Мәулен Әшімбаев: ІТ-сыныптарды моноқалалар мен аудан орталықтарында ашудың маңызы зор
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысына жасаған сапары барысында осылай деп мәлімдеді.
Сапар барысында ол Жезқазған қаласындағы «Ұлытау Нан» нан зауытына, «UTARI KZ» компаниясының тігін цехына, оқушыларға бағдарламалау мен робот техникаларының негіздерін үйрететін IT-орталықтар мен IT-сыныптарға және Сәтбаев қаласындағы жергілікті кітапхана базасында ашылған «Со-working орталыққа» барды.
Жезқазғанда бағдарламалау негіздерін үйрететін IT-орталық «UTARI KZ» өндірістік инновациялық компаниясының базасында ашылды. Ол жерде балаларға арналған тегін IT-сыныптар жұмыс істейді. Мәулен Әшімбаев аталған орындарға да арнайы барып, компанияның жұмысымен танысты. Бұл жерде химия, мұнай-газ, металлургия, тамақ, дәрі-дәрмек, автомобиль өндірісі, коммуналдық шаруашылық, транспорт пен құрылыс саласының жұмысшылары үшін арнайы киімдер шығарылып, күнделікті өмір мен демалуға арналған киімдер тігіледі. Кәсіпорын компьютерлік бағдарламамен басқарылатын арнайы қондырғымен жабдықталған.
Тігін цехының жұмысшыларымен кездескен партия Төрағасының Бірінші орынбасары соңғы айларда «Нұр Отан» партиясы әлеуметтік мәселелерге жіті көңіл бөліп, ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын тілге тиек етті.
– «Нұр Отан» партиясы Елбасының тапсырмасы бойынша жастарды сұранысқа ие, заман талабына сай мамандықтар бойынша оқытып, сапалы білім алуын қамтамасыз етуді көздейді. Сондықтан еліміз бойынша ІТ-сыныптар ашуды қолға алдық. Мұндай сыныптарды Астана, Алматы сияқты ірі шаһарларда ғана емес, Жезқазған сияқты моноқалалар мен аудандарда ашып, орталықтан шалғайда жатқан елдімекендердегі балалардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, бәсекеге қабілетті болуына, болашақтың мамандықтарын игеруге жағдай жасауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде Қарағанды облысында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы бойынша қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілген «UTARI KZ» компаниясының жатақханасына барды. Бұл жатақхананың өзгелерден басты айырмашылығы ретінде онда бірқатар партиялық жобалардың жүзеге асырылуын айтуға болады. Яғни нұротандық кәсіпкерлер бұл жерде жаңа партиялық бастамалармен үндесетін бірнеше қызықты білім беру жобаларын іске қосқан. Айталық, ғимараттың бірінші қабатында «Open space library» аймағы – ашық электрондық кітапханасы орналасқан, ал жанында «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы бойынша ашылған – «Qazaq kluby» мен «English club» жұмыс істейді. Жатақханада дербес «Co-working орталығы», «Яркие умы» білім мен даму орталығы, «Лидерлер мектебі», «Business mentoring» және «Magic kitchen» орталықтары, шахмат пен тоғызқұмалақ ойынының студиясы бар. «Нұр Отан» партиясының балаларға арналған тегін IT-сыныптар жобасы бойынша «IT TECHNOLOGY FOR YOU» орталығының базасында қазіргі заманғы IT-сыныптар ашылған.
Сапар соңында Мәулен Әшімбаев «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» партиялық жобасы аясында 95 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Виноградованы үйіне барып, мерейтойымен құттықтады.
Abai.kz