Бейсенбі, 3 Қазан 2024
Алаң 6048 12 пікір 3 Маусым, 2018 сағат 00:44

Менингокок. Төтенше жағдай жариялау үшін қанша адам өлу керек?

Алматыда менингококктен 5 жасар бала көз жұмды, - деп xабарлайды Абай-ақпарат tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Алматы қаласының қоғамдық Денсаулық сақтау Департаментінің басшысы мәлімдеген.

"Иә, бүгін түнде тағы бір бала көз жұмды. Онда аурудың найзағайлы түрі болған. Бірнеше сағат ішінде қайтыс болды. Ол кешкілік сағат жетілер шамасында түсіп, түнгі екіде көз жұмды, - деді ол.

Департаменттің мәліметінше, бұл Алматы қаласында менингококкте көз жұмған бесінші оқиға.

Ал, ОҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметі бойынша облыста 2018 жылдың 5 айында 4 адам менингококк дертіне шалдыққан.

Сонымен қатар осы аурудан 2018 жылдың 5 айында 2 бала қайтыс болған.

Алматыда мамырдың ортасынан бері менингокок жұқпасынан төрт адам - балабақшаға барып жүрген бүлдіршін, студент пен екі ересек адам қайтыс болған.

Алматыда мамырдың 24-і күні дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жатқызылған жергілікті жоғары оқу орнының бірінші курс студенті менингокок жұқпасынан қайтыс болды. Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық қорғау департаментіне сілтеме жасап жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады. Дәрігерлердің айтуынша, науқас студентке қауіпті инфекцияның жылдам таралатын түрі жұққан.

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Әбдісәметов та бүгін Жаңақорған ауданының 27 жастағы тұрғыны менингокок инфекциясының алғашқы белгілерімен ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.

 

Бұл ресми ақпараттар. Қазір әлеуметтік желілерде адам шошырлық бейресми ақпараттар тарай бастады. Сөйте тұра Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда менингокок инфекциясынан ауыру оқиғаларын эпидемия деп санамайтынын мәлімдеп, жағдайды бақылауда ұстап отырғандықтарын айтты.

Журналистер сауалына жауап берген министр соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда 55 адам менингокок инфекциясын жұқтырғаны анықталғанын айтты. Ол бұл инфекциямен ауырғандардың ең көбі Алматыда (31 адам) тіркелген.

Министрдің дерегінше, қазірге дейін Ақмола облысында екі адам, Ақтөбе облысында екі адам, Алматы облысында үш адам, Шығыс Қазақстан облысында төрт адам, Павлодар облысында екі адам, Оңтүстік Қазақстан облысында төрт адам, Астанада төрт адам, Жамбыл мен Қарағанды облыстарында бір адам инфекция жұқтырған.

Біртанов ата-аналарға балаларын көпшілік орынға апарудан тартына тұруға кеңес берді.

 

 

Менингокок инфекциясын Neisseria meningitidis бактериялары қоздырады, ауру түрлі клиникалық белгілермен пайда болады – инфекцияны таратушыда оның белгілері білінбеуі де мүмкін немесе мұрын-жұтқыншақ қабынуы, ми қабығының қабынуы және менингококтық сепсис түрінде өрбиді деп ескертеді дәрігерлер.

 

Мамандар алғашқы белгілері көрініс бере бастағанда жедел жәрдем шақыруға кеңес береді. «Тұрғындар арасында менингококк жұқпасының өршуіне байланысты алғашқы белгілері:

тамақтың жыбырлауы,

ауруы,

бас ауруы,

дене қызуының көтерілуі,

жайсыздық болған жағдайда жедел жәрдем шақырған жөн», -деді қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінен. Осыған байланысты қалада емханалар таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00 дейін үзіліссіз жұмыс істейтін болады. Қазір екі ауруханада 24 адам менингококк жұқпасынан емделіп жатыр. 6 адамға клиникалық диагноз қойылды. Дәрігерлер науқастардың жағдайы жақсы деп бағалап отыр. «Ауруханаға дер кезінде қаралмаған жағдайда адам өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан, адам көп шоғырланған жерлерге барған кезде гигиеналық талаптарды сақтау маңызды. Мешіттерге барғанда бетперде тағып жүрген жөн», - деді мамандар.

Интернеттегі ресми ақпараттарды іріктеп ұсынған Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

12 пікір