Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 5798 1 пікір 14 Маусым, 2018 сағат 09:36

"Тіл кестіру" дәстүрін білесіз бе?

Анам Күләнда айтқан ендігі бір әңгіме

– Әкелерің атадан жалғыз, жалпы бұл жалғыздап барып, Алланың шапағатымен жіңішкерсе де, үзілмей келе жатқан тұқым. Папаларыңның есімінің Төлеухан деп қойылғаны да бір тарих.

Ағайынды екі жігіт- Сейдәзімнің Молдаәлім деген, Сәбденбектің Молдахан атты бір-бірден ұлы болады. Молдаәлім бет біткеннің сұлуы, көркем жігіт екен, ол кезде сахнаға қыздардың шықпайтын уақыты ғой, сонда ажарлы Молдәлім қыздардың рөлін ойнайтын. Ол оқуда да өте алғыр болып Орынборға рабфакка кетеді. Сонда жүргенде оқытушыларын білімділігімен таң қалдырады. Оқуы аяқталуға жақындап, емтихан тапсырып жатқанда, сынақ алып отырған орыс мұғалім: – Апыр-ай, мынандай да орысшаға да, білімге де жүйрік, суреттей сұлу қазақ болады екен-ау, жарайсың, – деп арқасынан қағады. Сол емтиханнан ауырып, қолтығынан екі жолдасы сүйеп шығарып, қатты құлаған Молдәлім дүние салады. Денесін жуғанда арқасында бес саусақтың табы қарайып тұрыпты. Арыстай ұлынан айрылып, аңырап артында қалған анасы Ардақ пен әкесі Сейдәзімді елдің жұбатуы қиын болады.

Жаратқан жүдеген көңілдер жадырасын деген шығар інісі Сәбденбектің баласы Молдаханның үйіндегі келін Нұрзия босанып, бір шарана өмірге келіпті. Молдаәлімнің орнына төлеуге келді, аты Төлеухан болсын, бастарың жас қой бұл баланы аңырап отырған кейуананың бауырына салайық деген Сәбденбек пен Қалиланның айтқанынан шықпаған мейірімді ұл мен келін жүдеген көңіліне жұбаныш сыйласын деп сәбиді қос мұңлықтың тәрбиесіне береді. Ғажайыптар көп қой, Ардақ әжеміздің алпыстан асқан кезі, шарананы қолына алғанда төсі иіп, кеуіп қалған омыраудан сүт шығады.

Содан қос үйдің ортасындағы жалғыз қарашық бала әкелеріңнің әуелі екі үлкен әкесі қайтыс болады. 32-нің аштығынан сүйектері ілініп әзер шыққан сол жылдардағы халық басына түскен ауырпалық аздай, аяздай қысқан 37 де келіп жетті. Енді екі шалдың ұрпағын жалғайды деп үміт күткен Молдаханға менің әкем Мәлікпен бірге Кеңес үкіметіне қарсы ұйым құрды троцкист «Халық жауы» деген айып тағылып, Сібірге айдалады. Жолда аталарың сүзекпен ауырып, қайтыс болғанда сүйегін пойыздан жолай лақтырып кетіпті. Ақ жуып, аруламақ түгіл мәңгілік тыныстаған жерінің қайда екені де белгісіз. Ал қазір сол кісілерге бағыштап оқыған құранның сауабы тие берсін дегеннен басқа амал жоқ.

Не керек, бірнеше әке мен бірнеше шешенің ортасында айталтаң мен күнталтаң болған папаларыңның Ардақ пен Нұрзия аналары да қайтыс болып, тек Қалилан әжесі екеуі ғана қалады. Кәрі әжесімен қалған, өзі «халық жауының» баласы 13-тегі жеткіншектің көрген қиындығын кісі басына бермесін.

Қалилан әжем, керемет ажарлы кісі болатын, киімді жарастырып киетін. Отырған жерінде дін ашып сөйлеп, әзілін айтып, елдің бәрін қыран- топан күлкіге көміп, көшелі әңгімені өзі де айтып, оны тыңдай да білетін, көкірек көзі ояу ғажап жан болатын. Әжелерің қазіргі тілмен айтқанда өте бір прогрессивті көзқарастағы адам еді. Мен қолына келін болып түскенде: –Сен өзің тым шыңжаусың, қолыңнан колхоздың ауыр жұмысын атқару келмейді, мен барда күйеуіңнен қалмай оқып ал,– деп педущилищеде оқуыма өзі рұқсат бергені де сол көзінің ашықтығы емес пе. Басқа уақытта шөп басын сындырмайтын әжем үйге қонақ келгенде: –Барып домбыраңмен ән салып бер, мына жердегі жұмысыңды мен атқара берейін,– деп, және жас босанған күнімде қырық күнге дейін қолымды мұздай суға тигізбей жас балаша күтетін еді, жарықтық. Сол әжем айтатын. Бұл үйге мықтап тиген көз бар. Кезінде шалдар, тіл кестірмей болмайды дегенде аталарың көнбей қойып еді деп.

Тіл кестірудің шарты ауыр болады. Оны орындайтын шаңырақ бірнеше ай бойына үйлерін оңаша тігіп, ешкіммен қатынаспайды, тілдеспейді. Қонақ қабылдамайды, қандай жақынының үйінде қуаныш, қайғы болып жатса да төбе көрсетпейді, оқшау отырып тіл кестірудің барлық шартын орындағанда ғана барып тіл-көз кетеді. Бірақ қашаннан қонақжай, есігі жабылмаған, асы дәмді, қолы берекелі бәйбішелері бар, сүттеріне дейін баптап пісіретіндіктері сондай «Үзеңгі тастаса үзілмес Қалилан-Ардақ қаймағы» –деген атаққа ие болған үйдің иелері бұл шартты орындай алмайтындықтарын айтып, ақсақалдардан рұқсат сұрайды.
Ал әкелеріңнің Сәбденбеков емес Төлеухан Сейдәзімов болуының осындай тарихы бар, татулықтың, бауырмалдықтың, қонақжай, меймандостықтың үлгісі болған ата әжелеріңді ұмытпай, сол дәстүрді жалғастыра беру міндеттерің. «Би болмасаң да, би түсетін үй болыңдар»-қонағы көп, кісі түскен үйде көшелі әңгіме тыңдап өскен балалар жаман болмайды,- деді анам немерелеріне.

Анар Тілеуханның Facebook-тегі парақшасынан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625