Бейсенбі, 15 Қараша 2018
Анық 1879 2 пікір 13 Маусым, 2018 сағат 11:00

Басы - тоқшылық, соңы – жоқшылық!

Жемқорлық жайында жүз рет жазылды, мінберлерден де мың рет айтылды. Жақсы еместігі, жалаң екені, жұпыны күйге түсіретіні де тілге тиек етілді. Өзгенің меншігіне бас сұғу, көз тігу, қол тығу қай заманда да ұрлық болып бағаланды, ұрлықтың ережесі ұр да жық, арты қылмыс, қылмыстың заңы қатал қашан да. Біз жемқорлықты заң жүзінде ғана бағалай білеміз. Бірақ өмір философиясының рухани тұсы бар екенін ескермейміз. Кез-келген алымның қайтарымы бар, құны қымбат, жалпы, өмірде «бумеранг» бар. Оның оғы саған тимесе де, ұрпағыңды ұрып-жығары хақ. Осыны біл, осыны біл...

Тар қапас. Қою қараңғылық. Шерлі шарасыздық. Бұл зілді зындан, бұл азапты абақты. Ол ойға батты. Шымбайын шымырлатқан шерін көз жасымен сыртқа шығарды. Шіркін, маған бір мүмкіндік берсе... Аз ғана мүмкіндік болса... Көзі қанталап, басы шыңылдап кетті. Сол сәтін қайтадан көз алдына алып келді. Дардай бастық болып кабинетінде отыр. Жан-жағындағы жалшыларын елемейді, оларға әкіреңдейді, олардың ешбірін шыбын құрлы көрмейді. Шалқайып креслосында жатты. «Мен баймын ғой, мыналардың бәрі ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда, бұлардың мен үшін құмырсқа құрлы құны жоқ. Мен мықтымын ғой, басқаны қайтем, мен атақтымын ғой, абыройым көп. Сондықтан да мына жиіркенішті жандарды мойындамауға құқылымын. Иә, мен кереметпін, кеудемді соғамын. Өйткені бұның бәріне өзім, тек қана ӨЗІМ қол жеткіздім. Ол құны қымбат сусынын сораптап отырды. Есігін еміс-еміс тықылдатып, көмекшісі кабинетіне бас сұқты.

- Әй, әкел ақшаны, жайып таста мына үстелге. Бұл менің меншігім. Бұл маған ғана тиесілі!  

Ол әлгі параны өз қолымен алды, бірақ біреудікі екенін ескермеді, естігісі келмеді. Ол алды да, қалтасына салды. Қылмыс екенін ойлаған жоқ, білмеді емес, білді, бірақ білмегенсіді, ол өзгенің еңбегімен келген ақшаны өзімдікі деп санағысы келді. Бірақ... қылмыс бір күнде ашылды, байлығынан, атағынан, абыройынан, жалшы-малайынан айырылды. Ешкім оны іздеп түрмеге келген жоқ. Жылап отырғаны да сондықтан. Басқа амалы болмағандықтан жылайды, бірақ кімнен көмек сұрайды? Бай болып, шалқып отырғанда кімге жақсылық жасап, жылулық танытыпты? Ешкімге! Қасындағылардың қайсысына адами көзқараспен қарапты? Ешбіріне! Адамдығын артқа тастап, болашаққа бағдар алдым деп ойлады. Шетелдегі жайлы өмірді көкседі. Онысынан түк шықпады. Оның жанына осы батты. Дос деген, туыс дегендері қайда кетті? Белгісіз! Өмір – кезек. Оның кезегі келді, ол өмірінің он бес жылын осы таршылықта өткеретін болды. Өйткені өмір әділетті, ол еш кезде қателеспейді.

«Жемқорлық» сөзінің мағынасына кім мән берді? Кім буындап, мүшелеп көрді. Жем – ас, тамақ, тағам, күнкөріс, қорлық – азап, арам тамақ, берекесіздік, шарасыздық, мүмкіндіктің жоқтығы. Адал асына арамдық қосып ішкен адам қорлық көреді, зорлықтың зәрін ішеді емес пе? Міне, жемқорлықтың апаратын жолы. Иә, бастапқыда бәрі жақсы, жайлы, жағымды болып елестейді. Параның дәмі тәтті болып сезіледі. Бірақ, бәрібір өмір өзінікін алмай-бермей қоймайды. Жемқорлықтың құрамы ащы, тілге жағымсыз, дәмсіз, тұзсыз...

Басы - тоқшылық, соңы - жоқшылық. Оның аты – ЖЕМҚОРЛЫҚ.

Эльмира Абетжанова

Abai.kz

 

2 пікір