"Қытайсыз дамитын Қазақстан" атты ұзақмерзімді стратегиялық жоспарлар керек!
Кешіріңіздер... Өтірік мәймөңкелей алмаймын... Өтірік әдепті де болғым келмейді. Қытайлардың қаптауына қарсылық білдірген кез-келген талпынысты қуана қабылдаймын.
"Қытай ешқашан ешбір елді жаулап алмаған" дегенді дәйек еткендердің нотациясын оқуға аса пейілді емеспін. Қытайлардың Қытайдағы бауырларымызды қинап жатқанын көре тұрып, түк білмегенсіп қарыз алу, екіжақты келісімдерге отыру - сатқындық! Ұлтқа жасалған сатқындық! Және болашаққа жасалған опасыздық!
Синофобияның үдеуіне себеп көп, қорқыныш негізсіз емес. Қарабайыр сөзбен жазайын:
Біріншіден, көп мөлшерде қарызбыз. Қарызың болса, арызыңды қайтіп айтпақсың?
Екіншіден, Қытай - гигант ел. Барлық жағынан. Халық саны, экономика, қорғаныс қуаты тбб.
Үшіншіден, олар жүрген жерге "шөп шықпайды". Жат елдің ауылшаруашылық жерлерін аямайды. Дәлел көп бұған.
Төртіншіден, экономикалық бәсекеге қауқарсызбыз. Жемқормыз. Жалтақпыз. Бақылау мен жауапкершілік жоқ бізде.
Бесіншіден, оларда дінсіз қоғам. Қазақ ежелден тамыр үзген жат қоғам.
Алтыншыдан, Қытай еліндегі қазақтарға қарсы репрессия үдеп кетті.
Жетіншіден, шикізат ресурстарына бай елміз.
Сегізіншіден, қытайлықтардың үлесіндегі отандық компаниялар (мұнайдан бастап) тым көбейіп кетті.
Тоғызыншыдан, гендік тұрғыда сақталған үрей жоқ емес.
Оныншысы, жасырын қытайларға жалға берілген жерлердің бар екендігі туралы жел сөз үдеп тұр. Үкіметтің бұл тұрғыда көп ақпарды жасырып, қоғаммен жасырынбақ ойнауы - күдікті молайтты.
Он бірінші себеп, xалық бұл билікке сенбейді!
Он екінші фактор, Қытайдың супердержаваға айналуынан, кіп-кішкентай, жаңа Тәуелсіздік алған көршілес ел - біз түгіл, АҚШ-тан бастап - бүкіл әлем қорқып отыр. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесі синофобияның барлығын көрсеткен.
"Қытайсыз дамитын Қазақстан" атты ұзақмерзімді стратегиялық жоспарлар керек! Соған қызмет етуге дайынмын!
P.S.: осы жердегі қытайсүйгіш әрі керемет толлерантты бір жігіттің постынан соң, тез-тез тере салдым... Барлық аспект қамтылмады. Айып ете көрмеңіздер...
Дина Елгезек, журналист
Abai.kz