Жылой ауданы Ресей құрамына кіріп кетті ме?
Мына үлкен жол бойындағы қоршауға үлкен әріппен баттитып тұрып орыс тілінде жарнама жазып қойған. Мақсаттары тек өз саудаларын жандандыру ғана. Қалған ұлт пен ұрпақ мәселелелері, тіл мен жер тағдыры бұлар үшін көк тиын! Жалпы бұл жарнама қай ұлтқа бағышталған? Орысқа ма, қазаққа ма?
Орысқа дейін десең, Жылой өңірін мекендейтіндер түгел өз қаракөз қазақтарымыз емес пе? Әлде жарнама иесінің көзқарасы бойынша Жылой ауданы түгел орыстанып болды ма? Мүмкін көзіне көктен линза салдырып, қазақ атаулы орыс көрініп жүр ме екен? Өз тілін тұншықтырып, өзге тілді ұлықтаған мұндай кәсіпкерлер ұлты үшін қандай да бір зиянын тигізбесе пайдасын көрсетеді деп ешуақытта ойламаймыз! Әлде біздің қазақ қазақша түсінбей ме, қазақ әрпін танымай ма? Әлде бұл "Мемлекеттік тіл - қазақ тілі" деген бос сөздің куәсі ме? Сонша жағымпаз, сонша жәдігөй болудың қандай қажеттілігі бар? Өз жерімізде, өз елімізде отырып мұндай сормаңдай күй кешуімізге не себеп?
Жылой ауданы Ресей құрамына кіріп кетті ме? Қазақ ұлтының қаймақтарын құртқан осы орыс империясы емес пе? Үш млн. жарым қазақты жойған да осы Ресей емес пе? Олардың өз тілі, өз діні, өз салт-сана ұстанымдары бар емес пе? Дәл сол сияқты біздің де өз тіліміз, өз салтымыз бен дініміз, қазақи ұстанымдарымыз бар! Осы ескертпелерді мидан шығарып алмаған жөн! Біз орыс емеспіз! Біз қазақпыз, мұсылманбыз!
Өз жерімізде тұрып өз ана тілімізде еркін жаза алмасақ, еркін сөйлей алмасақ, өз дінімізді еркін ұстай алмасақ, ұрпаққа қазақ екенімізді таныта алмасақ, онда қазаққа өмір сүріп не керек? Біз мына түрмен жер бетінен жойылып, өзгенің аранына жұтылып кетейін деп тұрған шалажансар ел болғанымыз ба? Онда анау текесақал бүлікші, арандатушы Лимоновтың: "Қытай мен орыс бірлесіп қазақ елін бөліп алу керек" деген сандырағы дәл келейін деп тұрғаны ғой. Бұл орысша жарнама ұрпаққа көрсеткен үлгі насихат па? Әлде қазақ намыстыларына, ұл жанашырларына көрсетілген қыр ма? Қазақ жерінде өмір сүріп, қазақ елінің нанын жеп ауасын жұтып жүріп өз ана тілін сатқан опасыздардан болашақта не күтуге болады? Олардың ұрпақтары да арбаның алдыңғы дөңгелегіне еретіні сөзсіз құбылыс қой. Әкімшілік ішінде дәл осындай істерге тосқауыл болатын қазақ тілі қоғамы секілді жанашыр ұйымдар бар ма? Әлде бұлардың бәрі ауыздары буылған өгіз бе? Сонда олар не қызмет атқарады? Ас ішіп аяқ босатар, асыңды ішейін, аңғарыңа тышайынның тап өздері ме? Тіл үшін бітірері болмаса ондай боскеуделерді құраққа жайған сиыр құсатып ол жерге ұстап қайтпекпіз?
Тілі кеткен ұлттың ділі кетеді, ділі кеткеннің діні кетеді. Біздің қазақ қашан оянар екен? Жарнама иесінің кеудесінде иненің жасуындай намыстың жарқыншағы болатын болса, осы мақаладан қандай да бір түйін түйер деген ойдамыз!
Болат Қараболат
Атырау облысы, Жылой ауданы, Құлсары қаласы
Abai.kz