Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Сатира 5412 3 пікір 7 Маусым, 2018 сағат 11:05

Тапал бойлы инвестор

Ұшақ есігінен бірінші болып шыққан Инвестордың қырағы көзі өнерпаз қыздардың бас киіміндегі үкі қауырсындарына түсті. Алтыншы түйсігінің алдамағанына іштей дән риза болды. Әуежайдан сырнайлатып - кернейлетіп қарсы алған қазыналы елдің атқамінерлері “Дәстүріміз еді” - деп жұбайына құндыз бөрік, өзінің иығына қасқыр ішік жапқанда Инвестордың алдағы жасалатын келісімшарттың бүтіндей өз пайдасына шешілетініне еш күмәні қалмады.

Қуанышын жасыра алмай сойған түлкідей ыржалақтай берді... шенділерде мәз мәйрам. Кең мол тігілген тон жерге сүйретіліп, тапал бойлы инвестор құбыжыққа ұқсап қалған еді. Инвестордың сапары ресми кездесуден гөрі құдалыққа ұқсап бара жатты. Салтанатты қарсы алу мүрәсімі аспатөк қонағасыға ұласты. Даңғазалықты жаны сүймеседе инвестордың өз мүдесі үшін көнуіне тура келді. Жұбайы екеуі үстелдегі табақ - табақ етпен көзе толы қымыз бен шұбатқа жирене қарап, балғын көкөністерден жасалған кәріс салатымен мейіз қосып пісірілген етсіз палаудан ауыз тиіп отырды. Ауыл шаруашылық министірі қонақтарға арнап сойылған ақ сарбас қойдың басын әкеліп бата сұрағанда күтпеген жағдай орын алды. Күйеуінің қабағынан орайлы сәттің келгенін сезген ханымы құйқасы былбырап піскен қойдың басына қарап ет жақынын жоғалтқандай еңіреп қоя берді. Сасып қалған атқа мінерлер не болғанын түсіндірсеңші дегендей әлекедей жаланған даяшы еврейге жаутаң - жаутаң етіп қарай берді.

- Aясаңдаршы!... олар да сендердей жан иесі ғой, - деді қыстыққан Инвестордың әйелі тілге келіп. Езуі тілініп, көзі өлеусіреген басқа жан бітіп: “Қыршынымнан қидыңдар… обалым сендерге” - деп лағнет айтып тұрғандай еді.

Көзінің астымен бәрін бақылап отырған Инвестор шынына көшті.

“Біз өркениетті қоғамда жасап отырмыз. өркениетті қоғамда хайуанаттардың құқығы қатаң қорғалуы керек”, - деп бастады сөзін. “Өзім де, ханымым да - табиғат жанашырымыз. Халықаралық хайуанаттарды қорғау қорымыз бар. Ұшақтан түскелі бері сіздердің елде хайуанаттардың құқының сақталмайтынына, тапталғанына куә болдық. Бұл бізді өте алаңдатады...” - деп сөзінің артын айтпай, шенділердің аңысын аңдады. Әдетте екі сөзінің біріне боқтық араластырып сөйлейтін шенеуніктер үнсіз. Кінәлі адамдай мойындарын ішіне алып мүләйімси қалыпты. Бір де бірі суырылып шығып: “Хайуанаттардың құқына түкіргенім бар” - деп айта алмады.

Инвестор олардың ұлттық жоралғыларды елін алдарқату үшін ғана жасайтынын түсінді. Жалынышты көздерінен қонақжәй дала халқына жат тойымсыз дүниеқорлықпен екі беткей аярлықты байқады. Атқамінерлер мен Инвестордың қандай келісімге келгені сол күйі жұмбақ болып қалды. Бір анығы сол кездесуге мұрындық болған даяшы Евреймен оның екі сыбайласы, сондай-ақ оларға қазыналы елдің жер асты байлығының құпия картасын бергендер әлемдегі ең бай адамдардың тізіміне енген көрінеді.

Қазыналы елдің аңқау жұрты алақандарын ысқылап әлі жүр... іс жүзінде, жер астында да, жер үстінде де оларға тиесілі ештеңе қалмаған еді.  

Есбол Есен

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1560
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3363
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6356