Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4372 0 пікір 12 Маусым, 2009 сағат 11:48

Ұйғыр дегендер кімдер, олардың қазақтармен қандай байланысы бар?

 

Соңғы 2-3 жыл арасында «Қазақстан-ZAMAN» газетінің бетінде ұйғырлар жөнінде оннан аса мақала жарық көрді. Сол газетте, мектеп оқушыларына арналған тест сұрақтары да жиі-жиі жаряланады.

 

Соңғы 2-3 жыл арасында «Қазақстан-ZAMAN» газетінің бетінде ұйғырлар жөнінде оннан аса мақала жарық көрді. Сол газетте, мектеп оқушыларына арналған тест сұрақтары да жиі-жиі жаряланады.

Қазақ тілінің сұрақтарының бірі : «Ұрыс – ырысты қашырар, ынтымақ – халықты асырар». Меніңше «Қазақстан-ZAMAN» газетінің кейбір тілшілері бұл сұрақтың мағынасын терең білмесе керек. Себебі олардың айтып, жазып жүргендері мүлдем басқаша. Менің ойымды, осы газетің тілшісі Мұхан Исахан өзінің «Ұйғырлар тарихы» атты мақаласында (Қазақстан-ZAMAN, 27.11.08.ж.) былай түсіндіреді: «...бүгінгі тарихын жеті зерттеудің қажеті туып отыр...». Мен тарихқа көп тереңдемей, бүкіл түркі халықтарымен оның зиялыларының құрметіне бөленген ғалымдардың ұйғырлар жөнінде айтқандарына сіздердің назарларыңызды салайын.
Шәкәрiм Құдайбердiұлы 1911 жылы Орынборда жарық көрген өзiнiң «Түрiк, қырғыз – қазақ һәм хандар шежiресi» атты еңбегiнде «...Ұйғыр деген бiрiгiп қосылған» деген мағынада деп шежiре жазушыларының бәрi айтқан десе де болады. Сол ұйғырдан қырғыз, қаңлы, қыпшақ, найман, керейт, дулат т.с.с. топтар (рулар – К. М.) шыққан» деп жазған болатын.
Әйгілі тарихшы Әбилғазы Бахадурхан өзінің ата – бабасының шежіресін жазғанда («Родословное древо тюрков», Москва – Ташкент- Бишкек, 1996г.), былай дейді - «…ұйғырлармен наймандар Жайықтың басын жайлап, Сырдың аяғын қыстап жүрген кез еді ...» десе, С.Ахинжанов өзінің «Кыпчаки в истории средневекового Казахстана» атты еңбегінде, 1182 жылы Хорезм хандығындағы Жент қаласына Жайықтың жағасынан келген кыпшақ ақсүйектері, біз ұйғыр (югур) ұлдарымыз деген деп, тарихи деректерге сілтеме жасаған. Сонда қалай болғаны? Шыңғысханға дейін Сыр мен Жайықтың бойындағы ұйғырлар қайда құс болып ұшып кетті?  Жарайды, сөзді ұзартпайын, енді сол бауырым М.Исаханның «ұйғыр диаспорасы» деп көтөрген мәселесіне түсіндірме берейін.
Ой-пiкiрiмдi оқырманға толығырақ жеткiзу үшiн соңғы 100-150 жылдардағы қазақ-ұйғыр қатынастарына  тоқталайын.
Ресей империясы Орталық Азияның бiрсыпыра аймақтарын өзiне тәуелдi етiп, ұйғырды – тараншы, ал қазақты – қырғыз деп, ХIХ ғасырдың ортасында Жетiсуға да келiп жеттi. Ақ патшаның билiгiн мойындамаған 300 мыңға жуық қазақ, қырғыз ру өкілдерінің адамдары  оңтүстiкке ығысып бауырлары ұйғырларға келдi.(Аманжол Күзенбайұлы, Еркін Әбіл «История Республики Казахстан», Алматы, 1998г.) Оларды жақсы шырайменен қарсы алған ұйғырлар қандастарына шұрайлы жайылымдар берiп, өз қарамағына алды. Бұған риза болған қазақ ру басшылары ендi Ресей империясының ықпалынан шығып, ұйғырлармен бiрiгуге ұмтылды. Солардың бiрi империя полковнигi Тезек Абылайханов едi. Ол өзiнiң жақтастарымен Жетiсудағы iрi орыс бекiнiсiнiң бiрi Қапалға ақша алып бара жатқан майор Задоренконың отрядына 1870 жылы шабуыл жасап, Қапал бекiнiсiне тиiстi ақшаны түгел олжалап Іле сұлтанатының орталығы Құлжаға қашты. Оны қуып келген ақ патша елшiсi олжалаған мүлiктi және Тезекті қайтарып берудi талап еттi. Өтiнiш қабылданбады. Бұған риза болған Тезек, өз жақтастаушыларымен қайта Талдықорған өлкесiне барып, ондағы қазақ руларының көмегiмен екiншi Сибир атты әскерiнiң жылқысын түгел айдап кеттi. Бұған ашуланған Қапал, Лепсi бекiнiстерiнiң басшылары ұйғырларға екi отряд жiбердi. Бiрiншi отряд Боротола өзенiнiң бойындағы жайлаумен Сайрам көлдiң маңайындағы елдi тонап, 15 мың қой мен 300 жылқыны олжалап қайтты. Екiншi отряд 5 мың қойды олжалап қайтқанда Іле сұлтанатының сарбаздарына жолығып көп шығынға ұшырады. Тағы да сол патша өкiлдерiнiң мәлiметтерi бойынша империя прапорщигi Тазабек Бусурманов есаул Герасимовтың отрядына шабуыл жасап, олжа алалмай өзiн жақтаған 1000 жуық адаммен Құлжа өлкесiне қашады. Құлжа өңiрiнде Тазабек ұйғыр ақыны Билал Назымға (Билал 1899 ж. қазiргi Жаркент қаласында өмiрден өткен) айтқаны:
«Мен Мерке ауылының жiгiтiмiн, Ресей әскерiнде поручик болып қызмет iстегем. Байсерке уезiнiң болысы (қазiргi Iле ауданы – К. М.) өз жақтастарымен Құлжаға кеткенде, әскер басшылары менi айыптап, абақтыға қамады. Мен одан қашып шығып, мыңнан аса туыстарымды (албан, суан, қызай ру өкiлдерiн – К. М.) көтерiп Құлжаға бет алдым. Соңымнан бiр взвод әскер шығып менiмен атысты».
Құлжаға келген империя елшiсi Іле өкiлiнiң сұлтаны Аләхан төре Абилоглыдан Тазабекпен оның адамдарын 03.05. 1871 жылға дейiн қайтарып берудi қатаң талап етiп, болмаса iстiң жаманға айналатындығын ескерттi. Ақ патшаның қолына түссе өз бауырларының не болатындығын бiлген Аләхан төре  империяның талабын қабылдамайды.
Мұсылман халықтарының күш бiрiктiрiп Цин (Қытай) империясынан азаттық алу ғана емес, Ресейдiң де ықпалынан шығуын байқаған Түркістен генералы – губернаторы К. П. Кауфман дереу Санкт-Петербургке төменгi мәлiметтi жолдады. «... По моему крайнему убеждению, настоящее положение дел на границе уже нетерпимо... Мы теперь должны как для пользы наших среднеазиатских владений так и в особенности для восстановления упавших нашей торговли с Западным Китаем, помочь Китаю...» десе, Батыс Сiбiр генерал-губернаторы Хурщов «... Желательно было бы помочь Цинам (Китаю – К. М.) в их попытках восстановить порядок в Восточном Туркестане...». Әртүрлi мәлiметтердi алған Россия жоғарғы үкiмет басшылары 1871 жылы сәуiрдiң 20-шы жұлдызында, император Александр II қатынасуыменен Ресей әскери (қорғаныс) министрi Д. А. Милютиннiң баяндамасы тыңдалды. Оны талқылауға, әскер басшылары мен генерал-губернаторлар қатынасқан болатын, олар императордан Шығыс Түркістан жерiне әскери жорық жасауды сұрады. Жиналыстың шешiмi тарихшы Б. П. Гуревичтiң История «Илийского вопроса и ее китайские фалсификаторы» (М., Наука, 1982 ж.) кiтабында төмендегiдей өтедi.
«...Прибегнуть к вооруженному движению... на первое время занять г.г. Урумчи и Кульджу...»
Цин империясы өзiнiң соғысқа дайын еместiгiн бiлдiрiп, Ресейдiң тек Іле сұлтанатының тәуелсiздiгiн жоюына ризашылығын бердi. Мамыр айының басында жақсы құралдармен қаруланған, әскери тактикасы  жетiк, шекара подполковнигi Ждан – Пушкин өз отрядымен Чалкөде тегiстiгiмен өрлеп (қазiргi Райымбек ауданы – К. М.), Кетпен тауынан асып, Тазабекпен оның жақтаушылары албан, суан руларымен ұйғыр ауылдарын ойрандауға бет алды. Бiрақ Кетпен тауында сұлтанаттың сарбаздарына тап болып, соғыспай көмек күттi. Көп ұзамай оларға полковник Елинскийдің отряды қосылып, бiрiккен күш Кетпен асуын алуға ұмтылды. Алты сағатқа созылған қақтығыс, орыс әскерiнiң шегiнуiне алып келдi. Бұл шегiнiс сұлтанат сарбаздарының жiгерiн көтерiп, олар қорғаныс шебiнен шабуылға шықты. Құралы күштi орыс әскерi жазықта сұлтанаттың бiрсыпыра әскерiн жайратып салды, оның үстiне полковник Михайловскийдiң қалың қолы келiп,империя әскерi сұлтанаттың сарбаздарын керi қуып, 28.05.71 жылы Кетпен ауылын басып алды.
Iле өзенiнiң оң жағында 10 мыңға жуық империя әскерiнiң алдын бөгеуге сұлтанаттың бiрсыпыра құралдарымен адамы жұмылдырылған болатын. Бұны пайдаланған Колпаковский Барахудзир ауылында (қазiргi Панфилов ауданындағы Көктал селосы) негiзгi күшiн шоғырландырып қысқаша сөз сөйлеп, Iле сұлтанатының халқына арналған үндеуiне қол қойды. Бұл үндеуде: Ресей мемлекетiнiң жерiнде елдi тонап, малдарын олжалап, шекараны бұзып, Құлжаға қашқан қылмыскерлердi жазалау үшiн және де сол қылмыскерлерге пана болған Аләхан төре оның атқосшыларын жауапқа тартатындығын тiлге тиек етiп Құлжаға әскер бастап кiретiндiгiн жариялады. Ол қарапайым халыққа тыныштық пен әдiлеттiктi ұсынып, кедей мен шаруаға қысым көрсетпейтiндiгiн бiлдiрiп, олардың орыс әскерiне қарсылық көрсетпеуiн өтiндi.
12.06.1871 ж. Ресей армиясы Барахудзирден Құлжаға бет алды, олардың алдын бөгеген сұлтанның сарзбардары шегiнiп, Абдрахман бектiң басшылығында, Сүйдiң қаласының маңында шешушi соғысқа дайындалды. 21.06.71 жылы Абдрахманның атты әскерi шабуылға шықты. Оларды пушкiнiң снарядымен мылтықтың оғының астына алған империя әскерi сарбаздардың бетiн қайтарып, олардың жан-жаққа бытырай қашырды. Қарудың басымдылығы, ел-жұрттың (қарапайым халықтың) наразылығы Аләхан төреге бiтiм жасауға мәжбүрледi. Аләхан төре 22.06.71ж. Колпаковскиймен кездесiп, соғысты тоқтатып оған Құлжа қамалының кiлтiн бердi. Тамыз айында Колпаковский Iле сұлтанатының жойылғанын мәлiмдеп, Алә Абилоғлын отбасымен жақтаушыларын қоса Верный қаласының солтүстiк батысына орналастырып, оларды арнаулы бақылауға алды. Бұл жер кейiн Сұлтанқорған ауылы атанды.
Цин-Маньчжурия империясы Ресей әскерiнiң Құлжаға кiргенiн айыптап, арнаулы әскерменен өз өкiлi Жун Цзюндi аттандырды. Ол генерал Богословскиймен Сергиополь қамалында келiссөз жүргiзiп Ресей әскерiнiң Iле сұлтанатының немесе бұрынғы Цин империясының жерiнен шығып кетуiн талап еттi. Богословский өз пiкiрiн ұсынып, Iле өлкесiнен кетпейтiндiгiн бiлдiрдi. Бұл пiкiр Ресей мен Цин империясының қарым-қатынасына сызат түсiрдi. Маньчжурлар Ресейдiң сауда керуендерiн Үрiмшiге жiбермеуге тырысып, 1872 жылы Үрiмшiге бара жатқан керуендi Куйтун ауылының маңында тонап, оның 45 адамын өлтiрдi. Керуендердi тонау, адамдарын өлтiру 1874, 75, 76 жылдары да орын алды. Пекиндегi Ресей елшiсiнiң Цин мемлекетiнiң императорына қойған талабы да ескерусiз қалды.
Жаңа шекара жөнiнде келiссөздер басталып, әр жақ өз мүддесiн қорғауға тырысты. Бiрнеше уақытқа созылған бұл келiссөз Санкт-Петербург бiтiмшартына қол қоюмен аяқталды.
«Бөліп ал да билей бер»  саясатын  ұстанған  патша үкiметi Іле өлкесiнiң бiрсыпыра жерiн өзiне қаратып, оған қосымша Құлжаға кiрiп Іле сұлтанатының тәуелсiздiгiн жоюға кеткен Ресейдің 9 миллион ақшасын – металический рубльдi Цин империясынан қайтарып берудi талап еттi. Қытай бұл ақшаны фунт стерлингмен қайтаруға мiндеттеме алды. Сөйтiп, қазақ бауырларына қол ұшын берген ұйғырлар ендi өз жерiн, жинаған дүниесiн Цин империясы мен Ақ патшаға берiп, туған-туыстарынан айырылды. Елде толқу басталды. Бұны байқаған Ақ патшаның қызметкерлерi жергiлiктi халықтың белсендiлерiне сүйене отырып, үгiт-насихат жұмысын кең түрде қолға алды. Олар ұйғыр, қазақ, өкiлдерiне Ресей жерiне көшiңдер, ол жерге барып, келісім бойынша Ресейге өткен туыстарыңменен араласуға болады. Тың жерлердi игерiп, Түркістан губернаторлығына астық, көк-өнiс, мал өнiмдерiн тапсыруға шақырды.
Ресей империясының сенiмдi адамдарының бiрi Жаркент өңiрiнiң әкiмi Валибай Юлдашев едi. Ол елдi көшiрумен қатар, олардың әл-ауқатын көтерiп, сауаттылығын ашуға белсене қатысты. Юлдашев 1886 жылдан бастап, Жаркенттен шалғай орналасқан ауылдарда мектептер ашып, ондағы әр ұлт өкiлдерiнiң балаларын оқытып, оларға орысша үйретудi қолға алды. Кейiнiрек, ол көне Жаркент қалашығын бұзып, оның орнына қазiргi заманға сай, орталық медресесi бар үлкен мешiт салдырды. Қазiр ол мешiт Жаркент қаласының музейi болып аталынады. Велибайдың Жаркент өңiрiндегi жұмысы: елдiң әл-ауқатының көтерiлуi, мәдениетi мен сауаттылықтың өсуi, ұлт және де ру өкiлдерiнiң арасындағы татулықпен бiрлiк, оны 1892 жылы «Дала уалаятының», қазiргi Қазақстан жерiнiң губернаторының қабылдауына себебкер болады. Губернатор Юлдашевтың жұмысын жоғары бағалап, оны Ресей императоры Николай II кездесуге жолдама бередi. Юлдашевты қабылдаған император оны құрметтi орден, медальдарменен марапаттап, оған «Ресейдің ардақты азаматы» және «Жоғарғы мәртебелi сауда өкiлi» атағын бередi.
Ұйғыр, қазақ бiрлiгiнде 1916 жылы Қарқарада (қазiргi Райымбек ауданы) болған ұлт-азаттық қозғалысты айтпай кетуге болмайды. Қазақтан шыққан – Жанабай, ұйғырдан – Тоқнияз айналасына бiрнеше мың адам жинап, күш бiрiктiрiп, ақ патша үкiметiне қарсы шығады. Амал қанша, құралдың әлсiздiгiнен жеңiлiс тауып, патша әскерiнiң қолына түседi. Қаракөл түрмесiнде, полковник Ивановтың сұрағына олар: Ұйғыр, қазақ халқы құл болуға тумаған. Оларда да ақыл-ой, ар-намыс бар, оларда да басқалар сияқты әдiлдiктi, еркiндiктi аңсайды. Бiз сол жолды таңдап алдық, өлсек арманымыз жоқ» дейд». Екi батыр да Ақ патша жендеттерінің қолынан қаза болды.
Мектепте оқып, орысшаны жетiк бiлген 20 жастағы Абдулла Розыбакиев 1917 жылы «Мұсылман жастары одағының» жетекшiсi болып, Т. Рысқұлов, А Байтұрсынов, А.Жангельдин, тағы басқа қазақ зиялыларымен бiрге Ресей большевиктерiнiң құрамында Қазақ Совет автономиялық Республикасын құруға бар күш жiгерiн  салады. 1921 жылы ол Жетiсу облысының хатшысы және де облыстағы «Қосшы» кедей-шаруа ұйымының төрағасы болып сайланады. 1929-33 жылдары А. Розыбакиев Қызылорда облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы, содан соң Қазақстан автоном одақтық Республиканың халық комиссары қызметiн атқарады.
А. Розыбакиев, И. Таиров, Я. Исиев, тағы басқа зиялылар облыстық партия,  Кеңес орындарында қызмет iстеп Қазақстанның дамып, өсiп-өркендеуіне үлес қосқан бiрiншiлердiң қатарында орын алса, ауыл шаруашылығын көтерiп, елдiң әл-ауқатын жақсартуға Х. Абдрахманов, А. Исхаков, М. Насыров, О. Билалов тағы басқалар ерен еңбегiн сiңдiрдi.
Шыңжанда 1945 жылы ұлт-азаттық қозғалыстар басталып, өлкенiң бiрсыпыра жерi қытайдың билiгiнен шықты. Ұйғырлар туысқан бауырлардың тiлiмен мәдениетiн өркендетуге, жас мамандарды дайындауға Iле-қазақ, Қызылсу– Қырғыз, Боротолла-монғол тағы да басқа округтер құрды. Бұл жерде қазiр 76 ұлт өкiлдерi тұрады, солардың iшiнен қазақ тiлiнде 10 газет шықса, Үрумшиден 24 сағат телеарна қазақ тiлiнде жүредi.
Қазақстан емес, бүкiл Кеңес Одағына қатерлi қауiп туғызған немiс басқыншыларына қазақ бауырларымен бiрге ұйғыр азаматтары да қан майданға аттанып, ұлы жеңiске өздерiнiң үлесiн қосты. Көбi майданнан қайтпады, ұйғырлар М.Якупов, Д. Бабаджанов, С Лутпуллаевта Кеңес Одағының батыры атағына ие болса, М.Тейипов 1995 жылы Елбасының қолынан Қазақстан «Халық қаһарманы» орденiн алды.
Кеңес Одағының iшкi-сыртқы саясатын жақсы түсiнген, Қазақстан компартиясының тұңғыш бiрiншi хатшысы Жұмабай Шаяхметов, ұйғыр мәдениетiн дамытуға кадрлерiн дайындауға Қазақстан құрамында Ұйғыр автоном облысын құру жөнiнде Мәскеудегi Кеңес үкiметiнiң хатшысы Н. С. Потоличевке 1947 жылдың ақпанында хат жазады. Кейiнiрек ол бұл мәселенi тағы да көтерiп, автоном облыс құру тек ұйғыр үшiн емес, ол бүкiл бауырлас мұсылман халықтары үшiн керектiгiн дәлелдеп, 1947 жылдың 29 маусымында Мәскеудегi Кеңес үкiметiнiң хатшысы А.А.Ждановқа хат жолдайды. «Бөліп ал да билей бер» саясатын жақсы ұстаған Кеңес басшылары Жұмакенiң көтерген мәселесiн орындамай, оны 1954 жылы қызметтен кетірдi.
Өздерiңiз байқаған боларсыздар, қазаққа түркi халықтарының iшiнде ең жақыны ұйғырлар, оны ғасырлар бойы жиналған тарихи деректер дәлелдейдi. Бұл туыстықты талай зиялылар айтып та, жазып та кеткен. Қажет болса мен оны келесi мақаламда жариялайын. Осыны бiле тұра, бүгiнгi таңда Елбасының, Үкiметiмiздiң, Қазақстан Халқы Ассамблеясының ел бiрлiгiне арналған шешiмiн бұрмалау немесе орындамауға талпыну, тырнақ астынан кір іздеу, ел ішінде іріткі салу,  менiң түсiнiгiмде ата-баба, аруақтарды сыйламау болып танылады.

 

 

Қасым МӘСИМИ   
«Қазақстан Заман» газеті 5 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576