Бейбіт Аят. Мәдени төңкерістің мәні
XX ғасырда адамзатты дүр сілкіндіріп екі дүниежүзілік соғыс болып өтті. Соғыстың жойқындығы, қатыгездігі, азабы халықтың жанына өшпес таңбасын салып, ақыл-санасын дүбәра күйге түсірді. Жанға түскен жараның ақыл-ойға да салмақ салатыны түсінікті. Шынында да, соғыстың ауыр халін кешкен халық үшін тарсылдаған автоматтардың, гүрс-гүрс еткен зеңбіректердің даусынан, бейбіт елді-мекендерді бомбалап жермен-жексен қылған ұшақтардан өткен қорқынышты ештеңе жоқ. Бірінші дүниежүзілік соғыстың да, екінші дүниежүзілік соғыстың да бір-бірінен пәлендей айырмашылығы бола қойған жоқ. Келесі соғыста осы ыңғайда өтуі тиіс. Қарапайым бұқара түгіл, айтулы ғалымдар мен тарихшылар да осындай пікірге иланды. Олар АҚШ әскері Иракқа басып кіргенде, Ресей шешен елін талқандағанда, Солтүстік Корея ядролық қаруына иек артқанда, НАТО әскері ауған жерін бомбалағанда «Үшінші дүниежүзілік соғыс басталғалы жатыр» деп қайта-қайта даурығысып жатты. Алайда үшінші дүниежүзілік соғыс баяғыда басталып кеткен еді. Әскери сипатта емес мәдени формада. Біз бұл жерде Карл фон Клаузевицтің: «Соғыс дегеніміз - саясатты басқа жолмен жалғастыру» деген сөзін ұмытып кеткен сияқтымыз. Өкініштісі сол мәдени соғыс дұшпандардың жеңісімен аяқталуы әбден мүмкін.
XX ғасырда адамзатты дүр сілкіндіріп екі дүниежүзілік соғыс болып өтті. Соғыстың жойқындығы, қатыгездігі, азабы халықтың жанына өшпес таңбасын салып, ақыл-санасын дүбәра күйге түсірді. Жанға түскен жараның ақыл-ойға да салмақ салатыны түсінікті. Шынында да, соғыстың ауыр халін кешкен халық үшін тарсылдаған автоматтардың, гүрс-гүрс еткен зеңбіректердің даусынан, бейбіт елді-мекендерді бомбалап жермен-жексен қылған ұшақтардан өткен қорқынышты ештеңе жоқ. Бірінші дүниежүзілік соғыстың да, екінші дүниежүзілік соғыстың да бір-бірінен пәлендей айырмашылығы бола қойған жоқ. Келесі соғыста осы ыңғайда өтуі тиіс. Қарапайым бұқара түгіл, айтулы ғалымдар мен тарихшылар да осындай пікірге иланды. Олар АҚШ әскері Иракқа басып кіргенде, Ресей шешен елін талқандағанда, Солтүстік Корея ядролық қаруына иек артқанда, НАТО әскері ауған жерін бомбалағанда «Үшінші дүниежүзілік соғыс басталғалы жатыр» деп қайта-қайта даурығысып жатты. Алайда үшінші дүниежүзілік соғыс баяғыда басталып кеткен еді. Әскери сипатта емес мәдени формада. Біз бұл жерде Карл фон Клаузевицтің: «Соғыс дегеніміз - саясатты басқа жолмен жалғастыру» деген сөзін ұмытып кеткен сияқтымыз. Өкініштісі сол мәдени соғыс дұшпандардың жеңісімен аяқталуы әбден мүмкін.
Мәдени соғысты жолындағылардың бәрін ойпан-тойпан ететін топан суға ұқсатуға болады. Топан судың үй, егін, мал, ауыл, жұртты жалмайтыны сияқты мәдени төңкерісте де кітап, газет, кино, театр, журналистика, музыка, өнер, әдет-ғұрып ешқайсысы аман қалмайды. Лай сумен былғанады, топан сумен ізім-ғайым болады.
1945 жылы АҚШ Орталық барлау қызметінің басшысы Аллен Даллес адамзатқа қарсы жаңа доктрина қабылдайды. Аса құпия түрде дайындалған доктрина ойламаған жерден КСРО қауіпсіздік комитетінің қолына түседі. Бұл құжаттың шынайы екендігін бұған дейін талай ғалымдар да дәлелдеді. Аллен Даллестің атышулы доктринасында келесі қырғынның жоспары былай деп жазылған: «Ерте ме кеш пе екінші дүниежүзілік соғыс аяқталады. Барлығы реттеліп, етек жеңін жинайды. Біз қолда бар бүкіл алтынымызды, материалдық қуатымызды адамдарды дүбәра етуге жұмсаймыз. Хаостың ұрығын сеуіп, олардың құндылықтарының орнына жалған құндылықтар жасап, соған сенуге мәжбүр қыламыз. Біз олардың арасынан өз жақтастарымыз бен көмекшілерімізді табамыз. Жер бетіндегі тұғыры биік халықтарды бірінен соң бірін ұлы трагедияға ұшыратып, санасын біржолата өшіреміз. Әдебиет пен өнердің әлеуметтік мәніне баса назар аударып, әдебиетшілер мен суретшілерді халықтың жүрегінің түбінде болып жатқан процестерді зерделеу мүмкіндігінен айырамыз.
Әдебиет, театр, кино - барлығы адамның бойындағы алдамшы сезімдерді мадақтап жарнамалайтын болады. Біз секс, зорлық-зомбылық, садизм сияқты арсыз дүниелерді мәдениетке сіңіретін және енгізетін суреткерлерге қолдау көрсетіп, оларды дәріптейміз.
Мемлекетті басқару саласына да хаос пен тәртіпсіздікті орнатамыз. Біз үнемі белсенді түрде ымы-жымын білдіртпей шенеуніктердің есерсоқтығына, парақорлығына, принципсіздігіне жол ашамыз. Адалдық пен елдік келекеге айналып, ескіліктің сарқыншағы деп есептеліп, ешкімге керек болмайды.
Ұятсыздық пен арсыздықты, өтірік пен екіжүзділікті, алькоголизм мен нашақорлықты, жеккөрініштік пен дұшпандықты аса шеберлікпен, еппен насихаттаймыз.
Тек азғантай адамдар ғана, өте азғантай адамдар ғана айналасында болып жатқан бассыздықтардың шығу себебі мен төркінін түсініп ұғады. Алайда, ондай адамдарды дәрменсіздікке ұшыратып, күлкіге айналдырамыз, оларды өсекке қалдырудың және қоғамның қоқыс жәшігіне лақтырудың әдіс-тәсілдерін табамыз.
Біз осылайша ұрпақтарды бірінен соң бірін аздырамыз... Балалар мен жасөспірімдерді өз жағымызға тарту үшін күресеміз. Жастарды басты назарда ұстап, оларды бұзықтыққа, азғындыққа жетелейміз. Олардан космополиттерді жасап шығарамыз».
Ақыл-ойдың адасуы
Елдің түзелуі қандай қиын және ұзақ болса, бүлінуі сондай оңай және қысқа. Дегенмен, ұзақ мерзім сияқты қас-қағым сәттің де өзінің тарихы болады: туу, өсу, даму, құлдырау, тоқырау кезеңдерінен өтеді. Жақсылықтың да, жамандықтың да алдымен теориясы жасалады. Тас қақ жарылмас бұрын оған бірінші сызат пен жарықшақ түседі. Кемені суға батыру үшін оны қақ айыру міндетті емес, білдіртпей бір бұрышын тессең жетіп жатыр. Ал, адамзаттың ақыл-ойының сетінеуі тым арыдан басталған еді. Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры демекші, бәленің басы - Европаның орта ғасырдағы дағдарысы. Бүгінде біз тап болып жатқан келеңсіздіктер өз бастауын кәрі құрлықтан алады. Бұқаралық мәдени коммуникацияның бүгінгі мазмұнын ашу үшін оның өткен күнмен тарихи және теориялық арақатынасын белгілеу керек. Өткен күннің көкжиегіне көз жіберіп, шолу жасасақ, батыс халықтары жіберіп алған қателіктердің үйіндісінің үстінен шығамыз. Ондағы тарихи фактілерді екі түрлі талдау және әрқилы бағалау ой иелерін тығырыққа тіреп қойды. Пікір қарама-қайшылығының ырғалып-жырғалып созылып келе жатқандығына да бірнеше ғасырдан көп уақыт өтіпті: бірі «индивидтің әлеуметтенуін» жақтаса, енді бірі бос уақытты өткізу мақсатында құрылған мекемелердің жойқын ықпалымен адамның рухани әлемі жоғалып кетеді ме деп қаймыға қам жейді. Ұйқы мен жұмыстан тыс бос уақытты қалай толтыру керек деген сауалға жауап ретінде берілген қарама-қайшы көзқарастар Монтень мен Паскальдың еңбектерінде көрініс беріп үлгерген еді.
XVI ғасырда өмір сүрген Монтень ортағасырлық мәдени дағдарыстан кейінгі адамдардың бойындағы бойкүйездікті мысалға алады. Француз философының сөзінше діни сенімнен агрессивті түрде кері шегінудің салдары мен постфеодалды қоғамның жантүршігерлік рухани қысымы адамды жалғыздықтың азабына ұшыратты. Монтень адамды жалғыздық пен күйзелістің әсерінен айықтыратын панацея ұсынды. Ол - ойын-сауық!
«Әртүрлілік адамды жалықтырмайды, көңілді аулайды және сергітеді. Егер менің бойымды жағымсыз күш билесе, бір бұрыштан екінші бұрышқа, бір қуыстан екінші қуысқа жүгірсем де одан арылуға тырысамын. Өмір сүрген ортамды, жұмыс орнымды ауыстыру арқылы мазалаған ойлардан құтыламын. Осындай әрекеттер негізінде адам төзгісіз тынышсыздықтан біржолата алыстаймын» - деп жазды ол.
Монтеньге қарсы жауап жүз жыл өткен соң айтылды. Бұл кезде коммерциялық мәдениет қалыптасып, Реформацияға дейінгі және одан кейінгі уақыттағы дінннің әлсіреуі орта дәрежелі адамның өміріне ықпалын сіңдіріп қойған еді. Мазасыздық жайлап, қызылды-жасылды дүниелерге, әртүрлілікке ұмытылыс әлеуметтік сипат алған-ды. Сол кезде Паскаль өз-өзіне жаназа шығарған адамзаттың мұндай үкіміне қарсылығын былайша білдірді:
«Әркім жеке басының амандығы мен қара басының қамына уайым жеп, денсаулығы мен өз атына кір келтірмеу үшін жанталасуы керек екенін бүлдіршін боп тәй-тәй басқан кезімізден естіп келеміз. Түрлі жұмыстармен, тіл үйренумен, дене жаттығуларымен әуре-сарсаң қыла отырып, сонымен қатар бізді денсаулығың қалыпты болмаса, беделіңе, мүлкіңе нұқсан келсе, болмашы материалдық мұқтаждық көрсең бақытсыздыққа душар боласың деп үрейлендіреді. Солай дей отырып адамдарға таң атқаннан күн батқанша сенделдетін ауыр міндеттерді жүктеп, қолбайлау шаруалармен бұғаулады. Түрлі-түрлі хоббилар (ермектер) ойлап тауып, бос уақыттарын ойын-күлкіге, қызық қууға жұмсауға кеңес беріп, терең ойлану қабілетінен айырды. Егер бұл бос ермек, сауық-сайран, өнімсіз тірліктерді адам өмірінен алып тастасаң, ол «мен кіммін, қайдан келдім, қайда барамын?» деген сұрақтарға жауап іздеп, шашыраған ойын жинап жүрегінің түбіне бойлайтын еді». Бұл пікір - Паскальдың көзқарасы мен жеке өмірлік тәжірибесінің жемісі. Ол былай деп сөзін жалғайды: «Адамдардың сарай маңында жүріп те, соғыс даласында жүріп те мазасыздық пен қауіп-қатердің құшағында болу себебі мен үнемі дау-жанжалға, рақымсыздыққа, қатыгездікке және хайуани қылықтарға бейім болу себебінің шығу төркінін іздеп ұзақ ойландым - дей келеді де қорытындысын айтады - адамның ең басты қайғы-мұңы - бір орында, үй-жайында тапжылмай тыныш отыра алмауы».
Демек, Монтень үшін жансауға болып табылатын амалдар, Паскаль үшін өз-өзіне қол жұмсаумен тең. Дуэль пойыз жолдың рельсіндей әлі күнге шейін жалғасып келеді және монтеньшілердің пікірі үстем шығуда.
Алғашқыда суретшілер, жазушылар, қолөнерші-лер, зергерлер көпшіліктің емес, ат төбеліндей корольдердің, лордтардың, билеушілердің қызықшылығы үшін жұмыс істеді. Сарай басқарушылары таланттар мен дарындарды маңайларына жинап, оларға қорғандар мен сарай маңынан шығуға тыйым салды. Тек жоғарғы элитаның сән-салтанаты үшін шығармашылық жұмыстарын жүргізді. Уақыт өте келе компас тілінің бағыты өзгеріп, мәдениеттің демократизациялануы көрініс берді. Фильмдер мен ойын-сауықтардың барлық түрлері жалпыхалықтық игілікке айналды. Көпшілікке арналған стандарттар тақтың айналасындағы шеберлердің қолтуындыларының сапасынан төмен болғанымен, көптеген суретшілер қарапайым адамдарға күлкі мен қуанышты көңіл-күй сыйлап, кең ауқымдағы мәдени қозғалыстан ләззат алу арқылы жігер табатын. Олар жалғыздықтың салдарынан болатын психологиялық қиындықтың себебін адамның бұқаралық мәдени коммуникацияға қызықпауынан, оған белсене араласпауынан деп түсіндіреді. Қазіргі адамдардың қаңырап тұрған жан сарайларын, үңірейген қуыс көкіректерін өзге жандардың бақытымен, қуанышымен, жұбанышымен, иллюзиясымен бөлісу арқылы толтыру керек деп есептейді.
Қарама-қайшы теориялық көзқарастар қай кезде де жоғалған жоқ. Заман ағымы ауытқып түрленсе де, көзқарастардың сыртқы формасы ғана өзгеріп ішкі ұстаным өз позициясынан танбады. XVI-XVII ғасырлардағы философтар діни терминдерді пайдаланып айтысса, жаңа заманғы авторлар ғылыми социология тілімен тәжікелесті, қатардағы қарапайым жандар арасындағы алшақтықтар күнделікті тұрмыстық мәселелерді шешуде бой көрсетті. Терминдердің әр түрлілігіне қарамастан қарама-қайшылық қарама-қайшылық болып қала беруде.
Феодализм дәуірінде мемлекет пен діни орталықтар әрбір адам үшін міндетті біртұтас ережелер жүйесін бекітіп уақыттың бос болуына мүмкіндік бермейтін. Элита мен қара бұқараның арасында мәдени мүдде бойынша ешқандай жанасу нүктесі болмады. Алайда, көп ұзамай элитаның ізінше қара халықтың да жаңа мәдени құндылықтарға «тәбеті ашылды». Аталған өзгеріс тым баяу енгендіктен оның қай кезеңде орын алғанын дәл сандық уақыт көрсеткішімен белгілеп беру өте қиын. Дегенмен мәдени өзгерістің дүниетанымдық өзгеріспен байланысы бары анық. Бұрын қандай да бір байшыкештің талғамына қарап жұмыс жасайтын суретші, енді күн санап өсіп келе жатқан қалың жұрттың көңілін аулау үшін сурет салатын болды. Процестің жылдамдығы бірде баяу, бірде қарқынды сипат алып тұрса да Европа құрлығын жаулап үлгерді. XVII ғасырдың ортасында жаңа аудиторияның сұранысына қызмет ететін жазушылар мен драматургтер пайда болды. Сонымен қатар, сол кезде бұқаралық мәдениеттің өркениетке тигізер зардабы жөнінде әңгіме көтеріле бастады. Монтеньнің пікірінше, адамның табиғатын өзгерту мүмкін емес, оған сұрағанын беру керек және іздеген затынан бас тартқызу ақылға сыйымсыз. Ойын-сауықты ішкі мұқтаждық деп қараған Монтень, оның моральдық, эстетикалық, психологиялық және әлеуметтік функцияларын тізбелеп шықты.
Ал, көзқарасы мен идеялары терең діни философияға негізделген Паскаль рухани ілгерілеуді жақтады. Ол ойын-сауыққа деген құмарлық адамның қанына сіңген қасиет емес, жүректің түбіндегі гуманистік ниетті ояту арқылы онымен күресуге болады деп санады. Ойын-күлкі мен у-шудан алыс жүріп ғана адамның өз-өзімен күресуіне мүмкіндік бар, жалғыздықпен жолдас болып ғана өзін-өзі тани алады, сонда оның алдынан тыныштықтың даңғыл жолы ашылады деген пайымды бағыт ұстанды.
Екі тараптың да қолдаушылары аз болмағанымен, монтеньдік көзқарас біртіндеп үстемдігін көрсетті. Алапат соғыстардың көпшілігі діни себеп салдарынан тұтанғандықтан діни философияға бұрынғыдай орын жоқ еді. Жаңа кезеңде ғұмыр кешкен рухани интеллектуалдардың кезек күттірмес басты міндеті әрбір индивидтің санасына әлсіреп бара жатқан діни және моральдық құндылықтарды жаңадан төбе көрсетіп келе жатқан ұлттық экономиканың қатаң талаптарымен бітістіре отырып сіңіру болды. Діннің рөлі қатты әлсірегендіктен интеллектуалды элита халықты жеңіл қылық пен бейәдеп тіршілікке ұрындырмас үшін осылай етуге мәжбүр еді. Шіркеу ішіндегі поптардың менмендігі мен діндарлардың екіжүзділігі кесірінен қара халық өз-өзін танудан саналы түрде бас тартты. Олардың ойын-сауыққа бас қойып кетуіне философтар рационалды (ақыл-ой) еңбектері арқылы кедергі қойып бақты. Философтардың бойында атан көтере алмас ауыр жүк тұрды: діннен теріс айналған бұқараны ары қарайғы тыныс-тіршілігін қаймағын бұзбай, бірауыздан салиқалы терең ғылыми еңбектермен, ойлармен қоректендіру. Бірақ, бұл істің үдесінен шығу қиынның қиыны еді. Өйткені ой иелерінің мақсаты халықты қамтамасыз ету емес, оларды тәрбиелеу болатын, сол себепті алдымен тұтынушының талғамымен күресу керек-ті. Көпшіліктің сұранысының ығына жығылу теңіз толқынының жарды қақ айыруымен тең еді. Десе де, көпшіліктің талғамы интеллектуалды элитаның іргесін сөкті. Халық философтардың көзқарасымен емес, философ халықтың көзқарасымен өмір сүретін күйге ұшырады. Қарапайым бұқара бойлай алмаған шындыққа, көз жеткізе алмаған ақиқатқа ғұламалар қол жеткізіп, оны жұртшылыққа насихаттауы тиіс еді. Төменде тұрған ел-жұрттың төбесіне төнуі тиіс тұғырда тұрған философтардың қолындағы алып фонарлар көпшіліктің қолындағы ұсақ фонарлардың сәулесіне шағылысып жүзін кері бұрды. Қоғам интеллектуалды элитаның бақылауынан шығып, зиялылар көпшіліктің назарына ілігу үшін ғана күресетін деңгейге түсіп қалды.
Жаңа заманғы мәдениеттің алғашқы белгілері XVIII ғасырда Англияда байқала бастады. Мәдени коммуникацияның бұқаралық тетіктері іске қосылды. Жазушының кәсібилігі мен қаржылық мүмкіндігі ермек іздеген, уақытын қалай өткізерін білмеген ақсүйектердің, орта тап өкілдерінің, буржуазия шонжарларының қызығушылығына тәуелді болып қалды. Творчестволық нарық азуын көрсетті. Жазушы кітап саудасының тапсырысын орындап ғана талантын мойындатады. Олар туғызған әдеби тауар барлық заманауи баспа өнімдерінің прототипі болып саналады: жаңалыққа әуес оқырмандарды шағын хабарлар мен арнайы мақалалармен таныстыратын газеттер; алуан түрлі тақырыптарды қамтыған және үмітсіз күйкі тіршіліктен мезі болғандарға ақыл-кеңес ұсынатын, мың бір сұраққа жауап беретін «отбасылық» журналдар; аптадағы саяси және қоғамдық жаңалықтарға шолу жүргізетін басылымдар; театр мен опера әлемін бейнелейтін журналдар өз үлгілерін сол заманнан алған.
Берклидегі (АҚШ) Калифорния университетінің профессоры Лео Лоуентальдың зерттеуінде Европада XVIII ғасырдың соңында бұрын-соңды болмаған орасан әдеби сұраныс пайда болған. Нарыққа қалта кітапшасы түріндегі романдар шығады. Кәсіпқой баспа иелері әр газет санына романдарды бөліп-бөліп жариялап отырды. Сол ғасырдың ортасында бүгінгі антология жинақтарына ұқсас «таңдамалы» шығармалар басылған кітапшалар сәнге айналған еді. XVIII ғасырда қатталған журнал беттерінің жартысына жуығын кітапқа жасалған жарнамалар алды. Кітап бизнесі нарықтың қозғаушы күшіне айналып, әдеби шығармалар басылған газет-журналдар тез сатылып кетті. Алаяқ кәсіпкерлер сұранысы әлсіреген кітаптардың атын өзгертіп немесе оқырмандардың сұрауымен екінші рет баспаға дайындадық деген желеумен жалған алғысөздер енгізіп, қайта басып шығару арқылы пайдаға кенеліп отырды.
Бір сөзбен айтқанда XVIII ғасырдағы мәдени коммуникация әлемінде орын алған өзгерістер әуесқойлық пен шектеулі аудиториядан ұйымдасқан кәсіпкерлікке және шексіз творчестволық нарыққа жол ашты. Бұл өзгерістер жазушының ақыл-ойы мен өмір сүру стиліне ғана емес, әдебиеттің мазмұны мен формасына, этикасы мен эстетикасына әсерін тигізді. Әдебиеттің ішінде сентиментальды және готикалық бағыт пайда болды. Суреткерлер мен тұтынушылардың арасында қарама-қайшылық туып, өнерді бұқаралық мәдениетпен ымыраластырудың алғашқы жолдары іздестірілді. Феодалдық қоғам ыдыраған соң орта таптың рөлі күшейіп, халық индустриализация мен еңбек бөлінісіне біржолата аяқ басты. Суретшілер мен интеллектуалдар күн сайын күш жинап жатқан орта таптың эмансипациясына үрейлене қарады: шіркеу мен мемлекеттен әрең дегенде аласұрып арашалап алып қалған олардың философиялары мен өнер туындылары бос уақытын өткізе алмай ерігіп жүргендердің ермегі ғана болмақ! Еңбектерінің тәрбиелік мәнін енді қалай сіңірмек? Алмағайып замандағы интеллектуалды элитаның басты әбігері - елді азғырумен шұғылданатын әдебиеттегі манипуляторлармен, әдебиет имитаторларымен жаға жыртысу болды. Алайда, бұл шығармашылық иелері мен тұтынушылардың мүддесі бір-біріне сәйкес келмеген, бір-бірімен уақытша күрестірген тарихтағы өтпелі кезең ғана еді.
1850 жылы орта тап Европа мен Америкада толықтай жетекші күшке ие болып, «массалық қоғамның» жаңа заманғы формасы тарих сахнасына шықты. Мәдени коммуникацияның бұқаралық тетіктері қоғамның ажырамас бөлігі ретінде түбегейлі мойындалды. Әдебиет нарығы оқырмандардың назарын өздеріне аударуға тырысқан өнімдерге лық толды. Қабілеттерінің эзотерикалық (дәстүрлі танымдық) сипатын сақтай білген жазушылар мен суретшілер өздерін қоғамнан оқшауланып қалғандай сезінді. Олар өнердің бұрмаланып бара жатқанына дабыл қағып, наразылықтарын білдіріп, бұқараның мәдениетке тұра ұмтылған басқыншылық әрекетінен қауіптенді.
Өнерді зерттеу, әдебиетті зерттеу, музыканы зерттеу мақсатында құрылған ғылыми институттардың жұмысы қалың елдің тұтынымын зерттеумен тікелей байланысты еді. Қоғамдық пікір елдің талғамының фразалық көрінісі ғана болатын.
Кезінде Н.А.Некрасовтың редакциясымен басылған «Отечественные записки» журналында «Біздің ғасырымыздағы әдеби өнеркәсіп туралы бірер сөз» деген мақала жарық көрді. Сол мақаладан үзінді келтірейік: «Европа мен Ресейде бір-бірінен тұрпаты бөлек екі әдебиет өмір сүріп жатыр. Біріншісі - білімсіздікпен күресетін әдебиет, екіншісі - күнкөріс үшін өмір сүретін жалдамалы әдебиет. Алғашқысына тоқталар болсақ, талай ғасырдан бері әр түрлі халықтардың ортасында өмір сүріп, мазмұны жағынан өзгеріп тұрса да, рухани сипаты мен келбетін еш өзгеріссіз сақтап келеді. Өзінің таралымы үшін бос жарнамаға, әзәзіл сөзге мойын бұрып, қисық жүріске қадам баспайтын. Заманға көндігу, ымыраласу оған жат еді. Оның жалғыз қаруы - шындық. Қараңғылықта ғұмыр кешіп жатқан халыққа, мейлі ел қаласын, қаламасын оның көмескі санасын сәулелендіруді өзіне міндет санайтын. Қараңғы елдің қарсылығына ұшырап, еңбектері зая кетсе де иесіз жұртты түнектен шығарудың басқа амалдарын іздестіретін. Надандықтың тұманы сейілгенше арпалысын тоқтатпаушы еді.
Әдебиеттің екінші типі надандықты насихаттайды және соның есебінен күн көреді. Бұл әдебиет тұрақты да емес, шынайы да емес, себебі заманның ығы мен принциптеріне көндіккендіктен, ол әр ғасыр сайын келбетін өзгертіп үздіксіз құбылып тұрады... XVII және XVIII ғасырларда аристократиялық сән-салтанатқа, версаль әсемдігіне, мецанаттық пен жалған классицизмге коммерциялық мәдениет өз бояуын армансыз жақты. Боямасыз өмірді аяусыз жаныштап, қатынжанды селадондарды классикалық батырларға теңеп суреттеді. Жеңіл мінезді ақсүйектер әдебиеттен де сауық-сайран мен ойын-күлкінің белгілерін іздеп, коммерциялық әдебиет бұл мұқтаждықты сәтті пайдаланды. Олар сентиментальды және буколикалық бейнелер арқылы жүйке мен сезім нүктелерін дәл тауып, оқырмандардың ризашылығына бөленді...
Француз революциясынан кейін Европаның тынысы мүлдем тарылды. Уақыттың ырқына бағынып, әдеби өнеркәсіп бұрынғы стилін құрбан етті де жаңа заманның жаңа әдет-ғұрпына бас ұрды. Шығармашылық еңбектер сауда операцияларындағы көп тауардың біріне айналып, өндірістік әдебиет ажиотажы қалыптасты. Бәсекелестіктің, сұраныс пен ұсыныстың бүкіл заңдарына бағына отырып, олар мецанаттардан бөлек, бұқара халықты қамқорына алды. Уақыт жылжыған сайын қоғамның құнығуы арта түсті. Қылмыс, қантөгіс, қатыгездікті насихаттайтын романдар оқырмандардың қолынан дер кезінде табылып, жатын бөлмедегі еркек пен әйелдің әмпей-жәмпейі ашық суреттелді» - деп жазды. Ақыл-ойды ластауды көздеген лаңкестер капиталистік қоғамның рухани дағдарысы мен ғылыми-техникалық революцияны сәтті пайдаланды.
Газет-журнал
XIX ғасырдың соңғы ширегі мен бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі аралық әдебиет өндірісінің өрлеуімен, бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасуымен ерекшеленеді. Біршама елдерде газет-журналдар едәуір тиражбен тарап, XX ғасырдың басында ақпарат тетіктерінің қожайындары қолдарында қуатты күштің бар екенін толық сезіне бастады.
XIX ғасырдың соңында Батыстың өнеркәсібі дамыған елдеріндегі қоғамдық газеттер «оқырмандар нарығын» игеру мақсатында ірі капиталистік кәсіпорындарға айналды. Элита өкілдері бұқаралық басылымдардың психологиялық ықпалын түсініп, тек мемлекеттің империалистік саясатын қамтамасыз ету үшін емес, елдің ішінде реакциялық саясат жүргізу үшін, бөтен ойлыларға қарсы «крест жорығын» ұйымдастыру мақсатында қару ретінде пайдаланды.
Орыс ғалымы А.В.Кукаркиннің пікірінше XX ғасырда ақпараттық жаңалықтардың ат төбеліндей топтардың қолына шоғырландыратын жең ұшынан жалғасқан «тізбекті бірлестіктер» құрыла бастаған. «Тізбекті бірлестіктердің» құрылуы салдарынан тек газет сандары азайып ғана қойған жоқ (Мәселен, Америка қалаларының 94%-нда бәсекелесуші газеттер мүлдем қалмаған), бір қызығы олар күн өткен сайын бір-біріне қатты ұқсай бастаған: олардың мазмұны мен редакциялық комментарийлері әмбебап сипатынан айырылды. Ақпараттық агенттіктердің құрылуы және стандартты мақалалардың, фельетондардың, қуақы әңгімелердің бірсыдырғылануы ұқсастықты одан әрі күшейтті. Орталық басқару органдарында дайындалатын «консервіленген» мақалалар қолданысқа еніп, газеттерге тауар ретінде сатылды.
Жергілікті және шетелдік корреспонденттердің қаржылық-әлеуметтік ахуалы газет-журналдарды ірі капиталистік мекемеге (трестке) айналдырып үлгерген орталық ақпарат агенттіктеріне тәуелді етті. Нәтижесінде басылымдар халықтан гөрі ірі компаниялардың көзқарасын жақтайтын мәжбүр күйге түсті. Өйткені, еркін бәсекелестік дегеніміз капиталистік экономиканың уысында тұрған дүние ғана еді. Табыс көздерінің тең жарымынан төрттен үшіне дейінгі мөлшерін жарнама берушілер төлегендіктен газет-журнал қызметкерлері олардың пікірімен санасты. Бір сөзбен айтқанда басылымның тәуелсіздігі деген ұғым құр абстракция ғана болатын.
Қоғамдық пікірге ықпал ету жағынан қызылды-жасылды беллетристикалық журналдар газеттерден кем түспеді. Бір журналдар сексуалды тақырыптар мен өсектерге бой ұрса, енді бірі зұлымдық пен қылмысты үгіттеп атойлады. Бұл текстер суреттермен, карикатуралармен, түрлі-түсті репродукциялармен безендірілді. Қаптаған иллюстрациялар мен сентиментальді фантазиялар журналдарды пайдаға кенелтті.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында оқырмандардың салмақты сұраныстарына үн қатқан газет-журналдар аз болды деуге болмайды. (Мысалы прогрессивті, либералды пікірлермен қатар, консерваторлық көзқарастар да журналистердің назарынан тыс қалмады). Бірақ, олардың саны ондаған мың тиражбен ғана шектелетін де, ал арзанқол жарияланымдарға толы бәсекелестерінің тиражы миллионнан асып жығылатын. Және олардың табысы таңқаларлық деңгейге көтерілді.
Батыс баспасөзінде дайджест-журналдардың орны ерекше болды. Оның өзге басылымдардан ерекшелігі - жаңалықтарды қорыту. Дайджестің редакторлары қоғамдағы және өмірдегі мәдени құбылыстарды өз көзқарастарына лайықтап тұжырымдады, жеке талғамдарына сай қорытты, әлемде орын алып жатқан уақиғаларды түсінуді «жеңілдетті». Өздерінің кесімді редакциялық пікірлерімен оқырмандардың ойлау қабілетін есепке алмады, қарапайым азаматтардың өз бетінше ойлану қабілетін кемітті.
Оқырмандардың мінез-құлқы мен ойлау мәдениетіне жойқын әсер еткен бірден-бір алдыңғы қатарлы басылым дайджест болғандығын ғалымдар бүгінде мойындайды. Дайджестердің тиражы аспандап, астрономиялық цифрларға қол жеткізді. Баспасөздің бұл типі қоғамдық институт дәрежесіне өсті. Дайджестердің артында көбінесе кертартпа бағыт ұстанған саяси тұлғалар тұрды.
«Қауырт жұмыстың салдарынан ойлануға мүмкіндігі жоқ» адамдарға арналған басылымдардың тағы бір түрі - қуақы журналдар. Сорақылық пен эротикаға қаныққан қуақы журналдардың саны газет тираждарынан кем түспеді. 1930 жылдан бастап журнал мен шағын кітапша түріндегі қосымша таралымдар рынокқа қайта шықты. 20 жыл өткен соң «Фосет комикс компани» жарнама агенттігі жұртшылыққа баспасөз нарығындағы қуатын жария етті: Егер бір айдың ішінде сатылған қуақы журналдарды бір тізбектің бойына тізетін болсақ Жерден Айға дейінгі аралықтың төрттен бірін алады екен.
Американ ғалымы әрі саяси консерватор Гарри Оверстрит «Жетілген сана» кітабында ақпараттық майданға сыни көзбен зер салады: «Біздің сана-сезімімізді қалыптастыруға төрт қоғамдық институт үздіксіз ықпал етеді: баспасөз, радио, кино және жарнама. Бұдан шығатын психологиялық мәні бар заңды сұрақ: олардың ықпалы адамның санасын өсіре ме, әлде өшіре ме?» - деп уайымын жасырмайды.
IV <!--pagebreak--><!--pagebreak-->
Жоғарыдағы төртеу техникалық тұрғыдан мықты жарақтанғандықтан мәдениеттің ажырамас бөлігін құрайды. Десек те есте ұстау керек: бұлар басты игілігі тауар құны болып табылатын ақша жасаушы мәдениеттер. Егер кәсіпкер тауарын аршынмен өлшесе, ол бірінші кезекте қаржылық өлшем болып есептеледі. Олар мораль мен жетілген сананы тәрбиелейтін рухани бәсекенің көзі емес, ақшалай табысты көздеген мәдени бизнес ошақтары.
Пайдаға кенелу нысанаға айналған кезде бизнес өкілдері қалың жұрттың қалауы мен аңсаған затын тынбай іздестіреді. Ілімі терең азғантай адамдардың талғамын «тамақтандыру» экономикалық тиімсіз болғандықтан оған назар аударылмайды. Пайдакүнемдер елдің білімі мен талғамын өсіруге құлықты емес. Өйткені, таным өссе халықтың сұранысы мен талғамы өзгеріп кетеді де клиенттер саны күрт азаяды. Бизнес құрылымдары жүрісінен жаңылып, банкротқа ұшырайды. Тауар өндіру және сауда-саттық көпшіліктің «сұлу келбетіне» сиқырланған. Тұтынушылардың назары қайда бұрылса бизнес өкілдері де әлек болып олардың сиқырлы жүзіне қарай ыңғайлана аунап төңкеріледі. Оқырмандардың назарын аударып алу үшін оларды таң азаннан оқыс ақпаратпен таң қалдырып, газеттің бір бетінен екінші бетіне, үшінші бетіне ауысқан сайын тың жаңалықтармен қанықтыруы тиіс. Газеттің бірінші бетінде үлкен әріптермен жаңашыл әрі драмалық ақпараттардың айқайлап тұрғаны құба-құп. Қысқасын айтқанда күнделікті оқиғалар бір-біріне ұқсамағаны абзал. Өткен күннің еншісіндегі бұйымтайды сөз қылу, ескірген әңгімелерді қайталау оқырмандарды жалықтырып жіберетіндіктен, газет беттері олардан айрықша хабарларға толы болуы керек. Рас, адамның ақылы ой жүгірту арқылы, нақты құндылықтарды сезімталдықпен қабылдау арқылы және өмірде орын алып жатқан оқиғаларға назар аудара қарау арқылы ескіліктің ми батпағынан сытылып шығуға қабілетті. Алайда, бұл әдіс бір сәттік алданыш ғана, мәліметтері мен сандық көрсеткіштері алмағайып өзгеріп тұратын әр заманның ортақ талабына сай формула емес. Бойкүйездіктен, моральдың әлсіреуінен адам өзін-өзі тану арқылы және рухани әлеуетін жүзеге асыру арқылы арылады. Ал, ақпаратпен алдаусыратудың пайдасыз болғандығы былай тұрсын, жаңалықтар бұқаралық өндіріске негізделгендіктен адамға зиянын тигізеді. Бұқаралық мәдениет адамнан жеке интеллект пен нәзік интуицияны талап етпейді. Мазасыздықтың түнегінен тек еліктіретін, сезімді толқытатын ақпараттар ағынымен шығаруды мақсат етеді.
Әрине, батыстағы БАҚ-тардың барлығы бірдей шынайы фактлерді жарияламайды десек, онымыз ағат болар еді. Бірақ бұл жерде басты бағдар жайлы әңгіме болып жатыр. «Вашингтон пост» газетінің бұрынғы бас редакторы Менкен: «Әділетті журналистика дегеніміз - миф. Сенсация мен «крест жорықтары» - газет өнеркәсібі мойнындағы қарғыс таңбасы» - деген болатын. Оның пікірінше АҚШ газеттері өркендеу мен әділеттілікті қатар алып жүре алмайды, басылым беттеріндегі еркіндік пен бостандық туралы әңгімелер мен сараптамалар мейлінше екіжүзділенген. Дәл осы сықпытымен бұқаралық мәдени өндіріс екінші кезеңге аяқ басты: бұл кезеңдегі салтанатты шеруді кино, радио және теледидар іліп әкетті.
Киноның әсері
Кинематография (Голливуд) бұқаралық басылым-дардың қожайындары бастап берген идеяларды, экономикалық және ұйымдастырушылық әдістерді өңдеуді жалғастырып ғана қоймай көркем туындылармен қаруланған конвейерлі өндірістің жарнамалық-үгіт және коммерциялық мақсаттарын айқындап берді. Ол контуры «әдебиет өнеркәсібінде» белгіленген бұқаралық мәдениеттің эстетикалық принциптерінің іргетасын бекітті. Кинематографтар көрермендерді тартудың түрлі әдістерін ойлап тапты, солардың ішіндегі ең негізгісі - иллюзиямен еліктіру. Мұны жақсы түйсінген кинобизнесмендер тынышсыздықтың азабынан бір мезет болса да азат ететін, жанды жадырататын иллюзияларды халыққа тарту етті. Өмірден түңіліп баз кешкендерге «қиял сыйлау» арқылы кино кәсібі ірі мамандандырылған кәсіпорынға айналды. Кинофильм адамдардың рухани өрлеуін және олардың түйінді мәселелерін шешуді мақсат етіп қоймады. Шынайы өмірге қатысы аз ой-қиялдар адамдардың санасына еркін орын тепті. Тұрғындар қиялға берілу үшін қайта-қайта кинотеатрларға бас сұғуды әдет қылды. Бұл ақшаға қарқ болудың тамаша жүйесі еді. Романдар мен драмалар кинорежиссерлердің диірменінен өткенде мүлдем басқаша сипатқа енді: әдеби көркем жанрлар экран бетіне арманға мұқтаж жандардың тұтынымына дәлме-дәл сәйкестеніп шығатын. Голливуд эскапизмді (ағыл. escape - «қашу», «құтылу» деген мағынада, шынайылықтан иллюзияға ұмтылуы) жарнамалауға мүдделі еді. Жарнамаға құйылған қаржы капиталистердің мүддесіне орай көрермендердің эмоцияналды дүбәра көңіл-күйі мен тұманды сана-сезімін бірқалыпты ұстауға қызмет етті. Голливудтың киноөнімдері доңызталғамдылардың қорегі іспетті болды.
Біршама кино шеберлері голливудтың ызғарына қарсы тұра алды, бірақ олардың шығармашылығы түрлі құқықтық және коммуникациялық заңдардың мазмұнына лайық болмағандықтан қолдау таба алған жоқ.
Кино - бұқаралық мәдени тетіктердің ішіндегі ең жойқыны. 100 роман жабылып баса көктеп кіре алмаған сананы бір кино оп-оңай жаулап ала алады. Адамның миы «бос» болуды қаламайды. Егер ми «бос» болса, пенде тіршілік иесі ретінде өмір сүруін тоқтатады. Сол себепті ол жағымды ақпараттарға мұқтаж. Көп жандардың жалғыздықты серік етуге төзімсіз екенін жоғарыда айттық. Сананың жоғары-төмендігі көкейге қонған құндылықтардың құнымен өлшенеді. Мәдени соғыс дегеніміз - адамзаттың миындағы «территорияға» талас. Киноның құдіреті сол: бұрынғы дүниетанымды төңкеріп тастап, жаңа көзқарасқа бетбұрыс жасай алатындығында. Құдды атом бомбасы тәрізді. Күні кешеге дейін арсыздықтың, имансыздықтың белгісі саналған көріністердің бүгінде заманауи стандартқа түсуі кинолардың арқасы.
Американдық бір жазушы айтпақшы «Адам жексұрындықты кітаптан оқыса жиіркенеді, кинодан көрсе құмарланады». 400 бет роман жазып әзер баяндап беретін уақиғаларды 4 минөттік кадрге сыйғызып жіберетін кинорежиссерлерді ақыл-ойдың деңгейіне өзгеріс енгізе алатын пультті қолына ұстаған тасадағы кардиналдар десе де болады. Көрермен кино кейіпкерлеріне еліктеу арқылы, қиялға көгенделе отырып киножасаушылардың назарына кіріптар болғанын байқамай қалады.
Ықшамдылығы, сюжет сыйымдылығы, көрініс-терді «тірідей» суреттеуі киноөндірісін бүкіл мәдени жаһанданудың алғы шебіне шығарды. Басына шляпа киген, аузына жуан темекі қыстырған, ұнамаған адамдарын беліне жапсырған тапаншасын суырып алып атып тастай салатын ковбойлар, жалғыз өзі бір топ адамды ту талақай ететін, маңайындағыларға мұрнын шүйіре қарайтын көше «қаһармандары», күйеуін құтқару үшін күйеуінің көзіне шөп салатын «патриот» әйелдер, бір-екі ауыз сөз айтып ата-анасы мен ұстаздарының аузына құм құятын жас жеткіншектер, жалаңаш еркектер мен қыз-келіншектер, сасық намысты ту етіп ұйымдаса қалатын жігітсымақтар мен қызсымақтар экранның көркі болып, көрерменнің көкірегіндегі әлдебір желік сезіммен, беделсіз менмендікпен ауыз жаласып жатты. Кино кейіпкерлері жұрттың күндіз қиялында, түнде түсінде жүрді. Нарық заманы басқа кезеңдерден уақыттың тапшылығымен ерекшеленеді. Бұрын кітапты аударып-төңкеріп оқитын халық тұрмыстық мұқтаждықтың сарсаңына ұрынды. Тәулік бойы тиын үшін тынымсыз тырбаңдайтын жандардың кітап оқып отыруға уақыты да жоқ. Оларға тарихты болсын, саясатты болсын, астрономияны болсын көркем әрі түсінікті түрде жеткізе алатын механизм керек болды. Бұған кино мен видеороликтер таптырмас құрал еді. Бүгінде Александр Македонский мен Колчак туралы сан түрлі пікірлерден, кітаптардан, монографиялардан гөрі «Александр» мен «Адмирал Колчак» фильмі халықтың жанына жақын. Гомердің «Троя» жыры Голливудтың «Троя» фильміне орын босатты. Ацтектер туралы кітап оқығаннан гөрі Мэл Гибсонның «Апокалипсис» фильмін көре салған абзал.
Кино - көпшілікке кең тараған қолжетімді дүние. Теледидар арқылы күн сайын көрсетіліп жатқандықтан, кино дискісін сататын нүктелер әр елу метр сайын кездесетіндіктен адамдар оны көруге көп уақытын жұмсайды. Киноның ықпалы қаншалықты екенін ешкім дәл өлшеп бере алмаса да, оның бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Жасөспірімдер кино тамашалағанда сүйікті кейіпкерлеріне еліктеп сөйлеуді, оларға ұқсап көргендерін іске асыруды әдетке айналдырады. Ұнамсыз мінез-құлықпен суреттелген жағымсыз кейіпкерлерді кумир санайды. Сүйікті актерлері мен актрисалары жасап жатқан күнәлі істерді күнә деп қарамайды. Өйткені ол әрекетті оның мақтан тұтатын, пір санайтын әртістері сомдап жатыр.
Жастар жүріс-тұрысын киноға қарап қалыптастырады. Сонымен қатар фильмдерден құндылықтар мен идеалдарды игереді. Өмірге қалыпты көзқарасы бар және өмірлік тәжірибесі жоғары орта және егде жастағы адамдармен салыстырғанда жастар экран бетіндегі көріністерді бойларына еш сынсыз көшіріп алады.
Кино қоғамды аударып-төңкеруге қауқарлы. 1916 жылы Ресей ішкі істер министрі А.Н.Хвостов кинематографияға мемлекеттік монополия орнатуды жақтап сөз сөйледі. Оның пікірінше кино тек халықты тәрбиелеумен (көңілін көтерумен емес) айналысуы керек. Кеңес өкіметі тұсында кино тәрбие әрі қоғамға идеологиялық ықпал ететін құрал болды. Қазіргі таңда кинематография саяси өмірге де, әлеуметтік өмірге де әсер ететін бірден-бір ақпараттық тетік.
Кино көрерменді тәрбиелеуші әрі оған ықпал етуші жүйе болғандықтан кинофильмді түсірушілердің рухани жауапкершілігі жоғары болуы міндет. Заманауи киношеберлер бұл жауапкершіліктің үдесінен шыққан жоқ. Сатқындықты, жексұрындықты, қанішерлікті, екіжүзділікті аса жоғары симпатиямен сипаттауда киногерлер алдына жан салмауда. Олардың көзқарастары әлемді зұлымдық билейдіге саяды. Жақсылық үнемі жанышталып жатуы шарт. Киногерлердің осы тәріздес нигилистік философиясы ғаламды Құдай басқарып тұрғандығы, ақ пен қараның айқасындағы ақырға жеңіске ақ жақтың ие болатындығы жөнінде ақиқат танымдарды бұрмалайды. Зорлық-зомбылық экранның сәніне айналғалы қашан. Ол аздай оны шат-шадыман көңіл-күймен жалғастырып жібереді. Күштеуді, зорлауды киноға ендіру қылмысқа тең, себебі ол көрермендерді жеңілтектікке және жеңіл ойға әуестендіреді.
Кек қуу - бүгінгі кино өнерінің білдіртпей тықпалап жатқан жымысқи идеясы. Туған-туысқандары мен достары үшін кек алуды әділеттілікке жатқызады және сол үшін адам өлтіруді қылмыс санамайды.
Кинематографияда жыныстық жақындықты әспеттейтін екі жанр бар: эротикалық және порнографиялық фильмдер. Киногерлер үшін бұл екеуінің белгілі бір ерекшеліктері болғанымен, моральдық көзқараспен алып қарағанда бұл екеуінің бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ. Екеуі де арсыздық. Жалаңаш денелер мен жыныстық актілер өзге жанрларда да көрініс береді. Көрермендерді тартудың таптырмас жолы. Оны өздері де жасырмайды. Мысалы, ағылшын режиссері Питер Грэнуйдің сөзінше, жұрт қызығатын, адамдардың әуесін ашатын екі нәрсе болса, оның бірі - секс. Бірақ, сексуалды көріністер мен жалаңаш денелер моральдық бытыраңқылықты туғызады. Желік сезімнің билеуімен саналы және санасыз түрде күнәға аяқ бастыртады. Екінші жағынан киноға түсушілердің абыройына орны толмас нұқсан келтіреді. Актерлер жабайы сезімнің объектісіне айналып кетеді. Неке және отбасы институтын қиратып, сексуалды ұстамсыздыққа бой ұрғыздыртады. Жалаңаш дене мен жыныстық акт көрінісіне қарау - ұятсыздық. Аталған көріністер адамның ішкі әлемі мен сұқ көздерден тасалайтын махаббат құпияларына қорған болатын ұят-иба қасиеттерін жояды.
Атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа, у-шуға толы фильмдер өскелең ұрпақты түсініксіз қорқыныш сезімдеріне, агрессивті мінез-құлыққа ұшыратып, ал бұл өз кезегінде бас ауруына, бас айналуына, есінен адасуға, жүйкенің жұқаруына ұласты. Жас жеткіншектерді ерте есейтіп, алпысты алқымдағандарды жас балаша шолжаңдатты.
Қазақстанның мәдени келбеті өзгеруде
Мәдени революция дегеніміз - өткенді сүзгіден өткізу, мәдени тұрмысты қайта құру. Оның құндылықтары жекелеген идеологтардың қадағалауымен жаңадан жасақталады. Қоғамның қажымас күші олар сұрыптаған құндылықтарды насихаттауға жұмсалады. Қазақта «Қытай қайыс ноқта болса, орыс темір ноқта» деген сөз бар. Қайысты суға салсаң созылады екен. Созылған ноқтадан басыңды суырып алуға, иегіңді кемсеңдетуге мұршаң бар. Содан болар Қытайдың түрмесіне тоғытылған аталарымыздан оқтын-оқтын хабарлар, кітаптар жетіп тұрды. Мәселен, Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» трилогиясы соған айғақ. Ал, көзі көк ағайынның темір ноқтасы талай жанның бас сүйегін қысып сындырды. Қуғынға ұшырап, қиырға айдалған қазақ зиялылары мен марғасқаларының ішінде Иман Жүсіп пен Балуан Шолақтың әндері сәлем болып жеткені болмаса, қалғандарында барған із бар да, қайтқан із жоқ. Чекистердің тегеурінді тепкісі бізді тырп еткізбеді. «Халықтар түрмесі» аталған Кеңес империясы дегеніне көнбегендерді, айтқанына иланбағандарды аяусыз азаптады. Қызыл өкіметтің «айтқаны» мен «дегені» деп отырғанымыз - орталық партия комитетінің қалың бұқараға ұсынған материалистік сипаттағы әлеуметтік-философиялық танымы, параметрлері социалистік өлшеммен ғана шектелген маркстік-лениндік көзқарасы. Бұл көзқарасқа сәйкес келмегендер сауатсыздар қатарына жатқызылды. Қазақтың шығыс халқы екендігі, түркі тілдес қауымға жататындығы есепке алынбады. Сол заманда түрік, парсы, араб және т.б. шығыс тілдерін меңгерген білімдарлар даламызда жетерлік еді. Әлихан Бөкейхановтың тілімен айтқанда «Қазақ даласында Самарқан, Бұқара, Стамбұл, Қазан мектеп-медреселері мен т.б. мұсылман орталықтарында тәлім алған Науан сияқты хазіреттер баршылық. Қазақтың қанша пайызы сауатты екенін дәл айту қиын, өйткені ілім құпия түрде беріліп, статистикалық мәліметтер қағаз бетіне түспейді».
Ал, большевиктердің ойынша біз қараңғы едік. Өмір бойы мал соңынан жүргеннен басқаны білмеппіз. Маркстік-лениндік көзқарасқа сай келмеген халықтардың арасына шұғыл түрде ағарту жұмыстарын жүргізу керек. «Бұл бұратаналардың көзін коммунистік тәрбиемен ашпасақ басқа жол жоқ», - деп шешкен Қызыл комиссарлар осындай пиғылмен қазақ сахарасына санақ жүргізді. XX ғасырдың 20-жылдарында Қазақстан халқының 2%-ның ғана оқу-жазудан хабары бар боп шықты. Қалғандары қып-қызыл мақау екен.
1919 жылы Халық Комиссарлар Кеңесі сауатсыздықпен күрес жөніндегі декрет қабылдап, 8 жас пен 50 жас аралығындағы бүкіл азаматтар мен азаматшалар партиялық білім алуға міндетті болды. 1923 жылы «Сауатсыздық жойылсын» еріктілер қоғамы құрылды. Шын мәнінде сауатсыздықты жою саясатының артында қазақ мәдениетін құртудың жымысқы саясаты тұрған еді.
Кеңес өкіметі идеологтарының қазақ халқының санасына жасаған ең жойқын шабуылы - алфавитті үш рет өзгерту болды: араб жазуынан латын алфавитіне (1930), латын әрпінен кириллицаға (1937) ауысты. Өсіп келе жатқан жас буынның санасы екі рет «тазартылып» туған тарихи жадынан кесіліп қалды. Қызыл идеологияға қызмет ететін еңбектер ғана жаңа алфавит тіліне көшірілді. Мәдени төңкеріс халықтың сауатын арттыру үшін емес, «жаңа адам», яғни «мәңгүрттер» даярлауды жүзеге асыру мақсатында ойлап табылған амал болатын. Биыл сексеннің сеңгірінен асқан ғалым, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов өзінің «Қазақ қалай мәңгүрттенді?» атты мақаласында былай деп жазады: «Қазақ ақын-жазушыларының қолымен жазылып, басылым көрген ұлттық рухтағы туындылары да тұтас жойылды. Кейде олардың атын атап, өлеңін жатқа білетіндердің өзі халық жауы ретінде ұсталып жатты. Оны студенттік шақта - 1951 жылғы қазақстандағы идеологиялық күрес кезінде көзімізбен көріп, үрейленіп өстік емес пе?! Қазақ филологиясында оқып жүрген кезімізде біздер ата ұрпақтың рухани мұрасынан мүлде бейхабар қалғанымызды кеш ұғындық. Олардың туындысын жасырын болса да оқып білуге қазақ жазу әліппесінің латыншаға, артынша орысшаға ауысып кетуінен оқуға шамамыз келмеді. Голощекиннің зымиян ойы мен тілегі алдымыздан шықты. Өткен тарихымызды танып білуге ұмтылысымыз далаға кетіп, күн өткен сайын мәңгүрттене бердік».
50-жылдары ашылған 7 жылдық мектептер, 60-жылдары ашылған 8 жылдық мектептер, 70 жылдары ашылған орта білім беретін мектептер орталық комитет бекітіп берген кеңестік білімнің шекарасынан аттап шықпады. Коммунизм деген сағым идеяны нұсқа ғып көрсетті де, төл мәдениетін ұмытқан аш құрсақ ұрпақтың санасына партиялық жеңістерді, даңғаза ұрандарды, көпірме уәделерді үйіп төкті.
1930 жылдары іске асқан ұжымдастыру науқаны да халықты коммунистік тәрбиеге икемдеу үшін ұйымдастырылды. Халық көп шоғырланған аймаққа қандай да бір идеяны сіңіру оңай. Қауымның психологиясы жөнінде кітап жазған философ Элиас Канетти жазғандай адамдар тығыз шоғырланған ортаға желөкпелік, мастық сияқты бейсана тіршілікті сіңіру қиындық тудырмайды, тобырлық санаға ұрынған сәттен бастап ондағы адамдар ырықсыз түрде дербестігінен айырылады. Қазақ халқы көшпелі өмір сүргендіктен, табиғатқа жақын болды. Құр сөзге еріп кету өте сирек ұшырасатын. Жаратылыс пен қарапайым жанның арасындағы нәзік байланыс, келімсек идеялардың кіріп кетуіне бөгет жасайтын. 30-шы жылдардағы реформа негізінде қалыптасқан колхоздар, совхоздар компартия басшыларының уылдырық шашатын мекеніне айналды. Өзіңіз ойлап қараңыз, қорадан өріске қарай бір қойды айдап апарған оңай ма, әлде бір отар қойды алдыңа салып айдаған оңай ма? Әрине, отар қой айдағанға тез жүреді. Жалғыз қой маңырап, онда-мұнда қашып шопанның ығырын шығарады, оны тек мойнына жіп байлап сүйрелеуге тура келеді.
1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің бірінші бетінде қазақ халқының саны 6 миллионға жеткенін сүйіншілеп хабарлады. Түркі халықтарының ішінде халық саны жөнінен Түркиядан кейінгі екінші орынды алатынымызды қуана жеткізді. Алайда, арада 35 жылдай уақыт өткенде қазақ жұртының саны 1,5 миллионға дейін төмендеді. Әлсін-әлсін ұйымдастырылған ашаршылықтар, дүркін-дүркін жүргізілген соғыстар 4,5 миллион қазақтың басын жұтыпты. Бұл цифрлар көшпенділерді жер бетінен жою әдейі ұйымдастырылған геноцид екенін көрсетеді. Қалған 1,5 миллион адамды қырып жіберу де қиын емес-ті. Бірақ, екінші дүниежүзілік соғыс социализмнің жауы көп екендігіне большевиктердің көзін жеткізді. Коммунистік жұмақты капиталистердің басқыншылығынан қорғайтын, қолына қару ұстай алатын бұратаналар қырағы чекистерге әлі де керек екен. Социалистік қоғам мен капиталистік қоғам арасындағы қырғи-қабақ пен бәсеке батыс елдеріндегі азғындықтан, қызыл өкіметтің келесі қанды қырғынынан бізді қалқан тәрізді қорғады. Компартияның қызыл қырандары қарамағындағы халықтарды капиталист дұшпандарынан «қызғанды». Сырттан жау келіп қалар-ау деген қауіппен бізді әскери резервте ұстады. Оған дейін орталықты керек-жарақпен, шикізатпен қамтамасыз ететін жұмысшы табын құрай тұрдық. Олардың бізді аяғанынан, мүсіркегенінен емес, біз оларға керек болғаннан тірі қалыппыз. Тірі жүргендерін идеологиялық тұрғыдан әлі де қысып ұстау қажет болды. «Бұйырамын», «орындалсын», «міндеттелсін» деп аяқталатын жоғарыдан жеткен директивалар сол кезде күшіне мінді. «Бұл Ленин атамыз, бұл Ленин бабамыз» деген өлең жолдары өзін патриотпын деп есептейтін әрбір жанның аузында жүрді. 37-38-ші жылдары қырылып кеткен интеллегенцияның көзін көргендер қатаң цензураның бақылауымен ғұмыр кешті. Туған тарихынан кесіліп, майып болған халықтың мүгедек кейпі ғарыштағы, тың игерудегі, бесжылдықтағы жетістіктермен көмкерілді. Бұның бәрі орыстың темір ноқтасы. Бірақ көп ұзамай кеңес өкіметі құлап, темір ноқта сынды. Тәуелсіздік деп бөрігімізді аспанға атқанмен, сол мезеттен бастап батыстық жаһандану шекарамызға баса көктеп кірді. Жаһандану қайыс ноқта да, темір ноқта да емес. Өрмек. Жай өрмек емес. Абай айтқан «Ел бұзылса салатын шайтанның өрмегі». Пенденің бойындағы желік сезімді қоздырып өзіне қарай тартып, тұзағына түсірді. Түрмеден шығып, тұтқыннан босаған жарымжан пенденің қылмысқа, бұзақылыққа, зинақорлыққа, жезөкшелікке үйір болатыны сияқты «Халықтар түрмесінен» құтылған біздер сан түрлі арсыздықты талғамай қабылдай бердік. Өзгенің өрмегі қарапайым елге өрнек тәрізді көрінді. Еріккенге ермек, кеміргенге кермек табылды.
2005 жылы «Көшпенділер» фильмі түсірілді. Фильмнің сценарийі І. Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабы негізінде дайындалды. 70-жылдары жарық көрген шығарма цензураның илеуінен әбден өткендіктен, хандар мен батырларға, олардың аналары мен жарларына тән емес образдар романға енді. Егеменді ел болған соң түсірілген киномызда тіксінтетін сюжеттерден құр қалмады. Абылайдың атқа теріс мінгізілуі, оның қонтайшының алдына тізе бүгуі, Гаухар анамызбен жар басында ерін жабыстыруы көпшілігімізді қапаландырды. Алғашқы айтылған екі көрініс сынға ұшырағанымен, үшіншісі жайлы көп пікір айтылмады. Шамасы біраз адамдарға жаққан болу керек. Бізде оқушы кезімізде «Тәнтану» оқулығындағы аталық және аналық ұрықтардың қосылуы туралы параграфтарды 1-қыркүйек - кітапты алған күні оқып тастайтынбыз. Ұнайтын, сол себептен үндемей күлетінбіз. Одан басқа тақырыптарды оқуға мойнымыз жар бере қоймаушы еді. Айтпағымыз, 30 ұл, 40 қыздың әкесі болған Абылайханды қалыңдығымен сүйіспеген деуден аулақпыз. Бірақ, Хан Абылай тарихта серілігімен аты қалған адам ба екен?! Аю мен айдаһардың ортасында жүріп, бірін алдап, бірін арбап елдің басын бір тудың астына біріктірген қайраткер емес пе еді? «Көшпенділер» кітабы компартияның цензурасымен жарыққа шықса, «Көшпенділер» фильмі голливудтың деміне тұншығып өмірге келді. Ең бастысы қысымның жоғалмағанын мойындауымыз керек. Тек ол түр-сипатын өзгертті.
Сақтаныңыздар... Телегония!!!
Театрдың, киноның, кітаптың, көркем суреттің, өнердің міндеті - адамды ғапылдыққа ұрындырмау. Шыққан тесігін, қағар есігін ұмыттырмау. Ұмытшақтық - тектіліктің жауы. Тек демекші XIX ғасырдың ортасында жылқы өсірушілер таңғажайып жаңалыққа тап болды. Асыл тұқымды жылқыны өмірге әкелмек болған атбегілер жылқы мен зебраны шағылыстырады. Олардың еркегі де, ұрғашысы да ұрықтанбайды. Екі жануарды да өз жөніне қоя беріп, бұл оқиға ұмытыла бастайды. Арада біраз жыл өткен соң, үйіріне қосылған әлгі бие ондағы айғырмен шағылысқанда ала-құла құлындар туылып, бұрынғы тәжірибе селекционерлердің есіне қайта түседі. Бұл әдісті асыл тұқымды ит өндірушілерде бұрыннан пайдаланып келген екен. Ғалымдар бұл керемет жаңалықты телегония («теле»- алыс, «гония» - туылу деген мағынада) деп атайды. Яғни, алғашқы еркектің «таңбасы» әйелдің аналық ұрығында сурет боп мәңгі қалады. Пәктігінен айырылған қыз бала, екінші жігітке күйеуге шығып, одан бала тапса да, сәби қыздың етегін бірінші түрген еркекке тартып туады. Күтпеген жаңалық көптеген адамдардың - Ч.Дарвиннің, Флинттің, Феликс Ладентектің және тағы басқалардың қызығушылығын оятады. Ф.Ладентек өзінің «Тұлға, даму, тұқым, қудалау және жаңадарвиншілер» (1889 жылы Мәскеуде жарық көрген) деген кітабының «Телегония немесе алғашқы еркектің Әсері» атты тарауында бұл жайында егжей-тегжей баяндайды.
Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, эмбрион аталық ұрық - сперматозойд пен аналық ұрық - ооциттен құралады. Бірақ, аталық ұрық пен аналық ұрықтың жаратылуында бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктер бар екен. Қыз бала әу баста қанша ооцитпен дүниеге келсе, өле-өлгенше сол клеткамен болады. Ер баланың ұрығы сияқты жоғалып жаңадан пайда болмайды. Тек аздап жетіліп, дамып өседі. Ал, ер баланың сперматозойды күн сайын, апта сайын жаңарып көбейіп, өзгеріп тұрады. Нашақорлық пен маскүнемдік сияқты кеселдер сөз жоқ ұл баланың да ұрығына зиянын тигізеді. Алайда, оны емдеп, тазартып, сапасын жақсартуға мүмкіндік бар. Қыз балаға жаратушы мұндай мүмкіндікті бұйыртпапты. Қыз баланың өміріндегі ішімдік, темекі, зиянды қылықтар оның аналық ұрығын орны толмастай етіп зақымдайды. Ең өкініштісі, қыз бала қайтадан түзу жолға бет бұрып, тазалық жолына түссе де ескі қателіктердің ізі ооцитте сол күйінше өзгеріссіз тұра береді. Жараның орны жазылмайды.
Алғашқы еркекпен жақындасқанда қыздың хромосомалық сақинасы мутацияға ұшырайды. Қыз алғашқы әріптесімен жарасып, отбасы құрып үйленіп кетсе құба-құп. Ал, жігіттен ажырап, екінші жігітке тұрмысқа шығып, балалы-базарлы болса да, бұл отбасындағы кішкентайлардың дене тұрқында, қанында, жүзінде, бойында о бастағы «серінің» белгілері сақталынып қалады. Еркекте сан миллион сперматозойд болғанымен, жыныстық қатынас кезінде олар жарысып жатырға тұра ұмтылса да, онда аналық клетка біреу-ақ. Жақсы болса да, жаман болса да соны қанағат тұтады. Әйел ұрығының жаңару мүмкіндігі жоқ болуы себепті еркек ұрығының да таңдау мүмкіндігі жоқ.
Телегония ғылымы XIX ғасырда ашылғанымен, жалғасын таппады. Себебі, ол жаңадан бүршік атып келе жатқан порнографиялық индустрияға, сексуалды революцияға, эротикалық жанрларға тосқауыл қойып, осы арқылы пайданы көксеп отырған қалталылардың бизнесіне нүкте қоятын еді. Жаңалықтың ренесанс-тығы оның таралуына, қолдау табуына бөгет болды. Тек, энциклопедия жинағына «телегония құбылысы дәлелденбеді» деген тіркесті енгізе салды.
Сахнаны «үлкен сахна» және «кіші сахна» деп екіге бөлуге болады. «Кіші сахнаға» кино түсіру алаңын, театр сахнасын, салтанат сарайларының төрін жатқызамыз. Біз жиі сынға алатын әртістер, актерлер, актрисалар - әлсіз жандар. Әлсіз болғандықтан олар «кіші сахнаны» паналайды. Бұлар әртіс болып әркімнің бейнесін сомдағанмен, пейілі кең адамның, сабырлы адамның, төзімді адамның рөлін сомдай алмайды. Кино мен спектакльдегі рөлдерге талас кезінде жомарт жанның, қызғаншақ емес адамның образын сақтап, шыдап отыра тұруға олардың әртістік қабілеті де, сан жылдық сахналық тәжірибесі де жетпейді. Қарындары ашып, ішектері шұрылдаса тоқ адамның кейпінде томпиып тағы отыра алмайды. Бірақ, мұндай қиындықтарға шыдас беретін, дер кезінде адал жан, жомарт адам боп таныла қалатын, көпшіліктің тілін табуды білетін «иненің көзінен өткен әртістер» де бар. Олар - «үлкен сахнаның» майталмандары. Олардың әртіс екенін былайғы жұрт біле бермейді. Қазақ «шабақтары қармаққа түсіп, шортандары құтылып кетті» деп, назарға ілігуі қиын осындайларды меңзесе керек. «Үлкен сахна» шеберлері ғалым, философ, данышпан сипатына еніп, олардың сөздері, ғылыми тұжырымдары 98%-99% дұрыс, 1%-2% қате болып, жұртшылыққа жарияланады. Бұл пропорция олар жасаған идеялардың жұртшылыққа таралуын, санаға сіңуін тездетеді. Яғни, өтірікті шындыққа «орап» ұсынады. Карл Маркстің материалистік көзқарасы, Зигмунд Фрейдтің сексуалды теориясы, Огюст Конттың «дененің жаны жоқ» деуі, Лениннің бостандықты ұрандатуы бәрі-бәрі шындықты бетіне бүркемелеген жалған идеялар еді. Идея авторлары гигант ретінде халықтың жадында әлі келеді. Мұндай екіжүзділер ислам сепаратистері мен экстремистері арасында тіпті көбейіп, түрлі ағымдардың қаулауына жол ашты.
Болашақты болжайтын да, тарихты жасайтын да «үлкен сахнаның» әртістері және жапа шеккен адамзаттың обалы да солардың мойнында. Философ Оруэлл: «Халықтың өткен шағын (тарихын) уысыңда ұстасаң, болашағын басқарасың. Ал, өткен күнін басқару үшін, бүгінгі күннің тізгіні қолыңда болсын» деп айтқан екен. Теледидар, интернет, кино, газет-журналдардың насихатына қарап бүгін тізгін кімнің қолында екенін аңғару қиын емес. Әйтпесе, бес мың жылдық тарихы бар түрік, парсы, славян халықтары неге 200 жылдық ғана тарихы бар американдық мәдениетке ұмтылады? Өйткені бұл халықтар осы шағынан айырылып қалған. Өткен күнге сағынышы мен келер күнде үміті болғанмен, дәл қазіргі қолда бар қызметі мен атқарып жатқан жұмыстарының баяндылығына сенімі жоқ. Сағыныштың сарғайып құр елеске, үміттің солып дәмеге айналуы бізді бүгінгі күннің жасампаздарына тәуелді етуде.
«Жалын» журналы