Сенбі, 23 Қараша 2024
5750 1 пікір 12 Тамыз, 2018 сағат 22:44

Полк басқарған тұңғыш қазақ

Қасиетті Торғай жерінен түлеп ұшып, еліміздің игі мұраты үшін еңбек еткен аптал азаматтарды санап тауыса алмаспыз. Олардың арасында өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның қорғаныс істер саласының өркендеуіне һәм қалыптасып, қанат жаюына айрықша қолтаңбасын қалдырып, иісі қазақ жұртының арасынан алғашқылардың бірі болып арнайы әскери білім алғандардың қатарында менің атам Қоғабай Жоламановтың тұрғанын мақтан етемін.

«Торғайдағы халық бұқарасы қарсылығының өршуі, әсіресе, 1916 жылғы ұлт-азаттық, отаршылдыққа және феодализмге қарсы күресте айқын байқалады… Мұнан соң көтеріліс бүкіл Қазақстан территориясын тегіс қамтыды. Жазалаушы отрядтармен қарулы қақтығыстар бірнеше айларға созылды. Көтерілісшілерге халық батыры Амангелді Иманов пен большевик Әліби Жангелдин басшылық етті. Патша әскерлері көтерілісті қаталдықпен басып жаншыды. Көптеген көтерілісшілер мен бейбіт халық қырғынға ұшырады» деп жазылған. Осы тұста енді ғана ат жалын тартып мінген он алты жасар бозбала Қоғабай да өзімен оқитын бір топ жігітпен бірге көтерісшілер «армиясына» араласып, Торғайдағы көтерілістің ошағы болған Тосын құмына дейін барады. Ақыры ел мүддесі үшін жорыққа шыққан ол Әліби Жангелдиннің отрядында үш жылдан аса уақыт болады. Шайқастарға атойлап кіріп, дұшпанның сағынын сындыратын батыл жігіттің ержүректігі сол тұста-ақ ауыздан ауызға тараған аңыздай болып кеткен еді. Көп ұзамай батыр мінезді азаматты Әліби Жангелдиннің өзі аңғарып, оны оққағары етіп алады. Әліби Жангелдин 1919 жылы қарамағындағы сегіз жігітті бар беделін салып, Орынбордың әскери училищесіне оқуға түсіреді. 1924 жылы сол торғайлық сегіз жігіттің бесеуі әскери училищені толық бітіріп шықты. Олар Қоғабай Жоламанов, Ғабдыжауат Жаленов, Омарбек Ешанов, Сейтқали және Томай руынан шыққан Сәдуақас деген азаматтар болатын.

Қоғабай Жоламанов сол оқуда жүріп, Серов бандасын жоюға, Моңғолия мен Қытай жеріндегі кеңес-жапон қарулы қақтығысы – Халқын-Гол шайқасына, Орта-Азия басмашыларына қарсы күрестерге қатысып, жауынгерлік ерліктерімен көзге түседі. Қоғабай әскери училищені аға лейтенант шенінде бітіреді. Соғыс басталғаннан кейінгі алғашқы айларда Қоғабай Жоламанов өзі тіленіп, майданға аттанған жоғары шенді офицерлердің бірі болды. Сондай-ақ, соғыс басталар алдында қазақта тек үш қана полковник болғанын, олар кейін генерал атанған Сабыр Рахимов және Шәкір Жексенбаев, ал үшіншісі Қоғабай Жоламанов екенін айрықша атап өтуге болады.

Кейін ауылдағы көнекөздердің айтуы бойынша, 1942 жылы тамыз-қыркүйек айларында облыстан лектор келіп, жерлестері Қоғабай Жоламановтың ерлігі туралы Қостанай облысының «Большевик жолы» газетіне шыққан мақаланы оқығанын білдім. Мақалада оның ұрыс даласында ауыр жараланып, госпитальға түскені, орденмен марапатталғаны туралы жазылған екен. Амал нешік, атама Жеңіс күнінің ақ жаңбырлы қуанышын көру жазбады. Соғысқа аттанған қалпы, майданда хабар-ошарсыз кетті. Туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай, мәңгіге тыныс­тап жатқан жері белгісіз болса да, мен үшін баба рухы әрқашан жадымда жүргенін сеземін. Өз кезегімде қолыма қалам алып, атаның жауынгерлік жолын хатқа түсіруді парызым деп санадым.

Біздер –соғыстың ызғарын сезбеген кейінгі ұрпақ үшін бабалармыздың Отан үшін кеудесін оққа төсеген ерліктері мәңгілік өнеге, рухтарының алдында басымызды ие бермекпіз.

Архат Ғарыпжан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435