Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Тарих 7200 17 пікір 13 Шілде, 2018 сағат 04:04

Еуразияны билеген Асылұя династиясы

(Жалғасы)

Түркі қағанаты, Авар қағанаты,

Он ақ түтін-Батыс түркі қағанаты

7)      Түркі қағанаты. Орхонда қалған хұңдарды IV ғасырда билеген ру қытай жазбасында «тугэ», «асянь-ше» деген екі атаумен кездеседі. Олардың дұрыс атауы «төргі асұяң-шы», яғни Асылұя тайпасының Төргі деген руы. Солтүстік Қытайды билеген үйсүндік хуньмо-тоба (табын) династиясы V ғасырда Орхон хұңдарын басып алды, биліктен айрылған «төргі асұяң-шы» (тугэ асянь-ше) руы Алтай тауына барып орнықты. Олардың «Хунь ханзадасы ұрпақтары» екені және тарихқа «Тюрки ашина» болып енгені белгілі. Осы төргі асұяң-шы руы әйелді тек сұрбөрі (сюйбу) тайпасынан алуды дәстүр еткен, яғни төргі асұяң-шы (тюрки ашина) руы аналары сұрбөрі тайпасының қыздары болған. Сұрбөрілік болғандықтан оларды «бөрі қыз» деп те атаған. Осыны дұрыс түсінбеуден «Тюрки ашинларды бөрі қаншық емізіп өсірген» деген қисынсыз аңыз қалды. Осыған ұқсас жағдай: Закавказедегі Савир империясын Болах (Бұлақ) патшаның жесірі Боарикс ханым билегені белгілі. Ғалымдар Боарикс есімі дұрысында Бөріқыз екенін бірауыздан мақұлдағаны мәлім, яғни ол сұрбөрі тайпасының қызы болғандықтан «бөрі қыз» деп аталған (күйеуі Болах Аттиланың туысы, яғни ол Асылұя тайпасы адамы).

Төргі асұя (Тюрки ашина) руының нағашылары сұрбөрі тайпасы болғандықтан, Жужан патшалығын билеген «сұрбөрас» династиясымен жақындаса алды  (Тюрки ашиналар жужандарға темір өндіріп берген, яғни жужандардың қамқорлығында болған). Бұл жағдай Тюрки ашиналар билікті сұрбөрас тобынан тартып алғанша жалғасты. Әуелі сұрбөрас династиясымен жақын болған «Төргі асұя» (Тюрки ашина) тобы кейін билікті тартып алып, Жужан империясы орнына VI ғасырда Төргі қағанатын орнатты (Түркі қағанаты). Осылайша, Асылұяның «Төргі асұяң-шы» (қытайша – тугэ асянь-ше) руы тарихқа «Түркі қағанатын орнатқан Тюрки Ашина династиясы» болып енді.

Түркі (төргі) қағанаты заманында қазіргі Қазақстандағы хұңзақ халқы «хазақ» деп аталатын, яғни қазақ халқы өз атауымен қалыптасып қойған. Алдыңғы мақалаларда арғын, керей, ошақ, уақ, қаңлы, албан, сыбан (суан), жаппас, қоңырат, маңғы (адай), тазжүрек (таз), тана тайпаларының қалыптасу тарихын айттық, ал Қытай шекарасында қалған «оңтүстік құңдары» ІV ғасырдан кейін «най» (қытайша «сүт елі» деген мағына береді) деп аталып кетті. Олардың қытайланудан аман қалып, VІ ғасырда солтүстік-батысқа кеткені қазақ халқы құрамына наймаң (найман) атауымен жеке тайпа болып кірді (құрамына маңғы рулары да кірігіп кеткендіктен, «най» атауы найман болып өзгерді). Аталған тайпалар VІІ ғасырда өздерін қазақ деп танып үлгерген (Қытай жазбасы VІІ ғасырда Қашқар аймағында «хаса» деген халық болғанын дәлелдейді, қытай бертінге дейін қазақты «хаса» деп атағаны даусыз. Осы дерек қазақ халқының сол жүз жылдықтағы шығыс шекарасы Қашқар аймағы болғанын аңғартады). Алайда, билеуші Төргі асұя (Тюрки ашина) руы таулы Алтайдан келгендіктен әрі хан әулетінен болғандықтан, әуелде өздерін «қазақ» деп атай қоймаған. Билеуші сол ру болғандықтан мемлекет Төргі (тюрки) қағанаты деп аталып, мемлекет халқының «қазақ» деген өз атауы елеусіз қалды. Үндістан аймағына жеткен Түркі қағанаты әскерінің жеке адамдары араб әріпті жазбаларда «халаж» немесе «хилж» деп көрсетілген (олардың жеке ру-тайпаның атауы еместігі, керісінше, барлық ру-тайпа жауынгерлеріне ортақ атау екені дәлелденген). Осы екі атау мен «қазақ» атауы арабшада ұқсас жазылатыны Түркі қағанаты әскері қазақ халқы екенін айғақтайды («Қазақ» атауын білмейтін зерттеушілер оларды «хилж» немесе «халаж» деп түсініп, тарихқа солай енгізген).

حذح (хазах)      حلج (халаж)

Түркі қағанаты батыстағы билігін Қара теңізге дейін жайды, ол аймақтағы әскери күші бұлғар тайпасы болды. Түркі қағанаты Орта Азияны билеген Эфталит-үз патшалығын жойып, Иранға дейінгі аймақты да бағындырды. Сол қысымнан қазіргі Түркіменстан аймағындағы үз (оғыз) халқының Хазар тайпасы VІ ғасырда Закавказеге ауып кеткен (хазарлар 555 жылы Закавказеде болғанын Псевдо-Захарий жазбасы растайды, ал 562 жылы хазарлардың Закавказеге анық орныққанын ғалымдар да мойындайды). Осылайша Тюрки ашина, нақтырақ айтсақ Төргі Асұя династиясы орнатқан атақты Түркі қағанатын орнатқандар Асылұяның Төргі деген руы болып табылады.

8) Еуропадағы Авар қағанаты. Закавказьедегі Савир мемлекеті VІ ғасырда Иран-Византия одағынан жеңіліп, жойылды. Осы соғыста Иранның әскери күші Хазар тайпасы болған (хазарлар 555 жылы Закавказеде орныққанын Псевдо-Захарий жазбасы растайды). Савир мемлекеті халқы – журжандар бұл кезде Византиялық христиандықты ұстанатын. Савир мемлекеті жойылғанда оның халқының кіші Кавказ тауына кеткендері кейін журжан (гуржан-грузин) халқын қалыптастырды. Оларды Сұрбөрас династиясы билеп қалды, грузиннің атақты патшасы Давид Астартөлі (Давид Строитель) – сол династия өкілі (Грузиндердің негізгі сөздері мен жалғаулары қазақ тіліне ұқсайтындығы және грузин ұлттық музыкалық аспабы мен домбыра бірдей екені сөзімізге куә. Алайда, Византиялық шіркеу тілі мен құрамына енген өзге этностар журжан-грузин тілін қатты өзгерткен).  Арап тарихшысы Ибн әл Асир жазбасында «XIII ғасырда гуржандарды  (грузиндерді) билеген әйел патшаға өз елінен патша әулетінен болатын лайықты күйеу табылмағаны, сол себептен өзге елді билеген Түркі селджук династиясы адамын алдырып үйленгені» көрсететілген. Ал «селджук» -Асылжік, яғни Асылұядан тарайтын династия. Осы деректің өзі Журжан (гурзан-грузин) халқы билеуші деп тек Асылұя династиясы адамын мойындағанын дәлелдейді. Грузин астанасы Тбилиси елтаңбасында тазқара құсы бейнеленген, ол – сұрбөрас-жужандық таңба.

Савир мемлекеті халқының үлкен Кавказда қалғандары (негізінен, хунзах халқының Абар тайпасы) кейін онда таулық Сарир мемлекетін орнатты. Көп ұзамай Сарир мемлекеті билігін Төргі Асұя (Тюрки ашина) династиясы тартып алғанын авар хандары туындағы бөрі бейнесі дәлелдейді. Алайда аварлардың батыс бөлігінің таңбасында бүркіт бейнеленген (тазқара кейін бүркіт делініп кеткен деу орынды, яғни, ол да сұрбөрас-жужандық таңба). Дағыстандық аварлардың ата қонысы Хунзах деп аталады, онда Сарир мемлекетінің астанасы Хунзах қалашығы орны сақталған және Хунзах атауының аварша мағынасы «хун жері» дегенді білдіреді.

Араб тарихшысы Әл Масудидің: «Армияндардың ең жауынгер бөлігі – сыйавурда» деген дерегі Х ғасырда таудағы армиян елі билігінде сыйавурда-сұрбөрас династиясы отырғанын байқатады.

Сұрбөрас династиясы Қырымдағы урус-сакалбан елінде де өз билігін сақтап қалғанын деректер айғақтайды. Урус-сакалбан елін билеген сұрбөрас тобы қысқаша «бөрі» деп аталып кеткен, кейін христиан-болгарлар көпше түрде оларды «Бюрики» деп атағандықтан, «бөрік» болып өзгеріп орнықты. Осы атау еуропалық жазбаларға «варяг» болып енген, ал Ресей иезуидтерінің зымиян саясаты «Бөрік» атауын «Рюрик» етіп бұрмалап тарихқа енгізді («Б» әрпін «Р» етіп өзгертті, сол урус-сакалбан елінің түркітілді қолжазбасын «славяндау» арқылы «Слова о полке Игорево» жазбасы пайда болғанын Олжас Сүлейменов «АЗиЯ» кітабында бұлтартпас дәлелдермен берген).

Ресей елтаңбасындағы екі басты бүркіт емес, ол үшкір құйрықты тазқара екенін ХVII ғасырдағы Ресей империясы елтаңбасынан анық көрінеді. (ортасындағы «салт аттының найзамен айдахарды түйреп тұрған» бейнесі, Бөрік-Рюрик әулеті «айдахарлы Қытаймен алысып өткен Хунь патшалары ұрпағы екенін» дәлелдейді).  Тазқара бейнесі жужандық Сұрбөрас династиясына тиесілі, Ресей империясын орнатқан Рюрик-Бөрік әулеті сол династия ұрпақтары болып табылады.

Демек, Асылұялық Сұрбөрас династиясы өз билігін Кіші Кавказдың жетуі қиын таулы аймақтарында (грузин мен армиян елінде) және Қырым жарты аралында ғана сақтап қалды (урус пен сакалбан елінде). Грузин, армиян және қырымдық урус-сакалбан елдерін билеген Сұрбөрас топтары өзара байланыста болғанын тарихи деректер анық көрсетеді. Осы Сұрбөрастық «үштік одақ» Х ғасырдың соңында атақты Хазар қағанаты мен Ұлы Бұлғар империясын және таудағы аварлардың Сарир мемлекетін жойды, яғни, бақталастары Тюрки ашина тобы билейтін үш мемлекетті де жойған сол «үштік одақ» екенін кейін дәлелдеп береміз.                                                                                                                    

Таз Қара (Черный Гриф) Герб Россий XVII в.                             

Жойылған Савир мемлекеті халқының үлкен тобы (негізгі бөлігі Абар тайпасы) VІ ғасырда Еуропа аймағына қоныс аударды. Олар қазіргі Дон-Украйна далаларынан орын таппады, өйткені ол аймақ бақталастары билейтін Түркі қағанаты құрамына еніп қойған болатын (Византияға жорық жасаған бұлғар әскерінің өз жеріне аварлар келгенін естіп кері қайтқаны жазба деректерде сақталған). Савир-аварларды бастаған Сұрбөрас династиясының Баян ханы Еуропада Авар қағанатын (орталығы Венгрия аймағы) орнатты. Авар тайпасы ол жаққа «хунзах» деген халықтық атауын алып барды, Венргиядағы «кишкунзак» пен «надкунзак» атаулары соның дәлелі (Абар тайпасы I-IV ғасырларда Тарбағатайда отырған, хұң мен сақ қосылып «хұңзақ» халқына айналған, IV ғасырда Кавказға кеткен, ал отанында қалған хұңзақ халқы атауы қысқарып кейін хазақ болды).

Венгриядағы қазіргі Сомбатхей қаласы Авар қағанаты заманында «Савар» деген орталық қала болғаны, Авар қағанатын билеген Савир-сұрбөрас тобы екенінен хабар береді. Яғни, Еуропада VI-ІХ ғасырларда өмір сүрген Авар қағанатын жужандық Асылұя ұрпағы – Сұрбөрас династиясы билеген.

9) «Он ақ түтін» – Батыс Түркі қағанаты. Сұрбөрас династиясы қол қусырып қарап отырмаған. Олар VIІ ғасырда оңтайлы сәтті пайдаланып Түркі қағанатын екіге ыдыратып, қазіргі Қазақстан аймағындағы билікті қайта қолдарына алды. Осылайша тарихи жазбаларда «Он ақ түтін» деп кездесетін Батыс Түркі қағанаты пайда болды (арапша жазылуындағы ұқсастықтарын пайдаланып, «он ақ түтін» атауын «он оқ бутун» деп бұрмалаған Ресей). Ал Тюрки ашина (Төргі асұя) династиясы тек Шығыс Түркі қағанатында және батыстағы бұлғар даласында биліктерін сақтап қалды. Қазіргі Қазақстан аумағындағы Тюрки ашиналар жаулары Сұрбөрас династиясын «шибөраш» (шакал голодный) деп, өздерін «бөріші» (волкодав) деп атап кетті. Қазақстан аймағындағы биліктен айрылған сол бөріші-тюрки ашиналар (төргі асұя) VIІ ғасырда қазақ халқының өздерін қолдайтын бөлігін ертіп, батысқа кетуге мәжбүр болды. Сол бөріші-түркі ашиналардың бұлғар даласына барғандары ондағы билікті қолдарына алып, нығайтып, ол аймақта Ұлы Бұлғар мемлекетін орнатты. Олармен барған қазақтар Х ғасырдағы әл Масуди жазбасында «ғазақ көшпенділері» деп көрсетілсе (Ресейліктер бұрмалап «кочевники гузи» деп аударған), ХІ ғасырдағы тарихи деректерде «касог көшпенділер» деп жазылған, ал ХІІІ ғасырдағы Қырым жазбаларында оларды «казак» деп баяндайды.

Бөріші-түркі ашиналардың Закавказеге барғандары ондағы хазар тайпасын өз билігіне көндіріп, ол аймақты Иран-Византия одағынан тартып алып, Закавказеде Хазар қағанатын орнатты. Олармен ілесіп барған қазақтар екі Кавказ тауы арасындағы қыратты далаға орнықты (Колхида және Кура-Аракс жазықтары). Закавказедегі қазіргі Қазақ қаласы VIІІ ғасырдағы әскери бекініс екенін араб жазбалары баяндайды. Византия императоры ІХ ғасырда екі Кавказ тауы арасындағы елді «страна Касахия» деп көрсетті, ал араб тарихшысы әрі географы әл Масуди Х ғасырда сол жердің халқын «Кашак» деп жазды. Осы деректер қазақ халқының үлкен бөлігі VIІ ғасырда Закавказеге барып орнығып, онда кем дегенде ХІV ғасырға дейін өмір сүргенін, сосын Дон (дөң) аймағын мекендеп, кейін ХVI-ХVIІ ғасырларда Ресей әскеріне айналып, христиандық қабылдап, ұлттық киімдері – закавказелік, ал тілі орысша казак деген топқа айналғанын дәлелдейді. Дон казактарының ескі сөздері «киргиз-кайсакский» болғанын орыс тарихшылары мойындайды. Лев Толстой Кавказ казактары орыстармен орыс тілінде, ал өзара «татарша» сөйлесетінін жазған («терские казаки» - теріскей қазақтары). Атақты академик Бартольд «Казактар киргиз-кайсактардан тараған» деп анықтап кеткен.

Түркі қағанатын ыдыратқан «жужандық Асылұя» қазіргі Қазақстан аймағында Он ақ түтін қағанатын (Батыс түркі қағанаты) орнатты, олардың сұрбөрас атауы «шибөраш» болып өзгергенін айттық. Бөтен атауларды қысқартқыш әрі «р» дыбысы жоқ қытай жазбалары «шибөраш» атауын «шивей», «нушиви» деп атады. Шыңғысхан әулеті «ежелгі шивей» ұрпағы деп көрсетіледі. Ал нушиви дұрысында «он үй-шиви» екенін байқау қиын емес, яғни «он тайпа шибөраш». Олар орнатқан мемлекеттің «Он ақ түтін» деп аталуы да сөзімізге дәлел. «Он ақ түтін – Батыс түркі» қағандарының қытайша жазбадағы «шабалокэхань»  (шибөрі қаған), «силибидолукэхань»  (сұрибөриде ұлы қаған), лақап аты «нушиби батыры» делінетін «ирбис ышбара хан» (ербас шибөрі хан), «шаболохилиши-кэхань» (шибөрі хылышы қаған), «тонгалп силибидолу-кэхань» (тәнге алып сұрбөриде ұлы қаған), «сибир хан» (сұрбөр хан) деген атаулары олардың сұрбөраш-шибөраш тобы екенін байқатады.

Кейін осы «Он ақ түтін – Батыс түркі» қағанаты нушиви мен дула тайпалары арасындағы азаматтық соғыстар нәтижесінде жойылды. «Бес тайпа одағы» делінетін дула тайпасы құрамында 5 ру болған, оның бірі – «тюркаш» деген Түркі Ашина династиясы. Осы дерек Түркі Ашина династиясының негізгі әскери күші Дула тайпасы екенін анықтайды (алан тайпасы Дула көсемнің есімімен аталып кеткен). Дула құрамындағы «чумукунь», «шуниши»,  «хулуцзуй» деген рулар дұрысында «шымырқұң», «жанысы»,  «құлсызүй» екені анық. Ал шымыр, жаныс, құли – қазіргі дулат тайпасы құрамындағы рулар.

Сұрбөрас династиясының «шибөраш» деп өзгеруі олардың жақын одақтасы, туысы Сұрбөрі тайпасының да атауының өзгеруіне себеп болған тәрізді. Жағымсыз «шибөрі» атауы таңылуынан қорыққан тайпа көсемдері атауларын Жалайыр көсемнің есіміне өзгерткен десек, қателесе қоймаймыз. Яғни, жалайыр ежелгі сұрбөрі тайпасының өзі болып табылады. Жалайыр тайпасының үйсүндік тайпалар арасында жолы үлкен саналуы, шежіреде Жалайыр атауы батыр-көсемнің есімімен байланысты тарқатылуы және Шыңғысханның негізгі сенімді тірегі жалайыр тайпасы болғаны біздің тұжырымның дұрыстығын нығырлай түседі.  Шыңғысханның ата-бабалары сол «шибөраш» (шивей) атауын Х ғасырдан кейін «бөріжігің» етіп өзгерткені қытай деректерінде байқалады («Бөріжігің» атауының өзі Шыңғысханның халқа-маңғол емес, қазақ тілді халықтан екенін айқын дәлелдейді).

Қосымша: 

А) «Савир империясы жойылған соң, Иран-Византия одағы хазарлардың бір тобын VI ғасырда Закавказеге зорлап көшірді» деген қисынсыз тұжырымды енгізген Ресей ғалымдары. Иран-Византия одағы Закавказеге парсыларды немесе гректерді емес, өздеріне еш туыстығы жоқ хазарларды көшіруі ақылға симайды. Ресейдің олай бұрмалау себебі, Закавказені VIІ ғасырда жаулап алған Батыс Түркі қағанаты әскерінің хазақ екенін жасыру қажет болды. Орыс оқымыстылары хазар мен хазақ атаулары ұқсастығын пайдаланып, «Закавказені VIІ ғасырда жаулап алған Батыс Түркі қағанаты әскері – хазарлар» деген тұжырымды енгізді. Осылайша Батыс Түркі қағанаты әскері қазақтар екенін жасырып бақты. Қытай деректеріндегі «хаса» атауын да «хазар» деп тұжырымдатты. Хазар тайпасының Закавказеге VI ғасырда орнығып қойғанын көрсететін деректі өз өтіріктеріне сәйкестендіру үшін «Иран-Византия одағы хазарлардың бір тобын VI ғасырда Закавказеге зорлап көшірді» деген тұжырым жасады. Закавказені жаулап алған бөріші-тюрки ашиналардың әскері қазақтар болғанымен, онда орнаған мемлекет Хазар қағанаты деп аталды. Өйткені ол аймақта хазарлар VI ғасырда отырғандықтан, онда орнаған мемлекетті көрші халықтар Хазария деп атаған. Осы жайт та Ресейдің жалған тұжырымының орнығуына септесті.

Б) Қазақ халқының әуелгі атауы Құңзақ (хунзах) екенін абар тайпасымен байланысты деректер дәлелдейді. Хұң халқының абар тайпасы І ғасырда Тарбағатайды мекендегенін, ІV ғасырда Кавказға ауып барғанын тарихшылар растайды. Ресей, әрине байырғы әдетімен «Абар тайпасы мен дағыстандық аварлардың еш байланысы жоқ» дейді. Алайда, аварлар да савирлер тәрізді шаштарын артына буыу дәстүрі болған), аварларда шығыс жекпе-жегіне ұқсас күрес түрі бар. Бұл аварлардың шығыстан, яғни Тарбағатайдан келген абар тайпасынан қалыптасқанын анық аңғартады. Өйткені, шашты артына буу көшпенділерге тән, қытаймен тығыз қарым-қатынаста болған хұң халқында шығыс жекпе-жегі өнері болуы заңдылық.

Аварлардың хұң халқының абар тайпасынан екенін дәлелдеуге «хунзах» деген бір атау да жеткілікті. Өйткені, Дағыстан аварларының ата қонысы Хунзах деп аталады, ал оның мағынасы аварлар тілінде «хун аймағы» дегенді білдіреді. Хунь империясы жойылған І ғасырда хұң (хунь) халқы біздің өлкемізге келіп, сақ халқына қосылғаны анық дерек. Хунь халқының үлкен бөлігі батысқа кеткенін қытай жазбалары дәлелдейді, яғни хұңдар біздегі сақтар даласына келген. Билік құңдарда болғанына, Еділ өзені бойындағы гунндердің Аттила патшасының арғы бабасы Хунь империясын орнатқан Моде шанью екені дәлел, яғни құңдар билігі үзілмей жалғасқан. Билік Хұңдарда болғандықтан біздің даланы Алтайдағы түркілік этностар «Құңзақ» деп атап кеткен («Құң жақ», яғни «құңдар аймағы» деген мағынада). Ал ІV ғасырда осы Құңзақ атауы сол аймақ халқының аты болып кеткен, яғни, құң мен сақ халықтары біртұтас Құңзақ деген халық болып қалыптасқан. Абар тайпасы осы халықтың атауын Дағыстанға да, Венгрия аймағына да алып барды. Дағыстандағы аварлардың қонысы Хунзах деп аталуы, кезінде Авар қағанатының орталығы болған Венгриядағы Кунзак атаулы жерлер сол абар тайпасының халықтық атауы қандай болғанын паш етеді. Ал өз жеріндегі Құңзақ халқының атауы VIІ ғасырға дейін өзгеріп, қазақ болғанын нақты тарихи деректер дәлелдейді. Қазақ атауының шығу тарихының өзі ұлтымыздың ежелгі құң (хунь) мен сақ (скиф) халықтарының үзілмеген заңды жалғасы екенін айғақтайды.

В) Қазақ халқы VIІ ғасырда өз жерінде өз атауымен қалыптасқаны анық. Дәлел міне: Қытай дерегінде VIІ ғасырда «хаса» деп аталатын халық болғаны көрсетілген, ал қытайлар қазақтарды бертінге дейін «хаса» деп атады; Үндістанға дейін жаулаған Түркі қағанаты әскерінің жеке адамдары  араб жазбаларында «халаж» деп кездеседі, ол атау мен «қазақ» сөзінің арабша жазылуы өте ұқсас; VII ғасырда қазіргі Қазақстан жерінен барып Закавказені жаулап алған жалпақ бет, қысық көз азиаттар қазақ деп аталған, олардың ұрпағы киімдері – кавказдық, түрлері – қара, ескі тілдері киргиз-кайсакша болған – казактар. Сол VII ғасырда Қырымға жақын батыс далаға орныққан қазақтарды Х ғасырда әл Масуди «ғазақ көшпенділері» деп жазды. Оны Ресей аудармашысы «кочевники гузи» деп бұрмалаған. Ал ХІ ғасыр оқиғаларын баяндайтын «Древнерусские летописи» деректерінде ол қазақтар «касог» деп көрсетіледі.

Орыс, грузин, армиян ұлттары өздері жайлы осындай нақты деректер тапса, оны ұтымды пайдаланар еді. Орыстар өздеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қырымдық урус-сакалбан елін «рус-славян» деп бұрмалап, өз аталарына айналдырып жіберді. Осылайша «Орыс ертеден бар» деген тұжырымға өтірік болса да сендірді. Грузиндер атам заманда Колхида ойпатында болған елді еш дәлелсіз бабаларымыз десе, армияндар одан да ары жатқан ежелгі Урарту жұртын еш дерексіз арғы аталарымыз деп соқты. Ал «Иванов, Сидоровтардың» айтқанына сеніп қалған  қазақ ғалымдары ешкім таласа алмас айқын деректерді пайдалана алмай, бейшара күйде отыр. Тіпті, қыпшақ руынан тарайтын кей беделді тарихшыларымыз қазақ халқы ертеден бар болғаны дәлелденсе, қазақтың қыпшақтан қалыптасқаны өтірік болып шығатынына күйініп, шынайы тарихты қаузауға қарсылық танытуда.

В) Төргі Асұя (Тюрки ашина) династиясын билеген Ысдемі мен Ысық қағандар есімі қазақ тілінде «Ас» (асылұя) атауының баламасы ретінде «Ыс» атауы орныға бастағанын байқатады. Кіші жүз құрамындағы Ыссық пен Ұлы жүз құрамындағы Ысты тайпаларын Төргі Асұя (Тюрки ашина) династиясынан қалыптасқан деуге негіз бар. Ысты мен Ыссық тайпалары Түркі қағанаты мен Түргеш қағанаты замандарында қазіргі Қазақстан аумағын билеген Төргі Асұя (Тюрки ашина немесе Тюргеш) династиясынан қалыптасқан.

Г) Ал Төргі асұя династиясының батысқа кеткен «Бөріші» деген тобы Закавказеге және Қара теңіз жағасына орныққанын айттық. Азарбайжандар құрамындағы қарапапақтарда «Хан тайпасы» деп аталатын «борчала» деген ру бар, осы борчала дұрысында – бөрішілер. Араб тарихшысы әл Масуди урус-сакалбан елінің бір бөлігі Хазар қағанатымен одақтас болғанын жазады, яғни, урус-сакалбан елінің бір бөлігін ашиналық Бөріші тобы билеген (негізгі бөлігін ашиналардың жауы сұрбөрас тобы билегенін айттық).

Мысырды билеген Бейбарыс сұлтан Қырымнан шыққаны, оның руы араб деректерінде «Бурши» деп көрсетілгені белгілі. Қырымдық урус-сакалбан елі кемелермен теңіз саудасын жасаған, Бейбарыс сұлтан бала кезінде құлдыққа түсіп, кемеде ескек есуші болғаны да мәлім. Оны құлдыққа салып, кейін Египетте сатып жіберген Ашина Бөрші династиясына жау Сұрбөрас тобы адамдары. Бейбарыс сұлтан билікке келген соң, Қырымда Ислам дінін орнатуға қатты күш салды, онда Бейбарыс салдырған мешіттің орны сақталған. Кейін Бейбарыс сұлтан шыққан Бөріші руы Беріш болып өзгеріп орнықты. Олардың біразы билеуші тап болғандықтан украйн, казак, албан және басқа да еуропалық ұлттар құрамына сіңді. Олардан аман қалып сақталғаны қазақтың кәзіргі Беріш тайпасы екені түсінікті.

Бекжан Әденұлы

(Жалғасы бар)

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057