Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5222 7 пікір 17 Мамыр, 2018 сағат 12:45

Рейтинг деген өтірік дүние. Оны ақшаға сатып алуға да болады

 

Әсілі, біз осы «Ойбай, пәлен қылдық, түгілен қылдық» деп, жарияға жар сала бермейді екенбіз. Ондай жарнамаға бас редакторымыздан бастап бәріміз суық қараймыз. Алайда, рейтинг дейтін пәленің ізіне түскен заманда мына төмендегі шағын мақаланы жазуға тура келді.

Бірден ойымды ортаға ашық салайын: рейтинг деген өтірік дүние. Бізді «өкшелей қуып келе жатқан» әріптестеріміз өкпелесе де шындық – осы. Рейтингті ақшаға сатып алуға да, қолмен шимайлап сызып шығуға да болады. «Zero.kz» бар, басқасы бар, барлығында солай. Іс – нақты нәтижемен өлшенуі тиіс. Қоғамдық сананы өзгертуде, қоғамдық пікір қалыптастыруда, кейбір әлеуметтік мәселелердің шешілуінде – сіздің сөздің салмағы негізгі рөлге ие. Қалғаны – бос әңігме, құр айқай. Бір сөзбен айтқанда, «хайпанутые все». Тренд қуу – хайптың жетегінде кету – бүгінгі БАҚ-тың (гәзеті бар, сайты бар, телеарнасы бар) соры болды қазір. «Пәленшеден құрсақ көтеріпті», «түгіленшеден туыпты». Одан қалса, «ананың сирағы, мынаның мұрны қисық екен» деген ақпарат. Өңшең төс пен төсектің төңірегін торуылдаған саржағал басылымдар.

«Abai.kz» ақпараттық порталы бұл санатқа жатпайды. Біз жұрт құсап, рейтинг қуып ақ тер, көк тер болып жүрген жоқпыз. Біз сол рейтингті ақшаға сатып алған жоқпыз. Біз жылт еткенді жаза салып, жұртқа: «Біз – біріншіміз!» деп бөскен емеспіз. Біз хайпанутыйлардың деңгейіне түскен жоқпыз. Құдайға шүкір, өз оқырманымыз бар.

Біз өз сөзімізді жаздық. Біз халықтың сөзін жаздық. Керек кезінде қолында билігі барлардың шымбайына батырып айтып та келеміз. Бірақ, мүмкіндігінше шындықты айтып келеміз деп ойлаймын. Сөзімізден айныған жоқпыз. Бүгін де солай.

Міне, кеше ғана Алманиядағы қандастарымыздан жеткен сүйінші хабарды, Еуропарламент депутаттарының әрекетке кірскені туралы жаздық. Осыдан кейін «Abai.kz» ақпараттық порталының кезекті бір игілікті қадамы туралы жазбасқа болмады. Бұл – біріншіден, қазақ тілді сайттың халықаралық ақпараттық кеңістікке қанат жайып шыққандығын әйгілейтін жайт болса керек. Екіншіден, ғаламтордың тіліне айналған қазақ тіліне, қазақ тіліндегі ақпаратқа енді шектеу қоюдың уақыты аяқталғанын аңғартатын жайт та осы болса керек. Өйткені, күні бүгінге дейін бізге ұлттық мәселелерді ашық та, айқын етіп жазуға түрлі тараптардан қысым болып келген еді. Әлі де бола берері сөзсіз. Үшіншіден, төртіншіден...

Әңгімемізге оралайық.

«Abai.kz» ақпараттық порталы Қазақстанның ақпараттық кеңістігіне енген күннен бері үзіліссіз көтеріп келе жатқан екі тақырып болса, соның бірі – Қазақ көші-коны. Шеттегі, шекара сызығының арғы бетіндегі қазақтың тағдыры. Бауырларымыздың тағдыры. Аталған тақырыптың ауқымында біз кейбіреулер секілді, ортадан қосылып, аяғына шықпай, шаршап, шашылып қалған емеспіз. Біз әуелбастан Қазақ көші-қонының барлық проблемаларын көтеріп, жетер жеріне жеткізіп келеміз. Мәселенің шешілуіне тікелей жауапты министрлер мен әкім-қараларды да ортақ іске жұмыла кірісуге мәжбүр ете алдық (рас, шенеуніктер армиясы қазақтың өз жерінде көбейіп, көркеюіне іштей қарсы, олардың дені көші-қонның ұлттық мән-мазмұнын әлі толық түсініп болған жоқ).

Соңғы 7-8 жылдан бері көші-қонның, қандастардың мәселесін БАҚ-та тұрақты жазып жүрген ақын, Ауыт Мұқибектің, «Abai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы, әрі құрылтайшысы, жазушы Дәурен Қуаттың, өткен жылы 250 қандастың құжатын реттеу үшін Жамбыл облысына барып, жергілікті билік пен Астанадағы ақ жағалы ұлықтарды дүр сілкіндіріп қайтқан Қанат Әбілқайырдың еңбегі ерекше. Тіпті, менің өзім, осы уақытқа дейін Қазақ көші-қонына қатысты, қандастардың мәселесіне қатысты ұзын-ырғасы 40-тан астам мақала жазған екенмін. Иә, көші-қон мәселесі біз үшін ұлттық мазмұны терең тақырыптардың бірі. Біз әлі де көші-қонның күрделі мәселелерін шешу үшін қызмет жасаймыз. Себебі, көзі ашық, көкірегі ояу жұрт – «Abai.kz-ті» бүгінгі XXI-ғасырдың «бас баспасөзі» деп біледі. Бұл – біздің жанымыздан, жан қалтамыздан шығарған сөзіміз емес, оқырманның бағасы.

Енді, жоғарыда айтқан жаңалығыммен бөлісейін. Қазір Қытай билігінің этникалық аз ұлттарға, соның ішінде қазақтарға жасап жатқан саяси сүргінінің күшейгені белгілі. Қазақстанға келіп-кетіп жүргендердің паспорттары тәркіленіп, зейнетке шыққандар Қазақстанға келіп азаматтық алатын болса, зейнетақылары берілмейтін болған. Сондай-ақ, Қазақстаннан ықтиярхат алып, әртүрлі салада еңбек етіп жүргендер Шынжаңдағы жергілікті биліктің  арнайы шақыруымен Қытайға кеткені, онда «саяси-тәрбие» лагерлері мен түрмелерге қамалғаны, Қытайға барғандардың ішінде Қазақстанға қайта алмай қалғандардың көп екені жайлы деректер анықталды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ көші тоқтады. Мүлде тоқтап қалмаса да тоқырауға ұшырады.

Рас, Қазақстанның Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов мырзаның тіке өзімен кездескен «Abai.kz» порталының тұрақты авторы Ауыт Мұқибек Қазақ көші-қонының негізгі мәселелерін министрге жеткізіп, оны шешудің жолдарын да ұсынды. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мырзамен кездескен осы жолдың авторы яғни мен де шеттегі қазақтың мәселесін баса айттым.

Күні кеше ғана осы мәселеге байланысты Брюссельде алқа-қотан жиын өтті. Еуропарламент депутаттары Алманиядағы қандасымыз, журналист, «Abai.kz» ақпараттық порталының тұрақты авторы Өмірхан Алтынның үшбу хаты негізінде Қытайдағы қазақтардың жағдайын талқылады. Бұл туралы бүгін редакциямызға Өмірхан Алтынның өзі хабарласып айтты. Еуропарламент Қытайдағы Қазақ мәселесін бақылауға алды.

Парламент мүшелері  Ларс Адактусон, Уажид Хан, Абигейл Алис, Комитет төрағасының орынбасары Барбара Лочбилер ханым, Адам құқықтарын қорғау жөніндегі білікті маман Улрич Делиус, Қытайдағы Адам құқықтарын таптау әрекеті бұған дейін ешбір мемлекетте болмаған деңгейге жеткенін,  Еуропарламенттің және Халықаралық ұйымдардың саяси қысымды дереу тоқтатуға, адамдардың қорқынышсыз, үрейсіз, бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз ететін шараларды мейлінше тез арада қабылдау керектігін айтқан.

Еуропарламенттің тағы бір депутаты Йохим Зеллер (Joachim ZELLER ) мырза да қазақтар мәселесі жайлы сөз сөйледі. Ол мамырдың 10-11 күндері Астанаға Еуропарламент делегациясы сапында келіп кеткен еді.

Өмкеңнің хаты оқылып, түсініктеме берілгеннен кейін алғашқылардың бірі болып София Ричардсон (Sophie RICHARDSON) ханым сөз алды. Ол «Human Rights Watch» Халықаралық Адам құқықтарын қорғау ұйымының Қытай бюросының басшысы.

Ричардсон ханым соңғы уақта Шығыс Түркістанда аз ұлттарға, соның ішінде этникалық қазақтарға қарата адам құқықтарының адам сенгісіз тәсілдермен өрескел бұзылып отырғанын айтты.

Міне, «Abai.kz» көтерген, көтере беретін Қазақ көші-қонының бүгінгі ауыр хәлі ақыры Еуропарламент депутаттарының құлағына жетті. Алманиядағы қазақ қандастардың «Abai.kz» порталы жазған мақалаларды күнделікті оқитыны, Өмкеңнің, Өмірхан Алтынның арнайы редакциямызға жолдаған үшбу хатында баяндалған екен.

Бұл «Abai.kz» порталының алғашқы әм соңғы жеңісі емес. Аукең, Ауыт Мұқибек айтқандай, мемлекетаралық қарым-қатынас этикасы бойынша, бір-бірінің ішкі мәселесіне араласпау деген ереженің бары рас. Кей мәселеде Қазақстан Үкіметінің қолын байлап отырған да осы еді. Мұндай жағдайда, Халықаралық Адам құқықтарын қорғау ұйымдары, Тәуелсіз БАҚ шешуші рөлге ие болатыны белгілі. «Abai.kz» бұл мәселеде үнсіз қалған жоқ. Мәселені, Брюссельдегі білікті мамандардың құлағына жеткізді. Өмірхан Алтын бауырымыз да қажырлы еңбек, табандылығын көрсетті, бұл жолда. Біз барлық мәселені дипломатиялық жолмен шешуді қолдаймыз, әрине. Халықаралық Заң нормалары негізінде. Кешегі Брюссельдегі Еуродепутаттардың да айтқаны – осы. Біздің міндет - Мемлекеттік емес ұйымдар арқылы Еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Еуропарламентті шынайы ақпаратпен жалғасты қамдау! Оған біздің «Abai.kz»-тің әлеуеті толық жетеді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы,

«Abai.kz» ақпараттық порталының контент-редакторы

 

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496