Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6266 1 пікір 23 Шілде, 2018 сағат 10:27

Ұқсастық па, әлде үндестік пе?

Ұқсастық пен үндестік жалпы әлем әдебиетінде көп кездеседі. Оның кейбірі қаламгердің ішкі әлемі мен дүниеге қаратқан таным-түйсігінің ұқсастығынан туатын жан жақындығы. Енді бірі оқып-тоқу және аударма арқылы қабылданатын шабыттық сезім. Үшінші бір топтағылар біреудің жазған дүиесіне тікелей немесе жанамалай еліктей отырып, сонымен үндес, желілес шығарма жазады. Жоғарыдағылардың қайсысы болмасын әдебиетте белгілі еңбек жарата алса да, оқушысы оның шығармасындағы басқалармен болған ұқсастық пен үндестікті оңай аңғарады.

Айталық, Мұхтар Әуезов АҚШ жазушысы Джек Лондонның (1876-1916) «Ақ азу» атты әңгімесінің орыс тіліндегі нұсқасымен ертеде танысқан екен. Кейіннен «Көк серек»-ті жазды. Екеуіндегі оқиға желісі өте ұқсас келеді. Канадалық жазушы Эрнест Сетон – Томсонның «Винипет қасқыры»-ның да оқиға желісі осы сарындас. Алайда М.Әуезовтікі көшірме емес, қазақ өмірінен алынған көксерек суреті, оның сол дәуірді астарлап айтпақ ойы – бәрі-бәрі басқаша өрілген.

Орыс жазушысы Н.В.Гогольдің 1834 жылы жазған «Жындының жазғандары» немесе Испания жазушысы Сервантестің «Дон Кихоты» қытай жазушысы Лу Шұнның «Жындының жазғандары» («Есалаңның естелігі»), «АQ-дің ресим өмірбаяны» шығармаларында ұқсастық көрінісін табады. Алайда бұл да көшірме емес, Лу Шұн оны қытай қоғамымен байланыстырып, әрлеп, ұлттық бояу беріп мүлдем өзгеше жаңғыртады.

Михайыл Шолоховтың «Тынық Донын»-дағы кейбір бейнелердің Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен терінде» қайталануы, Эрнест Хемингуэй шығармаларының кейбір белгілерінің Шыңғыс Айтматовтан табылуы, Шыңғыс Айтматов шығармаларында кезігетін жан-жануар, аң-құс өмірі арқылы берілетін шығарма құрлымындық ерекшеліктердің Шынжаңдық жазушы Жұмабай Біләлұлын да кезігуі сынды ұқсастықтар мен үндестіктерге мысал көптен табылады. Алайда, барлығы да көшіріп алушыдан көрі, шабыт, алушыға, еліктеушіге көбірек ұқсайды да, өзгеше қырмен өрнек өреді. Өзгенің озық дүниесінен нәр, өнеге ала отырып, өз ұлтының әдебиетіне ерінбей еңбек етеді. Және де өздері діттеген мақсаттарына жете білгені көрінеді. Әлемдік әдебиетте көп ұшырайтын бұл құбылысты құлағынан тізе берсек, қаламға ілінер қаламгер саны аз болмайды.

Біз жоғарыдағы мысалдарда прозалық шығармаларға көбірек үңілдік. Ал поэзияға келер болсақ, оның ұқсауы да, еліктеуі де, өнеге тұтуы да оңай сияқты. Бастысы жанрдың көлемдік жағындағы шағындығынан да болса керек. Кейде, өлеңде «Махамбетке еліктеу», «Абайға еліктеу» сынды тақырыптарда ұшырайды. Бұған сөгіс жоқ. Мысалы: Лермонтовтың «Байронға еліктеуі», Некрасовтың «Шиллерге еліктеуі».

Осындай мысалдарға назар сала отырып, Шынжаң жағында жарық көрген Нұрсапа Аманжоловтың «Болсаң» өлеңі мен Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат диалогы» өлеңдерін де мысал ретінде көрсетуге болады.

Нұрсапа Аманжолов – 1950 жылдардың ортасында «Шетен қыз туралы аңыз» (баллада), «Дала табиғаты» (желілес өлеңдер) сынды көптеген тартымды лирикаларымен, баллада, поэмаларымен танылған Шынжаңдағы алғашқы ақындардың бірі болған. Сол кезде «Дала жазы» атты өлеңдер жинағы да басылып шыққан екен. Оның «Болсаң» атты өлеңін оқиық:

Найзағай болсаң, мөлдір нөсер едім,

Ақша бұлт болсаң жел боп есер едім.

Арнадан аунақшыған толқын болсаң,

Жағаңда жапырақ боп өсер едім.

 

Шыңдағы болсаң бұраң шынар өрім,

Бұлбұл боп бұтағыңа шығар едім.

Жап-жасыл жан баспаған бақша болсаң,

Шық болып моншағыма шылар едім.

 

Ай болсаң түн сұлуы, көк еркесі,

Жұлдыз боп қарсы алар ем келер кеші.

Таң болсаң, тау болар ем заңғар биік,

Түспейтін әзезілдің көлеңкесі.

(«Шынжаң әдебиет искусствосы», қазіргі «Шұғыла» журналы, 1956 жыл 9-сан, 25-бет).

Осы жолдарды оқып отырғанда еріксіз Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат диалогы» деген өлеңі есіңізге оралады. Ол өлеңнің толық мәтіні төмендегідей:

  • Құс боп ұшып жоғалсам не етер едің?
  • Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
  • Отқа түсіп өртенсем не етер едің?
  • Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
  • Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
  • Жел боп қуып ақыры жетер едім.
  • Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
  • Қойшы сәулем бәрін де көтеремін.

Жыл мерзімінен қарағанда Нұрсапаның өлеңінің бұрын жазылғандығының негізі басым. Алайда Мұқағалидай шалқар шабыт иесінің осы өлеңді өзгеше түрлендіріп «көшіріп» алуы тіптен мүмкін емес. Екеуі де екпінді жырдың иесі, ауыздықпен алысқан арда өлеңнің жалына жабысқандар. Сондықтанда мұндайға келгенде ұқсастық па, әлде үндестік пе? – деп біз де аң-таң боламыз, оқырман да аң-таң болады.

Жоғарыдағы біз келтірген бірер мысал тұтас әдебиетке өкілдік ете алмайды. Көзімізге түсіп, көкірегімізді толқытқан ой үзіктері ғана. Арамыздан жалаң еліктегіш жастар табылып жатса, оларға алдын ала дабылды ескертулер жасағымыз келеді.  

Әдебиетте ұқсастық пен үндестік болып тұрады деп жұбаныш іздесек те, соныға із салып, өз соқпағыңды даңғылға айналдырғанға не жетсін деген оймен сөзімізді аяқтаймыз.

Жәди Шәкенұлы, жазушы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377