Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 6786 0 пікір 30 Маусым, 2018 сағат 13:49

Қазақстан конституциясының жетістіктерін шетелде болған кезде байқауға болады

Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау айқын мақсат етіп қойылған. Қазақстан Республикасы Президентінің үндеуі қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың  конституциялық негіздерін одан әрі дамыту үшін оның өзегі бола алатын бағдарламалық құжат болып табылатындығы шүбәсіз.

«Ең жақсысы қай конституция?» деп ежелгі гректің ұлы заң шығарушысы Солоннан сұраған кезде, ол: «Қандай халыққа және қай дәуір үшін, ең алдымен соны айтыңыз» деп жауап беріпті. Ежелгі грек данышпанының бұл сөзінің Қазакстан Республикасы мен ТМД-ның басқа да елдерінің демократиялық және өркениетті қоғамдар әлеміне аяқ басқан қазіргідей кезеңінде де маңызы зор және көкейтесті.

Осыған орай Қазақстанның және оның конституциясының жетістіктерін шетелде болған кезде байқауға болады. Әрине, ол жетістіктер жүрегімізге мақтаныш сезімін тудыратыны сөзсіз.

Мәселен, шетелдік ғалымдармен пікір алысқан кезде және Англия мен Испания университеттерінде «Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты» атты тақырыпта баяндама жасағанда сезіндім. Маған баяндамадан кейін қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтары туралы көптеген сұрақтар қойды. Сонымен қатар, жоғарыда аталған университеттердің ғалымдары, оқытушылары, магистрлері, докторанттары біздің Конституцияны өте жоғары бағалады. Әсіресе адамдардың құқықтары мен бостандықтары туралы қызығушылық танытты. Әрине, бұл мәселе қазақстандықтар үшін де өте маңызды.

Қазақстанның Конституциясы – бұл елдің негізгі саяси-құқықтық құжаты және жоғары юридикалық күші бар, сондай-ақ, біздің республикамыздың барлық аумағында тікелей ықпалға ие негізгі заң. Конституция – құндылықтар, институттар, конституциялық құрылыстың нормалары, сапалы қоғамдық байланыстар мен мемлекеттік билік қатынастарын мемлекеттік-құқықтық реттеудің негіздері ресми бекитін ең жоғарғы құқықтық форма.

Айта кету керек, Негізгі Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, құқық мәдениетінің саяси-құқықтық негізі ретінде алға шығады.

Сондықтан да, қазақстандықтардың құқықтары  мен бостандықтарын  қорғаудың құқық мәдениетінің негізі болып Конституция саналып, құқықтық  гуманистік түжырымдама, адам абыройы және қоғамның даму деңгейіне сәйкес келетін әділетті заң болып табылады. Осыған байланысты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құқықтық қорғау – бұл Негізгі заң – Конституцияның негізінде әрекет ететін құқықтың күштілігі. Негізгі заңның сапасы қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын құқықтық қорғаудың жай- күйі мен деңгейін алдын-ала анықтайды. Ол Конституцияның демократиялылығы мен оны жетілдіруге байланысты. Осы екі ең негізгі идея азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құқықтық қорғаудың негізін анықтайды. Азамат пен адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары, құқық мәдениеті Қазақстан Республикасының Конституциясында маңызды орын алады. Әлемдегі ешбір Конститутция азамат пен адамның құқықтары мен бостандықарын және құқық мәдениеттерін  біздің еліміздегідей соншалықты кең түрде және толық бекіте алмайды десек артық айтқандық болмас еді. Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясындағы және басқа да халықаралық құқықтық деректер мен хартиялардағы адам құқықтары толық көлемде жазылғандықтан да, Конституция аса маңызды. Бұдан біздің мемлекетіміздің халықаралық құқықтың көпшілік таныған нормаларына деген құрметін ғана емес, сондай-ақ, олардың міндетті түрде сақталуы мен жүзеге асуына деген жоғары жауапкершілігін де көруге болады. «Біздің Конституциямыздың, – деді Н.Ә.Назарбаев – әлемде демократиялық қоғамның негізгі міндеттеріне сәйкес келетіні танылып отыр. Егер атына сын айтылып жүрсе, оның ережелерінің орындалуына ғана қатысты болып жүр. Бүкіл әлемде демократия мен заңды сақтау ажырағысыз болып танылады».

Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асу проблемасы – конституциялық құқықтың, сондай-ақ, жалпы алғандағы құқықтың да жүзеге асуының неғұрлым ортақ проблемасының бір бөлігі. Қазақстан қоғамында азаматтардың конституциялық құқықтары, бостандықтары мен міндеттері қалай жүзеге асырылса, олардың жалпы құқықтық мәдениетінің қалыптасуы да елеулі дәрежеде соған байланысты болады. Соған сәйкес конституциялық құқықтар мен міндеттердің тиімді жүзеге асуы – қазақстандық қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің, оның құқықтық мәдениет деңгейінің көрсеткіші.

Айта кеткен жөн, конституциялық құқықтар мен бостандықтардың жүзеге асырылуы азаматтардың тек нақты субъективті құқықтарды орнықтыруына әкеп саймайды, сондай-ақ, осы құқықтың мазмұнын құрайтын игіліктерді шынайы алуды да білдіреді. Сондықтан да неғұрлым жалпы түрінде Қазақстан азаматтарының конституциялык құқықтарының жүзеге асырылуы деп, құқық нормалары бағындырылған және әрбір азаматты оған тиісті субъективті құқықтардың негізінде жатқан материалдық және рухани игіліктермен қамтамасыз ететін, сонымен қатар, осы құқықтарға қол сұғудан қорғайтын, іске асырылуының мазмұны мен формасы бойынша демократиялық үдеріс түсініледі. Демек, Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарының жүзеге асу механизмінің барысы олардың құқықтары мен міндеттерінде, нақты мінез-кұлқында, шынайы қоғамдық қатынастарда бекітілген қазақстандықтардың әлеуметтік игіліктері мен мүмкіндіктерін негіздеуден көрінеді. Конституциялық құқықтар мен бостандықтың жүзеге асу кепілінің әрекеттілік жағдайының алғы шарты қызметін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, қазақстандық қоғамның тіршілік әрекетінің барлық салаларындағы еңбек ұжымдарының ұйымдық қызметі, соның ішінде тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын іске асыруды қамтамасыз ететін олардың әрекеттілігі атқарады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы қазақстандықтардың құқықтық мәртебесін құрайтын құқықтар мен міндеттердің көлемі мен сипатын анықтайды. Соған сәйкес, Қазақстан мемлекетінің азаматтардан конституциялық құқықтар мен міндеттерде бекітілген өлшемге сәйкес заңды мінез-құлықты талап етуге құқығы бар. Қазақстан қоғамындағы заңды мінез-құлық – бұл конституциялық құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асырудың, азаматтардың міндеттерінің орындалуының негізгі тәсілдерінің бірі. Мемлекеттік құқықтық саясат мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы көпшіліктің заңды мінез-құлқын, яғни, Негізгі Заңның талаптарына қарай конституциялық құқықтардың, бостандықтар мен міндеттердің жүзеге асуын қамтамасыз етудің қажетті шарты болып саналады.

Конституциялық құқықтар мен міндеттердің іске асырылуы барысында Қазақстанның құқықтық нормасы құқықтар мен міндеттердің орындалуы бойынша әрекеттің өзіне құқық нормалары жазылып қойылуына сәйкес іс-қимыл жасаудың қажеттілігін ұғыну немесе белгілі бір әрекеттерден тартыну арқылы құқықтық нормалар диспозициясындағы жасалған сыртқы талаптардан жол табады. Заңды мінез-құлықтағы құқықтық ұйғарымдардың негізделуі, конституциялық құқықтар мен міндеттердің жүзеге асуы қазақстандықтардың санасының құқық нормасымен өзара әрекеті процесінде іске асырылады. Шынайы жүріс-тұрыстағы, заңды мінез-құлықтағы конституциялық құқықтар мен міндеттер жүзеге асуындағы құқықтық ұйғарымдарды негіздеу барысында айырықша маңыздылық мемлекеттің құқықтық саясаты мен азаматтардың құқықтық мәдениетіне тиісті – өйткені олар құқықтық саладағы мінез-құлықты реттейді, мінез-құлықты заңдылыққа бағыттайды, конституциялық құқықтар мен міндеттердің жүзеге асуын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың мемлекет пен қоғамды басқару істеріне қатысу, жалпы мемлекеттік және жергілікті мәндегі шешімдер мен заңдарды талқылауға және қабылдауға қатысу құқығы берілген. Одан басқа, Қазақстан Республикасының Конституциясы, қазақстандық заңдар барлық азаматтарға мемлекеттік және қоғамдық істерді басқаруға қатысуға бірдей құқық береді.

Қазақстандық заңдарды жасау мен талқылаудағы, мемлекеттік өмірдің басқа да мәселелеріндегі халықтың белсенділігі қазақстандық демократияның дәстүріне, сипатты белгісіне айналды. Тек қана соңғы он жылдың өзінде қазақстандықтар азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін реттейтін, көптеген маңызды заң актілерін талқылауға белсене қатысты. Әлеуметтік-құқықтық белсенділіктің, азаматтардың құқықтық мәдениетінің қалыптасуының жарқын мысалы 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясын бүкілхалықтық талқылау мен кабылдау, сондай-ақ, 2012 жылғы Парламентке депутаттар және 2011 жылғы Президент сайлауы болды.

Заңды жасаудағы қазақстандықтардың құқықтық белсенділігі айтарлықтай деңгейде мемлекеттің құқықтық саясатының және халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейімен анықталатынын атап көрсету керек. Қазақстандықтардың құқықтық шығармашылыққа қатысуының сипаты, құқықтық ақиқатты тану мен бағалаудың ерекшеліктерін, заң саласындағы өзгерістердің, қоғамдық қатынастарды реттеудің қажеттілігін ұғынуы мемлекеттің құқықтық саясаты мен халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейіне тәуелді болады. Соған орай, мемлекеттің құқықтық саясаты мен халықтың құқықтық мәдениеті азаматтардың Қазақстан мемлекетінің құқық қолдану және құқықты қорғау қызметіне белсене қатысуының қажетті шарты болып табылады. Сонымен бірге, ең алдымен, әрекет етіп түрған Конституцияның мүмкіндігін барынша пайдалану қажет.

Осыған байланысты айта кеткен жөн, Қазақстан мемлекеті заңда объективті қалыптасқан қоғамдық қатынастарды білдіруге, онда бұйыру мен тыйым салудың әр түрін білдіретін “саяси немесе заңдық зорлық-зомбылыққа” жол бермеуге шақырады.

Қазақстандықтардың құқықтық белсенділігі – бұл әлеуметтік белсенділіктің формасы, оған осы құбылыстың өзіне тән барлық белгілері тиісті. Әлеуметтік-белсенді тұлға ұғымында оның дүниеге шығармашылық, инициативалық әрекетшіл қатынасы, қоғамдық мүдделерді жүзеге асыруы, осы қызметтің тәжірибелік нәтижелерде жүзеге асуы бойынша әлеуметтік-пайдалы әрекеттерге деген ішкі бағыттылығы атап көрсетіледі.

Қазақстандықтардың әлеуметтік-құқықтық белсенділігінің дербестігі, конституциялық ұйғарымдардың жүзеге асуы бойынша іштей уәждалған қызмет болып саналатынын атап көрсеткен жөн. Осыған байланысты–оның жағымды сипаты, қоғамдық пайдалылықпен, шығармашылық өзгешелікпен, үдемелі қарқындылықпен сипатталатын оның сапалы жағы қазақстандықтардың құқықтық белсенділігінің маңызды қасиеті деп ойлаймын. Құқықтық тәртіпті нығайту, конституциялық құқықтар, бостандықтар мен міндеттерді жүзеге асырудың әлеуметтік-құқықтық механизмін жетілдіру, тұлғаның құқықтық мәртебесін өсіру қазақстандықтардың әлеуметтік-құқықтық белсенділігінің объективті алғышарттары болып саналатынын есте ұстау керек.

Қазақстан Республикасының Конституциясында Қазақстанның азаматтары әлеуметтік-экономикалық, саяси және жеке құқықтар мен бостандықтардың барлығын толық иеленетіндігі көрсетілген. Елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму деңгейіне сәйкес өмір сүріп тұрған конституциялық құқықтар мен бостандықтардың жүзеге асу кепілдігін күшейту және мазмұнын кеңейту, көлемін арттыру мүмкін бола түсуде. Қазақстанда демократиялық қоғам, құқықтық мемлекет, құқықтық мәдениет кұру және қоғамның материалдық-техникалық базасын нығайту Қазақстан Республикасының Конституциясында: баспанамен қамтамасыз етілу құқығы; мәдениет жетістіктерін пайдалану; кәсіпкерлік қызмет құқығы; мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарға олардың кызметін жақсарту жөнінде ұсыныс енгізу құқығы; лауазымды адамдардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың әрекетіне шағымдану сияқты азаматтардың жаңарған, жаңа құқықтарын жариялауды мүмкін етіп берді. Еркін еңбекке, демалысқа, денсаулық сақтауға, білімге және т.б. деген құқықтың мазмұны мен кепілдігі айтарлықтай кеңейді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтардың демократиялық заңдылықты нығайту міндетін жариялады. Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, басқалардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен ар-намысын құрметтеуге міндетті»,-делінген Конституцияның 34-бабында. Қазақстандықтар осы Конституциялық міңдеттерді әр түрлі формада орындайды.

Қазақстан қоғамындағы мемлекеттік саясат пен тұлғаның мәдениеті елдің қоғамдық-саяси және құқықтық өміріне азаматтардың нәтижелі қатысуын қамтамасыз етуге қабілетті екендігін айта кеткен жөн. Құқықтар мен міндеттерді мемлекеттің құқықтық саясатының басты элементі ретінде терең түсіну қазақстандық үшін өзінің демократиялық қоғамдағы әлеуметтік-құқықтық ұстанымдарын (позицияларын) жете түсінуге, ондағы болып жатқан процестерге қатынасын айқындауға, конституциялық құқықтардың жүзеге асуының неғұрлым тиімді формаларын анықтауға, заңдылықты, мемлекеттік және қоғамдық өмірдің құқықтық негіздерін нығайтуға қатысуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты конституциялық заңдылықтың нығаюы, оның демократиялық қоғамдағы рөлінің өсуі мемлекеттік саясаттың дамуы мен құқыққа, заңға деген, құқық талаптарының әр адамның ішкі сеніміне айналуына деген құрметке негізделген қазақстандықтардың жоғары кұкықтық мәдениетінің қалыптасуынан ажырағысыз екендігін айтқан жөн.

Қазақстан қоғамындағы конституциялық заңдылық азаматтардың жүріс-тұрысын, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен лауазымды адамдардың қызметін реттеуші принцип ретінде де алға шығады.

Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың қызметіндегі конституциялық мемлекеттің құқықтық саясатының және қоғамның тұрақтылық деңгейінің маңызды көрсеткіші болып табылады. Олар Қазакстан Республикасы Конституциясының міндетті түрде сақталуының өлшемі болуы тиіс, оны сақтауда, қорғауда, қамқорлық жасауда тиімді шаралар қабылдап, қазақстандықтарды еліміздің Негізгі Заңын қадірлеуге, оған сенуге және оны мақтан тұтуға тәрбиелеуі тиіс. Сонымен қатар, конституциялылық тек қана мемлекет органдары мен ондағы лауазымды қызмет иелерінің қызметі процесінде ғана емес, сондай-ақ, олардың қалыптасуы процесінде де сақталуы тиіс.

Құқық қолданушылық тәжірибенің жай-күйін талдаудың өзі қазақстандықтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына мемлекеттік биліктің әр түрлі деңгейлерінде жол берілгендігін, немқұрайлылық, асыра сілтеу және т.б. фактілердің болғандығын көрсетіп отыр. Тек қана соңғы үш жылдың ішінде жергілікті атқарушы және бақылаушы органдардың әрекетіне, ал, олардың басым бөлігі – өздерінің құқықтарын бұзып, қысым жасағаны үшін құқық қорғау органдарының іс-әрекетіне шағым айтып прокуратура органдарына жүздеген мың азаматтар өтініш жасаған.

Заңға бағынатын азаматтарды, олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау құқық қорғау органдарының басымдық міндеті екендігін Президент Н.Ә.Назарбаев талай рет атап көрсетгі. Құқықтық реформаларды одан әрі тереңдетудің міндеттері, барлық құқық қорғау және сот органдарының жұмысын жақсарту талқыланған құқық қорғау органдары жетекшілерінің әр түрлі басқосуларында біздің еліміздің Президенті азаматтардың заңды құқығына қысым жасау, қызмет жағдайын теріс пайдалану, коррупциямен байланысты фактілердің әлі де болса кеңінен таралған құбылыс болып отырғандығын атап көрсетті.

Қазақстандықтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары қатарының бұзылуы, заңдағы ақтаңдақтар, мемлекеттік органдар қызметінің кәсібилігінің болмауы, тәуелсіз сот билігінің жоқтығы, азаматтық коғамның әлсіздігі, саяси және құқықтық мәдениеттің төмендігі соңғы он жылдағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асуы саласындағы маңызды проблемалар екенін айту керек. Осы кезеңде тиісті жағдайлардың, ең алдымен, Конституцияда ресми мәлімделген құқықтық нормаларының іске асуына кепілдік беретін экономикалық, саяси, құқықтық жағдайлардың жоқтығы – елдегі адам құқығы проблемасы шешілмеуінің негізгі себептерінің біріне айналған еді.

Бүгінгі таңда маңызды азаматтық және саяси құқықтар мен бостандықтарды, соның ішінде сөз, бірлесу бостандығын, мемлекет басқаруға шынайы қатысуды қамтамасыз ету қажеттілігі әбден пісіп-жетілді. Сондықтан, жаңартушылык және демократиялық процестерді шапшаңдату, Қазақстанда саяси құқықтар мен бостандықтарды кеңейту, орта тапты қалыптастыру процесімен қатар жүру негізінде ғана мүмкін болады. Жарияланған конституциялық құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру үшін қалада да, сондай-ақ ауылда да меншік иелерінің қатары көбірек болуы керек, соның негізінде орта тап қалыптасады. Адамның конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау жұмыстары қоғамның әрбір мүшесінің барынша еркіндік алуы бағытында, бірақ, еркіндік мемлекеттің нақты жағдайына барабар бағытта, тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдайларда жүруі тиіс.

Демек, конституциялықты, азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің құқықтық саясатын дамыту, құқықтық мәдениет пен құқықтық мемлекеттің қалыптасуы жолындағы кедергілерді қалай жеңу керек деген сұрақ туындайды? Бұл үшін менің көзқарасым бойынша, біріншіден, Заңның үстемдігін қамтамасыз ету қажет, онсыз не конституциялықтың, не құқықтың, не бостандықтың, құқықтық мемлекет пен жоғары деңгейлі құқықтық мәдениеттің болуы мүмкін емес; екіншіден, құқықты Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестендіру керек, ол ақтаңдақтар мен қиғаштықтарды алып тастап, жетілдірілуімен ерекшеленуі тиіс; үшіншіден, Қазақстан Республикасының Конституциясында жарияланған адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының тізімі барабар мазмұнға толы болуы тиіс; төртіншіден, билікті бөлу принципі ұрандардан міндетті түрде шынайылыққа өтуі тиіс; бесіншіден, Қазақстан Республикасы Конституциясын бұзудың әрбір фактысына, соның ішінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қоса алғанда, әділ құқықтық баға берілуі тиіс; алтыншыдан, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын және жалпы Қазақстан Республикасының Конституциясын бұзғаны үшін, лауазымына қарамай, шынайы жауапкершіліктің нақты түрлерін белгілеу керек.

Айта кеткен жөн, алғаш рет біздін конституциялық тәжірибемізде Қазақстан халқының толық биліктілігі ықшам формада беріліп, халық билікті, еліміздің Негізгі Заңында көрсетілгеніндей, тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ, өзінің билігін жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарға уәкіл жібереді.

Қазіргі Конституцияда біздің мемлекетіміз әлеуметтік деп жарияланған, онда мемлекет тұлғаның барлық әлеуметтік маңызды салалардағы қажеттіліктерінің жан-жақты қанағаттандырылуы үшін қажетті жағдайлар жасау міндеткерлігін өз мойнына алады. Сонымен бір мезгілде, бұл бап, менің көзқарасым бойынша, жетілдіруді және тереңдетуді қажетсінеді, өйткені онда қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негізгі идеяларының бірі ретінде алға шығатын, әлеуметтік-саяси және моральдық-құқықтық әділеттіліктің әлеуметтік мемлекеттің негізі болып табылатындығы жөнінде ашық та, айқын, нақты айтылуы тиіс.

Осыған байланысты құқықтық әділеттілік субъектінің іс-әрекеті мен оған осы іс-әрекет үшін басқа субъекті тарапынан берілген бағалау арасындағы, құқықтар мен бостандықтар арасындағы, құқық бұзушылық пен жауапкершіліктің және т.б. арасындағы шамаластық сәйкестігі талаптарын білдіретінін атап көрсеткен жөн. Сондықтан, іс-әрекет пен баға берудің арасындағы шамаластық деңгейі қайсыбір индивидтің, топтың және т.б. қазақстандық мүдделер позициясымен бағаланатын кезде бұл әділеттілік өзінің негізі бойынша субъективті түсінік болып көрінеді. Мүндай баға беру қазақстандық қоғамның дамуының аталмыш кезеңі үшін материалдық байланысқан сәйкестік деңгейінде, табиғи-тарихи ықтималға негізделген баға берумен сәйкес келетін болса, онда Қазақстандағы құқықтық әділеттілік объективті, тарихи қажетті сипатта болады. Құқықтық әділеттілік жөніндегі осы тәрізді түсініктерді алып жүрушілер әдеттегідей, прогрессивті күштер, олардың партиялары, Қазақстанның жекелеген индивидтері болып есептеледі. Олардың көзқарасы тұрғысынан, ең жалпы алғандағы жоспарда құқықтық саясат қазақстандық қоғамның материалдық өндіру және басқа да өндірудің өмір сүріп тұрған тәсіліне барабарды, іс-әрекет пен баға берудің арасындағы, құқықтар мен міндеттердің арасындағы, құқық бұзушылық пен жауапкершіліктің арасындағы, тарихи мүмкін мен қажетті әлеуметтік-құқықтық талаптанудың және олардың шынайы қанағаттандырылуының және т.б. арасындағы шамаластықтың деңгейін өзінде көрсете алатын болса және білдіретін болса, онда мұндай құқықтық саясат әділетті болады. Бұл мағынада Қазақстан мемлекетінің құқықтық саясаты тұтас алғанда әділетті болып таныла алады, себебі, ол қазіргі кезде тарихи дәлелденген және прогрессивті құбылыс болып табылатын, адамдардың құқықтығы мен әлеуметтік әріптестігіне бағытталған қоғамдық қатынастардың құрылымын білдіреді және реттейді. Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтық саясатты жүзеге асыру байыпты, көп жоспарлы және ұзаққа созылатын жұмысты қажет етеді, қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың сәйкес саясатының жүйелі түрде жүргізілуі, заңды бір жүйеге келтіру, шоғырландыру және кодификациялау, сондай-ақ, құқықтық ақпарат іздеудің автоматтандырылған ыңғайлы жүйесін құру, халықтың заңдық тұрғыда жалпыға міндетті оқуының бірыңғай жалпы мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру, сондай-ақ, ең алдымен Негізгі Заңның рөлін елеулі деңгейде көтерудегі қызметті де өзіне қосып алады. Осыған байланысты Павлодар облысында, Қазақстан Республикасының Конституциясының негізінде, халықты құқықтық тұрғыдан жалпыға міндетті оқытудың Бағдарламасы жасалынғандығын қуанышпен атап көрсету керек. Аталмыш бағдарлама ішкі істер басқармасы ардагерлерінің, прокуратураның, соттар мен юстицияның мектептерінде құқықтық білім алуды, барлық департаменттерде, комитеттер мен басқармаларда халықтың консультация алуы үшін телефондар орнатуды, бұқаралық ақпарат құралдарына әрекет етіп тұрған Конституцияның, заңның ережелерін түсіндіретін арнайы бөлімдер енгізуді және тағы да басқа шараларды қамтиды. Біздің көзқарасымыз бойынша, бұл тәжірибені бүкіл республикаға тарату қажет. Бұл халықтың құқықтық мәдениетін, қазіргі нарық жағдайында біздің еліміздің азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауды арттырады, Қазақстанда құқықтық тәртіп пен заңдылықты нығайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ, жалпы Негізгі Заңның рөлін көтереді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелеріне сәйкес біздің елімізде қоғамды одан әрі жаңарту бағыты жүйелі түрде іске асырылуда. Ол коғамды түбірлі экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңартуды, демократияландыруды, Заң мен Құқықтың салтанат құруын құқықтық қамтамасыз етуді талап етеді. Құқық қорғау органдарындағы ескі құқықтық жүйе, құрылым және өзара қатынас принциптері бізді әлі де болса кейінге тартады. Нақ сондықтан да құқықтық реформаның жүргізілуінде, құқық қорғау органдар жүйесі мен қазақстандықтардың құқықтық тәрбиесін қайта ұйымдастыруда, құқықтық мемлекет құруда, яғни, құқықтық мәдениет проблемасының шешіліп, оның жаңа сапалы жағдайға өтуінде катаң бірізділік қажет. Бұл үшін құқықтық қызмет саласында реформа қажет және халық пен лауазымды қызмет иелерінің құқықтық ойлауы ауқымында, құқықтық мәтіндер саласын да қайта құру қажет, тұтас алғанда Қазақстан Республикасының Конституциясы ауқымында құқықтар мен бостандықтардың қорғалуының, құқықтық мәдениеттің субъектісінің өзін толығымен «кайта жасау» керек. Барлық қазақстандық құқықтық жүйені қайта жасау қажет және де барлық қайта құрулардың негізі етіп адамды, оның ар-намысын, мүдделері мен қажеттіліктерін қоя отырып, белгісіз, дәстүрлі емес, қалыпты емес тәсілдерден қорықпай, бұны жаңаша жасаған дұрыс.

Нарықтық қатынастардың дамуы дербес және әділетті құқықтық жүйе қалыптаспай экономикалық және саяси реформалардың мүмкін еместігінің ақиқат екендігін барған сайын дәлелдей түсуде. Тек әділетті құқықтық жүйе ғана қазакстандықтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге қабілетті. «Егер құқықтардың қорғалуын камтамасыз ету жоқ болса, – деді президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы судьяларының  IV съезінде, – онда бостандық пен демократия да жоқ».

Осыған байланысты, қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саясатының тиімді болуы тиіс екендігін айтқан жөн. Бұл саясаттың тиімділігін анықтау үшін оның ықпал ету механизмдерін айқын түсіне білу керек. Құқық адамдардың санасына, сезіміне, эмоциясына тікелей ықпал етеді және санасының белгілі бір тұстарының қалыптасуына мүмкіндік жасайды. Бұл саясаттың нәтижелері, мысалы, нақты іс-қимылдарда және тіршілік әрекеттің өндірістік және қоғамдық салаларындағы қазақстандықтардың әрекетінде байқалады. Қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саясатының тиімділігі – бұл тұлғаға ықпал етудің тиімділігі және тұлғаның қоршаған ортаға ықпал етуінін тиімділігі. Сондықтан да қазақстандықтар Конституцияда көрсетілгеи құқықтарды анық қолдануы қажет. Өйткені, бұл заңдардың бүзылмай, айқын сақталуы үшін қажет.

Сонымен корытындылай келе, Негізгі заң – Қазақстан Республикасының Конституциясы қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, құқық мәдениетін қалыптастыру мен дамытудың негізі болып табылады деген түжырым жасауға болады, сондықтан да елде қатаң конституциялық бақылау жүргізуді мақсатқа сәйкес енгізу керек деп ойлаймын. Конституциялық бақылау қоғамдық тәжірибеге үлкен ықпал жасайтындығы шүбәсіз, сөйтіп, қоғамның тұрақты және шынайы дамуын қамтамасыз етудің, казақстандықтардың құқықтарымен бостандықтарын қорғау және құқық мәдениетін дамыту механизмін жетілдірудің  ұтымды тетігіне айналады.

Ғалымжан Әбсаттаров

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543