Елшілік Тель-Авивтен Иерусалимге АҚШ президенті Дональд Трамптың шешімімен көшірілді.
Палестиналықтар Вашингтонның әрекетіне наразы, өйткені олар болашақта өзінің астанасын Иерусалимнің шығыс бөлігіне орнатқысы келеді.
Таңертең Газа секторына ондаған мың ереуілші жиналды. Шекараға беттеген наразы топты Израиль күштері оқпен қарсы алды, деп хабарлады Би-би-си.Ереуілдегілер автомобиль дөңгелегінің тысын өртеп, шекара жаққа тас пен өртейтін бомбалар лақтырды. Израиль жақтан мергендер әрекет етті.
Палестина автономиясы үкіметінің өкілі Юсуф әл-Махмұд Израиль билігін "қанды қырғын" үшін айыптап, халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады. Amnesty International ұйымы ереуілдеушілерді атқылауын адам құқықтары мен халықаралық құқықтарды өрескел бұзу деп атады.
AI мәліметі бойынша, дүйсенбі күні 500-ден астам палестиналық жараланған. Халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйым атысты тез арада доғаруға шақырып, болған оқиғаны "сұмдық" деп сипаттады.
Израиль билігі болса шамамен 40 мың палестиналық жаппай тәртіпсіздік жасағанын, шекара бойындағы бөгетті 13 жерден бұзуға тырысқанын, соған байланысты әскер мұндай жағдайға сай әрекет еткенін мәлімдеп отыр.
Abai.kz