Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Тағайындау 11655 16 пікір 9 Тамыз, 2018 сағат 08:26

Қайықшы келіп, кемеші судан шықты..

Билікте жиі орын алатын ауыс-түйіске мыңқ етпейтін қазақстандықтарды осы аптада орын алған тағайындаулар бей-жай қалдырған жоқ. Көпшілік Қорғаныс министрлігіне келген жаңа басшыны күдікпен қарсы алуда. Елбасының бұйрығымен орын алған тағайындаулардың дұрыстығына көз жеткізіп тұрсақ та, мамандар әскери саланың тізгінін Нұрлан Ермекбаевтің ұстағанына екіұдай сезімде қалғандай көрінді. Мұны жасырып-жабудың қажеті шамалы.

Халыққа Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тұрған кезінде танылған Нұрлан Байұзақұлын біліксіз басшы дей алмаймыз. Бірақ, бұрын-соңды арнайы әскери қызметте болмаған кісіге бүкіл елдің қорғаныс қызметін сеніп тапсыра салу сәл көңілге күдік ұялататыны шын. Ермекбаев ешкімнің ала жібін аттамаса да ел-жұрттың енжар пікір білдіруінің себебі де осы болса керек. Әйтпесе, ұзақ уақыт бойы лауазымды қызметтер атқарып келе жатқан Нұрлан мырза қолынан іс келмейтін жан емес еді.

2016 жылдың қыркүйек айынан бері Қорғаныс министрі қызметін атқарып келген Сәкен Жасұзақовтың жұмысы көп көңілінен шыққан болатын. Ауған соғысының қан майданын көрген генерал-полковник Сәкен Жасұзақов басқарып тұрғанда елдің әскери саласында оң өзгерістер көп болды дейді сарапшылар. Сол үшін де халық кәсіби маманның орнына өзге қызметтен келген Ермекбаевқа сенімсіздік танытып отыр. Болмаса әскери істерді бірінші рет өзге саланың маманы басқарғалы отырған жоқ. Бұған дейін Қорғаныс министрлігінің креслосына Даниал Ахметов, Әділбек Жақсыбеков, Серік Ахметов, Иманғали Тасмағамбетов қатарлы кісілер жайғасып көрген.

Аталған ведомствоның Сәкен Жасұзақов басқарып тұрған кездегі жетістігін төкпей-шашпай әрі қарай жалғап әкету Нұрлан Ермекбаевқа сын. Осындай жауапты қызметке кіріскелі отырған Ермекбаевқа қойылар талаптың тым жоғары болатыны сөзсіз. Себебі, «кемеші келсе қайықшы судан шығады» деген қазақ қайықшы келіп кемешіні көлден қуағанын көрмесе керек.

Қазақ халқының бір ұлын мақтаса аспанға бірақ шығаратын, жамандаса жерге кіргізетін әдеті бар ғой. Нұрлан Ермекбаев Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін басқарған екі жылда ел назарында нашар образын қалыптастырып алып еді. Себебі, оның кейбір ұшқары пікірлері елдің патша көңілінің қатал пәрменіне ұшыраған болатын. Нұрлан Байұзақұлының жаңа жұмысқа кіріспей жатып сынға ұшырауының тағы бір себебі осы деп ойлаймыз.

Су жаңа Қорғаныс министрінің жүріп өткен еңбек жолына көз салсақ әскери салаға мүлде қатысы жоқ адам емес (сөйте тұра қатысы да керемет емес) екенін байқаймыз. 23 жасында КСРО Қорғаныс министрлігінің Әскери Қызыл ту институтын қытай және ағылшын тілдерін меңгерген офицер мамандығы бойынша бітірген. 1986-1991 жылдары КСРО Қарулы Күштерінің қатарында қызмет еткен. Ермекбаевтің әскери саладан хабары бар екенін Елбасы да еске салды.

«Қорғаныс министрі лауазымына азаматтық тұлғаны, яғни, қауіпсіздік жөніндегі көмекшім - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ермекбаев Нұрлан Байұзақұлын тағайындауға шешім қабылдадым. Сонымен бірге, Н.Ермекбаев кадрлық офицер, әскери қызметте тәжірибесі бар, соның ішінде шиеленіс аймақтарында болған. Ол халықаралық мәселелер жөніндегі көмекші, Қытайда және Оңтүстік Шығыс Азияның бірқатар елінде елші, министр және екі рет Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен жиында.

Еңбек жолының тең жарымын шетелдерде елшілік қызметке арнаған Ермекбаев енді елдің қауіпсіздігі үшін ерінбей еңбек етеді деген сенімдеміз. Қытай тілінің маманы, Қытай елінде ұзақ уақыт елшілік қызметте болған. Шығыстағы көршіміздің ішкі-сыртқы жағдайынан хабары аз болмаса керек. Институтта оқып, қызмет барысында жиған тәжірибесі қазақ даласының шетінде ирелеңдеген айдаһарға қарсы қауіпсіздік қызметін сауатты жүргізуіне көмегін тигізсе, қанеки.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048