Бізге шерулетіп жүре бермей, тезірек санамызды сауықтыру керек
Аталарының фотосын бастарына көтеріп немерелері тұрды, шерулетіп балалары жүрді. Иә, бұл соғысқа біреудің атасы, біреудің әкесі, нағашысы қатысты. Қызыл империя отар елдердің ілікке жарар еркегін майданға айдады. "Жазған құлда шаршау жоқ" демекші, оларда не кінә, соғысты. Көбі ажал құшты... (Қазаққа келген зардап аз емес).
Жеңді... Жеңіс рухы 70 жылдан бері санаға сіңірілді. 2-3 ұрпаққа. Оларда да кінә жоқ. Мерекелесін. 9 майды жайлап өз ыңғайымызға аудару үшін қарулы күштеріміздің мерекесін 7 майға қойдық. Ардагерлер де азайып барады. 9 май 7 майға ауысатын болар деген ой бар еді... Соғыстың түп-тегін танитын жаңа санадағы ұрпақ та жетілер. Бәріне тарихтың шын тезінен қарар.
Бірақ, мына өліктер шеруі ме еді, өлместер полкі ме еді, сол шыққалы бері 9 май Ресейдің империалистік идеологиясын жүргізетін, іштегі сепаратистік ниеттегілердің желігін қоздыратын науқанды күнге айналып кеткендей. Жыл сайын өзгеше түс алып келеді. Балға, орақ ту, сары ала қоңыз түсті лента, т.б.
Шерудің алдында БТР пайда бола бастапты. Оған тігілген туды айтыңыз, киім, лента, өзге көлік шеруі өз алдына. Ресейдің Украинадан басып алған Донецк жеріндегі парадын көрдіңіздер, бұлардың ниеті өте жаман. Мына жақта Қытай қазақты шетінен түрмелеп ол жатыр.
Бізге шерулетіп жүре бермей, тезірек санамызды сауықтыру керек. Айналамыз анталаған жау...
Бүгінгі шерулерге қарап отырып келген ой...
Айтпақшы, Мен қазақпын деп әскеріміз ән айтса оны жақтырмаймыз, жыртылу, бөсу деп. Басқамыз өйтіп мақтанбасақ та, әскеріміз айта берсінші... Әскерге қазақпын деген сөз артық болмайды... Ең болмағанда солар кімді қорғайтындарын білсін.
Мұрат Алмасбектің Facebook-тегі парақшасынан
Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақалаға пікір айтып, ойыңызды білдіргіңіз келсе,мына парақшаға жазып қалдырыңыз!
Abai.kz