Жұма, 26 Сәуір 2024
Сатира 5342 1 пікір 30 Мамыр, 2018 сағат 10:19

Халық аш емес

«Президент келеді!» деген хабар жетісімен аудан әкімі ұшып-қонып «билеп» жүрді, тыным таппай, аяғымен қара жерді илеп жүрді. Анау жерге барды, мынау жерге барды, кемшіліктерін көрсетіп, қарамағындағылардың сөлін сығып алды, тіпті көлігінің үстіне шығып алды:

– Үйлерді әктеңдер, дәретханаларды сырлаңдар, қысқасы, қарап тұрмаңдар!

Президент келді. Аудан әкімі соңынан ерді.

– Мынау не? – деп сұрады президент.

– Көшедегі көпшлік дәретханасы.

– Неге екі қабатты?

– Үсті – женский, асты – мужский...

– Аудан әлі өзгермепті. Үйлер жұпыны, су мәселесі шешілмеген. Анау не?

– Дәретхана...

– Қабырғаларын қымбат мрамормен жапқандарың қалай?

– Бюджеттен бөлінген қаржыны тиімді пайдаланайық деп...

– Анау қатар тұрғандар?

– Дәретханалар....

Президент аудан әкіміне бұрылып еді, ол мұрын астынан міңгірледі:

– Дәретханалардың көптігі, халықтың тоқтығы...

Бағадан, қымбатшылықтан бастары айналған нөпір халық әкімнің сөздеріне «мас» еді, ақылы дәретханалар бос, өйткені халық аш еді...

Мұхтар Шерім

Abai.kz

1 пікір