Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 14402 36 пікір 15 Тамыз, 2018 сағат 09:35

Қашқаридің «Диуани лұғат ат Түрік» жазбасы ойдан шығарылған

немесе көне жазбалардың қайсысы шынайы, қайсысы күмәнді?

Қазақ тарихын зерттеуші ғалымдар көне жазбаларды «күмәнсіз» және «күмәнді» деп екі топқа бөліп, жіктеп алса дұрыс болар еді. Содан кейін өткенімізді, шежіремізді жазбалармен, деректермен қайта жазып шығуға жол ашылар еді. Әйтпесе, тарихымыздағы деректер бір-біріне қайшы, оқиғалары бір-бірімен байланыссыз, ешқандай логикасы жоқ, шым-шытырық күйде қала береді. Ондай тарихқа өзге тұрмақ, өз ұрпағымыз да сенбейді. Мен осы тұста белгілі ғалымдар негізгі көне жазбалардың қайсысын сенімді деп, ал қайсысына сенімсіз деп қарағанын тарқатып өтсем.   

Қытай деректерінің қайсысы қисынды?

Хунь, жунди, үйсүн, сақ, юэчжи, хуньмо, кушан, тохар, тюрки-ашина, жужан, тоба-табгачи, хидан, үйқыр, түргеш, хаса, тартар, шивей-монгу, Шыңғысхан жайлы деректер негізінен қытай жазбаларында сақталған. Қытай өкіметі ол жазбалардың түпнұсқасын кез келген адамға бере салмасы анық. Зерттеушілер тек Қытай саясатымен бұрмаланып өзгертілген нұсқаларды немесе ресми Қытай тарихшыларының бұрмаланған тұжырымдарын ғана қолдануға мәжбүр. Қазіргі ҚХР-дің көне жазбалар сақталған қорына өзге елдің ғалымы тұрмақ, қытайлық тарихшылардың өздері еркін кіре алмайды. Қарамағындағы жүздеген этностарды ассимиляциалау арқылы мемлекеттік тұтастықты қамтамасыз етуге мүдделі Қытай империясы, сол этностар тарихындағы шындықтарды жасыруға да мүдделі екені даусыз. Сондықтан бізге ресейлік ғалым Н.Я.Бичурин ХІХ ғасырда Қытайдан алып келген «Қытайлық жазбалар» деректеріне сенуден басқа амал жоқ. Өйткені, Бичурин ол елде болған заманда Қытай бірнеше империя ықпалындағы әлсіз мемлекет еді. Оның тарихи жазбаларын өз қалауынша өзгертетіндей немесе өзгелерге көрсетпей сақтайтындай қауқары болған жоқ. Ол елдің қорындағы құжаттарды еуропалық ғалымдар мен Бичурин тәрізді Ресей оқымыстылары емін-еркін зерттеп, қалағанын алып қайтты.

Ресейге Қытайдан жазбалар жеткізген Бичурин ғана емес, 1909 жылы Русское гелографическое обществоның құрметті мүшесі П.К.Козлов деген офицер көне Хэйшуй қаласынан қытай, тангут, тибет, маңғол, парсы тілдеріндегі 8000 жазбаны түйелерге тиеп алып кеткені мәлім. Аспан асты елі сол құжаттарды әлі қайтар алмай отыр орыстардан. Ол деректер Ресей иезуидтерінің түркітілді ұлттар тарихын өзгерту жұмыстарына көп көмек болғаны түсінікті. Дегенмен, Бичурин өз «олжасын» өзі аударып, жарыққа шығарып үлгерді, ондағы деректер қатты өзгеріске ұшырамауы да мүмкін. Яғни, қытай тарихшылары ұсынған жазбалардан гөрі, ғалым Бичурин жеткізген мәліметтер сенімді (Лев Гумилев жазбаларында қолданылған деректер).

Ежелгі грек және рим жазбаларын зерттеу керек

Ол деректер белгілі болған замандарда Ресей империясы болған жоқ. Яғни, ол жазбалар өзге империя саясатына сай өзгертілмеген кез. Сондықтан ол тарихи құжаттар сенімді болып табылады. Тек қазақ ғалымдары оларды түпнұсқасынан немесе түпнұсқаға жақын деп танылған жазбалар арқылы зерттеу керек. Ресей ғалымдарының тұжырымдарына сілтеме жасауды доғарған дұрыс, тіпті олардың еңбектерін қолдануды толық тоқтатуға тиіспіз. Ол жазбалардағы көне тайпалар атауларының этимологиясын қазақ тілінен іздеу қажет. Өйткені, сол тайпалар өмір сүрген аймақта отырған және солар сияқты кешеге дейін көшпенді болған бірден-бір халық – қазақ халқы (қырғыз XVII ғасырда ғана келді Байкалдан, қарақалпақ ХІІ ғасырда келген Кавказдан, түркімен ертеден өз жерінде отыр).

Көне рус жылнамалары күмәнді

Орыс пен славяндардың пайда болуы жайлы мақалада көне рус жылнамаларының қырымдық түркітілді католик урус пен сакалбан елдеріне тиесілі екенін, оны Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ» кітабы толық дәлелдей алатынын айттық. Яғни, аталған жазбалар тілі әуелі XV ғасырда славяндалып өзгертілген. Содан соң XVІІІ ғасырда орыс тілінде қайта өңделген. Сол түркітілді жазбаларды бұрмалаған Ресей империясы ондағы деректерді де өз қажеттеріне сай өзгерткен.

Түркітілді урус пен сакалбандардың өзгермей бізге жеткен бірден-бір жазбасы – «Кодекс Куманикус». Ол – еуропалық монастрде сақталғандықтан, ресейлік бұрмалаудан аман қалған құнды дүние. Киев князінің жеке кітапханасы, Тит патшаның (Иван Грозный) атақты кітапханасы болғаны мәлім және олардағы кітаптардың түркі тілінде жазылғанына да күмәнім жоқ. Ол дүниелердің қайда жоғалғаны белгісіз. Алайда, олар да, Қытайдан жеткен кітаптар да және Отрар кітапханасындағы еңбектер де осы кезге дейін Ресей иезуидтерінің құпия қорларында сақталып келгеніне сенер едім. Шын мәнінде, барша еуразиялық ұлттардың «туу туралы куәліктері» солардың қолында. Олар біз жайында толық хабардар, ал біз – кімнен туғанын анықтай алмай жүрген жетімдер кейпіндеміз. Сондықтан Путиндер миығынан күліп тұрып, «Қазақта мемлекеттілік болған жоқ» дей алады. Демек, «Древнерусские летописи» дегендерге де, жалпы ресейлік кез келген тарихи құжаттарға да сене беруге болмайды. Олар – күмәнді жазбалар.

Әл Масуди – әділ тарихшы

(«Золотые копи и россыпи самоцветов», «Книга указания и наблюдения»). Оның еңбегінің «Ширван мен Әл Баб тарихы» деген  бөлімінде Кавказ бен Қара теңіз аймақтарындағы халықтар мен этностар жайлы егжей-тегжей баяндалады. Ол тарихшы ғана емес, географ та болғандықтан, кімнің қай жерде отырғанын қатесіз көрсетті. Атақты ғалым Ибн Халдун XІV ғасырда оны «тарихшылар имамы» деп мойындаған екен. Бұл дерек Әл Масуди жазбалары Ибн Халдун заманында, яғни XІV ғасырда ғалымдар үшін құнды оқулық болғанын және ондағы деректердің шынайылығы мойындалғанын дәлелдейді.

Франсуздың атақты ойшылы Ренан: «Арабтық тарихи жазбалар ішінде Әл Масудидің еңбектерінен маңыздысы әрі толық ақпарат беретіні жоқ» деп бағалаған. Еуропалық ғалымдар осындай құнды, шынайы жазбалары үшін Әл Масудиді «араб Геродаты» деген. Оның кітаптарын әлемге әйгілі еткен – Еуропа ғалымдары, ал Ресей тарихшылары еуропалықтар арқылы таныды. Сондықтан Әл Масуди жазбалары Ресей империясы саясатының сүзгісіне түспеген деуге негіз бар.

Еуропа ғалымдары араб тарихшысының еңбектерін терең зерттеп, көптеген аудармалар жасаған. Ал Ресей империясы оны көзге ілмеуге тырысқан тәрізді. Оның «Ширван мен Әл Баб тарихы» деген бөлімін ғана 1937 жылы орысшаға аударыпты, сосын елеусіз қалдырған. Себебі, Әл Масуди деректері Ресей империясы мен Кеңес империясы орнықтырған тарихи тұжырымдарға өрескел қайшы келеді. Армиян, грузин, абхаз, вайнах, осетин, аджар, құмық, алан, бұлғар, хазар, урус, сакалба, қазақ халықтарының Кавказ бен Қара теңіз аймақтарының қай жерінде отырғанын және қандай ерекшеліктері барын егжей-тегжей баяндайды Әл Масуди жазбасы. Ол деректер ресейлік ғалымдардың тұжырымдарын, бізге белгілі «тарихтың» күлін көкке ұшырады. Әл Масуди жазбасының шынайылығын әрі бізге өзгермей жеткен аса құнды еңбек екенін әлем ғалымдары толық мойындайды.

Әл Масуди еңбектерінде Закавказьеде «барлығынанда сұлу, беттері таза (жүні аз дегені) кашак (қазақ) халқы» барын, қазіргі Дон аймағында «ғази (ғазақ) көшпелілері» кездесетінін, Хазар қағанаты Дағыстанда емес, «қазіргі Кубан аймағында» екенін, бұлғар елі Еділ бойындағы шағын княздік емес, ол «бір шеті Византияға дейін созылып жатқан және Еуропа елдеріне жиі жорық жасап отыратын алып Бұлғар империясы» екенін, рус пен сакалба Орал тауы маңында емес, «теңіз жағасындағы Қырымды мекен еткен кемелі елдер» екенін, «бұлғар ханы Ислам дінін түсіну үшін Ибн Фадланға мұхтаж болмағанын», өйткені «ханнан бұрын оның баласы қажылыққа барып келгенін, ал халиф-патша бұлғар ханына баласы арқылы Қағба жыртысын сыйға беріп жібергенін» анық көрсеткен. Сонымен қатар араб тарихшылары өзге елді кемсітуді немесе өзге этностардың дәстүрін келемеждеп, ғайбаттауды білмейді. Олар көзі көріп тұрған нәрсені жазып тұрып, ақиқатын тек Алла білетінін ескертуді ұмытпайды. Әл Масуди, Ибн әл Асир және Ибн Батута кітаптарынан өзге ұлтқа, халыққа, этносқа қатысты бұрмалау, кемсіту, бар дүниені жоққа шығару фактілері кездеспейді. Өйткені, олар – ғайбат пен өсектің Алланың ашуына ұшырататын үлкен күнәлар екенін жақсы білетін мұсылмандар. Ал армиян билеушісінің Ресей патшасына жазған хаты мен Византия императоры Константин Баграняродный жазбаларына қарасаңыз, өзге этностар мен өзге дінділерге деген өшпенділік және дөрекі ғайбат сөздер өте көп.

Ибн Фадланның «Күнделік» жазбасы әбден бұрмаланған

Бұл жазбаны орыстар «Ибн Фадланның Еділ Бұлғариясына саяхаты» деп те атайды. Жазбаның бір нұсқасы ғана бар және оның өзі түгел сақталмаған. Оны 1920 жылы Ресей ғалымы Ираннан тауып алған дейді. Ибн Фадланның өмір тарихы белгісіз. Ресей ғалымдары жазбаның кейбір деректері ХІІІ ғасырдағы араб ғалымы Иакут ар-Руми еңбегінде кездесетінін айтады. Еуропа ғалымдары аталған жазбаға көңіл бөлмеген, оны өз тілдеріне аудармаған сыңайлы. Оның себебі Ибн Фадлан деректерінің олар шынайы деп таныған Әл Масуди деректеріне мүлде қайшы екендігімен байланысты тәрізді. Бір қызығы, орыс тарихшылары осы Ибн Фадлан жазбасын асыра мақтап, оны өз тілдеріне аударып, барынша жарнамалаудан осы кезге дейін жалыққан емес. Керісінше, әлем ғалымдары бір ауыздан шынайылығын мойындаған Әл Масуди жазбасын елемеуге тырысып келеді.

Ибн Фадлан жазбасынан оның авторының Ислам дініне шорқақ, тіпті мұсылман еместігін байқайсыз. Ондағы деректерге жіті мән берсек, Ибн Фадлан бұлғар еліне Ислам дінін түсіндіруге жіберілген сауатты мұсылманға ұқсамайды, керісінше, өзге дінділерді «жабайы» көретін христиан өкіліне келеді. Нақты дәлелдерге жүгінсек:

1. «Бұлғар ханы, мешіт салсам және адамдар мен үшін онда құлшылық етсе...» деп жазады. Мұсылман бұлғар ханы құлшылық тек Аллаға арналатынын білмеуі мүмкін емес, ал оның қателігін Фадланның түсінбеуіне не себеп? Бұлай Ислам дінінен хабары аз адам ғана жазуы мүмкін.

2. «Хорезмдіктердің сөздері де, өздері де ең дөрекі және дауыстары қара торғайдың шыңғырғаны тәрізді... Ал көрші қаланың адамдарының дауысы бақаның бақылдағанындай» дейді. Сақалы сирек бір адамды ешкіге теңейді. Діндар мұсылман ғалымының өзге ұлт жайлы осылай айтуы еш қисынға соқпайды. Тіпті, қарапайым мұсылман да тілден табатын күнә бар екенін және ғайбат деген не екенін жақсы біледі. Оны білмейтін Ибн Фадлан кім болғаны сонда? Оның үстіне, баламалап сөйлегенде қараторғай, бақа, ешкі атауларын қолдану арабтарға тән емес. Олар негізі хайуан, түйе, малғұн сөздерін қолданады. Ал «скворец, лягушка, козел» деген теңеулер орыстық екені белгілі.

3. «Көшпенділер үлкен, кіші дәретке барғанда немесе әйелімен жақындасқанда тазалану жоқ, сумен жуынуды білмейді... Әйелдері ұятты жерлерін бөтен еркектерге көрсетіп отыра береді» дейді. Жас баламен «қызтекелік» жасаған мұсылман жайлы оқиғаны жазады. «Көшпенді денесіне киген киімі кірлеп, шіріп кеткенше шешпейді» деп соғады. Өзгені төмен санау және жағымсыз жақтарын әжуалап көрсету мұсылман ғалымының жазбаларына тән емес. Осындай адам сенбестей және мұсылманға жат әңгімелерді мұсылман оқымыстысы Ибн Фадлан жазуы мүмкін емес. Ал олай жазу христиан дінділер мен дінсіз атеистерде қалыпты саналады.

4. Жолындағы тайпаларды «түрік немесе оғыз» деп атайды. Саяхатшы, жолыққан тайпа немесе ру атауын білуге тырысатыны түсінікті. Жазбада ондай атаулар мүлде жоқ. Қазақ пен түркімен тайпаларын айыра білмегендіктен, қазақ тайпасын байқамай көрсетіп қоюдан қорыққан тәрізді. Сталиннің ашуы қандай екені осы жазбаны дайындағандарға белгілі болғаны анық.

5. Оғыздар қазіргі Түркіменстанда, башқұрттар қазіргі Қазақстанның батысында отырғандай баяндайды. Оған сенсек, Х ғасырда біздің жерімізде қазақ халқы болмаған, тым болмаса «қыпшақ» деп те көрсетпеген. Бұлғарлар Еділ өзені бойында отырғанын, олардың көрші Хазар қағанатынан әлсіз шағын ел екенін жазады. Яғни, Хазар қағанаты орталығы қазіргі Дағыстан екенін байқатады. Ал рус елі бұлғарлардан ары, қазіргі Орал тауларына қарай орманды жерде мекендеген дейді. Шынайылығы мойындалған Әл Масуди болса, осының бәрі мүлде басқа аймақта отырғанын жазған.

6. Ибн Фадлан көшпенді тайпалар кейде Әл-Журжанға баратынын меңзейді, яғни Журжан аймағын Орта Азияға жақын етіп көрсетеді. Әл Масуди жазбасы болса, таудағы христиман журжан елі (грузиндер) Тбилисиге жақын аймақта екенін, қазіргі Колхида жазығында қазақ елі отырғанын, қазақтың көршісі ир халқы болғанын (қазіргі ирон-осетиндер) және екеуінің арасын Ирон (қазіргі Рион) өзені бөліп тұрғанын айғақтайды.

7. «Қойлар тұяғымен қарды ысырып шөп тауып жейді, болмаса қар жеп семіреді. Ал жазда шөп жеп арықтайды» дейді. Олай деп «қой жегіш» араб жазбас, қой көрмеген москвалықтар жазуы әбден мүмкін.

8. «Башқұрттар – ең лас және жауыз түркілер. Олар бит жейді, мұсылман башқұрттың бит жегенін көрдім» дейді. Бұл орыс идеологтарының Фадлан жазбасын оқыған башқұрт халқы араб ұлты мен Ислам дініне көңілі қалсын деген пасық ойлары болар мүмкін.

9. «Аспаннан бір-бірімен соғысқан адамдар елесін көрдік. Бұлғар ханы оны жақсы жындар мен жаман жындар соғысы деп түсіндірді. Ал хан жындар жайлы әкесінен естіген екен» деп жазады. Түркі халықтары жын атауы мен жындар жайында Ислам діні арқылы хабардар. Сондықтан бұлғар ханының Ислам дінінен хабарсыз әкесі жынды білуі еш мүмкін емес. Ал араб мұсылманы Ибн Фадлан, керісінше жындар туралы сөзсіз білуі тиіс. Жын жайлы бұлғардан естіген Фадланды араб мұсылманы деу мүмкін емес.

10. «Рустардан әдемі адам жоқ, олар теректей ұзын және қызыл шырайлы... Бұлғарлар әйелдермен бірге өзенде жалаңаш шомыла береді» дейді. «Өлген рустың әйелін өлтірер алдында, ол әйел барлық үйлердің еркектерімен жыныстық қатынас жасап шығады» деген жолдар да бар. Осындай анайы әрі адам нанғысыз бос өсек-ғайбат дүниелермен Ибн Фадланның жазбасын «дерегі мол кітап» етуге тырысқан тәрізді.

11. «Түркі оғыздарда бастықтарының орынбасарларын «кударкин» деп атайды» дейді. Біріншіден, орынбасар лауазымы түркітілді халықтарда болмаған. Екіншіден, «кударкин» – таза орыстардың тегі. Жазбаны құрастырғандар өздерін бақылаған НКВД өкілін осылай мазақ еткен сияқты. Мүмкін, жазбаның жалғандығын кейінгі ұрпаққа сездіргісі келген болар. Жалған еңбек ресми жарияланып кеткендіктен, ондағы өрескел олқылықтарды қайта түзеуге еш мүмкіндік болмаған, есесіне сол олқылықтарды жіберген құрастыруышыны Сталин қуғынға ұшыратқан. Жазбаны Ираннан тауып алған делінетін ресейлік ғалым А.З.В.Тоган (иезуид-еврей болуы мүмкін) Сталиндік қуғыннан батысқа қашып құтылған.

Міне, Ибн Фадлан жазбасы Әл Масуди деректерін жоққа шығару үшін дайындалғаны күмәнсіз. Яғни, Ибн Фадлан арнайы дайындаған жалған жазба.

Әл Истахри жазбасының парсыша аудармасы да сенімсіз

Әл Истахри – өмір тарихы белгісіз тарихшы, оның жазбасын парсыша аударған кісі де белгісіз. Жазбаның арабша нұсқасы мен парсыша аудармасында өзгешеліктер бар, парсыша аудармада түпнұсқада жоқ көптеген деректер келтірілген екен. Әл Истахри жазбасының арабша нұсқасы орысшаға аударылып оқырманға ұсынылмаған, есесіне парсыша аудармасы жеткілікті орысшаланған және жиі мақталып жарияланып келеді. Себебі, парсыша аудармадағы деректер Ресей саясатымен жазылған тарихпен үндеседі. Арабша нұсқасында ол деректер болмағандықтан, ресейліктер «Түпнұсқа парсыша болған» деп тұжырымдауға тырысып бағады.

Европа ғалымдары бұл жазбаға сене қоймағаны байқалады, олар оны өз тілдеріне аударып зерттеуге ынтық болмағаны соның айғағы. Әл Истахри жазбасының парсыша аудармасындағы мәліметтер Ибн Фадлан жазбасындағы деректермен ұқсас. Ал Әл Масуди мен кейінгі ХІІІ ғасыр тарихшысы Ибн әл Асир деректеріне өрескел қайшы. Әл Истахри Закавказьеде кашак (қазақ) елі барын жазбайды, тек Орта Азияда Казах қаласы болғанын көрсетеді. Оның еңбектерінен Орта Азия мен Қазақстанда отырған қазақы тайпалар көрінбейді, бірақ ол жерлерде қырғыз, оғыз, бұлғар, бұртас, башқұрт тайпалары мекендегенін оқимыз. Одан әрі рус пен славияндар отырғанын жазады.

Иран елі кемінде XVIII ғасырдан Ресей империясы ықпалында болғаны мәлім, ал араб елдері ол заманда еуропалық мемлекеттер ықпалында болды. Еуропалық мемлекеттер қол астында түркілік этностар болған жоқ. Сондықтан олар түркілік этностардың тарихын бұрмалауға мүдделі емес. Ал Ресей мен Кеңес империясы отарында болған түркілік этностарды орыстандыру арқылы біртұтас ұлт қалыптастыруға, осылайша болашақта мемлекет тұтастығын қамтамасыз етуге күш салды. Осы себептен оларға түркілік этностар тарихын орыс-славян тарихынан төмен етіп бұрмалау аса қажет болды. Ол үшін әуелі арабша көне жазбаларды өз қажеттеріне сай өзгерту керек еді. Алайда, арабша деректердің ең маңыздылары еуропалық ғалымдарға танылып қойған, оны өзгерткеннен пайда жоқ болатын. Десе де Ресей ғалымдарына парсы жазбаларын қалағандарынша өзгертуге мүмкіндік болды. Өйткені, Иран мемлекеті Ресей ықпалында болған дедік және араб пен парсы тілдерін жетік меңгерген ресейлік иезуид ғалымдар жеткілікті еді. Сондықтан Ресей тарихшылары аса құрметтейтін, бірақ Еуропа ғалымдары мойындай қоймайтын Ибн Фадлан, Әл Истахри, Рашид-ад-дин еңбектері сол замандарда бірінен соң бірі «табылып», жаппай насихатталды.

Орта Азия мен Қазақтан ресейлік ғалымдардың өз үйіндей болды. Осы себептен орыс тарихына сай келетін Махмуд Қашқари, Дулати, Жалайыри жазбаларының «табылуы» заңдылық еді. Аталған жазбалар арқылы Ресей империясындағы этностар тарихы жазылғаны және егемен ел бола тұра сол тарихтан әлі бас тарта алмай отырғанымыз ащы да болса шындық. Олардағы деректердің әлем ғалымдары мойындаған Әл Масуди мен Ибн әл Асир деректеріне қайшы келуі және кім аударғаны белгісіз екендігі Әл Истахри жазбасының да парсыша нұсқасы сенімсіз екенін дәлелдейді. Сонымен Әл Истахри жазбасының парсыша аудармасы да Әл Масуди деректерін жоққа шығару үшін дайындалған деп тұжырымдаймыз.  Яғни, Әл Истахри жазбасының парсыша аудармасы күмәнді.

 

Махмуд Қашқаридің «Диуани лұғар ат Түрік» жазбасы ойдан шығарылған

Ресей тарихшылары Махмуд Қашқариді Қараханиды мемлекетін билеген династия өкілі деп болжайды. Дұрысында, ондай адам өмірде болғанын ешкім дәлелдей алмайды. Өйткені, ол өмірге келді деген Барсхан қаласының орны белгісіз, мемлекеттің Қараханиды атауы да орыс оқымыстыларының болжамынан туған. «Диуани лұғар ат Түрік» кітабының бір ғана нұсқасы бар, ол 1916 немесе 1917 жылы Стамбулдың базарынан табылыпты. Оған дейін ешкімге белгісіз болған. Махмуд Қашқари өз еңбегін мұсылмандар патшасы Халифке сый ретінде тарту үшін жазғанын көрсетіпті. Сөйте тұра «Бәрінен жоғары Алла тағдырдың шамшырағын түрік шоқжұлдыздарына тартты. Жеті қат ғарыш әлемін олардың елін айнала қозғалуға бұйырды. Оларды түріктер деп атап, құдіреттілік берді. Оларды заманалардың әміршісі етіп, таңдаулы халық қылып, басқару билігін берді. Басқа адамдардан жоғары қойып, ақиқатқа бағыттады. Оларға баратын ең жақсы жол – құлақты арбайтын және жүректі тербейтін өз тілдерінде (түркі тілдерінде) сөйлеу» деп жазады.

Мұсылман ғалымының мұндай сөздерді жазуы еш мүмкін емес. Өйткені, мұсылман халықтарының бірін өзгелерінен биік етіп мақтаумен шектен шығып күнәға бататынын мұсылман ғалымы жақсы білуге тиіс. Оның үстіне, бұл жолдар – аса тәкаппарлық пен өтірікке толы. Ал жүрегінде аз ғана тәкаппарлығы барға жұмақ харам екенін және өтірік сөйлеу күнә екенін мұсылман ғалымы Махмуд Қашхаридің білмеуі мүмкін емес. Осындай сөздері үшін өзге мұсылман ғалымдары арасында абыройдан айрылатынын және ондай жазбалары үшін Халиф басын алатынын мұсылман ғалымы Махмуд Қашхаридің түсінбеуі де ақылға симайды.

Мұсылман халықтар кейінге дейін ұлтын емес, дінін алдыңғы орынға қойып келді. Сондықтан Х ғасырда түркі тілдері диалектілерін зерттеуге  қажеттілік болғаны да сенімсіздік тудырады. Сонымен қатар Махмуд Қашхаридің өмірге деген көзқарасы оны мұсылманнан гөрі христианға жақын етіп көрсетеді. Оның «Заттары мен дүниесі адамның жауы, ...барлық еркектер дүниесі себепті бұзылған, ...Құдайды, балаларын, туыстарын ойламай дүниеге құнығудан еркектер барлығын тұншықтыруға ұмтылады» деген сөздері соның айғағы. Ислам діні байлықты күнә немесе мұсылманның жауы деп танымайды, керісінше мұсылманның кедей болғаннан гөрі бай болғаны ортасына пайдалы екені айтылады. Дүние-мүлікті жау көріп, одан безініп, монах болуға шақыратын християн діні. Ислам діні мұсылманды ер, әйел деп бөлмей, «мұсылмандар» деп жалпылама атайды. ХІХ ғасырға дейін «Әйел – адам ба?» деп дауласумен келген христиандар уағызында тек ерлер ғана жоғары тұратыны мәлім. Мұсылман ең алдымен Алланы естен шығармауы тиіс. Ал Махмуд Қашхари мұсылман естен шығармауы тиістілер қатарына Алламен қатар, балалар мен туыстарды қояды. Жазбадағы осы сөздер Махмуд Қашхари деген мұсылман ғалымы өмірде болмағанын, аталған жазбаны еврей-христиандық көзқарастағы адамдар дайындағанын анық байқатады.

Еуропалық ғалымдар Махмуд Қашхари еңбектерін зерттеуге тұратын дүние деп қарамаған. Керісінше болса, еуропалық ғалымдар тарапынан аударылып, зерттелгенін және тиісті бағасы берілгенін көрер едік. Оны сонша мақтап жарнамалайтын – Ресей ғалымдары мен солардың ықпалынан шыға алмайтын түркі тілді ұлттар оқымыстылары. Махмуд Қашхари: «Қырғыз, ұйғыр, қыпшақ, ягма, чигил, оғыз, тухси, уграк, жарук ұлттарында түркілік тіл диалектілері бар» деп жазады. Сондықтан ол қырғыз бен ұйғырға ұнайтыны түсінікті. Ал қазақ тілі жоқ олардың қатарында, өйткені Ресей ғалымдары жазған тарих солай дегізген. Бұл деректер Махмуд Қашхари жазбасының күмәнді екенін растайды. Оны ресейлік иезуидтер дайындатқан, содан соң Түркия арқылы жарыққа шығартқан. Жалған жазбалары Ираннан және Орта Азиядан табыла беруі күдік тудыратындықтан, олардың қатарына Түркияны да енгізгені түсінікті. Ол еңбекті түркітілді ұлттардың ең саны мол – қазақ пен өзбектер Х ғасырда болмағанын дәлелдеу үшін әзірлеген, осы міндетін әлі де атқарып келеді. Атақты парсы оқымыстысы Фердауси Х ғасырда болғанын жазған қазақ халқын Махмуд Қашхари, Ибн Фадлан, Әл Истахри жазбалары арқылы жоқ етуге тырысқан ресейлік иезуидтердің айлакерлігіне сөз жоқ. Алайда, олар өзгерте алмаған Әл Масуди, Ибн әл Асир, Ибн Батута, Бабур наме, Кодекс Куманикус жазбалары қазақтың ертеден бар екенін анық дәлелдейді. Сол себептен ресейлік тарихшылар аталған жазбаларды елемеуге, ауыздарына алмауға әлі тырысып келеді.

Орхон ескерткіштеріндегі жазбалар өтірік

Орхон ескерткіштерін тапқан адамның өмірбаяны көп нәрсенің күдікті екенін аңғартады. Көшпелі халықтар мекендеген даладағы ескерткіштердің  ешкімге белгісіз болуы мүмкін емес. Ол ескерткіштер сол даланың маңғолдарына жақсы таныс болғаны, орыс ғалымы Ядринцев солар арқылы ескерткіштермен танысқаны түсінікті. Ескерткіште ХХ ғасырдың басында Маңғолияда елші болған екі қытай шенеунігінің есімдері де қашалып жазылуы ескерткіштерге жазба салу еш қиындық тудырмағанын көрсетеді. Ядринцевтің Русское географическое обществоға қызмет еткені, ескерткіштерді тапқаны үшін аталған қоғамның Алтын алқасын иеленгені (оны жасырып, түркі тілдерін зерттеген еңбегі үшін деп жазады), одан кейін ескерткішке жасалған экспедициялар құрамында болғаны рас.

Ескерткіштер әлемге әйгілі болған соң, Ядринцев Ресей империясына өкпесі қара қазандай болып өзгереді. Ол Ресей саясатын әшкерелейтін мақаласын лақап атымен еуропалық басылымда жариялайды. Көп ұзамай оның Сібірдегі бір селоға барған жерінде у ішіп өлгені белгілі болады және «Жауапсыз махаббаты үшін өзіне қол жұмсаған» деп көрсетеді. Елуден асып кеткен ғалымның олай өлуі ақылға сыйымсыз екені, дұрысында оны арнайы улап өлтіргені анық.

Орхон ескерткіштері Түркі ашина династиясына тиесілі делінеді, ал ол династияның таңбасы «бөрі қасқыр» екені мәлім (олардың туларында бөрінің басы бейнелетіні баршаға белгілі факт). Онда неге Орхон ескерткіштерінің ешқайсысында (он шақты ескерткіш) бөрі қасқыр бейнесі жоқ? Керісінше, ондағы он ескерткіштің жетеуінде тазқара құсы бейнеленген. Гректер «грифон», парсылар «симруг» дейтін осы тазқара патшалар әулетінің кейбірінде символ екені анық. Үйсүн империясында, ежелгі юэчжи-тохарларда, Жужан қағанатында, Рюрик династиясында, Ресей империясы мен Албания мемлекетінде және Шыңғысхан әулетінде де осы құс таңба болды. Үйсүндер мен Шыңғысхан символын, әрине бұрмалап «қарға» деп жүр, дұрысында олар – тазқара («қара» атауын «қарға» деп бұрмалаған).

Орхон ескерткіштеріндегі тазқара бейнесі қағандардың бас киімінде, яғни тәждерінде бейнеленуі олардың Түркі ашиналар еместігін айқын дәлелдейді. Дұрысында, олар – жужандық Асылұя династиясы шивей-шибөраштар, яғни шивей Шыңғысханның ата-бабаларының ескерткіштері. Ол ескерткіштерде әуелде тек ескерткіш иелерінің лауазымы мен есімдері ғана түркіше (біздің қазақ тілімізде) жазылған тәрізді. Оларды орыс ғалымы Ядринцев Русское георгафическое обществоға сондай күйде тауып берген. Ол ескерткіштер сол күйінде әлемге таныстырылса, онда ескерткіштегі қазақ жазулары Шыңғысхан түркітілді екенін, тіпті оның қазақ екенін паш етер еді. Шыңғысханды «маңғол етуге» түпкілікті шешім қабылдаған ресейлік иезуидтерге ондай перспектива ұнамағаны анық. Сол себептен иезуидтер аталған ескерткіштерге оғыздық диалектімен түркілік жалған жазбалар енгізген. Олардың бұл іске тыңғылықты дайындалғаны, осы ескерткіштегі жазуларға тікелей қатысы бар Радловтың өмірбаянынан жақсы көрінеді. Аталған ғалым ескерткіштер табылған жыл мен оның әлемге ресми жарияланған жылы арасындағы бірнеше жылда қазақ ауылдарына барып, қазақ тілін егжей-тегжей зерттегені байқалады. Шамасы, Радлов ескерткіштерге енгізетін жалған жазбаларға қазақ сөздерінің еніп кетпеуіне жауапты болған тәрізді. Сондықтан оның өзі қазақ тілімен жақын танысуға мәжбүр болған.

Осылайша олар біріншіден, Шыңғысханның түркі-қазақ екенін оңай жасырды. Екіншіден, тарихқа өздері енгізген «он ок будун», «ягма», «карлук» сияқты бұрма атауларды ескерткіштерге жаздыру арқылы оларды тарихта болғандай қылды. Үшіншіден, жазба тілін оғыздық ету арқылы арғы тегі құң-хуньнан, ал өздері қазақ халқы билеушілері болған Төргі Асұя (Тюрки ашина) династиясын «оғыз тілділер» қылуға қол жеткізді, яғни олардың хунь-қазақы тілділер екенін жасырып қалды.

Құпия кітапханаларында Киев князі мен Тит патшаның (Иван Грозный), Қытай, Отырар кітапханаларының түркітілді кітаптары мен олардың арабша аудармалары бар Ресей иезуидтеріне Орхонның жалған жазбаларын жасау еш қиындық тудырмағаны анық. Осы әрекеттерін жасыру үшін Орхон жазбаларын оқи алмағандай және оны Еуропа ғалымы ашқандай етті (ол ғалым да өздерінің пиғылында болғаны талас тудырмайды). Ал ескерткіштерді тапқан Ядринцев олардың қандай күйге түскенін, шындық өрескел бұрмаланғанын көзімен көрді. Оның жүрегі таза ғалым екенін және әділетсіздікке қарсылық танытам деп мерт болғанын байқау қиын емес. Әрине, оны «жауапсыз махаббаты үшін уланып өлді» дей салды. Орхон ескерткіші жазбаларының жалған екенін дәлелдеуге ондағы тазқара құсы бейнелері де жеткілікті. Демек Орхон ескерткіштері Шыңғысхан ата-бабаларына тиесілі, ал ондағы жазбалар жалған болып табылады.

(Жалғасы бар)

Бекжан Әденұлы

Abai.kz

 

36 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5487