Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әлеумет 7861 10 пікір 20 Шілде, 2018 сағат 10:18

Нарциссизм. Біздің қоғам "айнаға табынады"...

«Ой, шіркін заман-ай!» деп қоюшы еді баяғыда бала күнімізде бір кісілер. Сондайды біз де көре бастадық. «Адам қалай, заман қалай өзгерді, Өзгергенді шүкір қазір көз көрді» деп тамылжытып еді Шымболат деген шайырыңыз бір кезде. (Қалы бар патшаның «Қайта құру» кезі еді-ау деймін, қателеспесем).

Менікі жәй қысқа әңгіме әншейін: адамдардың мың өзгерісінің бір өзгерісі туралы ғана. Жалпы өзгеріс көп. Оның ішінде жақсы өзгеріс, жаман өзгерістер де бар. Өкінішке орай қазақ қоғамында біріншіге қарағанда, екінші өзгеріс жеңіс туын желбіретіп, қолында ұстап тұр әзірше. «Замануаи городской  қазақтар» мен «артта қалған  ауылбайски қазақтардың» мәдени-психологиялық су асты теке-тіресі жүріп жатыр әлі (Әлемде бұл фундаменталистер мен модернистердің шайқасы деп аталады. Фундаменталистер – шыжық нан жеп, айран ішсе, модернистер – гамбургер жеп, кока-кола ішетіндер).  Кең етек көйлек киіп, орамал тартқан әжелер мен шашын химиялатып, тырыстырып, шорти киген әжелер де жүр арамызда. Бұл енді кеңестен қалған ескі кесел (Ол енді жаңа кеселге ұласып кетпесе болды, әйтеуір). Құдайға шүкір  беті бері қарап жатқандар да бар. «Шіркін-ай, Мәскеуге барып, Лениннің мүрдесін бір көрер ме еді!» деп армандаған ағайын қазір қажылықты армандап, пайғамбардың жатқа жеріне зиярат ете бастады. Яғни, арман ауыса бастады. Бәрі сол арманнан шығады екен ғой, тегінде. Адам – арманның құлы. Идеяның құлы. Кредоның құлы!

Хош,  өткен күнді де түртпектеп еске түсіріп жатырмыз. Енді ностальгияны ноқталап,  бүгінгі күнге бет бұрайық. Жоғарыда біз айтпақшы  болып жатқан нәрсе өзгеріске қатысты еді ғой. Соның бәрі дендеп келгенде, рух пен денеге қатысты боп шығатын сияқты. Қазір әлемде дене үстем. Рух жаншылып жатыр. Дене мен рух ара қатынасы туралы тамаша бір туынды ол атақты ертекші Г.Х.Андерсеннің «Көлеңке» атты әңгімесі дер едім. Онда қоғамнан қолдау таппай, теперіш көрген бейшара ғалымның өзін өз көлеңкесіне сатқаны туралы айтылады. Өйткені, оның өзінен гөрі көлеңкесі пысықай, заманға төселгіш боп шығады да, көлеңке қожайынына «мен қожайын, сен көлеңке болсаң, сенің бар жағдайыңды жасаймын» деп ұсыныс айтады ғой. Жаны қысылған ғалым бұл ұсынысты қабылдап, көлеңке болуға келісім береді. Әтші әңгіме. Рас айтам. «Мәңгүрттендіру марсельезасы» деген мәнді шығарма жазған М.Шаханов ағамыз да:

Ғасырымыз – іздеу, өрлеу, қиратулар алаңы,

Адамзатты қарын мүдде қайда бұрып барады?

деп толғанысқа түсіп жүргелі қашан?!  Қазір сол денеге қарай қатты кету әдеті бой көрсетіп жүр. Бұл кетіс не кетіс? Жастар арасында әсіресе. Үлкендерде үлестен қалып жатқан жоқ. Бұл жолда оларда барын базарға салып жатыр. Там жарыс, той жарыс, тоқал жарыс...  дегендей. Соның бір өзектісі – өзін-өзі көрсету жарысы. Өз-өзін көрмеге қою дерті. Ол көбіне  теледидар, интернет, һәм фотография арқылы іске асады.  Интернетті оның жеті атасы жайлап алған: фейсбук, инстаграмм, гугл, ютуб, ватсап, твиттер т.б. Мен өзім интернетке қарсы емеспін. Шамам жеткенше оның ну орманын кезіп жүргеннің  жанның бірімін. Одан алған пайдам орасан зор. Тілмен айтып жеткізе алмаймын, тіпті. Айтпағым, жеке жандардың интернеттің әжет шығарғыш қызметін, басыбайлы жеке басын жарнамалайтын  құралға айналдырып алғаны жайында. Бет-алды өзін жыртитып, интернеттің о шеті, бұ шетінен көрсете беру, яки көріне беру. Әйтеуір өзімді бір көрсетіп қалсам деген арам ой. Олардың бар тықпыштайтыны: жүріп-тұрғаны, ішіп-жегені, киген киімі, таққан әшекейі, дүние-мүлік, қора-қопсысы. Осының бәрі неге қажет?  Осының бәрін ел-жұртқа жария ету керек пе? Менің қаупім осының бәрі адамға зиян келтіріп жүрмесе. Адам бара-бара тұлға болудан қалып, жасанды бір мутантқа айналып кетпей ме? Яки, Ш.Айтматов әдеби бейнесін жасап кеткен мәңгүртке? Адамдар  бара-бара реалды өмірден қатты қол үзіп, виртуалды кейіпкерге айналып бара жатыр. Адамдардың ет-пен сүйегі орнында тұр, бірақ олар темірдей суып бара жатыр. Темірге табынушы металлистер сияқты мысалы. (Металлистерден мысал:

Мамаанархия,

Папастакан портвейна.

                                             В.Цой).

 

Жаңалыққа жаны құмар қазаққа сөйтіп субкультура ұрығы себілуде.

Бет алды суретке түсу әдеті пайда болды. Жөн-жосықсыз. Тірі адамнан оның жансыз суреті қадірлі боп кетті қазір. Адамдарды жаппай бейнеқұмарлық билеп алды. Суретте өзіңді өзің көрсетудің бір әдісі. Күліп түсу, мұңайған болып түсу, байсалды адамның кейпіне кіріп яғни соның маскасын киіп түсу. Ол үшін бет-әлпетіңді мың құбылтып, мимиканың  шеберлік класын көрсетуің керек-ақ. Керемет, «фотогигенично» деп қойып. Ақын-жазушылардың суретке түсуде өз маскасы бар. Ол қатты ойланып-толғанып, бүкіл адамзаттың қамын жеп жүрген сияқты боп түсу. Яки өте талантты бейне кейпіне кіріп не болмаса шексіз шабыт құшағында шалқып тұрғандай боп көріну. Бірақ қанша фотосы керемет болғанмен, жұрт оны жазған дүниесіне қарап бағалайды ғой. Фотосыз ақын ақындықтан қалса онда Бұқар жырау мен Махамбет ең байғұс шайырлар болар еді-ау, сірә! Баяғы кеңес үкіметіндегі саясибюро мүшелерінің фотошеруі өзінше бір тарих. Фотосурет –  кеңес шонжарларының аса зор идеологиялық қаруы болған ғой сірә! Бұрын біреуді біреу суретке түсіріп жүрсе, енді оны қойып, өзімізді-өзіміз түсіретінге көштік. Жұрттан қалып қоймайын деп қазақта селфишілетіп жатыр-ай. Бұл енді тым артық нәрсе сияқты. Атақты ағылшын психоаналитигі Дональд Винникот селфи түсірушіні жұрттан өзінің шын бейнесін  жасырып, қолдан жасанды бейне жасаушы дейді. Яғни, ол өзімен-өзі ойнайтын адам. Ол көбіне көпшіліктің ығымен жүретін, комментари мен лайкқа тәуелді жарымжан жанның қылығы. Ғалымдардың айтуынша күніне кемінде 3 рет селфи жасаған адам – сырқат адам. Бұл сырқат туралы бір айтса осылар айтар ма екен деген журналистеріміздің өзі сырқат: интернет-аддикция дертімен. Суретке бет алды түсудің бір жаман жері –  адамды кәдімгідей ауытқуға әкеп соғатыны. Оған дәлел – 19 ғасырда етек алған фотосуреттің постмортем жанры.  Онда адамдар тірілерді қойып, өлген  туысқандарының мәйітімен суретке түсуді жаппай әдетке айналдырған ғой.

Ал, енді теледидарды жата-жастанып жайлап алған арзан шоулар мен әнші-әртістерді айтпай-ақ қойыңыз. Теледидар шоңның емес шоудың мекен-жайына айналды осы күнде (осы сөздерді жазып жатқанда Шоң би мен Бернард Шоу есіме түсіп кеткенін қарашы). Олар көгілдір экранның ар жағынан сонда бізге не демекші? Олар өл тіріл маған көз тастаңдаршы, мені, тек мені көре беріңдерші дейтін сияқты бізге. Күндіз-түні тек менің қас қабағыма қарап, үздіксіз үздігіп тек менің бет-әлпетімді (Шымкентше: әпті-пешенемді) көздеріңмен ішіп-жеп отырыңдаршы  дейтіндей. Шарашайсың ғой. Бір бетті көре бергеннен. Оның үстіне ол әжептеуір бет болса мейлі  ғой. Бұл өзіне өзі құмарлық, өзіне-өзі ғашықтық қайдан шыққан? Жаңа шыққан нәрсе ме, жоқ бұрыннан-ақ бар ма? Бар екен. Чарли Чаплин мылқау киноға түспей тұрып-ақ, Стиф Джобс айфон ойлап таппай тұрып-ақ. Ол не екен? Ол – ауру. Ауру?! Ия. Нарциссизм деген ауру.

Нарциссизм – ежелгі гірек (юнан) аңызынан туған нәрсе. Аңызда Нарцисс деген бір жігіт судағы өзінің бейнесіне қадалып қарай берген ғой. Өзін қатты жақсы көргендіктен. Содан ол пақыр әлемді ұмытқан. Өзіне құда түсіп келген  қыз құдай Эхоға қарамай қояды. Қыз құдайды менсінбей қойған соң мәз болсын ба, өмір бойы өзінің судағы суретіне телміріп ғашық болу жазасына кесіледі.  Ақыры Нарцисс деген гүлге айналып кеткен. Нарцисс сөйтіп өзін-өзі жоғалтқан ғой. Яғни нарциссизм – өзіңді-өзің шексіз сүйу. Тек өзіңмен-өзің болу. Ал, оның арты тәкәппарлыққа ұрындырады. Оның арты кейде адамды бар дүниеге байкот жариялап, өзін-өзі қоғамнан оқшаулауға (изолацияға) әкеп соғады. Бұл аурумен ауыратындардың үйленуден де бас тартып, өмір бойы екі тізесін құшақтап өтетіндері де бар. Сүр бойдақ жігіттер мен кәрі қыздар проблемасының да қатысы бар бұған  (Жалпақ әлемнің жанарын жаулағыш Жапониядағы хикикоморилер феномені де осыған келеді. Онда қазір миллиондаған  хикикоморилер (қазақша: үйкүшіктер) армиясы өмір сүріп жатыр). Оның өзі өзгені елемей тек өзін жақсы көруден шығып жатқан нәрсе. Ол өзгені елемеу, өзге түгіл түбінде бүткіл әлемді елемеуге апарады. Әлемдік тарихта Шыңғысхан, Наполеон, Гитлер, Сталин – осы нарциссизм ауруымен ауырған адамдар. Олардың әлемді билеу құмарлығы осыдан шығып жатыр. Атақты философ Фихте нарцисс болған. Ол бүтін дүние, әлем жоқ, онда тек мен өзім ғана бармын деген ғой. Кейбіреулер тіпті «осы Фихте мырза өз әйелінің барына да күдіктене ме екен?» деген  екен сол кезде.

Ия! Абай айтады: «Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түземек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын көрсетпек, өзін өзі базарға салып, бар ақылы  көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Мұнша әуреленіп, сыртыңды бір сүйген қауымыңа ұқсатарсың? Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықласқа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймекбірлән өсер» («38 қара сөз»). Нарциссизм – яғни, Абайша: өзін-өзі базарға салу, айнаға табыну. Ия, қазір Абай айтпақшы ақыл мидан, жүректен бірыңғай көзге ауысқан заман. Осының бәрі батыстан қара құйын боп келді («Анжела» тайфуны құсап мысалы). Оған біздің кеңестің тар қорасынан шыққан жұртымыз да шөліркеп дайын отыр еді. Неге батыс? Өйткені, ол батыстың  «шіркеулері: ірі зауыттар, кинотеатрлар, химиялық лабороториялар, түнгі клубтар, гидро электрстанциялар, ал поптары: банкирлер, инженерлер, кино, эстрада һәм спорт жұлдыздары, өндіріс алпауыттары, қаржы магнаттары» болып ауысқалы қай заман. Яғни, оларда арман ауысқан. Рух арман, дене арманға ауысқан. «Қайта өрлеу дәуірінен» бері қарай. Сенбесеңіз Освальд Шпенглердің «Закат Европы» («Батыстың өлімі») атты кітабын оқып көріңіз. Ақылдың азабын қатты тартқан батыс қазір секуляризм салқынымен қатты тұмауратып тұр. Құдайсыздар қауымы Америкада жантақтай терең тамыр жайып жатыр (Дарвинизм елесі кезіп жүр о жақты әлі. Маймылдармен жегжат-жұрағат бола жаздап, ол ойдан бізде әрең қайтқан боп жатырмыз).  Біреу  бәлкім:  «Батысқа күлген неңді алған сенің» дер. Түсінемін. Ол адамды. Бірақ сөйте тұра күлмесем тағы болмайд.  Ата-бабамның әруағы разы болсын деп, тым құрмаса. Сол ата-бабам айтқан еді:

Ауадағы жұлдыздың алтауы үркер,

Кейбіреулер бетіне опа бүркер.

Бүгін жаққан опасы ертең кетер,

Құдай сұлу қылмаса бәрі бекер.

деп.

Ия, анығында «сыртқа қасиет бітпейді». Ішке бітеді. Дене – рухтың көлігі. Қызметшісі. Рухты денеге қызметші, малай ғып қоймайық. Андерсеннің әңгімесіндегі көлеңкесіне құл болған кейіпкер сияқты, өз суретімізге өзіміз құл боп қалмайық бір күні! Суреттен гөрі, тірі адамға көбірек қарайық. Шыны өмірден шығып, шын өмірге көз салайық. Әйнек өмір –  шын өмір емес. Өрмекшінің торынан жасанды перде жасаудың керегі не? Интернет – сурет пен информация бергенмен эмоция бере алмайды. «Екі кеме құйрығын ұстаған суға кетеді» дейді қазақ. Екі өмірдің үдесінен шығу оңай емес. Екі жарылып қаламыз онда. Оның барар шегі– шизофрения шалығы (дерті)! Ал, сурет өзіңді өзің қолдан әшкерелеу ғой ол негізі. Абай айтқандай: «Өлең шіркін –  өсекші, жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» деп, біз енді өзімізше бұған нәзира жасап: «Сурет шіркін –  өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын түсе бермей» десек болад. Рия. Өте қауіпті нәрсе. Рия жасаушы Құдайға емес, өзіне құлшылық жасайды дейді ғалымдар. Өзіңе сұқтанудан сауысқандай сақ болуың керек. Атақты әмәуилер династиясының халифасы Сүлеймен ибн Абдулмәлик жұмаға шығар алдында айнаға қарап тұрып, өзіне қатты таңырқап, тамсанған ғой. Сол күні  ол кісі аяқ астынан ауырып, көп кешікпей қайтыс болады. Өліміне себепші айна болды депті білетіндер. Ия, айнаға абайлап қарау керек ағайын! Әйтпесе, айна сені азғырып, өз-өзіңе деген құмарлығыңды қоздырып  қойуы мүмкін (Әлемдегі алғашқы селфидің бірін 1914 жылы 2 Николай патшаның қызы Анастасияның   айнаға қарап тұрып жасағанын айта кетейік).

Қазір адамдар  жаппай өмірден қашу үрдісіне кірді. Бұл не нәрсе? Бұл –  эскапизм! Эскапизмнің де түпкі тамыры – нарциссизм. Эскапизм – шын өмірден өтірік, қияли иллюзия өмірге  қашу. Неге? Неге қашады олар онда?! Өйткені, адамзат қазір шын өмірді қатты былғап алды. Құртып алды. Дәрі-дәрмек – адамның ас-ауқатына, кино мен жеңіл музыка – адам өмірінің мәніне, киім-кешек – (ұятты жерді жабу функциясынан ажырап) бірыңғай дизайн өнерінің құралына айналды. Адам қазір Құдайға құл болуды тәрк етіп, өз қалауына жанкешті қызмет ету жолына біржола бет бұрды (Индивидуализм дейді біреулер бұны! Бұл өтірік индивидуализм ғой негізі. Ол жәй әншейін өзімшілдік. Шын индивидуализм қалауға қызмет етуден емес, Құдайға құл болудан шығады әсілі). Абай не деді бағана: «Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықласқа қасиет бітеді» деді ғой. Енді қасиетті сырттан емес боямасыз іштен іздейтін кез келді. Нарциссизмнің күні сөніп, нартәукелдің  жұлдызы жанатын уақыт келді! Айнаға шынайы қарайтын кез келді. Әсілі айна – екі түрлі. Жүз айна, жүрек айна. Біз енді  жүз айнадан бет бұрып, жүрек айнаға көп қадалып қарауымыз керек (Ол қараудан жүрек айныса да). Сөйтіп, өзімізге-өзіміз есеп берейік бір. 70 жыл  өтірікті жырлаған халықпыз. Енді не жырлайтынымызды анық біліп барып жырлайық (Ақыры жырламай тұра алмаймыз). Кейін күлкіге қалмас үшін. Әйтпесе, қашанғы арамтерімізді ағызамыз.

Мақаланы  ақын Серік Қалиевтің «Қалтафон» өлеңімен аяқтауды жөн көрдім:

 

Үңілгенді Айфонға күнбе-күн мың,

Басы еттің азаматтық  міндетіңнің.

Бетін сүрте бергенше Айпатыңның,

Шашынан сипасаңшы бір жетімнің.

Сотка қарау заманның шарты ма еді?

Пенденің парасаты, парқы ма еді?

Лайк жинап, алданып мәз болғанша,

Сауап жинап қалғаның артық еді.

Байқамастай көрместей айналаңды,

Виртуалды бір әлем байлап алды.

Шыны ішінен шыға аламай шыр айналдың,

Шынайы өмір, ойланшы қайда қалды?

«Дүниенің қызығы» уысыңда,

Жүрек бар ма кеудеңнің қуысында?

Андройдты телефон болды жалғыз,

Бала-шаға, дос-жаран, туысың да!

Ауызба -ауыз елге сыр айта алмайсың,

Құмарға бір кірген соң, қайта алмайсың.

Саусақпенен сотканың бетін сипау –

Құлшылық боп кеткенін байқамайсың.

Онсыз да қысқа өмірде қадір қалмай,

Қарап тұрып өкпемнің қабынғаны-ай!

Иірім, тартпа, құрдым...  бәрі-бәрі,

Қалтафонның ішінен табылғаны-ай!...

Ақжол Қалшабек

Abai.kz

 

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1948