Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
3210 0 пікір 18 Мамыр, 2018 сағат 16:56

Әлі де көп отбасы баспанасыз жүр

Әлі де көптеген  отбасы баспанасыз жүр деген Сенат депутаттары осы саладағы кемшіліктерді сынға алды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Әр отбасы басымда өз баспанам болса екен деп армандайды. Әр ата-ана баласын үйлендіріп, жаңа шаңыраққа отаулап шығарғысы келеді. Сол армандардың орындалуы үшін мемлекет соңғы жылдары әртүрлі бағдарламаларды іске қосты. Алайда оның жүзеге асып, қарапайым халықты қуантып жатқандары да, шешімін таппай жатқан түйткілді тұстары да бар. Осы түйткілді тарқатып, бүгінгі күні тұрғын үй мәселесінде қандай іс атқарылып жатқанын талқыдан өткізу мақсатында Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы туралы» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Комитет төрағасы Асқар Бейсенбаев Бағдарлама іске қосылған бір жыл ішінде 11,2 миллион шаршы метр рекордты тұрғын үй салынғаны көңіл қуантатынын айта келіп, оның өзі де жеткіліксіз екенін, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүргендігін ашық айтып, кемшіліктерді сынға алды.

А.Бейсенбаев бұл саланың жұмысын алға жылжытуға жол ашатын мынандай мәселелерге көңіл аудартты:

Бірінші, жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет;

Екінші, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына бағытталған сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық тұрғын үй салуға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігін жою қажет;

Үшінші, жергілікті атқарушы органдардың объектілерді уақытылы іске қоса алмауының алдын алуы тиіс;

Төртінші, екінші дәрежедегі банктердің келісу рәсімдерін оңайлату керек;

Бесінші,  «7 – 20 – 25» бағдарламасын жүзеге асыру барысында, «Нұрлы жер» бағдарламасына әзірленіп, енгізілетін өзгерістер өкілетті орган Ұлттық Банкімен бірлесе отырып айқындалуы тиіс;

Алтыншы, өзгерістерді енгізу барысында қолданыстағы «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық проблемалық мәселелерін айқындап, мұқият сараптаудан өткізу қажет;

Жетінші, «Нұрлы жер» мен «7 – 20 – 25» бағдарламаларының жүзеге асыру жөніндегі түсінікті схема халыққа ұсынылуы тиіс; Сегізінші, әртүрлі қолдан жасалған жасанды кедергілерді және артық құжаттар мен келісулерді барынша жою қажет.

«Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілетін өзгерістер қазақстандықтардың қолжетімді баспана алу мүмкіндіктерін жүзеге асыруға кері әсерін тигізуге негіз болмауы керек» ,– деді А.Бейсенбаев.

Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев «Нұрлы жер» бағдарламасын 2017 жылы және 2018 жылдың алғашқы тоқсанында іске асырудың негізгі көрсеткіштерге тоқталды және бағдарламаның жаңа Тұжырымдамасын таныстырды. Өткен жылы 100 мыңнан астам отбасы, оның ішінде 25,2 мың отбасы мемлекет қаржысы есебінен өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартты. Бұл салаға инвестиция 2017 жылы 18 пайызға ұлғайды және 980 миллиард теңгені құрады.

Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков «7-20-25» бағдарламасының жұмыс тетіктері  және бағдарлама аясында қарыз берудің шарттары туралы депутаттарды хабардар етті. Оның сөзінде айтылғандай, қарыз еңбек және кәсіпкерлік қызметтен ресми түсетін кірісі бар және тұрғын үйі жоқ азаматтарға беріледі.

Сенат депутаты Михаил Бортник заңнаманы жетілдіру, оның ішінде халықтың тұрғын үй құрылысы жинағына төлем талаптарын көрсетуді реттеуге қатысты мәселелерге тоқталды. Сенатор сатып алу құқығы жоқ тұрғын үйлердің жалға беру тетіктерін іске асыру және тұрғын үйге сатып алу құқығын қайтару мүмкіндігі мәселелерін көтерді. М. Бортник сондай-ақ бағдарлама аясында ауылдық елді мекендердегі, ең алдымен қала маңы кенттеріндегі тұрғын үй құрылысына бұдан да қарқын беруге шақырды.

Дөңгелек үстел отырысы барысында «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ, «Шар-Құрылыс» ЖШС, «Қазақстан тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ және «ЦентрКредитБанкі» АҚ басшылары сөз сөйледі.

Шараға қатысушылар «Нұрлы жер» бағдарламасын бұдан да тиімді іске асыруға кедергі болып отырған өзекті мәселелерді шешу жөнінде пікір алмасты. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары тұрғын үй құрылысын салуға қаржыландыру көлемін арттыру және инженерлік коммуникацияны жүргізу туралы ұсыныстар айтылды. Сенаторлар сондай-ақ нысандарды уақытынан кеш пайдалануға беруге және құрылысты салу кестесінен кейін қалуға жол бермеу үшін шаралар қабылдауды талап етті.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленді және ол Үкіметке, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мүдделі ұйымдарға жіберілетін болды, сондай-ақ заң шығару жұмыстары барысында Сенат депутаттарының ескеретіні айтылды.

Әділбек Қаба

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1551
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3346
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6196