Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Елім-ай 17668 9 пікір 17 Маусым, 2018 сағат 15:59

Қос қария мен қос бүлдіршіннің тағдыры не болмақ, Қайрат Құдайбергенұлы?!

Кеше кешкі уақытта Алматы облысына қарасты Шелек ауылынан суық хабар жетті. Күйеуін Қытайдың жергілікті басшылығы еш себепсіз ұстап отырған Керімхан Намазханқызы дейтін азаматша қайтыс болыпты. Бүтін бір отбасының басына түскен ауыр қайғыны біздің рекдакциямызға ет-жақын туыстары хабарлап айтты.

Керімхан Намазханқызының жаназасы бүгін Шелек ауылында шығарылып, денесі жер қойнына тапсырылды.

;feature=youtu.be

Аталған жайды естіп, марқұмның жаназасына біз де бардық. Қайғының батпан жүгін арқалаған қариямен сөйлесіп, мәселенің мән-жайымен жіті таныстық.  Енді аталған жайға қатысты деректерді рет-ретімен баяндайық.

Қайтыс болған келіншектің есім-сойы – Керімхан Намазханқызы. Өзі 44 жаста. 1974 жылы туған. Қытай азаматшасы болған. Қазақстанда жүріп-тұруға берілген ықтиярхаты бар.

1 жыл бұрын бүкіл отбасымен біржола Қазақстанға көшіп келген. Ата-енесі, екі баласы осы Қазақстанда тұрып жатыр. Күйеуі Қытайдағы үйін сатып келмек болып,  шекарадан екінші мәрте өткенде, үлкен ұлы екеуінің паспортын жергілікті билік тартып алған. Содан бері 8 ай өткен. Саяси үйрену лагеріне түспеген. Түрмеге жабылмаған. Паспорттары жоқ. Қытай аумағынан шығуға болмайды деген қатаң бақылауда.

Қытайда қалған азаматтың есім-сойы – Әли Сылқымбайұлы. Үлкен ұлы Қайнар Әлиұы 20 жаста. Ол да әкесімен бірге Қытайдан шыға алмай қалған.

Шелектегі үйде 95 жастағы әкесі мен 87 жастағы шешесі және мектепте оқитын екі баласы қалды.

Марқұм Керімхан Намазханқызы отбасымен Қазақстан азаматтығына құжаттар жинап жүрген екен. Қазақстандағы екі бала аналарының ықтиярхатына тіркелген. Ата мен апа да Қытай азаматтары. Олардың да ықтиярхаттары бар.

Кіші Бүлдіршін Әлиқызы 5-сыныпты аяқтады. Бүлдіршіннің қытайлық паспортының жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Оны паспортын жаңарту үшін Қытай консулдығына бірнеше мәрте барғанымен, жаңа  паспорт алу үшін әкесінің қолы керек болған. Консулдық Әлидің Қытайда екені туралы анықтама сұратқан. Ал Қытайдағы жергілікті басшылар ондай анықтама бермеген. Сөйтіп, қыздың құжаты қабылданбаған.

Ортаншы ұлы Қайрат Әлиұлы 8-сыныпты аяқтады. Екеуі де қазақ мектебінде оқиды. Қайраттың да паспортының жарамдылық мерзімі өтуге таяу. 12-айда жарамдылық мерзімі аяқталады. Бұл балалар азаматтыққа тапсыру үшін әкесі болуы керек.

Үйдегі қария кісілер өздігінен жүріп-тұра алмайды. Кісі көмегіне зәру. Ал мұнда Қытайда жерлестері болған бірлі-жарым адам ғана бар демесеңіз, ешбір туысы жоқ. Оларға қарап отырған келіндері (Керімхан Намазханқызы) қайғыдан құса болып, ақыры миына қан құйылған.

87-жастағы апаның айтуынша, Ораза айттың екінші күні, айт дастарханын жайып қойып, көрші-қолаңды қонаққа шақырыпты. Түстен кейінгі уақытта үйге келген көршісі көрген. Ауа жетпей, кеудесіне су бүркіп тұрған екен. Содан сол жерде құлаған. Дәрігер шақыртқан. Шелектегі ауруханаға жеткізгенде белгілі болған. Миына қан құйылыпты. Содан айналдырған 3 сағаттың ішінде қайтыс болған.

Марқұм Керімханның ана-енесінің айтуынша, дені сау, бұрын еш шағымданбаған екен. Тек күйеуі мен үлкен ұлының Қытайда тұтқында отырғанына құса болып жүрген.

Сылқымбай Торғайұлы, 95 жаста. Марқұмның атасы:

- Атым Сылқымбай. Өзім 95 жастамын. Кемпірім, міне 87-де. Осы келіннің арқасында білінбеген екен. Енді білдік. Кетіп қалып қиын болды ғой. Не киім тауып кие алмаймыз, не тамақ тауып іше алмаймыз. Қайран балам-ай. Ұлым Қытайда қалды. 8 ай болды, келе алмай ол отыр. Қасында үлкен ұлы бар. Ол бір жұмысшы да емес. Қарыз-құрызы да жоқ. Құлжа қаласына қарайтын Мұңғылкүре ауданы, 77-туән алаңында екен қазір. Мына қайғылы хабарды естірттік. Тіпті телефон арқылы суретін де жібердік. Сонда да Қытай жібермей қойыпты. Енді көрген күніміз мынау болды. Келінім міне, уайым-қайғы ойлап жүріп кетті ғой.

Шәкен Қасенқызы, 87 жаста. Марқұымның енесі:

- Мына екі мүсәпір адам, қалдық, қарғам. Бізді қарап, күтіп-бағып отырған келінім еді. 3 баласы бар еді. Үлкені әкесімен бірге Қытайда қалды. Онан соң, мына ұл мен қыз біздің қасымызда. Мектепте оқиды. Қытайдағы балам мен немерем қамауда емес. Екеуінің де паспорттарын тартып алған. Қазақстанға шығармай отыр. Келін қайтыс болған соң, «вичат» арқылы хабар жіберген едік. Қайыр болмады. Қайырымсыздар, қазаға да жібермеді.

Гүлзат Есмолда, туысы:

- Мен, қайтыс болған кісінің қайын сіңілісі боламын. «Вичат» арқылы ағама осы хабарды жібердік. Ол кісі барып, әйелінің қайтыс болғанын, қарт ана-анасына қарайтын адам жоқ екенін айтса да ол жақтығылар паспортын қайтарып бермеген. Ата 95 жаста, апа 87 жаста.  Өздіктерінен жүріп-тұра алмайды.  Жеңгем ешқандай ауру-сырқаусыз, осы кісілерді күтіп-бағып жүрген. Қытайлар күйеуі мен үлкен баласының паспортын алып қойып, жібермей жатқанына 8 ай болды. Соны уайымдап жүріп-ақ, құсадан қайтып отыр. Әйтпесе, сап-сау адам. Айтын жасап, кісісін күтіп отырған. Аяқ-астынан жығылды. Ауруханаға апарған. Уайым-құсадан миына қан құйылып, сол жерде қайтыс болды. Енді, міне, бұл үлкен кісілерге де қарайласатын адам жоқ. Бұл жақта туыстары да жоқ. Осы кішкентай екі бала ғана қалды.

Қайрат Әлиұлы, ортаншы ұлы:

- Мен 16 жастамын. Мектепте оқимын. Қазір демалысқа шықтым. Шешем қайтыс болды. Енді әкем мен ағамды қайтарып берсе екен.

Бүлдіршін Әлиқызы, қызы:

- Жасым 12-де. Әкем мен ағамды Қазақстанға, бізге әкеліп берсе екен. Атам мен апама, бізге қарайтын ешкім жоқ қазір.

А, айтпақшы, марқұмды жеткізген Шелектегі орталық аурухана қызметкерлері, қайтыс болғаны туралы анықтама бермеген.

Түйін. ҚХР Сыртқы істер министрлігінің назарына!

Құрметті Қайрат Құдайбергенұлы!

95 жастағы Сылқымбай ата мен 87 жастағы Шәкен апаның қолдарында ықтиярхаты бар. Дегенмен, Қазақстан азаматтығын алу үшін құжат тапсыра алмайды. Себебі, оған физикалық мүмкіндігі жоқ. Кісі көмегінсіз жүріп-тұра алмайды.

16 жастағы Қайрат Әлиұлының қытайлық паспорты биыл желтоқсан айында жарамсыз болып қалады. 12 жастағы Бүлдіршін Әлиқызының паспортының мерзімі өтіп кеткен. Жарамсыз. Бұл балалар марқұм аналарының ықтиярхатына тіркелген. Қазақстан азаматтығын алу үшін Қытайдағы әкесі келуі керек.

Қарт кісілерге қарайтын кісі жоқ. Екі бала мектеп жасында. Жұмыс істемейді. Шелек ауылында тұрғылықты баспаналары бар. Қытай билігі саяси себептерді сылтауратып, елден шығармай отырған Әли Сылқымбайұлын Қазақстанға алдыртпаған жағдайда бүтін бір отбасының шаңырағы опырылып ортасына түспек.

Кісі көмегіне мұқтаж қариялардың барар жері - қарттар үйі, мектеп жасындағы қос баланың болашағы жетімдер үйінде өтпек. Бұл азаматтарды ешқайда жібермей, қарайласады дейтін туыстары да жоқ. Тіпті, атасы мен апасының қолындағы Қайрат пен Бүлдіршін Қытай азаматы болғандықтан, елден қуылып кетуі де әбден мүмкін.

Сондықтан, бұл іске Қайрат Әбдірахманов мырза тізгінін ұстап отырған Сыртқы істер министрлігі дереу араласуы керек. Екі ел арасындағы дипломатиялық тетіктер арқылы Қытай билігі еш себепсіз елден шығармай отырған Әли Сылқымбайұлы мен Қайнар Әлиұлын Қазақстанға алдырту және мерзімінен бұрын азаматтық беру ісі кезек күттірмейтін шаруа.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Шелек ауылы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019