Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Деп жатыр 10921 12 пікір 12 Шілде, 2018 сағат 12:30

Калиниченко: "Пара алған Қонаевты тұтқындауға мүмкіндігім болды"

Өткенде "You tube" желіcінде Дінмұхамед Қонаевқа қатысты укарин журналисінің жасаған ақпарының фрагменті тарады. Сол туралы жазбақпыз.

Әуелі Дмитрий Гордон деген кім дегенге тоқталайық. Дмитрий Гордон украин журналисі. Жасы 50-де. Саяси шолу, оппозициялық сарындағы материалдары арқылы жұртқа кең танылған. Әсіресе, 2014 жылдан бері орыспен екі ара суығаннан соң, Мәскеудің солақай саясатына сыни пікірлер айтып жүр. 40-қа жуық кітабы мен сұхбаттар жинағы жарық көрген. 60-қа жуық ән жазған. "В гостях у Дмитрия Гордона" деген бағдарламасы бар.

Міне, сол бағдарламаға КСРО Бас прокуратурасы жанындағы ас маңызды істер жөніндегі тергеуші Владимир Калиниченко қонақ боп кепті.

Калинченконың жасы 70-те. Ресейдің үшінші дәрежелі Мемлекеттік кеңесшісі. Зейнетке шыққан соң адвокат болған. Заңгер екен. Енді көп қойыртпақтамай, Калиниченконың сұхбатына оралайық.

Сол Калиниченко деген сөз арасында Совет билігі кезінде Қазақстанды басқарған Мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа да тоқталған екен. Оның парақор болғанын айтып, тұтқындауға да әзір болғанын сөз еткен. Біз екеуара орыс тіліндегі сұхбатты қазақшаға қотарып бергенді жөн көрдік.

Әуелі Дима Гордон Калиниченкодан: "Қонаевты тұтқындамақ болғаныңыз рас па? Ол парақор болған ба?" деп сұрайды.

Егер мен оны тұтқындайтын болсам, ол Сотқа дейін тірі қалмайтын еді

"Мәселе былай ғой, бұл кезде Қонаев қайдағы жоқ біреу емес, 3 дүркін Сәбеттің еңбек ері еді. Мен ол адамды өте жақсы білдім, жақын таныстым. Жаным ашыды. Білесіз бе, мен Оны үйінде тергедім. Тұтқындауға да ниетім болды.

Алайда, мен мынаны жақсы түсіндім. Егер мен оны тұтқындайтын болсам, ол Сотқа дейін тірі қалмайтын еді. Ол кезде әңгіменің шеті ғана шыққан кез. Ал Сотқа дейін, алдын ала тергеу кезінде қайтыс болса, ол өз халқы үшін Халық батыры болып аты қалатын еді. Өйткені, өз халқы үшін Қонаев онсыз да Халық қаһарманы еді.

Оның пара алғаны рас та болуы мүмкін. Бірақ, ол кезде барлығы пара алатын. Сондықтан мен оны тұтқындауға бармадым. Әйтсе де, тұтқындауға санкциям болды. Өйткені, ол кезде Қонаев ешкімге керек болмай қалған. Горбочевқа Колбин кіріпті. Қонаевттың көзін құртайық деген оймен. Горбочев, менің қолымдағы деректер жеткілікті болса, өздерің біліңдер деген.

Ал енді бүгін сол қылығым үшін өкінемін бе деген сұраққа келсек, жоқ, өкінбеймін. Өйткені, менің Қонаевқа деген адами жақындығым болды. Ішкі симпатиям болды. Мен жаралы адамды көрдім. Өз мемлекеті, өз елі үшін өте көп жұмыс жасаған адамды көрдім.

Ол мені өз кабинетінде қарсы алды. Кабинетте ол мені Қазақстанның басшысы ретінде қабылдады.

Ал үйіне барып, тергеген кезде қарапайым ғана киіммен, қарапайым адам ретінде сөйлестік. Оның қасында дәрігер тұрды. Жиі келіп денсаулығын тексеріп отырды. Ол өте қатты сырқат еді.

Оның сол кездегі атақ абыройы мен саяси беделі өте жоғары еді. Мен Қонаевты тұтқындағаныммен, құдды политбюроның бірінші мүшесін тұтқындаған адаммен тең болар ем.

Ең соңында, протоколға қол қойып отырып, "балам, сонда сен мені тұтқындамақсың ба?" деді.

Мен: "Дінмұхамет Ахметович, сіз қазір тек куәгерсіз" дедім. Ол: "Мені алдамайсың ба?" - деді. Мен: "Жоқ" дедім.

Білесіз бе, бүгін аттарын аңыз қылып айтып жүрген сол кездегі адамдардың әрқайсысы әр түрлі болды. Іштерінде оңбаған, иттер де болды. Бірақ, өз істеріне шын берілген адамдар да болды".

Түйін

Сұхбат барысында тергеушінің адам ретінде Қонаевтың жанашырына айналып кеткенін байқайсыз. "Алдын ала тергеу кезінде қайтыс болса, ол өз халқы үшін Халық батыры болып аты қалатын еді. Өйткені, өз халқы үшін Қонаев онсыз да Халық қаһарманы еді", - дейді Калиниченко. Бұл - кез-келген қызмет істеген адамға бұйыра бермейтін бақ. Осыны біздің шенеуніктер білсе ғой деп ойлайсың, кейде!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

МАТЕРИАЛДЫ ПОРТАЛДЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2062