Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 5487 0 пікір 14 Маусым, 2018 сағат 11:06

Кеңістікте...

Осы қыздар кәмпит таратқан сайын шешем есіме түседі. Шешеммен бірге бәленшенің әйелі де ойыма оралады...

Анам марқұмның қалтасы бос жүрмейтін. Құрт, кәмпитін салып жүретін анам кезіккен адамның бәріне тәттілерін үлестіретін. Бір күні шешейдің жұмысынан шығып үйге келе жатқанымызда алдымыздан бәленшекеңнің үріп ауызға салғандай жас келіншегі кезікті. Баршыным әдеттегідей қалтасынан кәмпитін шығарып, ана сылқымға ұсынды.

Сонда ана жеңешеміз кәмпитке қарап тұрды да басын шайқап, иығын қиқаң еткізіп:

-Мен бұндай кәмпит жемеймін, - деді.

Аяулымның кәмпит ұсынған қолы ауада тұрып қалды. Не әрі емес, не бері емес. Көңіл деген өте нәзік, иммунитеттен жұрдай нәрсе. Тым жараланғыш. Бір атым насыбайдан қалатын көңілдің со жолғы қорланғаны күні бүгінгідей есімде. Шешем тақ бір соған жағымпазданып тұрғандай. Айналайын-ау, ене жолындағы анаңдай адам еді ғой, неге қолын қайтардың? Түк түсінсем бүйырмасын. Ондай кәмпитті жемесең жеме, ала сал, былай шыға бере лақтыра сал, итке бер. Бірақ өзіңе мейірі түскен адамның қолын қайырма. Шешемнің қолындағы кәмпитті алдым да аузыма салдым. Сондай бір сорлы кәмпит емес, сорғыш кәмпит қой. Барбарис. Балдай. Менің көңілім ғана қалмапты, шешей де ренжіген екен.

- Ақылы аздау екен иә, - деді.

Осы күні әйелім біз қашан сөйтер екенбіз дегендей: "Гүлімай гүлге ораныпты, Пәридалар Парижге кетіпті, Шынаргүл шуба алыпты, Данагүл Дубайда жүр екен" дегендей әңгіменің шетін шығарса, самарқаулау ғана, басымды қатырмашы дегендей бір сөзбен; байдың қатындарына не істесе де жарасады ғой... - дей салам. Иә байдың қатындарына не істесе де жарасады дегенмен, қанша жерден байдың қатыны болса да, сол жолы ана келіншектің қылығы жарасымсыз еді. Сүйкімін қашырып алғандай болды-ау деймін. Ала салса несі кетер еді? Жемесең жеме, Өкеннің балаларына бер, иә болмаса лақтыра сал, Бөкеннің балалары тауып алып жейді. Сұлу келін өйтпеді. Алмады.

Шешей ғой пендешілік пен маразм меңдеген мына жалған дүиеден биіктеп кеткен. Мен жүрмін ерке жеңгемнің болмашы еркелігіне әлі күнге бұртыйып. Құдай-ау, ода тұрған не бар деймін ғой. Жегісі келмеді, жемеймін деді. Шешем өте парасатты кісі еді, құрттай келінінің құртақандай қателігін сол сәтінде-ақ кешірген болу керек. "Жақсы адамның өкпесі шайы орамал кепкенше..." Мен де ондай қатты жаман адам емеспін. Және бұл көрге басың жеткенше өкпелейтіндей себеп емес. Кешіргем. Қазір де кешіріп отырмын. Өйткені мен қазір сол ерке жеңгемнен он мың тоғыз жүз алпыс үш метр биікте кетіп бара жатырмын. Құдайға жақын маңда дегендей ғой. Оның үстіне ораза айының соңғы күні. Тағы бір адамды тағы бір рет кешіріп үлгерейін.

Айтпақшы, сол жеңгеммен арада бір қызық оқиға болды. Ондай қатты оқиға емес, болмашы нәрсе. Бірақ, қызық. Кішігірім есе қайтару сияқты ғой. Оны айтайын десем, ол жеңешемнің кім екені білініп қалады. Баяғыда жақсы еді, ауылға қатысты посттарды пере беретінмін. Өйткені ол кезде мен орта азияда теңдессіз, әлемде екінші дегендей, Қазақстанда тұрғызылған, салынған дүниелердей ауыл бойынша бірінші, Нарынқол бойынша екінші болып тіркеліп едім ғой, фейсбукқа. Өзімнен басқа ешкім болмағасын жаза беретін ем. Қазір жарты ауыл осында. Руxани жаңғыру бағдардамасы аясында ғой деймін. Сол себепті жаңағы оқиғаны айтпадым. Білгісі келгендер жекеге шығыңдар.

Қой, сәмөлет төмендей бастады. Ал маған төмендеуге болмайды деп тегеш болып қалсаң иә. Алматы мен Астананың арасы бір посттық жер екен ғой. Тұрақтай алмай тегістікке, тірелді бір күн егістікке демекші, кеңістікке бір шықанымда тағы кімді кешірейін. Тағы кім не істеп қойып еді маған? Қазірше тәмам.

Бейбіт Сарыбайдың Facebook-тегі парақшасынан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618