Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 9860 55 пікір 18 Маусым, 2018 сағат 09:40

Ғұн империясын билеген тайпа атауы – Асылұя

Өткен жолы "Үйсін империясының бізге беймәлім болып келген тарихы" атты мақаламызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасының негізгі мәні тым тереңде, сонау сақ, үйсін дәуіріне дендей еніп, тарихымызды түп қопара зерттеуде жатқанын айтқан болатынбыз. Бүгін де сол үрдістен жаңылмай, Ғұн империясын билеген Асылұя тайпасы жайлы оқырмандарға кең көлемді мақаламызды ұсынып отырмыз.

Хунь (ғұн) халқы б.д.д. ІІІ мыңжылдықтағы хунь-юй («хоңыр үй») тайпасынан қалыптасқан. Халықтың өз атауы хоңыр, «Р» дыбысы жоқ қытай «хоңыр үй» атауын «хунь-юй» деп, яғни «хоңыр» атауын «хунь» деп жазбаларына енгізген. Орыс тілінде хоңыр «хунр» делінсе, «Р» дыбысы жоқ қытайлар хоңыр халқын «хунь» деген.

Б.д.д. V-IV ғасырларда атақты Хұң (хунь, қазақша ғұн) империясы қалыптасты. Империя билігі "силюань-ди" тайпасында болды. Хұңдар 24 тайпалы халық, «силюань-ди», «хуянь», «лянь», «сюйбу» деген 4 тайпа мемлекет билігінде өз орындары бар таңдаулы «ақ» тайпалар, қалған 20-сы – өз көсемі мен жасағы бар қарапайым тайпалар. Билеуші  "силюань-ди" тайпасы тек таңдаулы 3 тайпамен ғана қыз алысып, беріскен. Билік жүйесіндегі мансаптарды таңдаулы 4 тайпа өзара бөліскен, ең жоғарғы патшалық билік «шанью» тек «силюань-ди» тайпасына тиесілі болса, «сюйбу» тайпасы мемлекеттің сот жүйесін қолында ұстаған. Қытай тілінің білікті маманы Оңдасын Битановтың көмегімен «хуянь» – құман тайпасы, «лянь» – ұлан (алан) тайпасы, «сюйбу» сұрбөрі тайпасы екенін анықтадық (сұрбөрі – атақты «көкбөрі» тайпасы, қазақта «көк аспан» мен «сұр аспан» мағыналас). Ал билеуші "силюань-ди" "асылұйаң-дар" деген тайпа болып шықты, яғни «Асылұяң» деп аталған (хұңдық "дар" жалғауын қытай "ди" деп қысқартып жіберген). Билеуші тайпаның адамдарын «асылұйаң-дар» дейтінін естіген қытай оны «силюань-ди» деп көрсеткен. Демек, Хұң империясын билеген тайпа атауы – Асылұя.

Лев Гумилевтің қытай деректерінде мынадай жолдар бар: «Қытай билігі І ғасырда хуянь тайпасының бір өкілін алдап шақырып, оны шанью етіп сайлауға тырысқан, алайда ол адамның өзі де, тайпасы да оған көнбеген». Онда барша хұң халқы тек силюань тайпасы адамын ғана шанью деп мойындағаны жазылған. Қытай империясы хұңдардың билеуші династиясының беделін түсіруге, ыңғайы келсе билеуші төрт тайпа арасына «сына» қағуға тырысты. Өйткені Қытай империясы қалайда Хұң империясын әлсіретуге мүдделі болды. Сондықтан «Моде әкесі Тоуманьды өлтіріп, билікке келген» деген қытай дерегіне сене беру орынсыз.

Жоғарыда қытай жазбалары хұң атауын тарихқа өзгертіп енгізгенін айттық. Себебі қытай тілінде «Р» дыбысы болмауында және кей әріптердің өзгеше дыбысталуында дедік. Мысалы, қытай тілі заңдылығына сәйкес қазақхасакы, сақсакы, ошақюэчжакы, хоңырмын хуньмуны деп дыбысталуы тиіс. Алайда қытай бөтен атауларды «қысқартқыш», мәселен олардың жазбаларына қазақ – хаса, сақ – си, ошақ – юэчжи, хоңырмын хуньмо болып енген. Мұхият зерделеген адамға Моде есімі «Мүде», оның әкесінің Тоумань есімі «Таумаң», ал Шанью «Шыңүй» екенін байқау қиын емес. Ол есімдер мен атаулар хұңдардікі, ал хұңдар түркітілді болғаны белгілі. Шанью империя билеушісі, оны «шыңүй» деп түзесек, мағынасы нағыз патшаға лайық атау болып шығады («шың» – вершина, ал «үй» – дом, шыңүй – высочайший дом), шыңүй – «Ханүй» немесе «Патшаүй» деген мағынада. Демек, қытай жазбасындағы «шанью» – хұң тілінде «шыңүй». Қытай жылнамасы шыңүй туыстары (ханзадалар) «шығыс джук ханзадасы» және «батыс джук ханзадасы» деп екіге бөлінетінін көрсетеді. Ондағы «джук» дегені «жік» – қазіргі «ру» орнында қолданылған сөз. Бүгінгі тілмен айтсақ, «шығыс ру ханзадасы» және «батыс ру ханзадасы» болады. Қазақтың «жік-жікке бөлінбе» деген сөзі «руға бөлінбе» деген мағынада әлі де айтылады. Мысалы, «селджук», дұрысында – «асылжік», ал «борджигин» «бөріжігің» болады («жік» пен «жігің» – «ру» мен «руың» мағынасында). Жігіт сөзі де «жік еті» атауынан қалыптасқан, өзбек, түркімен, әзербайжандар етті «гуш» (күш) дейді, қазақша «бұлшық ет» сөзі де «күш» дегенді білдіреді. Яғни ол заманда жіктің (рудың) бұлшық етті жастарын «жік ет» («ру күші») деп атаған, одан «жігіт» сөзі қалыптасқан. Осы деректер ертеде «ру» сөзі орнында «жік» атауы қолданылғанын айғақтайды.  

Асылұя династиясының халқы қазақ екенін, яғни қазақ хұң халқының үзілмеген жалғасы екенін осы «Асылұя» атауының хунь-хұңдар заманынан еш өзгермей «қазақы» күйде бізге жетуі айқын дәлелдейді. Оның үстіне мемлекет орталығын, яғни билеушілер отыратын мекенді қазақ «Астана» деп атайды, ол «Ас-станы» атауынан қалыптасқан. Барша түркілік ұлттар мемлекет атауына «стан» сөзін қосып атайды, арғы тегі қазақтан болған орыс тілді казактар да жорыққа жиналар орынды «стан» дейді (тілдері славяндалғанда ол «станица» болып өзгерген). Ал Төргі Асылжіктер (тюрки селджук) Константинополь қаласын басып алып, оны «Истанбул» деп атады. Онысы «ұстан бол», яғни «біз қол ұстасып, жиналатын орталық бол» деген мағынада. Осы деректер «стан» әуелде «ұстан» болғанын, оның мағынасы «қол ұстасып жиналар орын» екенін көрсетеді. Яғни Қазақстан – қазақтар қол ұстанатын (жиналатын) жер, Татарстан – татарлар қол ұстанатын (жиналатын) жер мағынасында. Сонда билеуші Ас адамдары отырған орталықты қазақ халқы «Ас-станы» деп атағанын, осы атау кейін «Астана» болып орныққанын аңғарамыз.

Оғыз елін ХІ ғасырда билеген, сосын Осман империясының негізін қалаған Асылжік династиясы атауы араб әріпті жазбалар ықпалымен «селджук» болып өзгерді. Асылжік (селджук) ханзадалары мен кейінгі Шыңғысхан ұрпақтары «сұлтан» деп аталды, ол атау әуелде «асылдан» болған. Олар Асылұя династиясынан болғандықтан «Асылдан» деп аталған, кейін араб әріпті жазбалар ықпалымен алдыңғы «А» түсіп қалып, «сұлтан» болып өзгеріп кеткен.

Асылжіктер (селджук) VІ ғасырда Түркі қағанатын орнатқан Тюрки Ашина руынан тарайды. Тюрки Ашина руын қытайлар «Тугэ Асянь-ше» деп жазады. Олар ІV ғасырда Ордостағы хұңдарды билеген, сосын V ғасырда Алтайға ауып келген. «Тугэ Асянь-ше» дұрысында – «Төргі Асұяң-шы» («Асұяң-шы» - «асылұя династиясынан», ал «Төргі» – жоғары төрдегі ру, яғни «билеуші» деген мағынаны береді). Яғни, «Тюрки Ашина» – Асылұя династиясының «Төргі» деген руы. Төргі Асұяңшы атауын «Р» дыбысы жоқ қытай «тугэ асянь-ше» етсе, иран-араб жазбалары «тюрк ашина» етіп тарихқа енгізді. Ал «тюргеш» – «тюрк ашина» атауының қысқарған нұсқасы. Демек, Орта Азияны VІІ ғасырда билеген Түргеш тобы да Төргі Асұяңшы – Тюрк Ашина династиясынан болып табылады.

Еуропаны ІV ғасырда тітіреткен Аттила (Аттылы) патшаның атасы Баламир (Баламір) ежелгі Хунь империясын орнатқан Мүде (Моде) шыңүйдің (шанью) 15-ші ұрпағы екенін ғалымдар анықтаған. Яғни Атилла патша да – Асылұя ұрпағы. Сол Атилла билеген аймақта VІІ ғасыр мен ХІ ғасыр арасында Ұлы Бұлғар империясы өмір сүрді. Оның ХІ ғасырда Византияға бағынған аймағындағы халқы (бұлғарлар) ХІІ ғасырда христиан дінін қабылдау арқылы «болгар» деген ұлтқа айналған. Олардың Асеан деген руы бас болып Византиядан бостандық алып, сол жүзжылдықта Болгарское Царство мемлекетін орнатты. Осы билеуші «асеан» руы «асұяң» болуы әбден мүмкін. Болгария тарихында билеушілер әуелде «ханасювеги» деген мағынасы белгісіз атаумен аталғаны, сосын «князь» делініп, кейін Болгар патшалығы орнағанда «царь» атауы орныққаны айтылған. Мұндағы «Ханасювеги» дұрысында «хан асүй бегі» екені анық көрініп тұр. Демек, болгарлардың түркітілді аталары – бұлғарлар ханның туыстарын, яғни ханзадаларды «хан асүй бегі» деген. Осы «хан асүй бегі» атауындағы «асүй» Ұлы Бұлғар патшалығын билеген Асылұя династиясы өкілдері екенін растайды. Болгарское Царство мемлекетін орнатқан Асеан (асұяң) руы мен болгар тарихында көрсетілетін Аспарух хан есімі де сөзіміздің дәлелі.

Кейінгі жылдары өзбек ғалымдары Ибн Батута жазбасын түпнұсқасынан өзбекшеге аударды. Олар Алтын Орда астанасы түпнұсқада «Ас-сарай» екенін дәлелдеп отыр. Демек, Шыңғысхан негізін салған Алтын Орданың астанасы, Ресей айтқандай, «Ақ сарай» емес, «Ас сарай» деген қала екен. Хұң империясын билеген адам «шыңүй» (шанью) деп аталды, ал Шыңғысханның өз есімі – Теміршың («Р» дыбысы жоқ қытай «Тимучин» деген). Теміршың мен Шыңғысхан деген екі есімде де «шың» сөзі болуы бекер емес, «шың» – Шыңғысханның ежелгі Хұң империясын орнатқан Мүде шыңүйдің ұрпағы екенін көрсетеді.

Шыңғысхан ұстанған «конституция» «Яссы» деп жазылады. Ал оның дұрысы «Ассы» болуы мүмкін. Шыңғысхан ұстанған тәртіп – «Ас дәстүрі», яғни Асылұя династиясы қалыптастырған «конституция» болып табылады. Ол билікке келген соң Теміршың есімін Шыңғысхан деп өзгертті, оның себебі белгісіз. Бірақ Шыңғысхан есімінің дұрысы «Шың-ас-хан» десек, қателеспейміз. Мағынасы. «Шың» дәрежелі, «Ас» ұрпағы болған «хан». Оның Шыңасхан есімін Шыңғысхан еткен өзге тілді жазбалар ықпалы екені анық.

Сонымен, Хұң империясын билеген – Асылұя тайпасы. Осы тайпа ұрпақтары барлық түркілік елдерді, тіпті Еуразиялық мемлекеттерді кем дегенде 20 ғасырға дейін билеген. Нақты деректерге жүгінсек:

Кангью (қаңлы) мемлекеті. Ежелгі грек тарихшылары деректерінде

 

 

кангью тайпасы сақ-скиф халқынан екені жазылады. Қытай деректері б.д.д. ІІ ғасырда кангью тайпасы Ферғана ойпатының солтүстік-батысындағы таулы аймақта отырғанын, оларға көрші хұңдардың алан (ұлан) тайпасы барын баяндайды. Осы жазбадағы «кангью» сөзін «қаңғы-үй» дейміз, өйткені, даланы тастап тауға «қаңғып» кеткендіктен, өзге сақтар «қаңғы-үй» деп атаған. Олар сол тауда отырып Хунь империясы ықпалына түскенін, олармен алан (ұлан-лянь) тайпасы аралас отырғаны байқатады. Б.д.д. І ғасырда олар қазіргі қазақ даласындағы сақ халқы билігін қолына алып, Кангью патшалығын орнатты, ал бұл Хунь империясы көмегімен іске асты. Қытай деректері Кангью патшалығы Хунь империясына толық тәуелді болғанын дәлелдейді. Оны Лев Гумилев те қытай деректерімен анықтап көрсеткен. Қытай деректері Кангью мемлекеті «аш далада» орналасқанын және Үйсүн мемлекетімен көрші әрі жау болғанын растайды. Ал Ресей тарихты бұрмалау ниетімен «аш даланы» Мырзашөл деп көрсетті, дұрысында ол Бетпақдала. Осы деректерден Кангью патшалығы аймағы Бетпақдаладан басталып, солтүстікке қарай созылып жатқанын, Үйсүн империясы шекарасы сол заманда Арал теңізіне құйған Шу өзені мен Балқаш көлі бойында жатқанын байқатады. Қаңлы тайпасының әлі күнге дейін Жетісу мен Арал (Сырдария) аймағында отыруыда сол замандардан қалыптасқан деу орынды.

Үйсүн патшалығы б.д.д. І ғасырдан бастап Қытай империясы ықпалында болды, яғни, Кангью мен Үйсүн мемлекеттерінің жаулығы Хұң (хунь) империясы мен Қытай империясы жаулығымен тығыз байланысты. Хұң империясында бүлік шығарған ханзаданың Кангью патшалығына барып бой тасалағанын дәлелдейтін құжаттар бар. Хұң империясының ыдырауы билікке таласқан ханзадалар бүлігінен басталды, қаңғыүй тайпасының бүлікші ханзаданы қолдағанын шыңүй әулеті кешірмеген тәрізді. Өйткені, Хұң империясы ыдырап, халқы І ғасырда біздің далаға келгеннен кейін Кангью патшалығы тарих сахнасынан көрінбей кетті. Биліктен айрылған қаңғыүй тайпасы кешегі жауы Үйсүн империясымен тіл табысып, сонда ығысқаны байқалады. Олар «кангары» («қаңғылар») атауымен VІ ғасырда тарих сахнасынан қайта көрінді.

Сырдария аумағынан барып, ХІ ғасырда Үз (оғыз) елін бағындырып, онда Ислам дінін орнықтырған Түркі Асылжіктердің (тюрки селджук) негізгі күші қаңлы тайпасы болғаны белгілі, яғни атау ол кезде «қаңлы» болып орныққан. Осы деректер ежелгі Кангью патшалығын және VІ-ХІ ғасырлардағы қаңлы тайпасын Асылұя династиясы билегенін айғақтайды. Жетісу қаңлыларындағы «ақ қаңлы» руы ежелгі Кангью патшалығын билеген Асылұя тобынан қалыптасқан, ал Сырдария қаңлыларындағы түрке руы Төргі Асылжік (тюрки селджук) тайпасынан ірге қалаған дегеніміз жөн. Тюрки Селджук-Түркі Асылжік династиясының негізін салған – Мәлік Селджук әл-Ғази деген билеуші, оның әкесінің лауазымы – Сю-баши, әкесі өлген соң Мәлік Селджук әл-Ғази Сю-баши болған. Осындағы «Сю-баши» дұрысында – «Асүй-басы» деген қазақы атау («Асылүй басшысы» немесе «Ас династиясының басшысы» деген мағынада), оны да «Сю-баши» еткен араб әріпті жазбалар ықпалы.

Алан мен Кавказ. Б.д.д. І ғасырда Кавказды жаулаған аландарды

 

 

(ұлан, қытайша – «лянь») Асылұя тайпасының «ас-тұғыр» руы биледі, армиян жазбасы ІV ғасырда аландарда «аш-дигор» руы болғанын айғақтайды. Араб тарихшысы Әл Масуди аландардың VІІ ғасырда христиан дінін қабылдағанын, алайда олардың ІХ ғасырда священниктерін Византияға қуып жіберіп ескі сенімдеріне ауысқанын, ал таудың арғы жағындағы далада Ұлы Бұлғария ханы сол жүзжылдықта Ислам дінін қабылдағанын жазады. Бұлғар ханзадалары «ханасювеги», яғни «хан асүй бегі» деп аталғаны белгілі. Демек Ұлы Бұлғарияны билеген – Асылұя адамдары.

Әл Масуди деректерінен шығатын қорытынды:  Ұлы Бұлғарияда Ислам діні орнығуына қарсы кей ханзадалар Кавказға кетіп, ондағы Алан елі билігін ас-тұғыр (аш-дигор) тобынан тартып алып, аландарды ескі «тәңірі» сеніміне қайтарған. Аландар ұрпағы – балқар мен қарашай ұлттары және осетиндер құрамындағы дигор тобы. Алан елін билеген сол «бұлғарлық» династия балқар ұлтын қалыптастырса, қараша халық, яғни  қарапайым аландар – қазіргі қарашай ұлты. Биліктен айрылған аш-дигор тобы «ир» халқын бағындырып, осетин ұлтының негізін қалады (Әл Масуди аландарға көрші ир деген халық отырғанын көрсеткен және осетиндердің негізгі бөлігі өзін «ирон» дейтіндер).

«Осетин» атауы грузиндік «Ас-етин» («ас еді») сөзінен шыққанын ғалымдар дәлелдейді. Яғни, ир халқын билеген ас-тұғыр (аш-дигор) тобын грузиндер «Ас-етин» деп атағандықтан, халық атауы «Осетин» болып орнықты. Қазір осетин ұлтының 80 пайызы «ирон» деп аталатын парсытілді этнос, ал қалғаны – соларға сіңіп өз түркітілін  жоғалта бастаған аландық «дигор» тобы. Қарашайлар мен дигорлардың үлкен бөлігі кейінгі заманға дейін балқар төрелері билігіне жүгініп келгені белгілі. Балқарлардың сословиелік құрылымы Хұң империясы жүйесіне өте ұқсас, ең биік билік «Ұлыүй» төренің қолында. Осы деректер балқар ұлты аландарды билеген бұлғарлық Асылұя династиясынан қалыптасқанын көрсетеді.

Қытай деректері хұңдардың таңдаулы хуянь (құман) тайпасының үлкен тобы біздің заманымыздың I ғасырында (93 жылы делінген) батысқа ауып кеткенін жазады. Б.з. І ғасырында Құман (хуянь) тайпасы орныққан өзен Құман деп аталғанын рим деректері растайды. Қазір ол өзен Кубань деп аталады. Олардың бір тобы кейінгі Атилла заманында Қырымдағы сақ-скифтік урус-сакалбан еліне кеткен, ал негізгі бөлігі Закавказеге кетіп сонда «құмық» деген халық болып қалыптасты. Әл Масуди жазбасы Закавказедегі құмық халқы Х ғасырда христиан дінді және алан билеушілеріне тәуелді болғанын айғақтайды. Яғни ежелгі хұң халқының құман тайпасынан қалыптасқан құмық елі Асылұя династиясы билігін мойындаудан айнымаған.  

Қосымша:

Сол І-ІІІ ғасырларда батыс далаға орныққан Асылұя тайпасы қазақтың

Жаппас тайпасын қалыптастырған болуы мүмкін (көршілерінің «жаппай ас» деуімен «жаппас» атауы шыққан). Ал Асылұя тайпасының шығыс далада қалғаны қоңырат руы тәрізді («қарамен» құдаласпайтын Шыңғысхан әулеті тек қоңырат тайпасымен қыз алысып, қыз берісті, осы жайт қоңырат «ақ тайпа» екенін көрсетеді). Жаппас пен қоңырат тайпаларының арғы тегі «Алтын адам» деп көрсетілуі сөзімізге дәлел. Хұң халқының алан (ұлан) тайпасы ұрпақтары да қазақ халқында сақталды. Олар – тарихи деректерде «алан-танаиды» деп көрсетілетін тана тайпасы мен құрамында байтана руы бар дулат тайпасы (алан көсемі Дула есімі кейін «алан» атауы орнын басқанын венгр-мажарлары дерегі көрсетеді).

Күлтөбе қалашығының кангью-қаңлы тайпасына еш қатысы жоқ. Ол

қалашық – тәжік-парсылардың тау етегіндегі мекені. Қалашықтан табылған кірпіштегі жазбаларда «кангью» атауына және кангью тайпасына қатысты еш дерек жоқтығына қарамастан, Қазақстан археологы Подушкин ол шаһарды кангьюлердікі деп сендіруге тырысады. Кангью тайпасы сак-скиф халқына жататынын ежелгі грек жазбалары көрсеткені мәлім. Ал Ресей болса сақ-скифтер – парсы тілділер деп бұрмалап келді. Подушкиннің пиғылы – Күлтөбеде табылған парсылық жазбаларды «кангью тайпасыныңкі» деп, ресейлік сол жалған тұжырымды санамызға сіңіре түсу.

Ирон-осетин тілі иран тіліне туыс екенін және осетиндер құрамындағы

дигор тобының аландардан екенін пайдаланған Ресей «Аландар ұрпағы – осетиндер, осетин тілі (ирон тілі) парсы-иран тіліне туыс, демек аландар ирантілді болған. Ал алан тайпасы скиф-сарматтарға жатады, олай болса скиф-сармат халқы (сактар) парсытілді болған» деп бұрмалады. Бір-бірін «алан» дейтін түркітілді қарашай мен балқарлардың нағыз аландар екенін әдейі көзге ілмеді, оны айтса бар өтіріктерінің күлі көкке ұшатынын жақсы түсінді. Міне, сақ-скиф халқының парсытілділер екеніне Ресей дәлел ретінде келтіретін осы екі жайт та негізсіз екенін көреміз, «өтіріктің құйрығы – бір тұтам» деген осы.

Осы тұста айта кетер бір маңызды жайт: Соңғы жылдары қазақтың бір тарихшы қызы Ираннан қазақ халқы жайлы тың дерек тапқаны белгілі. Ол Х ғасырда қаңлы тайпасын қазақ халқынан деп көрсеткен ирандық жазбаны тапты (өкінішке орай, қазақ тарихи ғылымын билеп отырған орысқұл қазақтар ол деректі көзге ілмеді, тіпті ол жайтты ұмыттыруға күш салды). Мәлік Селджук әл-Ғази – ХІ ғасырда Сыр бойынан (қазақ даласынан) барып оғыз елін бағындырған тұлға, оның әскерінде қаңлы тайпасы да болғаны белгілі.

Иранның атақты жыршысы Фердауси «Рустам» дастанында біздің далада Х ғасырда Қазақ хандығы болғанын, оның ат үстінде найза ұстаған жауынгер халқы ҚАЗАҚ деп аталатынын жазып кеткені мәлім. Демек Мәлік Селджук әл-Ғази – Қазақ хандығын билеген династия өкілі, оның есімінің соңындағы «әл-Ғази» деген сөздің дұрысы «әл-ғазақ» болып табылады («қазақтан» деген мағынада, яғни «Мәлік Селджук қазақтан» деп аталған). Араб әріпті жазбадағы «ғазақ» атауын «ғази» деп бұрмалаған Ресей саясаты, олар осылайша «қазақ» атауының болғанын жасырды (көне жазбада соңғы «қ» әрпінің кей жері өшіп «и» әрпіне ұқсап кеткенін пайдаланғаны түсінікті). Мәлік Асылжік әл-қазақ бастаған қазақтар оғыз елін («үзік», кейін «үз» деп аталған тайпа-ел) бағындырып биледі, ол елде Ислам дінін орнатты. Араб жазбаларында ол елдің «базух» және «ушук» деген екі топтан тұратыны айтылады. «Ушук», дұрысында «үзік» деген сол елдің өз атауы, ал «базух» – «казах»  деген атау (арабтың «к» әрпі мен «б» әрпінің жазылу ұқсастықтарын пайдаланып «казах» атауын «базух» етіп тарихқа енгізген Ресей саясаты екені даусыз). Тарихшылардың «селджук тобы кынык тайпасынан» деп таныйтыныда сөзімізге дәлел, өйткені «қынық» пен «қазақ» атаулары арапша жазылуында өте жақын екені белгілі. «Н» мен «з» әріптері арапша жазылуында өте ұқсас, осыны пайдаланған Ресей «селджук қазақ тобынан» деген деректі «селджуктер қынық тайпасынан» деп бұрмалап кеткен. Әрине ұзақ ғасырлар оғыз (үз) елін билегендіктен олар қазақтілділігінен айрылып оғызтілділер болып өзгергені түсінікті, осы себептен Төргі Асылжіктер (тюрки селджук) қалыптастырған түрік халқы мен оғыздар ұрпағы түркімендер тілі жақын болып табылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасының негізгі мәнін ашу үшін алдағы уақытта бұл мәселеге қайта оралатын боламыз.

Бекжан Әденұлы

(Жалғасы бар)

Abai.kz

 

55 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057