдына келіп тұтқаны тартып еді. Ілгекпен ілулі тұр екен. Ертуған ептеп пышақтың қырымен ақырын іліп алды да, ілгекті төмен түсірді. Екеуі есікке жабысып тым-тырыс болып қалған. Бір кезде іштен әйелдің қатты күлмесі бар ма?! Есікті жұлқып ашып, екеуі ішке кірді. Қараңғы дәлізде тұр. Жылқының етінің иісі мұрынды жарып барады. Бір кезде Ертуған мысық боп, мияулап-мияулап тұрып алды. «Мынау қайдан жүр?» деген жуан дауыс еденді солқылдатып, дәлізге қарай келе жатыр. Ертуған қолындағы кездікті мықтап ұстады. Ішкі есік ашылған кезде, ондық шамның жарығы қараңғы дәлізге қарай түсе бастады. Оразғалиевтың түрін Ертуған ап-анық көрді. Кездікті қатты-қатты сілтеп, екі-үш рет бұтының арасына сұғып-сұғып алды. Ике болса, оның басын шап беріп ұстап, мойнын қайырды. Қолымен жуан қарынның ышқырында тұрған тапаншаны жұлып алды. Ертуғанның қатты жұдырығынан есі ауып, Оразғалиевтың дауысы да шықпай қалып еді. Екеуі кеттік дегендей бір-біріне ымдап сыртқа ұмтылып бара жатып, Ертуған қайтадан мияулады. Екеуі ақырын үйдің қақпасынан шығып кеткен кезде әйелдің шыңғырған дауысы естілді. Ай жарығымен жарқ етіп көрінген Тыныбай мешітіне қарай жүгіре жөнелді. Ертістің жағасымен олар ұзақ жүгірді. Бір кезде гудок үні шықты. Артынша көп адамдардың дабыр-дұбыр сөйлеп келе жатқан дауысы естілді. Бұл завод жұмысшылары еді. Абырой болғанда, олар да Ертіс жағасына түсіп, Жоламан поселкасына қарай даурығып келе жатты. Екеуі сол топтың соңына ерді. Сырт көзге елеусіз, тіпті қашқын екендері де байқалмады. Екеуі біраз жүрді. Жұмысшылар Ертістің жағасынан шығып, Жоламан ауылына бір-бірлеп кіріп жатты. Бір кезде Ике: Мына кісілер неге Ертістің жағасымен жүрді? – деп сұрады. Қаланың ішімен жүрсе, үйдің арасында қаңғыған иттер жүріп, әбден мазаларын алады. Бұлардың ертеден келе жатқан әдеттері, – деді Ертуған. Бір кезде қайдан шыққаны белгісіз, құйрығын бұлғаңдатып бір дүрегей ит шығып Ертуғанның кеудесіне асылмасы бар ма? Ол да айналып-толғанып жатыр. Таймас, адалым менің, бар екенсің ғой! – Ит болса қыңсылап, аяғына оратылып, жүргізбей келеді. Ертуған иттің басынан сипап: Мені ұмытпаған екенсің, ешкім ренжіткен жоқ па? – деп итпен адамша сөйлесіп жатыр. Аға, біз келдік. Ренжімесеңіз, сіз осы жерде тұра тұрыңыз. Үйде бөтен ешкім жоқ па, мен біліп шығайын, –  деді есік алдына келгенде Ертуған. Ике үнсіз келісіп, шөмеле шөптің ық жағына келіп тұрды. Ол үйге кіріп кетті. Тез шықты. Жанында ақжаулықты кемпір бар екен. Баяухан апа, ағамдар қашан келеді? Келіп қалу керек. Олар отын-шөп сатуға кеткен. Ертең «Шерестемойкаға» жүн апарамыз деген. Өзің амансың ба? Неге осыншама жоғалдың? Омбы жақтан келе жатсың ба? Үстіңнің бәрі су ғой, үйге кірсеңші. Ауырып қаласың ғой. – Кемпір қамқорси сөйледі. Апа, мен жалғыз емеспін. Жанымда жолдасым бар. Ойбай-ау, кіргізсеңші. Сыртқа тұрғызып қойғаның не? Қане, үйге кіргіз! Апа, мені іздеп ешкім келген жоқ па? Жоқ, мен сені Омбыға кеткен екен деп жүрмін. Өзің қайдан келесің? – Жөніңді айтшы. Ана жолдасың қайда? Кірсін үйге! Апа, мен Ресейден келе жатырмын. Сауда жасап, сол жаққа барғанмын. Жолдасым екеумізді қарақшылар тонап кетті. Құдай-ау, алдыңғы күні жаман түс көріп едім. Сол күні Таймас та итаяғына ас кұйсам да, күні бойы ішпей қойып еді. Құлыным-ай! Жарығым-ай! Сені тірі көрдім ғой. Садағаң кетейін, – деп  жаулығының ұшымен көз жасын сүртті. Апа, жылама. Үйге кіре беріңіз. Біз қазір барамыз. Таңертең ерте тұрған Ике жуынып-шайынып: Ал Ертуған бірінші Құдайға, екінші саған рақмет. Тірі жүрсем, ұмытпаймын, – деп қоштасуға ыңғайлана бастап еді. Аға сіздей алаштың азаматына Шәкәріммен, Әлиханмен дәмдес болған ағамен дұрыстап шай ішпеймін бе? Баяухан апа, қаймақ пен шайыңыз бар еді ғой. Е-е, балам-ай. Қаймақтың көзден бұл-бұл ұшқаны қашан. Әнеу күні тапатал түсте жалғыз ешкіні көзімше арқасына салып, қанша ойбайласам да, алып кетті. Кім ол, танисыз ба? Иттің ғана баласын бауыздап өлтірейін. Қайтесің, балам, қолыңды қандама. Ол да адам баласы. Мына заманда қай бір жетісіп жүрген адам бар дейсің? Анау талдың түбінде атын байлап екі күн бойы осы төңіректен бауырын іздеп жүрген бір адамды көріп, жүрегім ауырды. Барып шақырып келсеңші, мұсылманның баласы ғой, – деп кемпір қамкорси сөйледі. Орнынан ширақ тұрған Ертуған жүгіріп барып, ертіп алып келді. Ассалаумағалейкум! – деп бейтаныс адам табалдырықтан аттағанда, аса сақ болып қалған Ике қоржын бөлмеге барып жасырынды. Қолына кішкене кездікті ұстап алған. Кімді болса да, жарып тастауға дайын. Ақсақал, жоғары шығыңыз! Не ғып жүрген адамсыз? Ағамды іздеп жүрмін. Қалаға кетіп еді, содан қайтпай қалды. Не өлісін, не тірісін білмейміз, – деп жолаушы жүдей сөйледі. «Мына дауыс таныс дауыс қой» деп Ике ойлағанша болған жоқ: Мен Мотыштың Қадырымын. Ой, апа, аға қайда кетті? – деді. Мен мұндамын, – деді Ике. Бет-аузы жара-жара. Домбығып ісіп кеткен. А, не, дейді, Құдай-ау! – деп Қадыр жерге жылап отыра кетті. Сол күні қараңғы түсе Ертуған бір ат тауып беріп, екеуін қала шетіне шығарып салды.         ***   Ике ауылы алақандай көрініп тұратын таудың ішіне жасырынды. Атты сай ішіндегі қалың қарағанға байлап қойды. Кеш бата Қабылқақ пен Қабдышүкір келеді. Оның қам көңілін аулай ма, неше түрлі күлкілі әңгімелер айтса да, Икенің жымиюы өте сирек еді. Қабағынан қар жауып, малдас құрып отырып алады. Кешкі аз-маз тамақ ішкен соң бір-екі рет Қабдышүкірдің қой дегеніне қарамастан ауылына барып, балаларын иіскеп, кішкентай Шапағатын алып, мауқын басқан болады. Тырс еткен дыбыс болса үйден сытылып шығып кетеді. Кейінгі бір ай көлемінде ауыл жаққа бармайтын да болды. Аңдушы көп. Етті Жұмасияның екі апасы пісіреді. Ақырындап жеткізетін  сол. Түн баласы жұлдыздарға қарап, күрсініп жата беретін кездер де жиіледі. Бір күні Икенің ыстығы көтеріліп, сандырақтап шықты. Балаларының атын айтып, «Қайрия сені «Бопайым, Бопайым» деп еркелетуші едім. Мұқаным «Мұқантай», Нәубат «Нәукен», Шапағат «Шәпетім-балапаным», «Шәпетім-қозым» деп өн-бойын суық тер басып, зіл-батпан болған.   Түнімен ұйықтамаған Қабдышүкір де жағы су алып, көзі кіртиіп, былшықтанып қалған. Үлкен саусағымен қанша сылып алып тастаса да, көзі дұрыс ашылмай-ақ қойды. Жартастың бір бүйірінен дүрбі салып отырған Ике: Әй, Қабдышүкір, бір төрт салт атты осылай қарай келе жатыр. Келсін, әкесін танытып, бір-бір оқ жалынсын, сұлатып атып тастайын, – деп Қабдышүкір кіжініп қойды. Икенің ойына баяғыдағы «Қайық аузындағы» Оразғалиев түсті. Бойы мұздап кетті... Аға, – деді Қабдышүкір. – Әне, әне олар Шағанның жағасымен біздің ауылға қарай бара жатыр. Ике тісін шақыр-шұқыр қайрады. Үлкен қара көздері жасылданып, жыртқыш болып бара жатқан сияқты. Қабдышүкір ағасының мінезін білетіндіктен, тез шешім қабылдады. Кеше түнде Жұмасия арқардың бір саны мен бір қап бидай әкеп тастаған. Қабдышүкір: – Мен қазір, – деді де сайға қарай еңбектей жөнелді. «Өй, қайда кеттің» дегенше болған жоқ, сайдың бойын қуалап төмен түсе берді. Ике қолына бесатарын алды. «Әй, оқ жетпейді-ау, әттең, әттең!» деп тісін қайрай берді. Бұл кезде Қабдышүкір атты жайдақ мініп, алдына бір қап бидайды өңгере сап, тауды айналып кетіп еді. Ике дүрбіні салып қарап еді. Шынында ауылға төрт салт атты тұмсық тіреп қалыпты. Іші лап ете түсті. Бір алапат өрт іші-бауырын табаға  салғандай күйдіріп бара жатыр. Өз көзіне өзі сенбейді. Семей жақтан келетін жолға түсіп алып, Қабдышүкір «бірдеңе» деп айқайлап, ауылға қарай келе жатыр. Тек, жел дауысын естіртпей тұр. Иттің абалап үргені анық естілді. Аламойнақ дүрегей босап кетсе болды, Икеге қарай бір-ақ тартатын. Келіп-ап асыр салып, еркелеп, қыңсылап, ойнақ салады. Иттің келгені жақсы-ау, бірақ оның артынан иттен де жаман адамдардың тіміскіленіп жететінін іші сезеді. Сондықтан осыдан бес күн бұрын: Әй, Қабылқақ, мына итті ауылға апарып, ана жолы Жақаман атып берген құлжаның бас-сирағын берсе де, бұл жаққа жолатпайтын болсын. Мақышқа осыны қадап айтты. Одан кейін Ырғызбай ауылына барып: Шәкәрім атаңның ұлы Зият ағаңмен сөйлесіп қайтшы. Мені Қытай жаққа бет ұстап, аяғын үзеңгіге созып отыр деп айтарсың.  Қабылқақ бір ауыз сөз айтпастан, Аламойнақты сүйрегендей қылып ауылға алып кеткен. Содан бері жым-жырт. Ике ол ойын біраз адамдарға жеткізген-тін, тек Ақши бойында тұратын туысы Қыстаубай ғана құптап, «Осы жерден кетсем болды, бар малымды Совет өкіметі алды. Қолымда жалғыз жетімегім Қабиденім ғана бар. Маған енді жеті қат аспан да, жердің беті де тарылып қалды. Маған енді бәрібір» деген сәлемін жеткізген. Әзірге өзіне еретін Қадыр ағасы, Қабдышүкір, Қабылқақ, осы үшеуі ғана. «Зият ағасы ере ме?» деген ойы мына оңбаған өкімет Шәкәрімнің баласын түрмеге тықпай қоймайтынын іштей сезген еді... Ой, бауырым-ай, ой бауырым, – деп ат қойған Қабдышүкірдің дауысын естіп, бойы түршігіп кетті. «Не болып қалды екен?» деп ойлады. Ой бауырым-ай, бауырым! Сары-ала киім киген НКВД-ның адамдары қолдарына қару алып, тұра-тұра қалысты. Не стреляйте! Атпаңдар, - деп орысша-қазақша сөйлеген ұзын бойлы адам алдыға қарай екі-үш қадам жасап, тапаншасын Қабдышүкірге қарай кезеп тұра қалды. Ой, бауырым, бауырым-ай! Ике ағамнан айрылдық! Ике ағамнан айырылдық! Енді ағатайым жоқ, не болды мына заман? Не болды? – аттан домалай түсіп, үйге қарай жүгірді. Мұздай қаруланған НКВД-ның адамдарын да көзіне ілген жоқ. Не болды? Не болды? – деп үйдің есік шиін көтеріп шыға келген Мақыш қолындағы ожауын түсіріп алды. –Ағатайымнан айрылдық. Құдайым-ау, мұндай адамды Құдай қазаққа қыймағаны ма? – деп жеңгесіне қол созым жер қалғанда өкіріп жылай бастады. Мақыш мына хабарды естіп, талып түсті. У да шу. «Жаманат» хабарды естіген кіші әйел Бәтиқа да ойбай салып, жылай бастады. Сары-ала түйме таққандар состиып, состиып орнында тұрып қалды. Тек ішіндегі тапал шегір көзді жігіт ойбайлаған дауысқа құлақ салмай, төңіректі шолып тұр еді. Өкшесін қайта-қайта көтеріп, мойнын созып қояды. Бұл әнеу кезде «Қайық аузында» екі бұтының арасына кездік жүгірткен Оразғалиевтың ұлы еді. Тұтқындағы орыстың батырақ шалы әтек болып қалған оны емдеп, жеңіл-желпі жұмысқа орналастырып, осы ұлын НКВД-ға қызметке алған еді. Бұл да «шаш ал десе, бас алатын» нағыздың өзі екен. Алдына келгеннің «қаққанда қанын, соққанда сөлін алатын» жендет болып шықты. Тек Аламойнақ тау жаққа қарап үргенін тоқтатар емес. Тапал жігіт жылап отырған әйелдің бетіне қарап тұрды да, үйдің ішіне кіріп тінтіп шықты. Сұп-сұр. Шегір көздерін жер сабалап отырған Қабдышүкірге бір, Аламойнақ итке бір қадайды. Әй, Шеңгелбай, – деген бастығының даусын естіп, селк ете түсті. Сен осы көрген-білгеніңді протоколға түсіріп қойшы. Есть, – деді Шеңгелбай тап-таза орысша сөйлеп. – Разрешите, отпустить собаку. Что-то подозрительно лает. Я сомневаюсь. Оның осы сөзін ұға қойған Қабдышүкір жылауын одан сайын: Қанша рет ағатайыма айттым. Желге қарсы симе! Үстіңе шашырайды деп. Өкіметке қарсы шықпайық, мойынсерікке кірейік, колхозына да кірейік, жанымыз Істекеңнің айтқан жолынан садақа. Еңбек етейік деп айттым ғой. Өкімет мұнша адамды өлтірмейді ғой. Малымызды, жанымызды ортаға салайық дедім ғой! Әй, – деді тәштақ Оразғалиев. Кәне, айт кімнен естідің сен? Кеше жалғыз өгізімді арбаға жегіп, темір-терсек апарып сатып бидай алғанмын. Сонда Уақтың бір жігіті ағасымен бірге Ике оққа ұшып, Ертіске ағып кеткенін айтты. Қайран, ағам-ай, – деп еңкілдеп жылай берді. Ана жақта екі әйел, мына жақта Қабдышүкір НКВД-ның есін шығарып жіберіп еді. Бірақ, Шеңгелбай шегір көзін қадап, оған бір, Аламойнаққа бір қарады. Қабдышүкір оның үлкен бастығының алдына тізерлеп отыра қалып, зарлай жөнелді. Басеке, біз аңсаған, бізге әкелетін теңдік осы ма? Байлыққа семірген байлардың асырандылары сияқты қаралы көшке шауып, ұрып жығатын осындай өкімет бола ма? Айтыңызшы, – деп тізерлеп, Аламойнақтың жанына барды. Ештеңе түсінбеген ит оның бетінен жалап-жалап алды да, тыныштала қалды. Оразғалиев, быстро составляй протокол! Уходим, – деді. Бастығының әмірлі даусынан шошып кеткен Шеңгелбай қолына қалам мен қағазын алып, қолдары дірілдеп жаза бастады. НКВД-ды протоколды тез толтырды. Аттарына мініп жатқанда бір қап бидайды олардың алдына көтеріп әкелген Қабдышүкір: – Мынаны колхозға кіремін, биыл егін екпекпін, – деп айтып келе жатыр еді, олардың басшысы жерден көкпар көтергендей, лып еткізіп, ердің артына салып алды да: – Это государственная собственность, – деп атын тебініп жүре берді. Қабдышүкір сасқалақтап: Мына атты да колхозға берейін деп едім, – дей бергенде, екіншісі өкіметтің адамы Қабдышүкірдің қолындағы аттың шылбырын іліп алып, тақымына басып үндемей жүре берді. Оның соңынан қалғандары ерді. Тек Шеңгелбай ғана атының басын қайта-қайта тежеп, артына бұрылумен болды. Ол байғұстың көңілінде бір күдік кетті-ау. Аламойнақ пен Қабдышүкір олардың соңынан ұзақ қарап тұрды... НКВД жендеттері қараңғы түнге сіңіп бара жатыр еді. Қабдышүкірдің жанына келген Мақыш: – Қай-ным-ау, н-е бол-...? – деп сөзін жұтып, ықылық атты. Не болушы еді? – деп Қабдышүкір ақырын күлді. Иттің мойнындағы жіпті шешіп жатып: – Бар, Аламойнақ, менің ағама үйге келсін деп сәлем айт! – дегені. Сен не айтып тұрсың, өзі? – деп Мақыш оның иығынан қатты ұрып жіберді. Осы кезде жел соғып, Шаған өзенінің гүрілдеп, көктемгі тасқыны келе жатыр еді. Қазан көтер, жеңеше! – деп Қабдышүкір Аламойнақтың жібін шешті. Ит құйрығын бұлғандатып, тау жаққа қарай ағараңдап жүгіріп барады. Арасында «ауп, ауп» деп үріп қояды. Не дейді, қуарған мына қу шешек? Әй, Бәтиқа, әй, Бәтиқа! – деп сүріне-қабына қарай үйге жүгірді. Шаған өзені сел боп тасып, гүр-гүр етіп ауылға жақындап қалып еді.   *** Сен ренжіме, Ике. Мен саған ере алмаймын. Арқар атып жесем де, аш қалмаспын. Қош бол! Аман бол! Менің туыстығым қайда жүрсең де, Алланың алдында айтайын, сенімен бірге, мен қалған өмірімде осы Шаған бойынан ұзамаймын. Қош бол! – деп көзіне жас алып Жақаман атына мініп жүре берді. Айнала отырған Қадыр мен Қабдышүкірде үн жоқ. Тек бастарын шұлғиды. Жанында отырған Мақыш қайта-қайта күрсіне берді. Әй, Қабылқақ, кеше мен көрсеткен көк биені алып кел. Сойып, жолға азық қылайық. Інісі оның айтқан сөзін екі етпей, иірулі тұрған жүз шақты жылқының ішінен көк биені жұлқындырып алып келді. Қыстаубай күрсіне отырып бата жасады. Әп-сәтте Қабылқақ, Қабдышүкір, Өмірсерік үшеуі жәукемдеп тастады. Әр аттың қанжығасына мүшелеп салып, «терісін не істейміз?» деп тұрған кезде, дөң асып, бұларға қарсы қасқа ат мінген біреу  келе жатты. Бәрі сасып қалған еді. Ике отты көзімен қарап тұрып, «Саспаңдар, саспаңдар!» деді. Астындағы атын аяңдатып, «Ассалаумағалейкүм!» деп келген Сарыбас Таманың жігіті екен. Уағалейкүмассалам! – деп қолын ұсынған Қабдышүкір оны аттан жұлқып түсірді де, желкесінен ұстап, үрпиіп тұрған көпшіліктің ортасына әкелді. – Мынаны  өлтіріп кетейік! Айтып қояды. Ой, жындысындар ма? Өлтіргені, несі-ей? Мен ақ та емеспін, қызыл да емеспін. Әй, Ике, айтсаңшы мына күшіктеріңе! Өздеріңнің түрлерің суық қой! – деп Сарыбас алақ-жұлақ етті. Атқа мініңдер, – деді Ике ақырын. Байла мынаны! Ей, өлтіргені несі-ей! Жол жүріп бара жатып адам қанын мойнымызға жүктейміз бе? Құдайдан қорықсаңдаршы, – деп Қадыр жыларман болды. Қол-аяғы матаулы Сарыбас: Ике, мені өлтірмеңдер! Мен бір атаның жалғызымын ғой. Сен де бір атадан жалғызсың! – деп айғайлады. Ике болса: Ал, жөнеліңдер! – деп бұйырды. Көш орнынан қозғалып кетіп еді. Қабдышүкір атының басын кері бұрып, бұлардың жанына келді. Өлтірейік мұны! Өлтіріп кетейік. Бұл айтып қояды, – деп тебініп- тебініп қойды. Бар! – деді Ике, оған иегімен көш жақты нұсқап. Қабдышүкір қайтадан шаба жөнелді. Әй, Ике, – деді Сарыбас жалынғандай болып. – Жалғыздың бір қасық қанын мойныңа жүктейсің бе? Не жаздым мен саған? Айтып тұрмын ғой, мен ақ та, қызыл да емеспін. Қалың Мотыштың балаларының ішінде жалғыздығым білінбей, адам баласына қиянат жасамағанымды өзің білесің. Сен қайдан жүрсің? – деп Ике қонышындағы наганын суырды. Ойбай-ау, Ике-ау! Жанымды алсаң да, не кінәм бар? Айтып өлтірші өзі. Тым құрмаса, адам баласына жасаған қиянатымды біліп өлейін. Ике күрсінді. Біздің жолға шығатынымызды қайдан білесің? Қайдағы жол?  Мен Абыралыдан келе жатырмын. Бір туысымның баласы жетім қалды деп, соны іздеп таба алмай келе жатыр едім. Осы жолмен Шидің бойына шығатын тура жол деп қайдан ғана жүріп едім. Ажалым сенен болатынын қайдан білейін?!. Өлтірмеші мені, Ике! – деп жалынды. Ике ойланып біраз тұрды да: Мен де жалғызбын. Сенің қаныңды мойныма артып қайтейін. Үш күн осы жерден қозғалмай жат! Онан кейін айтсаң, айта бер. Осы кезде қарқ-қарқ етіп, екі қарға айнала ұшты. Ике наганның шүріппесін басып-басып қалды. Екі қарға жерге жалп-жалп ете түсті. Сарыбас көзін тарс жұмып алған. Күбірлеп Құранның аятын оқып отыр. Ике атына қарғып мінді де, едәуір жерге ұзап кеткен көштің соңынан қуып жетті. Қанын ішіне тартып алған Қабдышүкір: Дұрыс болды, аға! Айтып қояды ол, – деп атын қайта-қайта тебіне берді. Мақыш болса, ел естімейтіндей сыбырлап сөйлеп: Не істедің? Обал болды ғой, – деді көзінен жас шығып, атының жалын уыстап ұстап алды. Жә, жетер! Өлмеген адамды жоқтап не болды? Ешкімге тіс жарма! Мақыш сасқалақтап, не сенерін, не сенбесін білмей: «Иә, Алла, иә Алла!» - деп күбірлеп қойды. Олар түн жарымда Ақшәулінің терең сайына барып жылқы иірді. Аттарының ер-тоқымын алған жоқ. Икенің ұйқысы ұйқы болмады.  Қадырдың қайта-қайта уһлеп, дөңбекши бергенін іші сезді. Таң ата аздап тамақтанған болып, енді қозғала бергенде: Қадыр! – деді. – Сен елге қайт! Қарт шешең мен келіншегің Жәми  қалды. – Қадыр қуанғанынан не істерін білмей, тілі байланғандай үнсіз қалып еді. – Қабдышүкірді ал да, елге қайтыңдар! Ей, Қабдышүкір! Ағаң екеуің елге қайтыңдар! Мен көп ұзамай келемін. Алаш өкіметі мына қызылдарды ерте ме, кеш пе, жеңеді! Қазақтың басына жылуы мол күн туады. Қабылқақты да ала кетейін бе? – деп Қадыр сыбырлай сөйледі. Әй, Қабылқақ, бері кел. Мына екі ағаңды елге қайтарып жатырмын. Сен де қайтасың ба? Жоқ, аға! Өлсем, сізбен бірге өлемін. Будан атаның әруағына солай ант еткенмін. Болмайды, – деп Қабылқақ басын шайқайды. Оның бұл сөзін естімеген сыңай танытты да: – Екеуіне бір-бір құлынды бие жетектетіп жіберерсің, – деп Ике Қабылқаққа айтты. – Ал, қош болыңдар! – деп артына бұрылмастан атын тебініп жүре берді. Біраздан соң жанына шауып келген Қабылқақ: Аға, сіз айтқандай екеуіне бір-бір құлынды бие бердім. Жеңгеме семіз бір байтал бердім. Жылқышылардың жанында Өмірсерік қалды. Өмірсерікті Мақыштың жанына қой. Енді қатерлі жол болады. Сен ана Қыстаубай ағаңнын жанында бол. Қабылқақ басын изеді. Екінші күні олар Қатынсу өзенінен өтіп бара жатқан кезде, Шілік арасынан қызылдар отряды шыға келді. Тарс-тұрс мылтық атылып жатыр. Жылқылар бытырай қашты. Ике екі наганын алып, көзіне іліккенді дәл тигізіп ұшырып жатыр. Қызылдардың қатары сиреп, аттары шабан ба, олардан қала берді. Бірақ, бұлар шабысын тоқтатпай келеді. Бір кезде жардың көлеңкесінен бір құлжа атып шығып, жолдарын кесе бергенде, Өмірсерік қамшысын сілтеп қалды. Белі үзіліп кеткен құлжа тыпырлап жатқанда, Қыстаубай жерден іліп-ап, алдына өңгеріп, қарнын жарып жіберді. Астындағы аты да сүріне барып қайта түзелді. Олар Алакөлдің қалың қамысына тығылды. Жылқының тең жартысы ғана қалды. Қабылқақ төмен қарап, ағасының қасына жоламай қойды. Ике барынша сабырлы болуға тырысты. Жылқышыларға: «Бауырларым, бір-бір құлынды бие жетектеп, елге қайтыңдар! Сендер жассыңдар, өсіп-өніңдер! Сендердің өмірлеріңді қатерге тікпейін енді. Қалған малды Қабылқақ та қайыра жатар», – деп Қабылқақты шақырды. Ол аяғын бір басып, екі басып қызарақтап жанына келді. –  «Малым – жанымның садағасы» деген. Мың жылқысынан айырылған Қыстаубай ағам да сыр бермей келе жатыр ғой, – деп дауысын қаттырақ шығарды. – Ештеңе жоқ. Бәріміз аманбыз. Бүгін мына қамыстың ішіне түнейік. Алакөлдің суына жуынып-шайынып алайық. Бұл көлге кезінде аруағыңнан айналайын, Қабанбай батыр әскерімен келіп түскен екен. Бүгін бізге де бұйрып тұр. Жылы сөзді естіген Қыстаубай да жүзі жылып: Әй, Өмірсерік мына арқардың терісін сыпыр, асып жейік. Елде қалған жалғызым Қабиденімнің ырысы ғой. Алланың бізге бұйыртқан дәмі осы болар, – деді. Аға! – деді Икенің жанына келген жылқышы жігіт. – Адасқанның алды жөн деген. Біз де адастық па?! Оны бір Алла біледі. Оралбек екеуміз  сізге ергеніміз ерген. Оның әкесі Сәлмен өлерінде маған, Орашым саған аманат деген еді.  Елде бізді кім күтіп отыр? Не көрсек те, сізбен көрейік. Оның үстіне Тайтөлеу ағам: «Ике біздің ауылдың батыры ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу азамат. Алаштың азаматы. Не көрсең, бірге көр!» – деп еді. Елге барғанда Тайтөлеу ағама не бетімді айтамын? Бізді қумаңыз. Өлсек, сізбен бірге өлеміз. Сол түні Алакөлде олар кешті бейбіт өткізді. Таңертең тұрса, Барлық тауы көз көретін жерде екен. «Бұл тауды ассақ, арғы жағы Шәуешек. Елдің бәрі Хабарасу арқылы өтеді. Біз осы жолмен із жасырып, өтіп кетейік» деген оймен Ике көшті қозғады. Алыстан мұнартып көрініп тұрған тауды бетке алып жүріп келе жатқанда, алдынан біреу: Тоқтаңдар! Тоқтаңдар! – деп айғайлап шыға келгенде, Ике аңтарылып тұрып қалды. Баршы, анау кім? – деп Өмірсерікті жұмсады. Желіп барып, артына міңгестіріп алып келген жас жігіттің бет-аузынан сау тамтық жоқ, үсті-басы қан-қан, киімі жыртық-жыртық. Сен кімсің? – деді Ике. Мен, Тобықты Көтібақпын! Атым Мәулен! Мен сізді танимын, аға. Сіз, Икесіз ғой? Сен қайдан жүрсің бұл жерде жаяу-жалпы?   Аягөзден бес жігіт шыққанбыз. Екеуі оққа ұшты, біреуі үшті-күйлі жоғалып кетті. Найман жігіті қызылдардың қолына түсті. Міне, сіз көріп тұрсыз менің жағдайымды. Алла қолдап, сізге жолықтым, – деп жерге отыра кетіп жас балаша жылады. Су беріңдер! – деп атын тебініп, алдыға жүре берді. Қамшылар жағына келген Мақыш: Бұған сенбеңіз! – деді сыбырлап. Ике оған ақырып жіберді: Қазір елдің бәрі жау. Бұл менің туысым. Еліне пана болған Байсалдай кемеңгердің бауыры. Айдалада аспаннан түссе де, бұны қалай тастап кетемін. Бос сөйлеме! Қабылқақ әлгі Көтібақтың жігітіне құлынды биені ұстап әкеліп, мінгізіп қойды. Өмірі атқа мінбеген адам сияқты қайта-қайта сыпырылып, жерге түсіп қалады да, жаяу жүгіріп отырады. Өмірсерік болса оны көтеріп алып, қайтадан биеге мінгізіп қояды. Әй, сен өзі тайға мінбеген баласың ғой. Әйтеуір, сендер тышқақ лағы жоқ кедейдің баласын табалауға үйірсіңдер, – деп Мәулен ашуланып қояды. – Сенің Қали ағаңнан сабақ алғанмын. Ол кісі ешкімді табаламайтын мәдениетті адам ғой, – деп күрсінді Мәулен. Олар Барлық тауына ілікті.                      ***   Бір биік төбенің басына шығып, Ике төңірекке шолу жасады.          «Осымен бұл елге төртінші келуім. Заман түзелгенде, қайтадан еліме қайтамын ғой. Алашымның жұмысын алдыға бастыруға үлесімді қосамын. Алаш жеңілмейді. Қазақ тізе бүкпейді. Біреудің алдында еңкеюге міндетті де емес. Өйткені, бес уақыт намазын аузынан тастамаған, адал ас ішкен қазақ. Біреуге мойнын ұсынып, өр кеудесін жерге төсеуге міндетті емес» деп ойланып тұрғанда, жанына Қабылқақ келіп: Аға, анау шілікті сайды көріп тұрсыз ба? Мына өзеннің буы көтеріле береді екен. Әр жағына өтіп кетсек, мына төбеге шыққан адам да көре алмай қалады, – деп ағасына қайта-қайта қарады. Ике үндемеді. Қабылқақ не істерін білмей үнсіз қалып еді. Е-е, ақыл жастан деген екен, сенің айтқаның болсын. Әй, Өмірсерік, мынау сенің Қабылқақ ағаң жөн біледі-ә!? Сен де қайлай ойлайсың? Мына өзеннен өтіп алсақ, анау биіктің арғы жағы Шәуешек. Тек су терең емес пе екен? – деді. Жоқ, аға, мен түнде барып тексергенмін. Ағыны қатты болғанымен, ат сауырынан ғана келетін өзен екен. Енін де көріп тұрсыз. Асты қиыршық тас, Құдай қаласа, өтеміз де кетеміз, – деді Өмірсерік. Онда, мына бу қайдан шығып жатыр? Суы жылы болар, сірә? Ия, бұл Арасанның суы ғой. Өзенде қайдағы Арасан? Анау кішкене шоқыны көрдіңіз бе? Соның етегінде Арасан бар. Оның суы мына өзенге келіп құяды екен, – деп Өмірсерік айтқан кезде, Мырза тез шешім қабылдады.  Онда былай істейік, – деді Ике ойланып. – Қабылқақ, сен ана Көтібақтың жігітін ертіп, ағайындарды өзеннен өткізіп, жайлы жер тауып бергеннен кейін екеуің, анау тұмсықтағы төбені көріп тұрсың ғой. Соған барып жасырыныңдар. Ал, Қабылқақ, сен тура осы жерде қал. Өмірсеріктер сол жақтан бақыласын. Ал сен артымыздан келген жауды байқап қалсаң, хабар берерсің. Қабылқақ үнсіз басын изеді. Төбе басында бақылап тұрған Ике өзеннен өтіп, қалың шілік ішіне кіріп кеткенше қарап тұрды да, өзі де атын тебініп, жанындағы тұрған адамдарды ертіп төмен түсе берді. «Қап, қате істедім-ау, олардың қасына Мақышты да ертіп жібермегенім-ай, бөлінгендей болдым-ау!» деп ойлап, атын қамшымен екі рет осып-осып жіберді. Осы кезде басындағы тымағын көтере бергенде, өзеннен қайта өткен Өмірсеріктерді көріп, көңілі жайланды. Келген жерлері өте тыныш, қалың шілік ортасында екі киіз үй орналасатындай ғана оймақтай жер бар екен. Аттан түспес бұрын, Ике жан-жаққа мұқият зер салып қарады. Арасан суынан көтерілген бұлт дәл бір шымылдықтай екен. «Бұл не ғажап, а?» деп таңырқай ойлады ішінен. Бәйбіше, қазан көтер, ағайын жуынып-шайынып алсын! Анау төбеден әрі ассақ,  Шәуешек... – деп жадырап сөйледі. Мұқаншыда алдымыздан шыққан Айжарық ақынның сойып берген қойының жарты еті ғана бар. Соны қазанға салайын ба? Әй, бәйбіше, – деді қатуланып. – Енді мен қазан-ошаққа араласатын қатынмын ба? Енді, енді, – құлағының ұшына дейін қызарып кеткен Мақыш үн-түнсіз аттан түсіп жатыр еді. Ту-у, мына аттың әбден терлей-терлей ақсорпасы шығыпты-ау. Өзенге барып, атты да жуайын, өзім де суға түсейін, әлгі бір жасаған сабының бар еді ғой. Оның бұл сөзіне риза болған Мақыш, күлімсіреп беті нұрланып: Атты жуындырып қайтесің? Өзің серігіп алсаң болды ғой, – деп күлді. Елдің бәрі апыр-жыпыр аттан түсіп үстіндегілерін қағып-сілкіп, жерге ух деп орналасып жатыр еді.   Ике Бәбішенің жирен атының айылын шешіп, шылбырынан жетектеп, қалың будың арасымен өзенге қарай беттеді. Өзенге келе салысымен жирен қасқа жалдап су ішті. Неше күн арқасынан ер түспеген жирен өзеннің жағасына шығып, ары-бері аунады. Ұзындау шылбырды түйенің өркешіндей тас түбіндегі тобылғыға байлап қойды да, өзі де суға түсті. Дегелең тауынан жиналған гүлдерден сығып, бағлан қозының құйрығынан қосып қайнатқан сары сабынмен ары-бері көпіртіп жуынды. Иісі мұндай болар ма? Қайраң Дегелең, қайран Шыңғыстау! Қайран Абыралы! Қайран Бұғылы! Көзден бұл-бұл ұштыңдар-ау! Мына апалаң-топалаң заман да басылар. Қорқаулар кетіп, Алаш өкіметі орнағаннан кейін жас ұрпақты оқытып, қазағына, алашына қызмет ететін заман да туар-ау. Шіркін, Әлихан ағам айтпақшы, «Өлсем де алашқа қызмет етіп өлемін деп» барша қазақ айтсақ қой! Күн еңкейіп қалып еді. Ике сүтпісірім уақыт қалғып кетті де, қарғаның қарқылдаған дауысынан селк етіп оянды. Есінеп алып, әрі-бері керіліп созылды да, жирен қасқаны өзенге жетектеп алып кеп, сабындап жуып жатты. Неге екенін білмейді, басын көтеріп-ап жан-жағына қарады. Бір кезде сонау төбеден құлдилап шауып келе жатқан Қабылқақты көріп қалды. «Бұл бауырымның шапқаны тегін емес-ау» деп қарап тұрғанда, НКВД-ның адамдары далбаң-далбаң етіп шауып келе жатқанын және байқап қалды. Жирен қасқаға қарғып мінген Ике қиғаштау шауып шыға келді де, Қабылқақ жаққа артқа қарай бұрыл деп қолымен белгі берді. Оны бірден түсіне қойған Қабылқақ өзенге қарай бұрылды. Ике қайта-қайта тебініп, алдыға қарай шаба берді. Тарс-тұрс мылтық атып, бір жырыққа түсіп кетіп еді, онысы қысқа болды. Қайта шапты. Дөңге шықты. Тарс-тұрс мылтық атылып жатыр, оқтар зу-зу етіп құлағыңның түбінен өтеді. Бір кезде алдынан қалың қараған шықты. Солай қарай шапты. Қарағанның биіктігі сондай, тай мінген бала көріне қоймас. Жирен қасқа мылтық дауысынан үркіп, қатты шауып келе жатып, бір бүйірлеп жалт бергенде Ике сусып жерге түсе берді. Өзі де түсінбей қалды. Домалап барып қасқырдың апанына түсті. Арс етті арлан. Көзі ештеңе көрмей қалды. «Ой, кет, кет!» деп қолын сермеп, сермеп жатып есін жиды. Апанның ішінде емшегін жер сызған қаншық пен азу тісі сақ-сақ еткен арлан жатыр еді. Орындарынан атып тұрып дәл қазір Икені асап жейтіндей азу тістерін сақылдата бастады. Ике жан-жағына қармана алмай, арқасын тасқа тіреді. Қолына әрекет жасайтындай бірдеңе ілінсеші. Қанша уақыт алғаны белгісіз. Тек көз алдында екі көзі оттай жанған арлан қасқыр. Сыртта дүбірлеген ат тұяғы. Анда-санда тарс етіп атылған мылтық дауысы естіліп тұр. «Сақ, сақ» еткен арлан тістері. Икенің өн бойынан сұп-суық тер моншақтап ақты.         «Сақ, сақ». Сәлден соң Икенің бойына батылдық біте бастады. Оның үстіне қарманып жүріп, жұдырықтай тас қолына ілген. «Сақ, сақ». Кейде шоқтай жанған арланның көзін көрмей қалса, дәл бір айдалада қалған баладай сезіне бастады. Жамыраған жұлдыздар жылт-жылт етеді. «Сақ, сақ». Бір кезде таң себелеп ата бастады. Қаншық қасқыр бір бүйірге барып жатқанмен, көзін бұдан алар емес. Арлан қасқыр бір орнында тұрмай, әрі-бері тоқтамастан, Икеге үш-төрт қадам жерде жүріп алды. Ол орнынан қимылдаса, арс етіп ұмтылуға әрекет жасайды. Бір кезде сырттан адам аяғының дыбысы естілді. Ах, сволочь, ты здесь. Қолындағы винтовкасын Икеге қарай кезеп басынан жоғары тарс еткізіп атты. Арлан қасқын гүр-гүр етіп аспанға қарап тұр. Дауысы мұндай зор шығар ма?! А ты тоже хочешь есть? Сейчас, сейчас мы тебе устроем, – деп қаншықтың сирағынан көздеп тұрып атты. Ондағы ойы Икені қасқырға жегізу еді. Ха, ха, ха! – деп жирен орыс селкілдеп күліп алды. Ты же не понимаешь? Нихрена не понимаешь? Я тебе хотел свежим человеческим мясом накормить. Получай! – деп Ике жаққа қарай атқанда, оқ тимей қалды. Осы кезде арлан секіріп барып мылтықтың бауынан тістеп, жұлқи тартқан кезде ол байқұс апанның ішіне домалап түсті. Қас пен көздің арасында шапшаң қимылдаған Ике оның иығына басып, сыртқа атып шықты да, тұра жүгірді. Қайдан шыға келгені белгсіз, бір бүйірден Қабылқақ шыға келіп: Аға, аға! – деді. Түнімен көз ілмей әбден әлсіреген Ике оған қарап: Су, су әкел! Дәрет алам, – деді.  Оның соңынан жүгіріп келе жатқан бауыры: Су жылытайын ба, аға?! – деп күліп қойды да, келе жатқан жеріне тоқтай қалды да, жан-жағына қарады. Қалың шеңгелдінің арасында қалт-құлт еткен солдатының басын ғана көріп қалды. Қарсы жүріп соқпақтан шығып, бұқпантайлап отыра кетті. Солдат жақындап келеді. Қабылқақ мысықша атылып, оны аттан аударып түсті. Құлақшекеден екі рет ұрып еді, байғұс есінен ауысып құлап қалды. Тез-тез қолын шимайлап байлап, аузына шылғауын тығып қойды. Қазақтың жігіті көзі бақырайып, басын шайқай береді. Оның «өлтірме» деген сөзі еді. Қабылқақ ұқты. Ақырын басып, Ике жаққа барды. Аға, аға! – деді. Не болды, сонша айғайлап? – деп алдынан өзі де шыға келді. Жылытатын су жоқ екен, аға, – деп ыржалақтап күлді. Жаңбырдың суы бар екен. Уһ,  – деп терең демалды. –  Өзің амансың ба? Көш қызылдардың көзіне түскен жоқ па? Жоқ, – деді Қабылқақ. Тездетіңіз, қызылдар келіп қалар. Осы кезде алыстан мылтық атылды. Ағайынды екеуі тез-тез қимылдап, байлаулы солдаттың жанына келді. Мынау қайдан шыққан? – деп Ике таңырқай сұрады. Құдалыққа бара жатырмын дейді ғой, – деді Қабылқақ әзілдеп. Аяққа жығылуға бара жатқан адамды тонағанымыз қалай екен? Кеттік онда, –  деді әзілмен жауап бергендей. Тоқтаңыз, аға. Аяғындағы етігін сіз киіңіз. Табаныңызға шөңге батады ғой. Кеттік, оттамай, бол! Енді қалғаны қызыл сілімтіктердің етігін кию қалып еді, – Ике шын ашуланды. – Мін, мына атқа! Мен саған мінгесейін. Мынаның тапаншасы қайда? Мылтығы міне, тапаншасы болған жоқ, – деді Қабылқақ. – Өзімнің тапаншам бар, міне аға, мылтықты мен ұстайын, – деп екеуі атқа мінді. Кішкене жүргеннен кейін аузы бастары қан-қан екі қасқырға бір бұрылып қарады да, Ақшоқы жаққа бет алды. Қаншық қасқыр шоқаң-шоқаң етіп бара жатыр. Өзеннің шетіне іліне салысымен, Ике сусып түсіп қалды да, аттың құйрығынан ұстап, суға сүңгіп-сүңгіп алады.     ***   Ике жолға шығатын болды. Қаншама рет оқталып, айлар мен күндерді өткізіп, әбден амалы құрыған еді. Шыдамы таусылған. Жүрек тұсы шаншып, сағыныш өрті түнімен бауырын қыздырып шығатын еді. Дөңбекшіп, таң ата көз ілген соң, басы даң-дұң етіп, орнынан енжарлау тұрды да, ептеп далаға шыққан. Күнге көзін сығырайта қарап тұрып, «Япырмау, күз келгені ме?»  «Шыңғыстауда не болып жатыр, Шаған қалай ағып жатыр екен?» деген ой жылт ете түсті. Жан-жағына қарап еді, ешкім көрінбеді. Аяңдап бұлақ басына келсе, екі иығы селкілдеп, бүк түсіп отырған Мақышты байқады. Жуынып алып, әйелінің жанына барды.  Не болды? Жаман ырым бастап жылағаның не? – деді. Икенің даусы әдеттегіден бәсең, тіптен момын шығып еді. Не болды дейсің? Балаларды сағындым. Бәтиқа не болды? Қайрия, Мұқан, Нәубет, Шапағаттар не болды? Маған ат ерттеп бер. Барайын. Күні-түні сағыныштың өртіне өртенгенше, орыстың оғынан өлейін. Қатын маған мылтық кезей қоймас. Көп болса, «байың қайда?» деп ұрып-соғар. Балаларымның маңдайынан бір иіскеп, өлсем арманым не?! – деп өксіп-өксіп жылап жіберді. Ике тісін шақыр-шұқыр қайрады. Қабылқақ! – деп айғалады Ике. – Қайдасың? Не болды, аға? – деп жүгіре басып, Қабылқақ келді. Орта бойлы шымыр, ширақ қимылды бауырына отты көзімен қараған Ике: Көкторғайға ер сал! Мен жолға қамданайын. Қайда, аға?! Мен елге барамын, балаларға, – деп Мақыш ақырын сөйлеп келе жатыр еді.  Жә-ә, – деп гүр етті Ике. Шыңғыстауға, Шағанға, елге, – деп Ике сөздің аяғын жұтып қойды да, қайтадан бұлақ жаққа барды. Алысқа көз тігіп, үн-түнсіз ойланып тұрды. «Шәкәрім қажыға не бетімді айтамын? Зият қайда десе, не деймін? Соңғы  рет қажымен кездескен кезімде «менің өлімімді ол, оның өлімін мен көрмеймін» деп еді ғой. Құдай-ау, Зият ағау, бізден кейін келе жатырсыздар ма, әлде, алда келе жатырсыздар ма? Сізді ренжіткен жерім жоқ еді ғой, бір хабарын неге бермедіңіз? Сізге жіберген Қабылқақ інімді Бердеш кері қайтарып жіберіпті...» Сол кезде жанына Мақыш келді. Атты ерттеп қойдық. Киімің дайын. Әлде, мені де ерте кетесің бе? – деп Мақыш сөйлеп келе жатыр еді. Ике оған күлімсірей қарап: Екеуміз де балаларға бірдей емеспіз бе? Мен бардым не? Сен бардың не? Біреуіміздің төбе көрсеткеніміз жетпей ме? Әттең, заман! Тентек болған танадай, тұқыл мүйізімен әркімнің қабырғасын түртіп тұр ғой. «Арқада күн жылы болса, Арқар ауып несі бар?..» Мақыш-ау, ренжімесең, жолыңды маған бер. Мен құлыншақтарды түн жамылып болса да көріп келейін. Мүмкін болса, алып келермін, – деген сөзін естігенде, Мақыштың бетіне қан жүгіріп, көзіне сәл-пәл болса да нұр ұялағандай, даусы өзгеріп: Көкесі-ау, о не дегенің? Балаларға мен де ортақпын, сен де ортақсың ғой. Басымда жаулық болғаннан кейін, көзге келген жасты орамалдың ұшымен сүртеміз. Барсаң, барып кел. Алып келсең, ол да үлкен іс болар еді. Әбден сағындым құлындарымды. Теріс бұрылып бара жатқан Мақышты ту сыртынан қапсыра қаптаған Ике: Сен тек қана тілеуіңді тіле, жақсы ой ойла. Айналасы бес күнде қайтып ораламын. Тек жақсы ойла. Жақсылық тіле, – деді Мақыштың құлағына сыбырлап. Ұят тағы-ай, ел қарап тұр, – деп Мақыш үйге қарай жүріп кетті. Ике ауыр күрсінді. Кейде, жүрек тұсы қатты-қатты шаншып кетті. Осы кезде ертоқымы, құйысқан, өмілдірігі күмістелген қамыс құлақ, ұзын мойын Көкторғай атты алдына көлденең тартқан Қабылқақ басын төмен салып: Аға, мені де ерте кетіңізші, – деп күбірледі. Әй, – деді ақырып. – Сен не ауылды иесіз қалдырайын деп пе едің, әлде мені өлімге итеріп бара жатырсың ба? Осы төрт жылда жеті рет елге барып келдің. Бәрінен де де аман-сау оралдың. Үйір-үйір жылқымызды да айдап келдің. Әлде, рақмет күтіп жүрсің бе? Ана жеңгең бір жақтан, сен екінші жақтан... Аға, енді, – деп күмілжіді Қабылқақ. Естіп жатырмын. «Әнеу күні алғашқы қар жауғанда, Ике келіп жылқыны айдап кетіпті, құрылған колхозды қиратамын деп қоқаң-лоққы көрсетіп, ауылды быт-шыт қылып кетті, басымызға әңгір таяқ ойнатты»  деген сөздерді естіп жатырмын. Бұл қазақта ұят бар ма? Адамға жала жабу деген күнә емес пе? «Күмістелген ертоқымды Көкторғайға салып мініп барсам, Ике қыз айттыруға келіпті деп өсек қылмай ма?» Мына ертоқымды ал! Қайың безінен шабылған ертоқымды сал, – деп ақырды. Байының ызғарлы дауысын естіп, үйінен жылдамдата шыққан Мақыш олардың жанына келді. Ағасы-ау, сабыр етерсің. Күміс ерді сал деген мен едім. Хақ қайныма ұрса бермеші. Күндіз отырмай, түнде ұйықтамай сенің тілеуіңді тілеп,  қабағыңа қарап жүрген бұған не дейсің? Әнеу күні Нәбиге еріп, Дүрбілжіңге барып келгенге жерден алып, жерге салдың. Бұл байғұсқа не дейсің? – деп өкпелей сөйледі. Оның сөзіне жауап ретінде: Қабылқақ, ана Нәбиді шақырып кел. Екеуің мені Ақшоқының басына дейін шығарып салыңдар. Қазір, қазір, аға, ертоқымдарды ауыстырайын, сіз үйге кіре беріңіз, – деп әлдебір нәрсеге үміттенген Қабылқақ жымың-жымың етіп,  Көкторғайды жетектеп үй жаққа қарай кетті. Ішінен күбірлеп барады. «Бәлем, Ақшоқыға бір жетсек, әй, жігіттер, ауылдан ұзап шықтық. Енді елге бірге барып қайтайық дейтін шығарсыз» деген тәтті ой құшағында еді. Мен екі қоржын балаларға сәлем-сауқыт салғанмын. Ауырсынбасаңыз, ала кетіңіз, – деді. Жайшылықта болса: «Не керегі бар оның?»  – деп Ике гүр ете түсер еді. Осы жолы үндемеді.  Ақырын ғана өтірік жымиып: Әрине, үлкен апамыз бізге сәлемдеме беріп жіберіпті деп балаларымыз мәз-мейрам болсын. Оның дұрыс. О, құлындарым-ай! Қалай қуанар екен? – деп қайтадан үйге қарай жылдамдата басып жүре берді. Икенің бойына мол күш-қайрат біткендей болды. Алдында үлкен бір жақсылық күтіп тұрғандай үміті оянды. Аға, мынау қалай? – деп Қабылқақ Көкторғайды қайтадан жетектеп келе жатқан еді. Үйден шыққан Мақыш: Хақ қайным, ағаңа шай іш деп айтшы, – деп ақырын сөйледі. Көкторғайды жетелеген Қабылқақ ыржың-ыржың етіп: Аға-ау, жеңешем балқаймақпен, құрт-ірімшігі, сары майымен, суық еті бар дастарқан жайып жатыр, – деп көңілдене сөйледі. Онысы Мақыштың кейде көңілденген кезде, әдеттегісінен дастарқанды жайнатып жіберетіні бар еді. Ой-бу, – деді. – Құдай атқанда, балқаймақты да ұмытыппын ғой. Қазір-қазір, ыстық бауырсақ та, балқаймақ та болады. Әзірше қымыз ішіп, ет жей тұрыңдар, – деп қазан-ошақ басына қарай кетті. Аға, мынау қалай? – деп ерттелген Көкторғайды олай-бұлай жетектеді. Оған қатты риза болған ағасы сыр білдірмей: Әлгі Нәби қайда? – деп әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді. – Ол бір өзі мықты жігіт. Текті атаның баласы ғой. Ежелден ата-бабаларымыз Сырдың бойынан келе жатқан кезінен бастап, батырлық пен бірліктің үлгісін көрсеткен Көкшелердің тұқымы ғой ол. Елде жүргенде Абай ұрпақтарына, Оразбай атамыздың балаларына осы Көкше балаларының біліміне ерекше қызығып қарайтын едім. Сонау жерден ердің ол жақ, бұл жағына бұлғақтап түсіп келе жатқан құла қасқа ат мінген Нәбидің жанындағы екі жолдасына дабырлап сөйлеп келе жатқан даусы естілді. «Абай мен Шәкәрімге қазақта ақын жетер ме?! Арғын Әміреге әнші жете ме? Тіпті, сендердің ауыздарыңнан тастамайтын әнші Әсеттерің де арғынның баласы». Әне, – деді Қабылқақ. – Кімді айтсаң, сол келеді. Нәби келе жатыр. Сөйткенше болған жоқ. Салт аттылар үйдің іргесіне келіп: Ассалаумағалейкум! – деп аттан түсті. Уағалейкумассалам, сәлемші болсаңдар, жоғары шығыңдар! – деп қонақтарды үйге кіргізді. Бір-бір үлкен кесе қымызды төңкеріп тастаған жігіттерді Нәби таныстыра бастады. Мына жігіт, – деді орта бойлы жігітті қолының қырымен көрсеткен Нәби. – Дүкен ұстаз жігіт. – Ал, мына азамат Тұрсынхан ақын. Жолаушылап барады екен. А-а , жақсы, – деді Ике. Мырза, біз асығыс едік, өзіңіздің атыңыға сыртыңыздан қанықпыз. Бұрылып сәлем бергелі келе жатыр едім. Мына Нәби бауырымның кездесе кеткені, өзі текті атаның баласы екен. Шәкәрім қажыны өз көзіммен көрдім дейді, – деп мұртын бір шиырып қойды. Дүкен аға дұрыс айтады. Біздің де бір арманымыз – Шәкәрім қажымен тым болмаса, бір әңгімелессек деп едік, – деді Тұрсынхан. Е-е-е, бауырларым-ай, – деді Ике. – Жүрегімнің пернесін шертіп қалдыңдар ғой. Неше жыл елге бармай жүргенім де, Шәкәрім ағама қарайтын бетім жоқ. Неге? Неге? – деді екеуі. Өздерің ойлап қараңдаршы, әуел баста Зият ағамызбен Досболай жайлауында кездесуміз керек еді, – деді Ике. Амал қанша, сөйтіп жолымыз тоғыспай қалды. Бұл әңгімелерді мына бауырым Нәби айтады. Мырза аға, осы сөзіңізді естіген сайын өзімді кінәлі санаймын. Осы елдің  жеріне келген күннің ертеңінде Зият ағамыз «Мені іздемеңдер,  сендерге зияным тимесін, өзім бір күні аманшылық болса, келемін» деп атын тебініп жүре берді. Қажы атам айтпақшы, «Жауға – қатын, жақынға – жалмауыздар». Осы шырғалаңның бәрі Бердештің кесірінен, – деп қызарақтады Нәби. – Әбден жерге қарап біттім өзі. А-а-а, мырза сізді түсіндік, – деді Дүкен. Адамның жүрегіне жараны жақыны салады, – деп күрсінді Тұрсынхан. – Әттеген-ай! Әне-міне дегенше семіз бағланның тұтас еті табаққа салынып,  дастарқанның ортасына келді. Ике аға, асқа бата жасаңыз, – деді Дүкен. Жоқ, бауырларым, жол сендердікі, сендер беріңдер. Менің Доғал атам баяғыда жолаушылап жүріп он жасар балаға бата бергізіпті. Сол атамыздың дәстүрін бұзбайық деп, біз ұрпақтары, күні-бүгінге дейін кішіден бата сұрайтынымыз бар, – деп күлді Ике. Дүкен асқа бата жасады да: Аға жасыңыз үлкен, ас алыңыз, – деді. – Біздің елдің дәстүрі бойынша. Бізде де сол дәстүр. Алыңдар, алыңдар! – деп Ике ниет танытты. Әңгімелері жарасып, біраз отырған соң Тұрсынхан: Аға, жаңа бір сөзіңізде Доғал ата деп қалдыңыз, ертеректе біздің ауылдың үстінен өтетін жолда Доғалдың жүрген жолы деп атайтын төбе бар еді. Біз ол кезде баламыз. Үлкен кісілер Тобықтының Доғал байы бір арба алтын-күміс әкетіп бара жатыр деген әңгіме естуші едік. Бағанадан байқап отырмын. Доғал сіздің атаңыз ба сонда? Сен айтып отырған әңгімені мен де жастау кезімде естігенмін. Атамыз туралы әңгіме көп. Ол кісі сонау Еренқабырғаға дейін барып, сауда жасаған екен. Мотыш ол кісінің әкесі, біздің бабамыз, он-ақ мың жылқысы болған екен. Он-ақ мың дейді?! – деп Дүкен желкесін қасыды. – Он-ақ мың дедіңіз, ә-ә? – деп жымиып күлді. Мен осы әңгімені ата-жұртым Нарынқолда жүргенде бір Күркілдек деген айғыр туралы естіп едім. Осы кезде: Бәйбіше! – деп Ике қатты айғайлап жіберді. О-не? – деп жанында отырған Мақыш селк ете қалды. – Осы жерде отырмын ғой. Сорпа әкелсеңші. Ысып тұрсын деп оттан алмап едім. Қазір, қазір, – деп орнынан тұра берді. Дастарқан басына құрт салынған ыстық сорпа келді. Екі тостағаннан сорпа ішкен қонақтардың маңдайынан шып-шып тер шыға бастады. Жаңағы сұрағын қайталауға ыңғайсызданған Дүкенді байқап қалған Ике: Біздің Доғал атамыз би болған. Аузы дуалы, сөйлемей – шешен,  бермей – жомарт атанған. Иә, ол әңгімені мен де естігенмін, – деді Дүкен. Иә, жігіттер, – деді Ике. – Мен жолға қамданып жатыр едім. Құдай бұйыртса, он шақты күннен кейін келемін. Сол кезде хабарымды берермін. Қона, жата-жастана әңгіме-дүкен құрармыз. Бағанадан қай ел екендеріңді сұрауға ынғайсызданып отыр едім. Мен Хан Тәңірі тауының етегінде өзеннің ағысына да, өмірдің қақпайына да бағынбайтын Албан деген елден боламын. Біз де өз елімізден қуғын-сүргін көріп, қажы атамыздың атына кір келтірмейік деп тау асып, осы елге жеткен көп қазақтың біріміз, – деді Дүкен. Мен Найман Қожамбеттің баласымын, – деді Тұрсынхан. Е-е, Ер Қабанбайдың ұрпағы болдыңыз ғой, біздің нағашыларымыз екенсіз ғой, – деп Ике кеңкілдеп күлді де, көздің қиығымен томаға-тұйық отырған Дүкенге қарап: Жақсының жанына жақсы ереді деген. Ұлы Албан ұрпағының жанына қазақтың Бас батырының ұрпағы ерсе, онда жаман болмағаны, – деп күле сөйледі. – Мына Нәби де тегін атаның баласы емес. Абай атамыздың жанына еріп, шәкірт болған Көкше ақынның бауыры, –деген кезде «А-а-а» деп Дүкен орнынан қозғалып кете жаздады. Тұрсынхан болса: Сіздер Ата баласы Арғындардан бөлініп, Тобықты деген ел жасап жатырсыздар. Біздің Зере апамыздың алтын құрсағы ғой. Қазақтың даласында он екі таспа қамшының өріміндей тарам-тарам жол бар. Соның ішінде түйісетін жол Найман атаның ауылы. Мұның енді дұрыс, – деп Дүкен құптады.  Дастарқан басынан тұрып, далаға шыққан кезінде күздің күнінің айылы босап, ері ауып бара жатыр екен. Қоштасып жатқан кезде Дүкен: Ике аға, әлгінде ұлы Албан елі деп айтып қалған едіңіз, ішім жылыды, қазақтың қай ауылы, қай даласы болсын бәрі ұлы жер ғой. Алғашқы осы өңірге келгенімде бойымды сергітетін, ойымды толықтыратын Ұлы Албан елі деген сөзіңізге қатты риза болғанымды айтайын. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Ол сөздің алдына «Ұлы» деген сөз қосылса, көңілден шыққан толыққанды сөз емей немене?! Енді аман-есен жол жүріп келіңіз. Уәде бересіз бе? – деп күле сөйледі. Айтқаның болсын, бауырым! Көкірек көзің ашық, мықты азамат екенсіңдер! Ау, аға, мен қайда қалдым сонда? – деп Тұрсынхан жарқылдай күлді. Болады, болады, – деп Ике екі бауырын қапсыра құшақтады. Ике Ақшоқы жаққа қарады. Күн еңкейіп, беті қызарып барады екен. Ике аяғын үзеңгіге салды...   *** Таң атар-атпастан Ақшәуілге тұмсық тіреген Көкторғайдың болдыра бастағанын сезген Ике Шілікті сайға барып жасырынды. Атты суытып, талтүске дейін өзі де демалды. Арқасынан ертоқым алынбаған жануар алда жорық күтіп тұрғанын сезгендей ширығып, жер тарпи бастады. «А, Құдай, жолдан оңғара көр» деп атқа қарғып мінді. Тебініп қалып еді, лып етіп желе жөнелді. «Әй, есті жануарым-ай, сен болмасаң қайтер едім?» Көкторғай қамшы салдырмады. Кеш бата Доғалаң тауына жеткізді. Ике әбден шаршаған еді. Қалың қараған ішіне кеп, Көкторғайдың ауыздығын алып, шылбырының ұшын қазандай қара тасқа байлап, мызғып кетіп еді. Ай сүттей жарық. Көкторғай кісінеп, жер тарпыды. Тасты сүйреп олай жүрді, былай жүрді. Ике көзін ашты. Шіркін, қарағанның иісі-ай, мұрнын жарып барады. Орнынан тұрды. Төңірек алақандағыдай көрініп тұр. Мүлгіген тыныштық. Ике орнынан тұрып еді. Екі тізесі сырқырап қоя бермесі бар ма? Жерге бір отырып, бір тұрды. Анандай жерде тұрған ертоқымның жанына келді. Қанжығадағы екі қоржынның ортасында тұрған дорбаны қолына алды. Ішінен бауырсақ, асқабақтың қабығынан жасаған кішке торсықтың ішіндегі айранды рақаттана ішті. Көкторғай қайта-қайта кісінеді. «Е-е, жануарым, ауылды сағынып тұрсың ғой, түсінемін, түсінемін. Осы Доғалаңға жеткенше алдымыздан қызыл жағалы ит пен құс кездескен жоқ. Жолымыз ақ болды. Балаларда есейіп қалған шығар. Ақырындап Шәуешекке алып кетсем, осы жолғы сапардан бір байқағаным, мына өкіметтің қауқары біткен сияқты. Енді екі-үш жыл шыдасақ, мына Совет өкіметі құласа, Алаш өкіметі аяғынан тік тұрса, ұрпағымызға бейбіт заман келер. Қайтып келу оңай ғой, Көкторғай». Көкторғай ішегі үзілердей кісінемесі бар ма?! Ике атқа ер салды. Таң ата Шаған өзеніне ілікті. Арада үш жылдан астам уақыт өткендікі ме, Шаған өзені жуасып, таязданып қалған секілді көрінді. Ернеуіне жар етіп, шұрық-шұрық құстың ұясы бітіпті. «Қай жерден өтемін» деп ойланғанша болған жоқ, Көкторғай суға койып кетті. Ат бауырынан ғана келеді екен. Әп-сәтте Шаған өзенінен өте шықты. Көкторғай кісінеп, ойнақтап, қайта-қайта сілкініп қоймай қойған соң, Ике қамшымен бауырынан бірақ осты.  Көкторғай Икені ауылына алып келді. Осқырынып жерге түсуіне мұрша бермей біраз ойнақтап жүрді. Бір кезде жерге түскен Ике аяңдап келе жатып жүрелеп жерге отыра кетті. Көзі шарасынан шығып барады. Там үйдің шаңырағы ортасына түскен. Есік-терезесі аңғал-саңғал. Жүрегі алып ұшты. Есіктің алдында тышқанмен ойнап бір қызыл түлкі жүр. Бұлармен шаруасы да болған жоқ. Өз ойнын салып жүр. Тышқанды тырнағымен іліп алады да, олай лақтырады, бұлай лақтырады. Ике қонышындағы наганына жармасты. Атып салмақ. Бірақ наган дауысын шығарғысы келмеді. Көкторғай есік алдындағы дөңге шауып шығып, кісінеп-кісінеп алды да, құйрығын шаншып бұнын жанына шауып кеп, осқырынып жанына келіп жер тартып тұрып алды. Сол кезде ғана тышқанды тістеп қызыл түлкі жоқ болды. «Құдайым-ау, мынау не? Балалар қайда? Бәтиқа қайда? Мына ауылда көптен адам тұрмаған ғой» деп арамшөп өскен маңайға қарады. «Құдай, ешкімнің еш пендесін ренжіткен жоқпын, қылдай қиянатым жоқ еді ғой». Икенің бойы бір суып, бір ысыды. Қанша уақыт отырғанын білмейді. Орнына тұрды да жаңа Көкторғай шауып шыққан дөң басына барды. Төңірекке қарады. Баяғы сол көрініс. Әне Шыңғыстау шөккен қара нардай, әне Абыралы көшкен керуендей созылып жатыр. Әне, Дегелең қос өркеші көз сүріндіретін, тек жоғы Икенің бала-шағасы. Тамағына өксік тығылып, тізерлеп отырды да екі алақанын жайды. «Ия, Алла бір өзіңе ғана сендім! Менім бала-шағамды сақта! Олардың анасы – Бәтиқаны сақта! Бисмилләй-рахман-ир-рахим. Құдай, бар болсаң, қазақ даласын жетім қылма. Қазақтың ұл мен қызын жұртта қалдырма. Бір өзің қолдап желеп-жебеп жүр. Осы Шаған өңірінде мекен еткен әр рудың, әр ауылдың амандығын тілеймін. Ия, Алла, Будан атам басына барып Құран да оқи алмадым. Мен даланың қасқыры боп жортып жүрмін. Өз ауылымның өгей баласымын ғой. Айып етпе, ата», – деп бетін сипады. Орнынан тұрып үйдің жанында екі қайшылап, Шыңғыстау жаққа қарап тұрған Көкторғайдың жалынан сипады. Қалтасындағы кішкене дорбадан бір уыс сұлы алып беріп еді, жануар басын сілкіп-сілкіп аспанға қарғымасы бар ма? Уысындағы сұлы жерге шашылып-шашылып қалды. «Кінәламашы, жануарым, өзім де жетісіп тұрған жоқпын ғой. Ішім Абай атам айтпақшы, у мен өртке толып тұр ғой». Оның бұл сөзін түсінгендей басын шұлғып, жер тарпыды. Ике атына қарғып мінді. Көзден таса болайын деп Шаған өзеніндегі Шілікті жағалап келе жатты. Бір кезде Көкторғай құлағын қайшылап, пысқырып, жалт-жұлт беріп ойнақши бастады. Ике қолынан наганын алып, кім болса да жайратып салмақ болып бекінді. Бір кезде қараса, өзеннің ортасындағы құм-тас үйілген жерде белуардан шешініп тастаған арық адам тұр екен. Ике жан-жағына қарап атын тебініп жанына жақындай берді: Әй, кімсің? – деді Ике гүрілдеп. Мен ғой, Өмірзақпын ғой, – деп артына бұрылмастан қолындағы кішкентай шабақты пышақтың қырымен қабығын қырып тұрған адам. Өй, сен тірі ме едің? Алладан ақ өлім күтіп жүрмін ғой, – деді артына бұрылмай. Ей, Өмірзақ, мен Икемін ғой! А-а,  – деп артына бұрылды. –  Амансың ба? Шүкір. Өзің қалайсың, ел аман ба? «Өлмегенге өлі балық» деген жүрген ғой біздікі сүйретіліп. – Өмірзақ оған бетін бұрып қарады. – Ой, расында Ике екенсің ғой. Бармысың, бауырым, – деп көзінен мөлт-мөлт жас шықты. Ике аттан домалай түсіп, Өмірзақты құшақтады. – Ел аман ба? – Еліңнің жартысы түрмеде, жартысы қоңыз теріп жүр сен мыңғыртып жылқы айдайтын мына далада. Өзің қалайсың? Шүкір, өлмесек те, өлімнің қайғысын жұтып жүрміз ғой. Олай деме, Ике. Дүние бірде бетін, бірде артын береді. Тек кеудеден жаны шыққанша, елді ойласаң ғана болды ғой. Сен менің үйелменімнің қайда екенің білесің бе? – Өмірзақ біраз ойланып тұрды. Басын шайқады. Ике, сен қара қытайды көрсең? Біз НКВД-ның, Қарасартовтың төбесін көріп жатырмыз. Бір иттің ғана баласы екен. Бүкіл даланың шаңын қағып, құмын жұтқызды ғой мына халыққа. Ике тісін шықыр-шықыр қайрады. Міне, көрдің бе? Судың құртын аулап ауыл-ауылдың балаларына тарқатып беріп жатырмын. Бұрын балалар мені «Шекер ата» деуші еді. Қазір «Шабақ ата» дейді. Мына шабақтарды аулап, тамақтарына қылтанақтан кетіп қалмасын деп етін сылып-ап, сенің Сәрке бауырың анау Қарабас батырдың жайлауынан бір арба қара тұз әкеп, ауыл-ауылға таратып берген. Маған түйенің өркешіндей қара тұз бұйырған еді. Жақсы болды. Жақаман мен Исахан ауыл-ауылға арқар атып беріп жәрдемдесіп жатыр. Кеңесбай мен Дүрмекбай тоған байлап, халықты балықпен асырап отыр. Алғашында ел Кеңесбайды боқтап «Сен бізге судың құртын жегізетін болдың ғой» деп бәле салып еді. Балықтың сорпасын ішіп жүрген халық қазір тәубесіне келді. Сенің Кеңесбай ініңе айттым «Сен халықты асырайсың ба? Дүрмекбайды асырайсың ба?» десем, «Дүрмекбай досым ғой. Мен Дүрмекбайды асырасам, халық мені асырайды» деп күледі. Менің отбасымды қайда екенін айта аласың ба? Ике бауырым, тұрымтай тұсына дегендей, мына даланың адамдары жан-жаққа қоңыз теріп кетті ғой. Икенің жүрегі көтеріліп, көз алды тұмандатты. Үндемей, атына қайта мініп, «сау бол» деп артына бұрылмастан жүре берді. Сол маңда Мотыш бабасы екен. Бәйтеректің жанына барды. Шымшықтар шыр-шыр етіп, әрі-бері ұшып жүр. Тырс-тырс етіп жаңбыр тамшылады да, арты дүбірлетіп мың жылқы айдағандай шуылдап кетті. Ике ықтасын жерде ойланып тұр. «Бұл қазақтың даласы не болып кеткен? Көзіне жүдеу көрінді. Туған жер, туған дала өгей баланың күнін кешкендей. Бұл даланың перзенттері Абай мен Әлихан жас ұрпаққа үлгі болатын еді ғой. Совет үкіметі дегенді қай сайтан ойлап тапты екен? Абайдың балағына жармасты. Әлиханның жағасына қол салды. Кісілігі қайсы бұл қазақтың? Бірлігі қайсы бұл елдің?»  Көкторғайға қарғып мінді де тебініп қалды.  Сонау бойлауықтан өтіп, малмандай су болып, «Жанан атасының зиратының тұсына барғанда, жауын ішегін тартып, ықылық атып басыла қалып еді. Көзі бір жұпыны үйге түсті. Үміт оты оянғандай, алдынан балалары әкелеп, көкелеп атып шығатындай, су-су болып жұпыны үйдің ішіне кіріп барды. Сірә, ешкімді күтпесе керек. Әуелі күн сала қараған інісі Қадыр: Құдайым-ау, аға, сіз бе? – деп інісі сасқалақтап қалды. – Әй, әй, Жәми, ағаң келді.  Майшамды жағып жатқан Жәнәпия қолдары дірілдеп: Омар, сен бе? Келдің бе? – деп дауысы жыламсырай шықты. Амансыңдар ма? – деді Ике дауысы гүрілдеп. – Менің балаларым... – деп тамағына өксік тұрып қалды. Қайнағау, сіз бе? Амансыз ба? Бармысың, ағау? Өңім бе, түсім бе бұл? Омар аман ба? – деп Жанәпия майшамды жағып, алыстан келген қайнағасына үміттене қарады. Аман, шүкір. Сәлем айтып жатыр, – деп білте шамның жарығына көлеңкесі ұзарып тұрған Ике. Қадыр есі шығып қуанғаннан әрі-бері жүріп, айналып кеп ағасын құшақтайды.                        ***   Қадыр жақ жүні үрпиіп жүдеп қалыпты, бойы да еңкіш тартып, сөйлегенінен күрсінгені көп туысының от шашып тұратын айбарлы көздері ғана қалыпты. Тек келіні Жәми мықтылығын білдіріп, қайрат қылып, қаракет жасап жүрген адамға ұқсайды. Менің балаларым... – Сол кезде Жәми: Қайын аға, бізді осы жерде өлтірсеңіз де қинамаңызшы. Онсыз да сағыныштан өртеніп отырмыз. Бізді кінәламаңыз. Еш жазығымыз жоқ. НКВД алып кеткенін ғана білеміз. Бізде не қауқар бар, қайын аға-ау? Осыдан бес күн бұрын түнделетіп Семейден әрі орман ішінде жан сауғалап жүрген Қабдышүкір кеп бір қап бидай әкеліп берген. Оның кетерінде ғана сыбырлап айтқаны: Ике ағамның үйіндегі  балалар мен жеңгей Қызылорда жақта аман-есен екенін айты. Одан басқа білеріміз жоқ. Қабдышүкірге жалынғандай  болып, қайдан естідің деп бірнеше рет қайтадан сұрағанымда: Бәтиқаның «Біз аманбыз туыстар, отағасынан не хабар. Алладан амандығын тілеп отырмын. Бізге алаңдамаңдар. Аманшылық болса кездесерміз. Күніне бес уақыт намазымды оқып, дұғама қосып отырамын бәріңізді», -  деген хатын маған тапсырып еді. Қайда ол хат? – Ике алдыға ұмтылғандай болды. Қазір, қазір, – деп, үйдің іргесін қолымен қаза бастады. –  Ә, міне, міне, –  деп, шүбірекке оралған түйіншекті алып берді. Ике хатта жазылғанның бәрін оқып, Бәтиқаның әдемі жазуын бірден танып, терең тыныс алып, хатты иіскей берді. Үн-түнсіз сүтпісірім уақыттай өзімен-өзі отырды. Ешкім үндеген жоқ. Бәйбіше, су қайнады ма? – деді Қадыр ақырын ғана. Иә, иә, дайын. Дастарқан жасасаңшы. Жасаулы тұр, – деп ақырын сыбырлап сөйледі. Ике олардың дауысын естіп отыр. Бірақ қағазды иіскеген сайын әр баласы көз алдына елестейді. Қайын аға, қол жуып аласыз ба?  – деп ақырын сөйледі Жәми. Сыртқа шығып, төңіректі бір шолып өтті де, Қадыр құйған суға қолын шайды. Тыныштық па? Тыныштығы қайсысы? Бүлінгені қайсысы? Білінбейтін заман болды ғой. Адам жаман хабарға да үйреніп кетеді екен ғой... Құлақ үйренгенімен, жүрек көтере алмайтын заман болды бұл. Жүр, үйге кір. Шай ішейік,  – деді Қадыр. Олар дастарқан басына отырды. Екі ағайынды үн-түнсіз. Мақыш аман ба? Тірі ме? – деді Жәми. Тірі, тірі ғой. Балаларды ойлап, күнде жылайды. Ее, сорлы жеңешем ай, қайтсін енді? – деп Жәми өксіп-өксіп жылап, есіктен шығып кетті. Әй, адалдарым-ай! Аман болыңдаршы, – деп  күрсінді Ике. Бізге әзірге ешкім тиісе қоймас, НКВД-ның тергеуінен әбден өттік. Олар бізді тергей-тергей өздері де жауыр болды. Қытайға кеткен көштің ішінде болдыңдар ма дегенде, Қабдышүкір: «Қадыр болған жоқ, мен ғана болдым. Бірақ мен колхозға кіргім кеп, орта жолдан Икеден қашып, кері қайтып кетіп едім. Соным дұрыс болыпты» деп өз мойынына алды. Мені де Қабдышүкірге сенбей, біраз қинады. Сол кездері өзіміздің Әміре ағамның Тәңірберген деген ұлы бар ғой. Иә деген. Не болды оған  – Тәңірбергенге? Сол келе қалып, «Көсеміміз – Ленин, Тәңіріміз – Сталин», деген өлең жазып берді ғой. Құдай кешірсін. «Келесі жолы тергеу болғанда осылай айтып бер» деп, Қабсалям екеуі екі жақтан үйретіп. Айтқанындай ертеңінде сау етіп сары-ала түйме таққандар жетіп келді. Құдай кешірсін, иттің ғана балаларына осы өлеңді оқып бердім. Ай ұяттан өртенгенім-ай! Қара терге түстім-ау. Қадыр қарқылдап күлмесі бар ма. Осы күлкі туыстар арасына дәнекер болған сияқты, бір шешілмеген түйін шешілген сияқты көңілде беріш болып қатқан қатты жұдырықтай бір қара тас үгітіліп кеткендей... Иә өздерің қалайсыңдар, Қытай жақта қазақтар тұра ма екен? Енді ше? Анау Еренқабырғаға дейін қазақтың жері ғой. Сенесің бе, бауырым? Мен Қытайды барған жылы, тіпті, Шәуешектен де көрмедім. Анда-санда ұйғырды көремін. Қабылқақ пен Көкше Нәби анда-санда барып, лағман жеп келетіні бар. Лағманның наны ши бауырсақтай  ұзындығы тура желі бойы деп екеуі біраз бөсіп келеді. Қабылқақ аман ба? Өтірік-шынын білмеймін. Былтыр күзде кеп біраз жылқы айдап кетті деп естіп едім. Әйтеуір, Құлықтар шулар жүр ғой солай деп. Ел дүрлігіп сөйлей береді, мен оны жақсы білемін. «Әне, Ике айдады, әне Ике шапты, Ике тонады...» деген дүбірлер естіліп жатады. Мен бұлардың бір де біреуіне сенбеймін. Е, айта берсін, қазақ емеспіз бе? Мен сол кеткеннен келіп тұрғаным осы. Қабылқақты жіберіп, елдің амандығын біліп, өзіміздің таңбалы жылқыдан әкел дегенім рас. Ақ адал өзіміз бағып қаққан малды орыстың қарақшыларына жегізіп не болды сонша?! Адал малдың етін иесі жесе несі айып екен?! Елге пана, жерге пана Қаражан еді ғой. Оны да НКВД ұстап әкетті деп естідік. Не? – деп Ике тізесін ұрғылап, тісін шақыр-шұқыр қайрады. Қақабай қажыны да Қарқаралыға жер аударды. Қарияны екі қолын байлап, жаяу айдады деп естідім. Оның соңынан жылап ерген Әбдіғалымды қызылдар тепкілеп-тепкілеп өлімші қылып сабап кетіпті. Ике тағы да тісін шақыр-шұқыр қайрады. Жақия қажының ұлдары жан жаққа бас сауғалып, біреуі – Бішкекке, біреуі – Қытайға, біреуі  орыс ішіне кетіпті. Ана бір жылы ашыққан, тарыққан елге он өгіз арба шығарып, азық-түлік, киім-кешек таратқан Жақия қажының бәйбішесінің құлағындағы құйма сырғасын жұлып алып, «сен Советтің жауының қатынысың» деп туысқан інісі әңгір-таяқ орнатып, ел ішін біраз бүлдірді. Қамбағыл қария Жақия атамыз өстіп қиындық көріп қалды,  – деп Қадыр күрсінді. Ике екі тізесін жуан жұдырығымен қатты ұрғылап, дір-дір етті. Тісін шақыр-шұқыр қайрап, біраз отырды. Оны көңілінің түсіп кеткенін білген Қадыр: Әй, Жәми,  – деп дауыстады. Осы кезде «Мағыш не салып еді-ау» деп Ике ойлағанша болған жоқ, лақтың сүбесі мен бір сан етін алып, табаққа салып Жәми кірді. Қайын аға, барымен риза болыңыз,  – деп күрсінді. Иеке, тамақ алыңыз. Қане, мен сізге баяғыша асатайын, – деп Қадыр үлкен алақанына толтыра: – Қане-қане, асаңыз, ауылдың дәмін сағынған шығарсыз. Барымен базар деген, – деп жарқылдай сөйлеп, барын ағасының ауызына тосты. Ике етті әбден шайнап жұтып болғанда, өңешінен әрең өткендігі сондай, көзінен жас шығып кетті. Ағайынды екеуі етті қарбытып-қарбытып асап тастады. Олардың тамақ ішкендеріне риза болған Жәми  дәу кесемен құрт қосқан сорпа ұсынды. Ыстық сорпадан екі қайтара ішкізді. Ой, жаным жаңа кірді ғой,  – деп, Ике келініне ризашылығын білдірді. Ана жолы үлкен қайнағам келгенде алдында ғана Жақаман қайным арқардың бір санын беріп кетіп еді. Әйтеуір, абырой болды. Қайнағама асып бердім. Икенің өңі бір бозарып, бір қызарып сәл үнсіз отырып қалды да: –Ағатайым аман ба деді дауысы дірілдеп. «Ее, Жақаман бауырым-ай, адалым-ай! Ақ ниетіңнен айнымаған азаматсың ғой. Нағыз мерген. Ақкөңіл бауырым, туысым ғой, аман жүрсін». Иә, аман.  Сонау Семейден жаяу-жалпылы ауылына қарай келе жатқанда бізге соқты. Әбден жүдеп қалыпты қайран ағам. Икенің тамағына өксік тығылды. Мұсатай ағамыз сонау ауылына, жаяу кетті. Кейіннен естігенім алдынан Нұржаубай шығып, көрісіп жылап: «Ағажан, амансыз ба? Сіздің келе жатқаныңызды естімесем де, жол қарап келе жатыр едім. Құдай менің тілеуімді берді, анда-санда Шағанның мына бетіне бір шығып, Алладан тілеу тілеп сіздің амандығыңызды сұраушы едім. Тілегімді қабыл көрді-ау», – деп жылапты. Мұсекең «әттең, өмір, Иембердінің қадірін, нағыз туыс екенін білмеппін! Алла бауырым Икенің басының амандығын берсін!» – деп жылаған екен. Жаяу-жалпылы ауыл шетіне барғанда өкіріп жылап, алдынан шыққан Серкебай: – Мырза жолыңыз ақ екен. Дүниеге сәби келді. Нұржаубай ұлды болды деген сөз. Атын сіз қойса деп тілеу тілеп едік.  –Неге Мұсекеңді жаяу жібердің, Қадыр-ау? Әйтеуір, үлкен-кіші мені кінәлауға үйірсіңдер. Менде не бар? Су алатын шелегім. Мына Жәми мен кішкентай қызым. Кеудем толы шер мен мұң. Ұйқы жоқ, күлкі жоқ. Былай өткеннің тепкісіне, былай өткеннің табасына шыдап отырмын. Кеше мыңды айдаған Мотыштың ұлдары едіңдер. Бүгінде қоңыз теріп қалыпсыңдар дейді. Тепкен емей немене? Әйтеуір Жақаман, Исахан тентек болса да, Қабдышүкір бауырым қолына ілінгендерін тастап кетеді. Оған да Құдайға тәуба!   Жә, қой, – деді Жәми.  – Аға, сорпа ішіңізші, – деп түнеріп отырған қайнағасының алдына сорпа қойды. Ике ой құшағында отырып, үлкен кесені тағы бір төңкеріп тастады. Мұсекең жетті ме өзі ауылға? Жетті деп отырмын ғой, – деген Қадырдың дауысы қатты шықты. Жәми кішкентай қызын қымтап қойды. Осы кезде Икенің ойына соңғы бір келгенде Қабылқақ кішкентай баланың иткөйлегін алып келіп, Мағыш қайта-қайта иіскеп жылайтын еді. Ит үрді.  Ойбай, – деді Жәми түрі суып кетіп. Қазір, – деп Қадыр далаға ұмтыла шықты да, қайта кірді. Қойтастың маңайында төрт салт атты келе жатқан сияқты ма? – деп үрейлене сөйледі. Әбден қуғын көрген Икенің жүрегі бір жаманшылықты сезгендей орнынан ширақ атып тұрды. Мә! – деп тапаншаны Қадырдың қолына ұстатты. Ой, аға, бұны қалай ататылатынын да білмеймін. Әкет, керегі жоқ маған бұның, – деп ағасына қайтарып берді. Ике сыртқа ұмтылды. Көкторғайдың жанына жетіп барып, қоржынды қанжығадан шеше алмай қиналды. Мақыш шимайлап тастапты. Мынау балаларға берген еді. Олар мына жақта жоқ екен. Сіздерге тастап кетейін. Жәми шыр ете қалды: Қайнағау, бізге ештеңе керегі жоқ. Енді қалғаны сіздің балаларыңыздың киімін біз алып қалсақ, ертенгі ұрпаққа не бетімізді айтамыз? Олай істемеңізші. Заман түзелер. Мақышқа қайтадан апарып беріңіз. Міне жолыңызға деп дайындап қойған шытқа түйілген бір уыс бидайды алыңыз, – деп ертоқымның қапталына қыстырып жіберді. Төрт салт аттының түнгі дауысы естіліп-естіліп қалады. «Я им покажу? Совет өкіметіне қарсы болғандарды» деген жуан дауыс ап-анық естілді. Ике Көкторғайға қарғып мінді де, жалына қарай жата кетті. Сыбырлап сөйлеп: Ал, қош болыңдар! Бауырым, бізді жазғырмашы, – деді Қадыр жыламсырап. – Қайтейін енді? Әттең мына аласапыран заман-ай. – Тамағына өксік тығылған Жәми орамалының ұшын тістеп қала берді.  Ике ауылдан ұзамап еді. Бұлт арасынан шыққан ай сәулесін молынан шашып, бағанағы нөсерлеткен жаңбырдан кейін дәл бір күндізгідей төңіректі көрсетпесе де, түн қатып жүрген жолаушыға бәрін айқындап тұр еді. Көкторғай құлағын қайшылап, осқырына бергеннен кейін Ике ауылдан ұзай берді. Бірақ ана төртеудің дауысы әлсін-әлсін естіліп тұрды. Олар Қадырдың ауылына тоқтамай өтіп кетті. Ауылға қайта Көкторғайдың басын бұрып еді, жануар екі аттап басты да, шыркөбелек айналып Көкен тауына қарай маңдайын тіреп, желе жөнелді. *** Шеңберленген ай аспанның қақ ортасына келіпті. Бағанағы жауған күзгі жаңбырдың салқын лебі тұманды сейілтіп, төңірек қолмен ұстап көрердей ап-анық боп тұр еді. Көкторғай басын шұлғып-шұлғып, тұяғын жерге нығарлап басып, құлағын қайшылап келе жатыр еді, бір кез жалт беріп үркіп, орнында тұра қалды. Етігінің қонышындағы наганды жұлып алған Ике жан-жағына алақ-жұлақ етіп қарады. Ешкім көрінбеген сияқты еді. Алдына қараған кезде байқады. Он-он бес жасар бала тұр екен. Қолында орағы бар. Сонымен айбат жасап тұр. Әй, бұл кім? – деді Ике. Кім болсаң да, қамшылар жаққа бұрылмай тіке тарта бер, әйтпесе, ажалың менен, – деді бала. Ике мырс ете түсті. Айттым ғой мен саған, қамшылар жағыңа қарай жүрме! Айда, кете бер алдыға. Икенің мұрнына түтін иісі келді. «Демек бұл балақай жалғыз емес...» Сен кімсің? Мен Әділдің Икесімін. Мотыштың баласымын, – деді ызалана күліп. Аа, бұныңыз жөн болды. Мен Тарақтымын. Әлібектің Бақдәулетімін, Сақайып қожаның жиен немересімін. Ее, – деп Ике аттан түсті. – Мұнда не қылып жүрсің түнделетіп? Біз бес-алты бала Елапаға еріп, Семейге бара жатырмыз. Абыралыдан шыққанымызға екі-үш күн болды. Өзіңіз түнделетіп неге суыт жүрсіз? – деп бала оны тергегендей. –  «Арқада күн жылы болса, арқар ауып несі бар» демекші, оны сұрамай-ақ қой, балам. Кешіріңіз, аға, түн жарымда мұсылман баласы жөн сұраспайды ғой. Аман болыңыз. Түріңізге қарасам, сөзіңізді бақсам, сіз ел тонайтын қарақшыға ұқсамайсыз. Ике күлді. Бір кезде ши арасынан жаулығы ағараңдап әйел адам шықты. Бұ қайсысың, ей? Есенсіз бе, – деді Ике. Қай туған боласың, қарағым? Мотыш, Әділдің Икесімін. А, естуім бар, қарағым. Ауылыңда наурыз тойын жылда тойлайтын сен емес пе едің? Сені ел Қытайға қашып кетті деп еді ғой? Иә, шешей. Өз елімнен өзім пана таппай жүрген пендемін ғой мен. Сіздер Семейге бара жатырсыздар ма? Иә. Ауылдың жетім қалған балаларын жинап, үлкен қалаға апарып өкіметке тапсырмақпын. Уақ Мұхаметжанның Сейітқұлы менің нағышым болып  келеді. Кірешілерден сәлем айтып жіберіпті, қалаға жетсін деп. Бесқарағайда төркінім. Ары қарай жаяу-жалпылай болса да, соған жетсем, балық жесем де, өлмеймін ғой. Ике біраз ойланып тұрды да: Бақдәулет, андағы орағыңды берші. Бала қолындағысын бермей, кейін шегінді. Қорқақтап тұрған сияқты. Ике жан қалтасындағы кішкене бәкісін алғалы жатыр еді. Бақдәулет: – Апама жолаушы болма,  – деп орағын қолына алып, қайтадан айбат шеге бастады. Ике оған бұрылып та қараған жоқ. Бағана шеше алмаған қанжығадағы екі теңнің шимайын кесіп тастады. Шешей, менің балаларыма арналған сәлем-сауқат еді. Олар ана Сырдың бойына кетіп қалыпты. Осыны Сіз алып, балаларға беріңіз. Мынау жаңа ана ауылда келінім берген жарты қап бидай еді. Балалар талғажу қылсын. О, құдай, о, құдай-ау, «өлмегенге өлі балық» деген осы болар,  – деп жылап жіберді ақ жаулықты ана. Баланың бәрі бірдей ғой жүрегі бар адам үшін. Рахмет, рахмет! Ұрпағың аман болсын! Құдай соларға осы жақсылығыңды қайтарады әлі, – деп Елапа бетін сипады. Қолында тұрған кішкене шытқа екі уыс бидайды түйіп Икеге берді де: – Қазіргі заман «бөрі азығы жолда дейтін» заман емес, қайда жүрсең, аман бол, шырағым. Аға әлгінде Сіз Мотыштың баласымын дедіңіз бе? Иә, – деді Ике. Қайран Ноян досымның ағасы екенсіз ғой. Оны Шәкәрім атаммен жолықтырған сіз ғой, маған айтқан. Екеуіміз де оқимыз деп Абай мен Шәкәрімді жаттап жүр едік. Әлихан туралы Қали ағамнан естідім деп айтып еді, – деп бала өкіріп жылап, жерге жата кетті. Өй, не болды саған? Ике қарағым, Совет өкіметінің әскерлері Шәкәрімді жаманда деп ауыл-ауылға балаларды жинап, солардың алдына шығарғанда Ноян бейшара Шәкәрім қажы Абайдан кейінгі біздің шамшырағымыз, «өлі жердің сүйегін тірілтті жайнап, жапырақ» деп Шәкәрім атам айтқан мына қазақ даласына жарық әкелетін Абай мен Шәкәрім  деген ғой. Сол кезде әскерлер екі аяғын шылбырмен матап-байлап, Абай мен Шәкәрімді, Әлиханды айтқан оқыған балардың көретіні осы деп балалардың көзінше екі асау жылқының құйрығына байлап, жібереді. Осыны көрген балалар шошымай қайтсін енді. Бұл сөзді естігенде Икенің екі аяғы ұйып, көз алды тұманданып Көкторғайға әрең мінді. Басы мең-зең. Көкторғайды тебініп қалды. Ай жарығымен есін жиып қараса, алдында еңселі қариядай Көкен тауы тұр екен. Сылдыр-сылдыр ағып жатқан бастаудан су ішіп сәл отырды. Таң атып келе жатқан сияқты. Атын жетектеп, күнгей жақтағы Қуандық бабасының моласына барды. «Баба, кешір».  Тізерлеп отырып, ұзақ аят оқыды. Күздің таңы тұсауын үзіп, ағараңдап келе жатыр еді. Ике сырт көзге көрінбес үшін Көкен тауының ішіне кіріп кетті. Көкторғай оқырынып, ойнақтап-ойнақтап алды. Аға! – деген бір дауыс шықты. Ике әуелі тау ішінде шыққан адам дауысын түсінбей қалды. Жан-жағына жалтақтап қарады. Қалың тобылғының арасынан бір жас жігіт шықты. Ике қонышындағы наганын жұлып алды. Кімсің, ей? Аға, аға, атпаңыз. Мен сіздің бауырыңызбын, – деп қарсы жүрді. Күннің сәулесі түспесе де, жарығы әлгі адамның киген киімін де анық көрсетті. Басына фурашка киген, бұтында көк китель шалбар, аяғына хром етік, тек үстіне кигені құлынжарғақ. Тоқта! Кімсің сен? Атамын! Аға, атсаңыз сіз атыңызшы! – деп қарсы жүре берді, қолын да көтерген жоқ. Дәл жанына келіп шылбырына жармасты. Аға, атыңызшы мені. Ике үңіліп қарады. Бұйра бас, шымыр денелі, орта бойылы жігіт екен. Кімсің сен? – деп сұрады. Аға, мен сізді таныдым. Сіз Мотыштың баласысыз ғой. Мен сіздің ағаңыз Мұсатайдың ауылында мұғалім болып бала оқытқан Әуездің Мұхтарының бауырымын. Қожамын мен. Атым – Сары. Ой, бауырым, таң атпай мына жерде қайдан жүрсің? – деп Ике аттан түсіп, наганын қонышына тыға салды. Аға, – деп Сары жерге отыра кетті. – Құдай атты ғой бізді. Мен НКВД-ға кіргеніме он-ақ күн болды. Мен аудан орталығына бір жұмыстармен қалып қойған едім. Қайтадан жолдастарыммен Қарасартов үйіріне қосылуға Шынғыстауға барсам, масқара, аға, – деп жас жігіт иығы селкілдеп жылады. – Мені атып тастаңызшы, аға. Ей, не болды, бауырым? Айтсаңшы енді? Жылай бермей, – деп Икенің жүрегі бірденеңі сезді ме... – Не болды бауырым? Біз барсақ, чекистер қажыны атып өлтіріп, құдыққа тастапты. Үстіндегі киімдерін, аяғындағы етігін шешіп алып, өздері киіп алған екен. Не болғанымды білмеймін. Қарасартовты боқтап атыма міндім де, қаша жөнелдім. Екеуі мені қуды. Астымдағы атыма оқ тиіп, мен бір жардың үстіне түстім де, әйтеуір, құтылып кеттім. Баянауылға нағашыларыма кетіп бара жатырмын, – деп көзін жеңмен сүрте бастады. – Қайран даламның ғұламасы қажы атам-ау! Ике орнынан атып тұрды. Тісін шақұр-шұқыр қайрады. Наганын жұлып алып, кімді атарын білмей, жан-жағына ызалана қарады. Мә саған! – деп наганды жерге отырған жігіттің алдына тастай салды да, Көкторғайға қарғып мінді. Қамшымен осқылап-осқылап Көкен тауының биігіне көтерілді. Ике биікте тұрды. Төңірекке ызалана қарайды. Тісін шақыр-шұқыр қайрады. Көзі жаралы арлан қасқырдың көзіндей. Тауды да, тасты да тесіп жіберетіндей қарайды. «Кәрі Шынғыстау! Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ. Шыңғыс, Темір сияқты талай-талай сайыпқырандарды қолыңнан жөнелттің. Сенде талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, жүрегі жанып, суалғаны да болды. Талай-талай талпынған жас жүрек мұратына да жетті» деп айтып едіңіз ғой, Қажеке?! Шыңғыстаудың қатал табиғатына үйренсең де, «Не істемеп едің Абайға? – деп күңіреніп едің, шерлі Шәкәрім атам-ай. Қош енді, қош! Кегіңді қуатын ұрпағыңнын болмағанына кешір, ата. Біз ынжықпыз. Сізді оққа байлап бердік. Ендігі үміт жас ұрпақта. Кеш ата! – Икенің басы айналып, көз алды қарауытып бара жатты. Лоқсып-лоқсып қан құсты. Көкторғайдың жалын мықтап орап алғанын ғана біледі. Көкторғай зулады дерсің. Бір күн, бір түн шауып отырып, желіп, аяңдап Қытайдың жеріне ілікті. Икеде ес жоқ еді. Көкторғайдың жалын құшып, ештеңені білместен, есігінің алдына келгенде, сылқ етіп жерге құлады. Көкторғай кісінеп, үйді екі айналды да, гүрс етіп жерге құлады. Төрт сирағы тырбаңдап біраз жатты да, жан тапсырды. Үйден жүгіре шыққан Мақыш ес-түссіз жатқан ерінің басын көтеріп: Қабылқақ, қайдасың? – Құдық басынан жүгіріп келе жатқан Қабылқақ сасқалақтап: Аман ба өзі? Аман ба өзі? Демі бар, – деп Мақыш жылап жіберді. Қабылқақ арқасына салып, ағасын үйге кіргізді. Тез-тез шешіндіріп жатып, кеудесіндегі ұйыған қап-қара қанды көріп шошып кетті. Ауыл адамдары жиналып қалып еді. Нәби бұлақтан ұйғырдың ағаш шелегін толтырып, мұздай су алып келді. Былай тұрыңыздар! Былай тұрыңыздар! – деп үйден адамдарды шығарып жіберді де, Қабылқақ екеуі Икенің кеудесін жуа бастады. Оқ тимепті! Оқ тимепті! – деп Нәби қуанып айғайлап жіберді. Басын жоғары көтеріңдер, – деп Құдакелді. – Әй, Рамазан, Райбайды шақыр. Рамазан жіңішке ұзын бойлы, қара жігіт, әшейінде Икеге қалжыңдап, еркелеп жүретін еді. – Ей, неғып тұрсың, ей? Барсаңшы енді, – деп айғай салды. Райбай бағана атын ерттеп жүр еді. Малды өрістетіп кетпесе. Осы кезде есіктен еңкейе кіріп, алып денелі Жұртбай кірді. Ойбай-ау, Қабылқақ-ау, қарағым. Тыныштық па? Кәне, былай тұрыңдар! – деп  Икені көтеріп алып төсекке жатқызды. Ике, амансың ба? Қ-а-ж-ы, қажы... Не? Не? – деді Жұртбай ештеңе түсінбей. Осы кезде Рақымжан үйге кірді. Осы өңірде тау қозғалса, қозғалмайтын осы Рақымжан. Жас кезінде батыр болған. Барымташы. Кейіннен адам емдейтін балгерлігі бар, өзінің жасына қарай аса мейірімді болып қалыптасқан адам еді. Амал қанша? Кейде ішкі жаққа барып келіп  гоманданмен қақтығысып қалатыны болмаса. Әй, Рамазан, үйге барып қандауырымды алып келші, – деді Икенің білек тамырын ұстап тұрып. Рамазан үйден тез шығып кетті. Қарақтарым, – деді Рақымжан. – Үймелемей, үйден шығыңдар. Мақыш қарағым, мына жерге шоқ әкеліп қой. Бір кездеме шытты ыстық суға малып қойшы. Жүгіріп Рамазан келді. Қолындағы түйіншекті атасына берді...      *** Сол жатқаннан Ике он күн орнынан тұрмады. Дәретке Қабылқақ пен Нәби жетектеп апарады. Күніне екі-үш мәрте келіп Рахымжан ем-домын жасайды. Жұртбай үйдің іргесіне кер биесін жетектеп әкеп, сауып саумалы ішкізеді. Бүгін Ике күн шуақтап отыр еді. Жалғыз салт атты келді. Ахмет төре екен. Жадырай сөйлеп: Ау, Ике! Кішкене сырқаттанып қалды дей ме? Көңіліңді сұрауға келдім. Осы жұма күні әкеме Құран-хатым түсірейін деп едім. Сол астың ішінде болыңыз, – деп күле сөйледі. А-а, қабыл болсын. Барамын-барамын, – деді Ике. Ахмет төре осы сөзді ести сала, «асығыс едім» деп атына мініп кетіп қалды. Ештеңе түсінбей қалды. Ана бір жылы осы Ахмет төреден Райымжан Мәрсековті сұрағанда ұнатпай жауап берген еді. Содан Ике бұдан сырт айналып жүретін. Үйден Мақыш шықты. Ешқайда бармайсың? Ешкімге сенбейсің? Енді осы көргеніміз де жетеді, – деп ұрсып сөйледі. Қабылқақ пен Нәбиге айтамын. Сенің басқан ізіңді, ішкен суыңды тексеріп отыратын болады.  Жарайды. Сені тыңдаймын ғой, – деп ақырын сөйледі. Ахмет төренің ауылына баратын күні тақағанда Қабылқақ пен Нәбиді оңаша шақырып алды да, Нәбидің қолына ақша ұстатып: «Мына жеңгелерінің сөзі көбейіп кетті, Шәуешектің базарына апарып келіңдерші, тек мен айтты демеңдер» деп ескертіп, жұмсап жіберді. Сандықтан тәуір киімдерін алып киіп, Құдагелдіге атын жолға дайындатып қойды. «Жұртбайға ештеңе айтушы болма!» Жас жігіт басын изеді. Осы кезде жандарына Райбай келді. Күлімсіреп: Ассалаумағалейкум, Ике аға! Амансыз ба? Анау талдың басында ілініп тұрған бесатарыңызды маған беріңізші. Ағам жоқта сізден сұрап алайын? – деп. Е-е, – деп күлді Ике. – Сирағың ұзын жігітсің ғой. Қолыңды соз да ала бер. Ойбай-ау, өзіңіздің қолыңыздан ырымдап алайын дегенім ғой. Ике аспанға қарап ойланып қалды. «Мұны атаман Анненковтың сыйлығы ғой» деп күрсініп алды да, қонышынан наганын жұлып алды. Тарс еткізді. Мылтық ағаш басынан төмен сырғып жерге түсті. Сасқалақтап қалған Райбайға Құдакелді: Бар! Бар енді. Ал. Мырза беріп тұрғанда. Мерген екі атпайды, екі сөйлемейді, – деп күлген Райбай мылтықты барып алып, үй іргесіне сүйеп қойды да, Икенің қолтығынан демеп, атқа мінгізіп: Мен ерейін бе сізге? – деп сұрады. Жоқ, әлгілердің Шәуешектен қайтатын уақыты болды. Алдарынан шығайын дегенім ғой. Ермей-ақ қой, – деп атын тебініп жүре берді. Ахмет төренің ауылына келген соң амандасып, төрге отыра бергені сол еді. Сау-сау етіп үш сара ала түйме таққан чекистер кіріп келді. Көтібақтың жігіті Мәулен екенін көріп, Икенің көзі шарасынан шыға жаздады. Екі қонышынан екі наганды алып, столдың үстіне тастады.   Ахмет төренің дастарқанын қандамай-ақ қояйын. Қатыныма айтарсыңдар. Екі күн тоссын. Екі күннен кейін келе алмасам, мені іздемесін. Чекистер Икенің қолына кісен салмақ еді, бірақ Ике: Керек емес. Өзім-ақ айдаған жаққа барамын. Бұл менің Ахмет төреге көрсеткен құрметім болсын, – деді. Төре құлағына дейін қызарып төмен қарады. Қанша жатқанын білмейді, қара қапаста бір жұтым су ішпестен сыз жерде жата берген. Шәуешекте Ақмет төренің үйінде НКВД-ның тырнағына іліккеннен бері, «Бақтыда» он күн, Аякөзде бір ай, одан Семей түрмесіне әкеп қамағандарына он күн болып еді. Бүгін таң құлан иегінен оны сүйреп далаға шығарған. Күн көзіне қарай алмай біраз қиналды. Осужденный Адилов, идите ко мне! – деп жымиған әскери адам оған бір ожау су берді. Қылқылдатып жұтып алып, терең демалды. Сұп-суық екен. Осы кезде Қытайға бара жатқанында Мәуленнің Өмірсерікті өлтіріп, қашып кеткені есіне түсті. Одан кейін бір ожау буы бұрқыраған ыстық су берді. Оны да Ике сіміріп салды. Осы кезде баяғыда Рубцовскіден келіп, Семейде Ертуғанның апасының үйінде Қадырмен кездескені есіне түсті. Сол күні кеште Семейдің шетіне шығып, елге қарай бара жатқанда Балапан ағасы мен Сыпатай бауырының өлімін естігенде «ой, бауырымдап» Саржалға қарай ат қойғаны есіне түсті. Ну, казах, вот даешь, то горячий то холодный. Терпишь, а?! – деп офицер оны айналып, қылтасынан бір тепті. Ике бүгіліп барып, қайта түзелді. Орысша сөйлеп тұрған адам екінші қылтасынан тепті. Онда да еңкейіп барып түзеліп кетті. Ну, молодец! Вот орел, да? Сіз не істеп тұрсыз, қымбаттым?.. Маңдайына тапаншаны тіреп тұрып басып қалмайсыз ба?! – деп қарқылдай күлді. Жуан қарын қара қазақ. Ай, қазақтар, бұл алашордалықтарға оқ шығындап қайтеміз, Россияда жаңа ашылған уран шахтасы игерілмей жатыр, көп болса бір-ақ ай жүреді, өзінен өзі уланып өледі. Бір айда қаншама уран өндіруге болады?! Аа, – деді жуан қарын қара қазақ. – Дұрыс айтасыз, дұрыс айтасыз! Бұл иттерді жұмысқа салу керек! Сен маған осындай мықты жүз тұтқын тауып бер?! Әрине, бір-ақ сағатта жыйнап беремін! Мына түрмеде жапон шпионы да, алашордалығың да жетеді! Приказды орындауға рұсат етіңіз! – деп өкшесін сарт еткізіп, қолын шекесіне апарды. Орындаңыз! Ике ағашқа сүйеніп әрең тұр.     Аула ішінде көп тұтқындардың арасында тұр. Кенет көзі түрменің басшысымен сөйлесіп тұрған Қаржанның қамқорлығында болған «оқыған» жігітті таныды. Темекісін будақтатқан түрме бастығына қолын сермеп-сермеп қарқылдап бірдеңе айтып тұр. Осы кезде түрменің үлкен қақпасы ашылды да, төрт солдат алып келе жатқан тұтқынды байқады. Халел аға,  – деп әрең-әрең айғайлаған болды. Бірақ Халел Ғаббасов оның дауысын естіген жоқ еді. Тұтқындар арасынан күбірлеген дауыстар шықты. «Сарыарқа» газетінің редакторы – Халел ғой. Қайран өмір-ай, Лени мен Сталинмен телефон арқылы сөйлесетін Халел ғой бұл! Әлихан екеуі Ресейде Қазақ жерін қорғаған азаматтар ғой! Неге тұтқындады екен мұндай азаматты?!. Тұтқындар өзара сыбырласып сөйлесіп тұрды. Алып жүріңдер тұтқындарды! – деген әмірлі дауыс шықты. Екі жүздей адам ілбіп алдыға қозғалып кетті. Ике бауырым, қош бол! Кінәлама мені, бір Құдайға тапсырдым сені! – деген дауысқа жалт қарап, Белгібайды таныды. Сақалы өскен, қолында күрегі бар шал тұр екен. Ике бар күшін жинап, басын изеп жүре берді. Қараңғыда вагонға иттерді абалатып мінгізіп жатқанда: Амансыз ба? – деген дауысқа жалт қарады. Бұрылып қараса, сол баяғы Мәулен екен. Әрең таныды. Ой, кездескен жерімізді қара, –  деп кекете күлді Ике. – По заданию НКВД? Құдай атқанда, тұтқын болып барамын, аға. Не дейді? – деп Ике таңырқай сөйледі. – «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген чекистер де байлап, матап берді ме? Солай болғаны ғой. Нағыз иттер екен! Бұларды өте кеш түсіндім. Бұларда мұсылмандық болмайды екен. Маған қойған кінәлары «Шәкәрімнің ұлы Зиятты ұстап бермедің, сен сатқынсың! Совет үкіметінің жауысың. Он жерден туысың болса да, өкіметке қарсы адамды ұстап беруге тиіссің!» деп тепкілеп-тепкілеп, үш күн қамады да, осында әкелді. Дәу ағаш вагонға әлсіз тұтқындармен тоғытып толтырды. Әр келген сайын «Жапон шпиондары», «Алашордашылар», «Халық жауы» деген атпен топ-топ қылып әкеліп біткенде, таң атып-ақ қалып еді. Ике сырттағы адамдардың қазақша сөйлегенін естіп, оймақтай жарық түсіп тұрған жерден «Мен Әділдің Икесімін! Мен Алаштың ұлымын!» деп айтып үлгерді. Поезд ақырын-ақырын қозғалып барады... Мәулен тоңғанынан дір-дір етеді. «Дайте кушать, сволочи!» деп айғайлады. Вагонның бұрыш-бұрышында винтовкасын кезеп тұрған солдаттардың бірі қойнынан шошқаның етінен жұдырықтай кесіп, оған қарай лақтырып жіберді. Мәулен еңбектеп, доңыздың етіне жақындап қалғанда, Иеке аяғымен баса қойды. Бауырым, сен жақсы атаның жаман баласы болсаң да, мұсылмансың. Олай істеме. Тым құрымаса, Алланың аманаттап берген жанын өзіне қайтадан аманаттатап тапсыр, – деп аяғының ұшымен доңыз етін теуіп жіберді. Мәулен ағыл-тегіл жылады. Өзі әбден тоңып, дір-дір етеді. Ике үстіндегі жыртық-жыртық, қан-қан жейдесін шешіп оған кигізді. Аға, кешіріңіз мені, – деп кемсеңдеді. Ике үндеген жоқ. Ажал вагонының қақ ортасында қасқайып түрегеп тұр. Ағаш вагонның сынығынан Ай жарығы түсті. Қанша азап көрсе де, білеу-білеу білектері мен шойыннан құйғандай кеудесі толықтай көрінді. Мойнында Шыңғыстаудың арлан қасқырының азу тісі ілінген бойтұмар ақырын-ақырын қозғалып қояды... *** Поезд Ресейдің қалың орманына кіріп, анда-санда ышқынып барады. Қазақ даласына оның дауысы мүлде естілмей кетті... Алаштың өз үні сияқты...

1978 жыл, 18-мамыр. Саржал.

2018 жыл, 5-наурыз. Астана

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351