Серкан Дінічтүрік: Түркия қазақтарын Ердоғанның өзі қолдайды
-Серкан мырза Түркия топырағында дүниеге келген екенсіз, қалай тап болдыңыз Түркияға?
-Менің ата-анам 1953-54 жылдары Шығыс Түркістанның Алтай жағынан Түркияға қоныс аударған еді. Мен Шабан Серкан Дінічтүрік 1971 жылы Стамбұл да дүниеге келдім. Балалық шағым Түркияда өтті, қазір де осы елдің азаматымын. Бірақ өзімнің қазақ екенімді ешқашан ұмытқан емеспін. Үйде ата-анамыз тек қана қазақ тілінде сөйлегендіктен ана тілімімізді ұмытуға да мүмкіндік жоқ (күліп). Қазірде Түркия елінде Қазақ диаспорасының төрағасымын. Түркия да тұратын қазақтардың құрған қор қоғамдары бар, ол қор қоғамы 80 милоннан астам тұрғыны бар Түркияда бір уыс қазақтың «өз тілі мен ділін, салт-дәстүрін мәдениетін, қазақ болғандығын ұмытпасын» деп құрылған қор қоғамдар. Солардың бірі «қазақ-түрік білім және зерттеу» қауымдастығы, сол қауымдастықтың да төрағасымын.
-Бұл қауымдастықтың жұмысы қандай?
-Иә бұл қауымдастықтың негізгі бағыты, қазақтарды түріктерге таныту, сол мақсатта үш айда бір «Қазақ елі» атты журнал шығарамыз. Журнал екі тіл де шығады, қазақ-түрік. Түркия мен Қазақстанды қосқанда жеті мемлекетке таралады, атап айтсақ Еуропа елдеріндегі Алмания, Англия, Швецария, Франция, Австрия елдеріне таратамыз.
Қазақтың марғасқа аты аңызға айналған ақын-жазушыларының кітаптарын түрік тіліне аударамыз, түрік халқы да қазақ халқының мәдениетіне, тарихын білсін деген мақсатта. Сонымен қатар жылына екі немесе үш рет халықаралық дәрежедегі конференциялар ұйымдастырамыз. Өткен жылдары Халифа Алтай, Әлихан Бөкейхан сынды арыстарымыздың есімін ұлықтап, әрі Қазақстанның 25 жылдығына орай конференциялар өткіздік. Өткен апта да Стамбұлда Астананың 20 жылдығына орай үлкен шара өткіздік. Бәрін не үшін айтып отырмын, себебі біздің осы ұйымдастырып жатқан шараларымыздың Түркия қазақтары үшін маңызы зор. Оның сыртында Түркияда туып өскен қазақ балаларының оқуына көмек береміз қаражат жағынан, басқа да жұмыстар бар. Тағы бір қуанышты жаңалығымыз, өткен жылы біздің қауымдастықтан шыққан кітаптардың біреуі атап айтқанда «Қаралы көш» атты, сонау Шығыс Түркістанан 1950-54 жылдары тар жол тайғақ кешумен мұхит асқан қазақтардың жағдайын баяндайтын, кітапты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен бір жастар форумында кездесіп қалып силаған едік. Өздері тексеріп саралаған болар, бізге бір ай ішінде хабар келді, осыдан кейін біздің шығаратын кітаптарымыздың қаражаты мемлекет арқылы қаржыландырылып, Түркиядағы кітапханалар алатын болды, бұл біз үшін үлкен жетістік. Қазір де Түркияның екі мыңнан астам кітапханасына біздің кітаптар таралып отыр. Менің жаныма бататыны қазақ жастары көп, олар қанша жерден туып өскен жерінде жүрсе де ата-бабаларының шыққан жерін біледі, аңсап тұрады сағыныш бар бәрінде. Міне біздің ең басты міндетіміз деуге боларлық жұмыс осы жастардың «қазақ» деген ұлттан шыққанын ұмытпауға, салт-дәстүрін ұмытпауға күш салу. Жақында ғана ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Түркияға келген сапарында, арнайы қазақ диаспорасы мен кездескісі келетін жеткізген екен. Сол кездесуде осы Түркиядағы қазақ жастарының мәселесін көбірек айттып ұсынысымызды тастадық. Қазақстанға келіп кетіп жатқан орта буындар бар, бірақ жастардың көбірек келгені дұрыс ақ, алдымен Университеттерде оқыған ой-өрісі дамыған жастарымыз келсе дейміз. Осы ретте Қазақстан Республикасына алғыс айтқым келеді, мемлекет қолдауымен бір топ Түркиялық қазақ жастары өзінің тарихи отанында Астанасында болып қайтты, алған әсерлері керемет. Болашақта жастарымыздың өз еліне қайтуына ықпал етері сөзсіз..
-Астана қаласына келген жастар қазақ тілін біледі ме?
-Біледі, білетін балаларды теріп алдық (күліп), қанша жерден айтсақ та шет мемлекетте тұрып жатқан соң қиын ғой. Қазақ мектептері жоқ, бір мектепте екі үш кейде жалғыз бала оқиды. Мен оқыған мектепте жеті бала еді. Жан-жағының барлығы түрік тілінде сөйлейді. Достарымыз араласатын орта түріктер дегендей. Түрік тілінің ұқсас болуы көп нәрседен құтқарып тұр шыны керек.
-Түркияда қанша қазақ тұрады жалпы? Олардың күн көріс деңгейі қандай?
– Жиырма бес мыңға таяған қазақ тұрады. Көбі Стамбұл қаласында орныққан. Жетпіс жылға жуықтап келеді, Шығыс Түркістан арқылы Түркияға өтіп орныққанымызға. Ал осы Түркия арқылы біраз қазақтар Еуропаға тарап кетті. Біздің журналымыздың кең таралуына да осы тарап кеткен қазақтар себеп болып отыр. Бірақ олар крилицаны емес түрік әліпбиін таниды сондықтан журналымыздың түрікшесін оқиды. Қазақстан латын әліпбиіне өтеді деп естігенімізде қатты қуандық, осы олқылықтардың орны толтырылатын ақ шығар деп. Ал енді күн көріс деңгейі әркім де әр қалай. Біздің қорға демеушілер Стамбұл мен Еуропа елдерінде тұратын қазақтар.
-Бауырлас екі елдің қаншалықты ұқсастықтары немесе айырмасы бар?
-Түріктер бізді жақсы көреді, қанша жерден шет елде тұрсақ та бөтендігін көрсеткен емес, еліміз тәуелсіздік алғанда бірінші мойынады ғой. Осыдан ақ Қазақстанның орны Түркияда ерекеше екенін біле беріңіз. Тілдерінде де мәдениетінде де ұқсастықтар өте көп. Айырмасын енді білмедім (күліп) екі елді тел еміп өскендіктен болар.
-Жастар келсе деп жатырсыз ғой, өзіңізше оралу ойыңызда бар ма?
-Сыртта жүрген бүкіл қазақ баласының арманы ата-бабаның кіндік қаны тамған тарихи отанға қайтып оралу деп ойлаймын. Біз Түркия да туып өстік, бала-шағамыз сол жерде оқып жатыр. Бүкіл туыс- таныс адамдардың барлығы сол елде. Мен көшіп келсем бүкіл туыс-туғаныммен көшіп келсем деп армандаймын.
-Қазақстанға жиі келесіз ғой, не нәрсеге көңіліңіз толмады?
-Қазақстан менің тарихи отаным ғой, бірақ айта кетейін, мен Түркияда туып өстім, мүмкін менен де қателік болар көңілім толмайтыны көбінің айтатыны «қазақшаны дұрыс сөйлей алмайсың» дегендердің елу пайызы ауыз екі тілде орыс тілін араластырып сөйлейді. «Сен қазақ тіліндегі мектепте оқыдың, қазақ отбасында дүниеге келдің, мен емес сен қазақ тілін таза сөйлеуің керексің» деп айтамын, дұрыс па?! Мен сыртта жүрген сексен миллион түріктің арасында жүрген бір қазақтың баласымын. Түркияда жүрсеңіз тек түрік тілін білсеңіз болды өмір сүріп кете аласың, ал Қазақстанда қалалық жерлерде мысалы Солтүстік өңірлерде тек қазақ тілін біліп өмір сүріп кете алмайтын сияқты. Қазақ тіліндегі кітаптарды көбірек оқу үшін крилицаны үйрендім, латын әріпіне көшеді деп жатыр ғой мүмкін сол кезде қазақ тіліндегі кітаптарды толық меңгеріп, тілді де жақсы сөйлеп кетермін.
-Түркиядан Қазақстанға оралып жатқан қазақтар бар ма?
-Қазақстан жаңа тәуелсіздік алған да біраз қазақ бері қарай өтіп кетті. Астана да болып қайттық қой, сонда екі жарым мыңдай Түркия елінен келген қандастарымыздың келгенін көріп қуанып кеттік. Нақты білмеймін, біраз қазақ өткен сияқты. Көш әлі де жалғасын табады.
-Түркияға өткен қазақтар өздерінің ата тектерін, руларын қаншалықты біледі, жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі қалай сақталады. Сұрап отырған себебім түріктер үш атадан кейін алыса береді екен?
-Түркиядағы қазақтардың көбі орта жүздің ішіндегі Керейлер. Әке-шешеміз бізге кішкентайымыздан үйреткен жеті атаға дейінгі қыз беріспеу дәстүрі Түркия қазақтарында қатаң сақталады.
-Аралас неке қалай болып жатыр, қанша дегенімен жат жерде жүрсіздер?
-Жоқ, қазақ пен қазақ үйленіп жатыр, көп емес түрікке қыз берген немесе қыз алған. Болады оқыған жерінде, бір Университеттен бірін бірі ұнатып қалып.. Өзім де қазақтан алып отырмын. Бір ұл бір қызым бар. Екеуі де қазақ тілін біледі.
-Алматы да жүргеніңізге біраз болыпты, қандай жұмыстармен жүрген едіңіз?
-Дұрыс айтасыз біраз болды жүргеніме, Түркияда туып өскен бір досым мен келдім. Алматыда құдай қаласа осында біраз жұмыстар істейік деп отырмыз. Он бес жиырма күн ішінде мына Арбаттың бойында үлкен түрік тағамдарына арналған мейрамхана ашпақшымыз. Бір шетінен осы жұмысты сылтау қылып, Қазақстанға жиі келетініме де қуанып жүрмін.
-Сайтымыз жақында ашылса да алыс жақын шет елдерге біршама танымал болып қалды, неге десеңіз үш әліпбимен берілетін, сондай ақ қандастарымыздың мәселесін көбірек қамтитын сайт бұл.
-Иә менің де естуім бар қандастар сайтын, сіздерге де оқырмандарыңызға да жақсылық тілеймін.
-Сізге де алғыс, алдағы уақытта сізбен Түркия қазақтарының хәлін біліп отыру үшін, Түркиялық қазақтар мен шығармашылық байланыс орнататынымызға кәміл сенімдімін.
Аида Қожмамбет
Қандастар сайтынан
Abai.kz