Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2868 0 пікір 14 Ақпан, 2011 сағат 23:12

Әділ Жетес. Сәукетаев неге сұңқылдай бастады

Жетінші ақпан күні жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың «Құдық түбіндегі көкбақаның зары немесе асфальтті таптаған «тракторлар» мен аспанды улаған «АН-2» деген тақырыппен мақаласы жарық көрген болатын. (http://old.abai.kz/content/tyrysbek-seuketaev-kydyk-t-bindegi-kokbakanyn-zary ) Тұрақты оқырмандарымыз аңғарғандай, мақалада автор жазушы Дулат Исабековтің «Общественная позиция» апталығының 2010 жылғы 1-желтоқсандағы санында жарық көрген «Қазақ әлі ұлт боп қалыптасқан жоқ» («Казахи как нация еще не сформировались») атты сұхбатына байланысты өз ой-пікірін жеткізген еді. Енді, міне, редакциямызға Әділ Жетес мырзаның атынан «Жазушылар Құрылтайы алдындағы жанталас немесе Т. Сәукетаев неге сұңқылдай бастады» деген тақырыптағы қарсы мақала келіп түсіп отыр. Abai.kz ақпараттық порталы ешкімді алаламайтын әділдік ұстанымына сай бұл мақаланы да жариялап отыр.

«Абай-ақпарат»

Жетінші ақпан күні жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың «Құдық түбіндегі көкбақаның зары немесе асфальтті таптаған «тракторлар» мен аспанды улаған «АН-2» деген тақырыппен мақаласы жарық көрген болатын. (http://old.abai.kz/content/tyrysbek-seuketaev-kydyk-t-bindegi-kokbakanyn-zary ) Тұрақты оқырмандарымыз аңғарғандай, мақалада автор жазушы Дулат Исабековтің «Общественная позиция» апталығының 2010 жылғы 1-желтоқсандағы санында жарық көрген «Қазақ әлі ұлт боп қалыптасқан жоқ» («Казахи как нация еще не сформировались») атты сұхбатына байланысты өз ой-пікірін жеткізген еді. Енді, міне, редакциямызға Әділ Жетес мырзаның атынан «Жазушылар Құрылтайы алдындағы жанталас немесе Т. Сәукетаев неге сұңқылдай бастады» деген тақырыптағы қарсы мақала келіп түсіп отыр. Abai.kz ақпараттық порталы ешкімді алаламайтын әділдік ұстанымына сай бұл мақаланы да жариялап отыр.

«Абай-ақпарат»

Біз Тұрысбектің қарымды да, алымды, адам жанының небір қыр-сырын көркемдікпен суреттей алатын шебер қаламгерліктің ауылынан алыс, әйтеуір журналист жазушы деген аты бар біреу екенін білеміз. Бірақ басты міндет жазушы, журналист болу емес қой. Адам баласы әсіресе қолына қалам ұстаған мұсылман адамы ізгілік пен имандылыққа, ар тазалығы мен абыройлылыққа, жалған дүниеде болып жатқан әрбір құбылысқа, адал да кіршіксіз ақ жүрекпен ден қоюы парыз. Оған жамандық пен жақсылықты ажыратып айту парыз. Ол қолыңнан келмесе ең абзалы аузыңды бағып тыныш қалу дейміз-ау. Бірақ адам баласы жарық дүниеге келгенде қанының құрамында бірге келетін бір-екі ғадет болады. Соның бірі - осы заман тілімен айтқанда шабармандық. Тұрысбек Сәукетаевтың «Құдық түбіндегі көкбақаның зары немесе асфальтті таптаған «тракторлар» мен аспанды улаған «АН-2» деп құлаш жарым тақырып қойып, «Абай-kz»-ке ұрып жіберген жиренішті былапытын оқыған адам мынау қазақ десе жүрегін суырып беретін, қазақ үшін жанпида дейтін есіл ерімнің бірі екен деп қалары сөзсіз. Сабыр етіңіз! Жиренішті дейтін себебіміз бар. Себебі, Жазушылар Одағы мен «Хабардың» ортасын жол қылып шапқылап жүріп «Алаш» сыйлығын алса да, жазушы атанса да жазғандарына қалың оқырманнан мынау бір тәуір жазушы екен деген сияқты қоңторғай баға алып көрмеген Тұрысбек сол жазушылыққа барар жолдағы журналистиканы да дұрыс меңгере алмағанын көріп жүрміз. Тұрысбектің журналистикасы бастан-аяқ қатын өсек, өтірік, ойдан шығарып бәле жабу, алып отырған тақырыбына қатысы жоқ қиыр-шиырды шарлап, соны жамандағалы отырған адамына әкеп жапсыру сияқты өте жиренішті «шеберліктерден» тұрады. Осының алдында оның Мұхтар Мағауинді ғасырымыздың, әлде бүкіл қазақ тарихындағы ғұлама, ұлы адам етіп көрсетпек болған ұзыннан-шұбақ  әлде қырық өтірік, әлде жұртты  дұрыс ойдан адастыру сияқты бірнәрсесін оқығанбыз. Оны оқыған адам мына Мұхтар Мағауин деген өз елінде көрмеген қорлығы жоқ, жәбір-жападан жүрегі жараланып, ақыры шетелге - Чехословакияға амалсыз қоныс аударған бір бейшара екен деп ойлап қаларлықтай еді. Амал не, ел ішінде кімнің кім екенін, кімнің бақытқа бөленіп, кімнің әділетсіздік қасіретінің батпағына батқанын көріп, байқап отыратын адамдар бар. Солар Тұрысбектің мынаусы барып тұрған қып-қызыл өтірік екенін айтып, «Үш қоңыр» деген газетке бастырды. Расында да Мұхтар Мағауин Қазақстанда халыққа да танымал болып, биліктен де алар марапат-мадақтарды, пәтерден пәтерді алып, ұзақ жыл «Жұлдыз» журналына бас редактор болып, онда отырғанда өзі ұнатпайтын ақсақал-қарасақал қаламгерлерді әлемге әйгілі Ә. Нұрпейісовтен бастап өзінің жақтастарына ұрғызып, аузын ашса да, кітап жазса да «Мен», «Мен» деп кеңірдегін керіп, ішкені алдында, ішпегені артында балшекер ғұмыр кешіп, ақыры Чехословакиядағы дайын үйіне, сонда «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін басқарып отырған баласына тайып тұрған адам. Оның бәрі ешнәрсе емес-ау М. Мағауин «Шаңырақ» деп аталатын не суы, не газы жоқ, шаңдағы шығып жатқан, бейшара қазақтан басқа бір ұлт өкілі бармайтын айдалада сол қазақтар қалқитып алған баспаналарды билік басындағылар қиратқаны дұрыс болды деп ұрандаған бірден-бір жазушы болатын. Сол кезде ол қаншама қазақ қаншама қаракөз сәбилер қақаған аязда, шыжғырған шілдеде далада қалғанына жүрегі шым етпей, қала әкімі Алматының қақ ортасынан берген «элитная квартираның» кілтін қалтасына сүңгітіп жіберген еді. Ал Тұрысбектің журналистігінде сол Мағауин өз елінде қуғын көріп, амалсыз қаңғып кеткен біреу болды да шықты. Сол шындықты және өзінің ең биік басшысы Н. Оразалиннің шала шайырлығы, мемлекеттік сыйлықты қандай жолмен өліп-талып алғаны, оның Жазушылар Одағының бүкіл қаржы-қаражатын өле-өлгенше ұстап отырмақ болып «Құрметті төраға» дегенді ойлап тапқаны туралы мақалалар басқаны үшін Тұрысбек «Үш қоңыр» деп аталатын тұп-тұтас газетті де қайта-қайта  нұқып өтеді.

Тұрысбек Сәукетаевтың Дулат Исабеков туралы интернетке салған мына былапытнамасын оқыған адам шынында да бұл мақала қазаққа деген өте бір жанарға жас үйіретін жанашырлықпен жазылған деп қалады. Өйткені, жазушы Д.Исабеков баспасөзге берген бір сұхбатында «Қазақ әлі ұлт болып қалыптасқан жоқ» деген пікір айтыпты. Ау, Тұрысбек шынымен қазаққа қабырғасы қайысып қапаланып жүрген адам болса, талайлар «қазақта мемлекет болған емес», «қазақта әскер болған емес», «қазақта шекара болған емес», «қазақта астана болған емес» деп дүйім жұртқа жар салып жатқанда неге үнсіз келді? Тұрысбек тіпті біресе қазақта дұрыс әдебиет болмаған деп, біресе бұл қазақ өзінің бас көтерген адамдарын өлтіріп отырған деп, қазақтың шекпен, шапанына дейін кемітіп «у меня к халатам халатное отношение» деп күркілдеп жүрген Олжас Сүлейменовті де аяғын жерге тигізе алмай мақтап кітап жазып жүр ғой.  Анау жылы азат мемлекетіміздің атын Қазақ елі, Қазақ Республикасы деп қояйық дегенде бұл тек қазақтың елі емес, мұнда басқа да ұлттар тұрады сондықтан мұны Республика Казахстан деп атайық деген де Д.Исабеков емес сол Олжас Сүлейменов екенін Тұрысбек біле тұра ол сөзді бұл мақалада Д. Исабековке қарсы қолданады. Тіпті, Қазақстанда орыс тілі  мемлекеттік тіл болуы керек деген де, әлі де деп келе жатқан да сол  Олжас екенін Тұрысбек жақсы біледі. Бірақ Тұрысбек Д. Исабековтің қазақ ұлт болып қалыптасқан жоқ деген сөзіне «жыны келіп» отырған жоқ, оның есін алып отырған нәрсе-Жазушылар Одағының құрылтайы жақындап келеді. Жұрт мына Нұрлан Оразалиннің отырғанына 15 жыл болды ғой, ұят қайда, оның «Құрметті төраға» дегенді ойлап тапқандағы түпкі пиғылы белгілі ғой деген әңгімелерді соңғы кезде желді күнгі өрттей гулете бастады. Тіпті, Н. Оразалин әнебір жылдары Одақтың ғимаратына жамбаспұл төлемей отыр деп «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» журналдарынан бас тартқанын, енді оны әлдебір жеке адамдардан қайтарып алып ерлік жасадық деп жүргені несі деген де сөздер айтылуда. Осының бәрі келесі Құрылтайда Нұрлан Оразалиннің орнынан таюына үлкен себеп болуы әбден мүмкін. Ал Нұрлан кетсе оның орнына басқа біреу, яки Дулат Исабековке ниеттес біреу келсе күнім не болады деп Тұрысбек зар илеп, запыран құсып мақала жазбағанда кім жазады?

Жалпы, Тұрысбекті өсек-аяңның, жаптым-жала, жақтың күйенің журналисі дегеннен гөрі журналистикаға аярлық пен қулық-сұмдықты енгізудің шебері деген дұрыс сияқты. Енді қараңыз: Жазушылар Одағына мүше деп қабылданған 700 адамның ішінде шын ақын-жазушы саусақпен ғана санарлық екені, оған журналистер де, филологтар да, ақшамен кітап шығарғандар да, тіпті, базар бастығы мен заң саласының, көлік саласының қызметкерлері бар екені Дулат Исабековке дейін талай жазушылар айтқан шындық. Одақ төрағалары бір кездері сайлау кезінде өзіне көп дауыс алу үшін кім болса соны мүшелікке қабылдап, жазушылар санын көбейткені талай айтылды да. Тұрысбек жек көретін «Үш қоңыр» газетінде жазылды да. Оны ақын Мұхтар Шаханов та бірнеше мәрте айтқан. Тұрсекеңнің қулығы сол ол осының бәрін Дулатқа жабады. Енді не істеу керек? Ендігі шаруа Дулат Исабековке қарсы тағы бір топ даярлау. Ол үшін Тұрысбек соңғы кезекте ЖО-ға мүшелікке қабылданғандардың аты-жөнін атайды да, Д. Исабеков, міне осылардың бәрін «графоман» деп отыр деп отты тастап келіп жібереді. Біріншіден, Д. Исабеков олардың бәрін бірдей «графоман» деп атаған емес. Ал осы жерде Тұрысбек Сәукетаев өзінің әдебиетке, көркем шығармаға дегенде аузы дәм, мұрны иіс білмейтінін байқатып алады. Әйтпесе, Тұрсекең З. Жұманова, Ғ.Әріп, Қ. Сәрсенбай, Д.Қыдырәлі, Ә. Салықбаев, С. Байменше, С.Рахметұлы, З. Қоңырова, М. Тоқашбаев дегендер әдебиетіміздің болашақ ауыр жүгін көтеретіндер деуге аузы қалай барады? Оның бұл іні-қарындастарымыз деп отырғандарының алды 60-тан асқан, арты қырық пен елуді әлдеқашан еңсеріп, еңіске түсіп кеткендер. Және бұлардың қайсысы қалың оқырманға, қара  азық болып әдебиетімізге ауыз толтырарлық үлес қосыпты? Ал жасы 60-тан асып кеткен Марат Тоқашбаев дегеннің бір шығармасын оқып, мынау болайын деп тұрған бала екен деген біреуді көрсек көзіміз ойылып түссін. Оның тіпті, жоғары адамзаттық деңгейдегі айтулы бір мақаласы бар дегенді де естісек, сау құлағымызға аппарат тағып-ақ алайықшы! Аталып отырғандар түгелге жуық қарымды журналистер, Б.Қыдырәлі мен С. Байменшин ғалымдар ғана. М.Жолдасбеков, Б.Әдетов дегендер сексен мен жетпісті желкелеп жүргендер.

Бұларды осы жасқа келгенде Жазушылар Одағына қабылдау да, сосын Дулат Исабековке күйе жағуға арналған мақалада «әдебиеттің болашағы», «бесаспап қаламгерлер» деу де келесі Жазушылар Одағының келесі Құрылтайында Нұрлан Оразалинге көбірек дауыс әперуге ғана керек болмаса, әдебиетіміздің алтын қорына қосар ештеңеміз жоқ екенін ғана көрсетуі мүмкін.

Иә, Тұрысбек Сәукетаевтың бұл мақаласы келесі Құрылтайда осы күнгі Одақ басшылығына қарсы шығады-ау дегендерді «қорыққаннан бұрын жұдырықтаудың» бір түрі. Осының алдындағы құрылтай кезінде 200-ден астам қаламгер Жазушылар Одағының басшылығын өзгерту, онда келіп жатқан қаржы-қаражат қайда жұмсалып жатыр, жалпы Н. Оразалин неге бұл орыннан тістесіп айырылғысы келмейді, көрінген шимайшыны мүшелікке қабылдау жазушы атағына кір келтіріп болды ғой деген мәселені көтеріп күн тәртібіне қойған болатын. Сол-ақ екен Т. Сәукетаев сияқты оразалиншілер Одақтың басына қара бұлт төнгендей зар еңіреді. Мына мақалада Сәукетаев оларды жікшілдер деп атапты. Сонда дейміз-ау, бұрынғы қатып қалған қалыпты сәл де болса өзгерту керек, басшылықты ауыстыру керек, Одаққа келіп жатқан ырзық-несібенің бәрі, тіпті анау Шығармашылық үйін жалға беруден ай сайын түсіп жатқан мыңдаған доллар қайда кетіп жатыр, жазушыларға берілген жер, алма бақ, тағы басқалары қайда оған неге Оразалин жауап бермеумен келеді десек, «жікшіл» атанғанымыз қалай. Бұл Тұрысбек одан қаттырақ бірнәрсе айтсақ «экстремистер», «сепаратистер», «террористер» демесіне кім кепіл? Бетіне келіп қатты-қатты сөз айтқаны үшін жасы 70-тен асып кеткен ақсақал Кәдірбек Сегізбаевты Нұрланның жандайшаптары «ойбай, құтқарыңдар» деп бақырғанына қарамай дырылдатып сүйреп тастағалы көп адам Одақ ғимаратына жолауды да қойды. Ал Жарғыға келетін болсақ, Н.Оразалин мен тағы бір-екі-үш адам қол қойып, А. Бектұрғанов деген жазушыны Одақ мүшелігінен шығарып жіберуге қай бапты пайдаланыпты. Ал А. Бектұрғанов Батыс Қазақстан облысының әкімі өзіне қарсы келіп, қарсы мәлімдемелер жасағаны үшін 4 жылға соттатып жіберді. Егер бұл Одақ жазушылардың шын қамқоршысы солардың  ар-намысын қорғаушысы болса нақ шырылдап ара-түсер тұсы осы емес пе еді. Оның орнына жығылғанды қоса жұдырықтау бұл одақ басшылығында кімдер отырғанын ап-анық көрсетті ғой. Ұзын сөздің қысқасы жоғарғы жақтан М.Әшімбаев бастаған бір-екі азамат келіп, әуелі Құдай сақтап Оразалин орнында қалды. Сонда Н.Оразалин сол жерде ретсіз болса да «Міне, Сағатжанның баласы айналайын Мәулен де келіп отыр» деп арқасын тауға сүйегендей болып сөйлегені әлі көз алдымызда. Ал бүгін оразалиншіл Сәукетай Д. Исабековтің Президентпен әңгімесінің тақырыбына дейін келекелеп, енді президент аппаратынан да жалт беріп ЖО-қоғамдық ұйым оның Конференциясы, Жарғысы бар деп былай шыға келіпті. Айтпақшы, Конференция демекші, Н.Оразалин Одақтың жиынында қайткенде Одақты басқарып отырудың жаңа «формасын» ойлап тауып өзін Құрметті төраға қып қалдыру туралы бастама ұсынды. Бұны ол әуелі айналасындағы бырсыпыра сойылсоғарларымен келісіп алып ұсынды. Сосын, оны әлде Конференция, әлде Пленум әйтеуір ЖО-ның мерейтойы кезінде біраз адамның қолдауына ие болды. Бұған Т. Әбдіков, Д.Исабеков, М. Шаханов, Қ. Тоқмырзин, Б.Қойшыбай, М.Кенжебай сияқты белгілі-белгілі ақын-жазушылар қарсылық білдіріп, баспасөзге мақалалар жарияланды. Тұрысбек Сәукетаевтың «жікшілдер»»қожық-божықтар» деп жүргендері де осылар.

Жазушылықтан, не журналистіктен жолы болмай, мақалаларын қатын-өсекке, негізсіз күйелеуге құратын Т. Сәукетай енді бірде Д. Исабековты Жазушылар Одағы төрағасының креслосына отырғысы келіп жүр дегенді айтады. Адам баласы кейде өзінің ішкі пасықтығын, ішкі қара пиғылын біреуге жамайын деп өзін-өзі әшкерелеп жататыны бар. Тұрысбек бұ жолы дәл сонысын байқатып қойыпты. Әйтпесе, Д.Исабековке талай қаламгерлер «Осы Нұрланның орнына сені ұсынсақ қайтеді» дегенде талай рет «Қойыңдаршы, маған соның көк тиынға керегі жоқ»,-деп бас тартқанын көзіміз көрген. Ал Н. Оразалиннің өлеңдерін бұлтартпас дәлелдермен талдап, талқылап, әділ сын айтып, оларды Одақты басқарып отырған адам жазған деудің өзі ұят екенін, Н. Оразалиннің Мемлекеттік сыйлықты араға ақсақал салып жүріп сұрап алғаны жалпы Одақтағы қаламгер қауымға құпия қаржы-қаражаттың, әлгі жер, Шығармашылық үйі, алмабақ тағы басқалары туралы жалғыз Д. Исабеков емес, ақындар Мұхтар Шаханов пен Мырзан Кенжебай да, прозашылар Құрал Тоқмырзин де, Бейбіт Қойшыбаев, Бегділда Алдамжаров және басқалары талай айтқан да. Жазған да. Егер Н.Оразалин соның бәріне нақты жауап беріп, баспасөз бетінде толық мағлұмат бергенде Одақтың айналасында мұндай дау-дамай болмас та еді. Демек, Тұрысбек айтқан «жікшілдік», қаламгер қауымды өзінің жақтастары мен қарсыластарына, яғни, екіге бөліп отырған олардың өздері. Ал Жазушыларға берілетін стипендияның қалай «бөлінетіні» ол да өз алдына бір мәселе. Бұл да көптен бері қозғауды күтіп жатқан іс.

Қорыта айтқанда Тұрысбек Сәукетаевтың интернет жәшігіне сумаң еткізіп салып жіберген «құдық түбіндегі көкбақаның зары» деп аталатын былапытнамасы Д. Исабековтың «Қазақ ұлт болып қалыптаса қойған жоқ» деген бір ауыз сөзіне бола емес, өзі ол «жікшілдер» деп ат қойған Нұрлан Оразалинге қарсы адамдарды жұртқа қаралап көрсету үшін және Н. Оразалин кетіп орнына Д. Исабеков келсе қайтемін деген уайымнан туған мерездік. Ол Тұрысбек айтқандай Д. Исабековтың емес Тұрысбектің зары. Ал оның Д. Исабековті неге көкбақа деп атағаны мүлде түсініксіз. Егер Т. Сәукетаевқа Д. Исабековтың қазақтың, өз ұлтының кейбір қылықтарына өкпелеп ашынып айтқан бір ауыз сөзі ұнамаса, ол соны сылтау қып жалма-жан Н. Оразалинді өліп-өшіп қорғаштап мынадай бықсыққа толы  мына былапытты жазбауы керек еді. Бұл жерде Тұрысбек қазақты емес, Нұрланды жік-жапар болып  ақтауға кіріскен. Шынында Д. Исабеков ашынып айтса да дұрыс айтқан. Қазақ қазір Абай айтқан нағыз мақтаншақ, нағыз бекер мал шашпақ ұлтқа айналды. Бұл қазір тек «біз күштіміз, біз ТМД-дағы ең озық елміз» деп уралаумен келе жатқан ұлт. Қазақта «Ашынған адам Құдайды да балағаттап жібереді» деген сөз бар. Дулат қазаққа ашынғаннан айтты бұл сөзді. Ол ойын түгел аяқтамай осы бір ауыз сөзбен ашуын айта салды. Ал қазақтың бүкіл кемшілігін Абайдан асырып айтқан адам жоқ. Тұрысбек пен оның «жікшіл еместері» бұл тақырыпта сынағыш болса Абайдың қара сөздеріндегі қазаққа деген бүкіл ашу-ызаны сынап көрсін, құр Абай, Абай дей бергенше. Абай қазақтың бүкіл мінін, кем-кетігін сонша сынап жазған заманда қазақтың діні де, ділі де, үрдіс-дәстүрлері де саф күйінде тұрған болатын. Ал Абай бүгінгі қазақты көрсе күйіктен асылып өлер ме еді «қайтер еді, оны бір Құдай біледі. Бүгінгі қазақтың жай-күйін көріп отырған азамат жазушы Дулат күйінбегенде кім күйінеді? Мұндайда Тұрысбек сияқтылар әр сөзден ілік іздеп балақтан ала кететіні белгілі ғой. Бұл заманда Тұрысбек сияқтыларға Нұрлан Оразалин сияқтылардан артық мықты қазақ жоқ. Осы Тұрысбектер Ш.Сариев, Н. Оразалиннің өлеңдерін Абай өлеңдерімен салыстырғанда да үндеген жоқ еді-ау, ә?!

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1485
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5515