Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 14378 5 пікір 25 Маусым, 2018 сағат 14:21

«Өлең ‒ сөздің патшасы» емес, басқасы...

«Помиловать, нельзя казнить!» немесе «помиловать нельзя, казнить!». Бұл ‒ құрамындағы сөзі де, әр сөздің орны да, жалғау-жұрнағы да бірдей, бірақ бір ғана үтірдің тұрған жеріне қарай толық қарама-қарсы мән алған сөз.

Иә, көп жағдайда ұсақ-түйек саналып, ереңсіз қалып жататын тыныс белгі мағына өзгертушілік, мағына тудырушылық құзыретке ие. Мұны білу ‒ әсіресе қазақша жазу, сауатсыз жазу, былықтыру дегендер мағыналас сөзге айналған қазіргі кезде өте өзекті-ақ.

Айталық, сөз арасында көп оқылып, көп мысалданатын «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» дәл осылай, «өлең»-нен кейін сызықша қойылып, яғни қата түсініліп, қата жазылып [1-7] әрі сол жазылуы бойынша қата оқылып келеді және мұны басқа емес, тікелей тілші, әдебиетшілердің өзі аңдар емес.

Мысалы, «Өлең ‒ сөздің патшасы» БАҚ жүйесінде аса жиі кездесетін [8-9] айдар. Тіпті, көшірушіден болды ма екен, А.Байтұрсынұлының да осылай қата жазғаны [10, 219-б.] бар. Ал З.Қабдолов әуелгі еңбектерінде [3-4] дәстүр бойынша «Өлең – сөздің патшасы» және «..өлең – ...Абайша айтсақ, сөз патшасы, сөз сарасы» [11, 248-б.] дей отырып, осы соңғы еңбегінің екінші бір жерінде «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» [11, 246-б.] түрінде басқалау жазады. Дәл осылай, тағы бір әріптесіміз: «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деп, ол да басқалау жазып алады да, артынша «Абай «сөздің патшасы» ‒ өлең деп, ... үлгілі шарт қойып отыр» [6, 313-б.] деген тұжырым жасайды.

Алайда «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы, қыйыстырар қыйыннан ер данасы» дегенді осы жазылуы бойынша оқысаң, екі тармақ та құйылып тұрады, өлеңше оқылады әрі мұндағы басты нысан «өлең сөз» болады. Ал «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп оқысаң, бұл тармақ қара сөзге айнала оқылады әрі екінші тармақпен үйлеспей қалады және мұндағы нысан «өлең» болады. Ендеше, бұл «өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» деп жазылуы, яғни әңгіме өлең туралы емес, өлең сөз туралы болуы тиіс.

Үйткені, өлеңнің басты белгісі сөзінде болады. Қара сөз ‒ қалыпты сөз, жай жұрт сөзі, көпшілік сөзі және көп сөз де, өлең сөз ‒ арнайы сөз, ақын сөзі, аз жақсының сөзі, дуалы ауыздан шыққан сөз, аз сөз. Яғни арнайы жасалып-шығарылатындықтан, ол өзінің мән-мағынасы, мазмұны бойынша жоғары сөзге (высокая речь) жатады. Өлең сөз немесе поэзияның қара сөзден, ғылым сөзінен бір ерекшелігі – онда ой асқақ сезіммен қысқа-нұсқа айтылады, неге олай екені ырасталып, дәлелденіп жатпайды. Яғни «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы» «алыстан сермеліп, жүректен тербеліп» шығады, «қиядан алынып, қыйсыны табыла» айтылады.

Осы ретте өлең ‒ сөздің патшасы, сөз сарасы дегендегі сөз сарасы ойға ой қосу орнына, алдыңғы айтылғанды қайталап қана қоятын қоңыр сөз, сұрғылт қолданыс. Мысалы, «балдай тәтті» деп алып, артынша «әрі дәмді» деп, қосып қойғанмен бірдей. Яғни өлең ‒ сөздің патшасы болғаннан кейін, сарасы да деу мәнсіз-ақ.

Сондай-ақ, «өлең» шынымен «сөздің патшасы» ма, солай деуге келе ме? Әдетте, «Поэзия – сәбидің күнасыз ажары, ... күміс күлкісі, ... көрікті қыз жүзінің ұялшақ, албырт қызғылты» [11, 247-б.] делінеді. Ол туралы толғаныстың бірінде де өлең ‒ сөздің патшасы, қатепті қара нары, атасы, анасы, енесі дегендей ой кездеспейді. Сірә, «өлең» ‒ сөздің «патшасы» емес, сүйрігі, сұлуы, сұңғыласы, сұңқары, ақалтеке, құлагері, бұлбұлы, дүлдүлі немесе құлыны, қозысы, «алдына алған еркесі», серкесі болуы мүмкін. Абайдың өзі де өлең, поэзия мәнін сылдырлап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай деп ашады.

Салтыков-Щедрин деген орыс оқымысының:

«Еркін, табиғи қалпында сөйлемей, күндіз-түні сөзді бір өлшемге келтіріп, үйлестіремін деп бас қатыруды дені дұрыс адамның істейтін ісі деуге болар ма екен? Мұның өзі адамша жүрмей, арқан тартып, соның үстімен шайқалақтап басып жүру секілді ғой» деуі

немесе Л.Толстойдың:

«Сөз адамның ойын, шындықты біріктіріп, рухын танытатындықтан, ол өте маңызды нәрсе; ал енді оған әкеліп өлшем, ырғақ, ұйқасты кіргізуге тырысу, сөйтіп сөздің қадірін кетірушілік және мұның өзі соқамен жер жыртып келе жатып, би билеп түзу жүрмеу секілді жөнсіз қылық» [2, 137‒38-б.] деуі өлең қаншалық әспеттеліп, айдарланбасын, «сөз патшасы» бола алмайтынынан хабар берсе керек.

Сірә, сөздің патшасы – өлең емес, қара сөз. Қара сөз – сөздің ең қалыпты, ең кең тараған күйі. Өлең – сол қара сөзден шыққан, соның туындысы, түрі, гүлі. Абайдың: «қазақта қара сөзге дес бермедім» деуі де осыны аңдатады.

Ал «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» дегенде Абай өлеңде қатардағы қара сөз емес, сара сөз қолданылады, өлең сөздің көрігі, көрігін қыздыратын ‒ сөздің сарасы, сөзді саралай, сәнін келтіре қолдану, сөздің сарасы өлеңге айрықша өң береді дегісі келсе керек.

«Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы,

Қыйыстырар қыйыннан ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Жұмыр келсін, теп-тегіс айналасы»

деуінде де осы ой оқылып тұр. Сірә, қыйыстыру, қыйыннан қыйыстыру дегенді сөздің сарасына, сара сөзге ғана қатысты айтуға болады. Ал сөздің патшасын қыйыстыру қыйсынсыз көрінеді.

Өлең, жыр, қыса, дастан, айтыс, ау-жар, жар-жар дегендер ‒ осы өзара ұқсас түсініктердің көпке белгілі, халықтық, жалпы тілдік атаулары. Ал өлең сөз  ‒ осылардың бәрін біріктіретін ортақ аты. Өлең сөз ‒ жалпы сөзді, сөз өнерін ғылыми тұрғыдан жіктеп-жүйелестіре, топтастыра атау негізінде пайда болған ғылыми атау. Қара сөз деген тіркесті қолданған Абай өлең сөзді де қолданған, оның жалпы және нақты мәндерін ажырата білген. Осы арқылы өлең, жыр, қыса, дастан дегендердің жиынын, өлең жанрын сөз еткен. Яғни өлеңді ғана емес, өлең арқылы жасалатын шығармалардың бәрін қосып айтқан. З.Қабдолов та өзінің «Сөз өнеріндегі» өлең жанры туралы тарауын «Сөз сарасы» [4, 185-б.] деп атайды және «Сөз сарасы, яғни өлең туралы арнаулы ғылым бар» [4, 244-б.] деп жазады.

Сонымен, Абай өлең сөзде болатын, оның негізін қалайтын сара сөз туралы айтқан. Үйткені «Өлең - ... сөз сарасы» дейтіндей, ол кілең сөз сарасынан, сара сөзден тұрмайды, қара сөзден де тұрады. Онда Абай айтқандай, сөз сарасы патшалық етеді, қаңқасын құрайды. Сондықтан, «өлең»-ді емес, сөз сарасын, сара сөзді өлең сөздің, өлеңнің патшасы деуге болады.

 

- жалғасы бар –

Ыспандияр Ақайұлы

Abai.kz

 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560