Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 5635 3 пікір 24 Шілде, 2018 сағат 08:52

Батысты билеген Рим Шығыстың ықпалында болды

Ағылшын тарихшысы Питер Франкопанның «Шелковый путь. Дорога тканей, рабов, идей и религий» атты кітабының «Создание Шелкового пути» деген бірінші тарауын ықшамдап аударылған нұсқасын жариялап отырмын. 

«Бағзы бір замандарда Азияның кіндігінде ұлы империялар тіршілік етті. Тигр мен Евфраттың суларынан нәр алған Месопотамияның малта тасты жазық даласы өркениеттің өркен жаюына қолайлы мекен еді. Алғашқы қоныстар, тіпті ірі қалалардың өзі осы өңірде бой көтерді. Бір жүйеге келтірілген ауыл шаруашылығы да Месопотамия жерінде пайда болып, бүкіл «құнарлы жарты ай» аумағына тарады. Теңізге шығуға жол ашып беретін мұндай құнарлы жерлер Парсы шығанағынан Жерорта теңізінің жағалауына дейін созылып жататын. Тап осы жерде бұдан 4000 жыл бұрын алғашқы заңдар жазылды. Тәртіп бұзғандарға қатал жазалар қолдануды қарастыратын бұл заңдар жинағын Вавилон патшасы Хаммурапи өзінің қарауындағыларға арнап шығарды.

Көптеген корольдіктер мен империялар сол талбесікте тербеліп жетілді. Олардың арасындағы ең қуаттысы парсылар империясы еді. Біздің дәуіріміздің алтыншы ғасырынан бастап Персия (қазіргі Иранның оңтүстік бөлігі) өзінің көршілерін тез жаулап алып, Эгей теңізінің жағасына жетті, Мысырды бағындырып, шығыс жаққа, Гималайдың өзіне ұмтылды. Грек тарихшысы Геродоттың айтуынша, парсылар өздерінің табыстарына негізінен ашықтықтарына байланысты жеткен. «Парсылар басқа халықтардың салттарын қуана қабылдады» деп жазды Геродот. Осылайша, мәселен, олар жеңіліске ұшыраған жаулары өздерінен жақсы киінетіндеріне көздері жеткен кездерінде солардың киімдері мен стильдерін қабылдауға дайын тұрды. Тап осы жағдай парсылардың әуелі мидиялықтардың, сосын мысырлықтардың киім стильдерін алуларына себепкер болды.

Парсылар жаңа идеялар мен тәсілдерді қабылдауға дайын екендігі арқасында алуан түрлі халықтардың басын біріктіретін империя құрып алды. Оны сауатты да тиімді басқару өз кезегінде мемлекеттің күнделікті өмірін жақсы үйлестіріп отыруға мүмкіндік берді. Мұнда билеуші отбасына қызмет етуші жұмысшылар жалақыларының көлемінен бастап, сатылған және сатып алынған тауарлардың саны мен сапасына дейінгі барлық нәрсе ескеріліп тұрды. Парсылардың сондай-ақ антикалық дәуірден бір айырмашылығы, бүкіл империя аумағын кесіп өтетін жолдар жүйесіне қарап, оларды жөндеп отырды.

Кіші Азияны Вавилонмен, Сузамен және Персеполиспен жалғастырып жатқан жолдар жүйесі небәрі бір аптаның ішінде аралап шығуға болатын 1600 мильге жуық алапты алып жатты. Осынау жолдардың бойымен тиісті жақтарға қарда да, жаңбырда да, ыстықта да, қараңғылықта да хабарламаларды жылдам жеткізіп тұруға мүмкіндік беретін бұл ғаламат жетістікті Геродот та атап көрсетті. Ауыл шаруашылығына құйылып тұрған инвестиция мен өнімділікті көтеру үшін жасалған ирригациялық жүйені дамыту қалалар мен олардың халықтары сандарын мейлінше белсенді арттыруға апарып жеткізді. Тек Тигр мен Евфраттың жағалауларында тұратын қалалар ғана емес, сонымен бірге Оксус және Яксартес (қазір Әмудария және Сырдария атауларымен белгілі) өзендері бойларындағы алқаптар, содан соң парсылар біздің дәуірімізге дейінге 525 жылы басып алған Ніл дельтасы тұрғындары да өздерін қоршап жатқан егістіктерден нәр ала алатын еді. Парсы империясының құнарлы жерлері Жерорта теңізін Азияның жүрегімен жалғап жатты.

Персия тұрақтылық пен әділдіктің тірегі ретінде есте қалды. Бехистандағы жартаста парсы, элам және аккад тілдерінде жазылған сына жазбалар Персияның ең танымал билеушілерінің бірі Ұлы Дарийдің төңкерістер мен көтерілістерді қалай басқаны, империяны жатжерліктерден қалай қорғап қалғаны, кедейлерді де, байларды да ренжітпегені туралы баяндайтын еді. «Елді қорғаңдар, – делінген жазбада, – адамдарды әділ басқарыңдар – кез келген мемлекеттің негіздерінің негізі осы». Ал халықтың төзімділігінде шек жоқ-тын...

Ежелгі Персияда парсылардың әскери жорықтарды қаржыландыруға жол ашатын табыстары мен олардан әкелінетін бұдан да көп қорлары арқасында сауда айрықша өркен жайды. Бұл парсылардың сондай-ақ, мәселен, Вавилонда, Персепольде, Пасаргадыда ғажайып ғимараттар салу жөніндегі өзгеше сұраныстарын қанағаттандыруға мүмкіндік берді. Дарий шах Сузада Мысырдан жеткізілген қара ағаш пен күмістен, Ливаннан әкелінген кедрден, Бактрияның таза алтынынан, Согдиананың лазуриті мен киновариінен, Хорезмнің лағыл тастарынан, Үндістанның піл сүйектерінен ғажайып сарай салғызды. Парсылар әртүрлі әдістермен аң аулайтын үлкен аңшылар да еді. Геродоттың айтуынша, оларға тез үйреніп алу үшін ермек болатын жаңа бар нәрсені білсе жетіп жатыр еді.

Коммерциялық қауымдастықтың қолдауымен сондай-ақ империяның шекарасын ұлғайтып, сонымен бірге оны қорғап тұратын әскери құрылым да құрылды. Персияға солтүстігінде Қара теңізден Орталық Азия арқылы Моңғолияға дейінгі аралыққа созылып жатқан жартылай құрғақ далада малдарын бағып жүрген көшпелілерден ұдайы қауіп төніп тұрды. Бұл тайпалар өздерінің қатыгездіктерімен даңқын шығарыпты, қауесетке қарағанда, олар өз жауларының қанын ішіп, бас терілерін сыпырып алады екен. Кей жағдайларда олар тіпті өз әкелерінің етіне дейін жепті-міс. Парсылардың көшпелілермен қарым-қатынасы барынша қиын еді, осыған қарамастан, олар жануарларды, соның ішінде, әсіресе, керемет жылқыларды жеткізіп беріп тұрушылардың бірі болды. Бірақ бәрібір көшпелілер үлкен қиындықтар әкеліп тұрды. Осылайша, мәселен, біздің дәуірімізге дейінгі алтыншы ғасырда парсылар империясын құрушы Ұлы Кир скифтерді өздеріне бағындырмақ болып жүргенінде қаза тапты. Көшпелілер оның басын кесіп алып, қанға толы ыдысқа салды. Бір автордың баяндауынша, бұл ақырында оның билікке құмарлығы қанағаттандырылғанын білдіретін нышан еді.

Алайда, бұл соққының өзі Персияның дамуына тежеу сала алмады. Грек әскерилері Шығысқа әрі үрке, әрі таңғала қарап тұрды. Гректер парсылардың ұрыс даласындағы тактикасы мен технологиясын үйренуге ұмтылды. Эсхил секілді авторлар әдебиеттің эпикалық туындыларында жауынгерлер күшін жырға қосып, құдайлардың ықыласына бөлену үшін парсыларға қарсы күрестегі жетістіктерді пайдаланды.

«Мен ғажайып, бай Шығыстан, – дейді Дионис «Вакхангтердің» бірінші жолында, – Грекияға келдім». Сөйтіп, күн шұғыласына шомылған Персия жазығынан, мұнаралары жағалаудан биік көтеріліп, қорғандармен астасу арқылы сеніммен қорғалатын Бактрия қалаларынан келгенін білдіреді. Азия мен Шығыс – Дионистің Грекия пайда болғанға дейін көп уақыт бұрын «құдайлар биі кезінде» қалаған мекені.

Бұл еңбектерді Александр Македонский (Іскендір Зұлхарнайын) басқалардан да мұқият зерттеп шықты. Біздің дәуірімізге дейінгі 336 жылы әкесі – король Филипп өлтірілгеннен кейін таққан отырған кезінде жас генералдың даңққа жету үшін қандай жолды таңдап алғаны белгілі болды. Ол Еуропа жағына тіпті көз салған да жоқ. Еуропа оған ештеңе бере алмайтын. Онда қалалар, мәдениет, даңқ, байлық болған жоқ. Көне гректердің барлығына сияқты, Александр үшін де мәдениеттер, идеялар мен мүмкіндіктер, сондай-ақ қауіп-қатер Шығыстан келетін еді. Сондықтан оның назары антикалық дәуірдің таңғажайып күші – Персияға аууы таңғаларлық нәрсе емес-тін.

Александр біздің дәуірімізге дейінгі 331 жылы Мысырдың персиялық билеушілеріне жай оғындай соққы бергеннен кейін империяның өзінің жүрегін жаулап алуға аттанды. Шешуші ұрыс кейінірек, 331 жылдың қазанында, бұрынғы Гавгамелге, қазіргі заманғы Ирак Күрдістанындағы Эрбиль қаласына жақын жердегі шаңды жазықта өтті. Ол сол жерде парсылардың Дарий III басқарған күші басым армиясын күйрете жеңіп шықты. Бәлки, бұл оның ұйқысын қандырып алғанынан да болған шығар. Плутархтың куәлік етуінше, Александр ұрыс алдында әскерлеріне міндетті түрде тынығып алуды тапсырған, ал өзінің қатты ұйықтайтыны сондай, оны ояту үшін сілкілеу керек болған. Өзінің сүйікті әскери киімдерін бойына жапсырғанда, ол басына таза күмістен құйылған шлемін киіп, оң қолына семсер ұстап, өзі үшін империяның қақпаларын ашып берген әскерлерін ұрыстарға бастап кетті.

Аристотельдің шәкірті болған Александрға әрдайым үлкен үміттер артылып тұрды. Бұл да жұртты түңілдіре қойған жоқ. Парсылар армиясы Гавгамелде күйретілгеннен кейін Александр шығысқа жол тартты. Оған бір қаладан кейін бір қала бағынып, жаулап алған жерінің көлемін ұлғайта берді. Әдеттен тыс сұлулығымен және байлығымен даңқы шыққан кең атырап өрімдей жас қаһарманға біртіндеп бағынып жатты. Вавилон өзінің қақпасын ашып тастады, оның тұрғындары қалаға алып кіретін жолдардың табандарын бояп, гүлдермен және гүлдестелермен безендіріп, оның бойларына тілектер жазылған күміс тақтайлар қойды. Сыйлық ретінде торға қамалған арыстандар мен сілеусіндер тартылды. Көп ұзамай Александр Персияның іс жүзінде корольдің жолындағы барлық негізгі қалаларын, сондай-ақ Кіші Азия жағалауы мен Орталық Азияны жалғастыратын алаптарды басып алды...

Александрдың кенеттен болған өлімі оның аға генералдары арасында тартысты талас тудырғанына қарамастан, Шығыста көп ұзамай жаңа көсем пайда болды. Ол жас қолбасшының барлық дерлік жорықтарына қатысқан, Солтүстік Македонияда туған Селевк есімді офицер еді. Өзінің билеушісі қайтыс болғасын бірнеше жылдан кейін ол Тигрден Индіге дейін созылып жатқан жерлердің әміріне айналды. Бұл аумақтың үлкендігі сондай, оған бірнеше корольдік қана емес, империялар да сыйып кететін еді. Селевк кейін үш жүзжылдық бойына дәурен сүретін Селевкидтер әулетін құрып кетті...

Плутархтың айтуынша, Александр грек теологиясының Үндістанға дейін жайылып кеткеніне көз жеткізді. Нәтижесінде Олимп құдайларына бүкіл Азия табынатын болыпты. Персия мен оның сыртындағы жастар Гомердің еңбектері, Софокл мен Еврипидтің трагедиялары рухында тәрбие ала бастады. Бәлкім, содан кейін ғана әдебиеттердің өзара аралыстығы пайда болған шығар. Осыған орай кейін санскриттің «Рамаяна» эпосының жасалуына «Илиада» мен «Одиссея» негіз болды, ал Равананың Ситаны ұрлап әкетуі Еленаның Париспен бірге Троядан қашып шығу оқиғасынан тікелей алынған деген болжам да айтылды. Мәдениеттердің ықпалы қарама-қарсы бағыттан да шығуы мүмкін. Бірқатар ғалымдар өз кезегінде «Энеида» үндіс мәтіндерінен, нақтылай айтқанда, «Махабхарата» жырынан алынған деп есептейді. Идеялар, тақырыптар және тарихи деректер жолдың бойымен өтіп жататын саяхатшылар, көпестер және дәруіштер арқылы тарап жатты. Ал Александрдың басқыншылығы ол жаулап алған елдер тұрғындарының, сондай-ақ идеялар мен жаңа тұжырымдамалар аласып тұратындардың сана-сезімдерін кеңейтудің жолын бастап берді.

Тіпті жабайы дала халықтарының өзі бұл ықпалдан алшақ кете алмады. Бұған Ауғанстанның солтүстігіндегі Тілләтепеден табылған жоғары лауазымды тұлғалардың қабірлері толық айғақ. Олардың әшекейлерінен грек мәдениетінің іздері көрінген. Тап осындай қорымдар Сібірден, Үндістаннан және тағы басқа жерлерден табылған. Көшпелі жұрт мұндай бұйымдарды өздерінің жеке малдарын және жылқыларын беріп алған, кейде оларды бейбіт қатар өмір сүрудің кепілі ретінде ұсынылған алым-салық түрінде де алып тұрған.

Әлемдік өзара қарым-қатынас үдерісі Қытайдың күрт өсіп келе жатқан амбициясы салдарынан жылдамдай түсті. Хань әулеті кезіндегі (біздің дәуірімізге дейінгі 206 жыл – біздің дәуіріміздегі 220 жыл) экспансияның жаңа толқыны шекара шебін аты аударғанда «Батыс аймақ» деген мағынаны беретін Сиюй провинциясына дейін созып жеткізді. Бүгінде біз оны Синцзянь – «Жаңа шекаралық жер» деген атауымен білеміз. Аталмыш аймақ ішкі Қытай бөлігін Такла-Макан шөлінің шетіндегі мүйіс – көкорайлы қала Дуньхуанмен байланыстыратын Ганьсу дәлізінің сыртындағы жолы шамамен 600 миль болатын алапқа созылып жатыр. Осы нүктеде жолды солтүстікке немесе оңтүстікке бұру жайын шешіп, бағытты анықтап алуға болады. Әйтсе де, олардың екеуі де қауіпті болуы мүмкін. Гималай тауларына, Памир жоталарына, Тән-Шән шоғырлары мен Гиндикушке апаратын торап болып табылатын бұл жолдар Қашғарда тоғысады.
Қытайдың экспансиялық саясаты Азияның бірігуіне жол ашып берді. Бұған дейін Орталық Азияда үлкен проблемалар туғызып келген, сонымен бірге үй жануарларын әкеп берудегі маңызды әріптес болып жүрген скифтер сияқты көшпелі тайпалар – юэчжилер және ең алдымен ханнулар бұл байланысты жауып тастаған еді. Біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырдағы Қытай авторлары дала адамдарынан он мың басқа дейін ірі қара малы сатып алынып тұрғаны туралы жазыпты. Қытайлықтар тарапынан аттарға деген орасан зор сұраныс Қытай территориясындағы тәртіпті сақтап тұруға және хунналар мен басқа да көшпелі тайпалардың шабуылдарын қайтаруға қабілеті бар тиімді армияны ұстап тұруға қажеттіліктің өткірлігіне байланысты қыза түсті. Синьцзянның батыс бөлігіндегі аттар айтарлықтай жоғары бағаланды, олар тайпалар көсемдеріне тұтас бір байлықты әкеліп бере алатын еді.

Ең әйгілі бәйге аттары кестесі келісті Памирдің қарсы бетінде Тәжікстанның шығыс бөлігі мен Ауғанстанның солтүстік-шығыс бөлігінде территориясында орналасқан Ферғана жазығында өсіріледі. Бұл аттар күш көлігі ретінде жоғары бағаланды. Қытай авторлары оларды «айдаһар болып туғандар» және жергілікті паразиттердің қан сорулары себебінен немесе терілері жұқа келіп, қан тамырлары жарылып кете беретіндіктен, қызыл түсті тер шығаратын болғандықтан, «хансюэ ма» («қан терлейтін аттар») деп атады. Бұлардың айрықша текті кейбіреулері нағыз жұлдыздарға айналып, поэмаларда жырға қосылды, мүсіндер мен картиналарда бейнеленді. Олар tianma, яғни «көктің, құдайдың аттары» деп аталды. Бұлардың кейбіреулері тіпті өз қожайындарының соңынан «керемет өмірге» жіберілді.

Императорлардың бірі ең үздік сексен сәйгүлігімен бірге жерленіпті, олардың қойылған жерлерінен екі айғыр мен бір жауынгердің мүрделері табылған...

Қытай мен басқа әлемнің арасындағы сауда мейлінше баяу дамып жатты. Гоби шөлі өлкесінің бойымен өтетін сауда жолын пайдалану жөніндегі, әсіресе, сауда керуендерін батысқа қарай жіберетін Нефрит қақпасына қатысты келіссөздерді жүргізу оңай болған жоқ. Жықпыл-жықпылды жерлер арқылы бір оазистен екіншісіне бару, жолдың Такла-Макан шөлі, Тән-Шән немесе Памир таулары арқылы өтетінінен бөлек те, қиын болды. Ауа райының қолайсыз жағдайы да арнайы талқылауды қажет етті, тағы бір себеп Бактрия түйелерінің қымбаттығынан туындады...

Саудада жібек шешуші орын алды. Оның көшпелілер үшін сөзсіз құнды тауар екенінен бөлек, тағы бірнеше қызмет атқарды. Хань әулетінің билігі кезінде жібек армияда мәнетпен бірдей төлемақылық етті. Бұл белгілі бір дәрежеде ең сенімді валюта болды: себебі, қажетті мөлшерде мәнет өндіру, Қытайдың барлық провинцияларына әлі ақша қатынасы енгізілмеуінен басқа, бірқатар қиындықтарды бастан кешті. Мәселе әскерилердің еңбектеріне ақы төлеуге келгенде, олардың көбіне алыстағы аймақтарда қызмет ететіндеріне байланысты төлемді мәнетпен берудің еш мағынасы болмай қалды. Астық бірқатар уақыттардан кейін бұзылып кететін. Нәтижесінде аршылмаған жібектің орамалары тауарлар мен қызмет төлемінің валютасы немесе будда ғибадатханаларының біріндегідей айыппұл ретінде пайдаланылды. Жібек тап осылайша халықаралық деңгейде де валютаның орнын басты.

Қытайлықтар сырттан келген саудагерлерді тексеретін арнайы орган ашу жолымен сауданы реттеп отырды. Дуньхуанға жақын жердегі Сюантюань гарнизондық қаласынан табылған 35 000 мәтіннің керемет жиынтығы Ганьсу дәлізінің мойнағындағы қаланың күнделікті өмірінің көрінісін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Бамбук және ағаш табақшаларға жазылған бұл мәтіндерден біз Қытайға келушілер белгілі бір бағыттар бойынша жүрулері тиіс екенін білеміз. Келушілер қолдарына өтуге рұқсат ететін арнайы құжаттар берілген. Шенеуніктер соларды ұдайы тексеріп тұру арқылы олардың үйлеріне түгел қайтқан-қайтпағандарын анықтайтын болған. Қазіргі заманғы отельдердегі сияқты сол кезде де келген әрбір қонақ туралы, олардың аты-жөндері мен атағы, сондай-ақ тамаққа қанша жаратқаны, қайдан келіп, қайда бара жатқаны қоса жазылып алынып тұрған.

Бұл шаралар олардың іздеріне түсіп, аңдуды көздемеген, олар Қытайға кімдер неге келетінін немесе одан кімдердің кетіп жатқанын, сондай-ақ қандай тауарлардың сатып алынып, сатылғаны туралы деректер жинау үшін керек етілген...

Қытай мен Персияның арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да тығыз бола түсті. Қытай деректері атап көрсеткендей, елшіліктер бірнеше рет аттандырылған, Персияға кемінде он реттен сапар шегілген, ал барынша тыныш уақыттарда Батысқа бес не алты мәрте жасалған. Елшілік жаушылары әдетте өз кезегінде үйде керек етілетін Қызыл теңіздің інжуінен бастап, нифрит, лазурит және пияз, қияр, анар және сары өрік секілді секілді көп тауарларды алып, елге келген үлкен сауда керуендерін бастап алып жүрген. Шын мәнінде Йемен мен Эфиопиядан әкелінген хош иісті шайыр мен жуас аттарға да қатты сұраныс болған. Қытайда олар «поссу», яғни «парсы тауарлары» деп аталған. Мейлінше кейініректегі мәнбелерге қарағанда, Самарқандтан әкелінген, өзінің ерекше қанық бояуымен танымал, «қаздың жұмыртқасындай үлкен» шабдалылар айрықша жоғары бағаланған. Қытайда олар «алтын шабдалылар» ретінде белгілі болған.
Қытайлықтар Риммен дәл мұндай тығыз байланыста болған жоқ, ал Жерорта теңізі ауданы өз кезегінде Гималай мен Үнді мұхитының арғы жағын жайлап жатқан әлем жөнінде оншалықты көп нәрсе біле қоймады. Римнің жалғыз елшісі біздің дәуіріміздегі 166 жылдың шамасында император Хуань-диге келіп кеткен. Римнің Қиыр Шығысқа қызығушылығы мен ол жөніндегі білімі үзік-созық болған. Римнің бар назары тек қана бәсекелес қана емес, сонымен қатар мақсаты болуы да ықтимал Персияға қадалды...

Антикалық әлем өкілдері көп бөлігінің ой өрісі жергілікті сауда мен жақын маңда тұратын кісілердің өзара қарым-қатынасы аумағында қалып қойған. Соған қарамастан, әртүрлі қауымдастықтың сапырылысқан торлары мың мильге дейінгі аралықтағы азық-түлік пен көркем тұжырымдамаларға деген талғам мен идеяны анықтайтын күрделі әлемді қалыптастырады.
Қытайда екі мың жыл уақыт бұрын қолдап тоқылған жібекті Карфаген мен Жерорта теңізіндегі басқа қалалардың бай және ықпалды адамдары ғана тұтынды, ал Францияның оңтүстігінде жасалған қыш бұйымдарды Англия мен Парсы шығанағы ауданында көруге болатын еді. Үндістан да өсірілген ашкөктер мен дәмдеуіштер Синцзянь мен Римнің асүйлерінде кәдеге жарады. Солтүстік Ауғанстанда соғылған ғимараттарда грек тіліндегі жазбалар жарқырап тұрды, ал Орталық Азияда өсірілген аттар шығыстағы мың миль жерге дейін барып жатты...

...Бірақ ежелгі әлем біз ойлағаннан да әлдеқайда күрделі және өзара толық қарым-қатынаста болды. Біз Римді Батыс Еуропаның арғы бабасы деп есептейміз, бірақ кезінде оның Шығыстың күшті ықпалында болғанын ескере бермейміз. Антикалық әлем қазіргі заманғы қағылез, бәсекелес, тиімді және қуатты дүниенің бастау алар тұсы болды. Қалалар белдеуі бүкіл Азияны қамтып өтетін шынжырды құрады. Батыс – Азияға, ал Азия Батысқа назар аударды. Үндістан, Парсы шығанағы және Қызыл теңіз бойынша жүріп өтетін жолдар бойларында осы белсенділіктің ұлғаюымен бірге антикалық Жібек жолында тіршілік қыза түсті.

Римнің Азияға назары ол республикадан империяға айналған кезден түсе бастады. Кейін байқалғандай, ол бұған жанын салған екен. Константин мен бүкіл Рим империясы құдайға қол жеткізді; оған жаңа дін де шығыстан келді...».

Серік Пірназар

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385