Жұма, 29 Наурыз 2024
Абай.tv 11806 13 пікір 18 Тамыз, 2018 сағат 20:16

Сүлейменовтер қазақша қақпай жүргенде Андрейлер беташар жасай бастады

Қызық қой, негізі. Тәуелсіздік алған 27 жылда қазақшаға қайрылмаған Астанадағы ақ жағалыларды жиі айтамыз. Жон-терісі сыпырылғанша сыбаймыз. Себеп бар, өйткені. Қазақстанның қазақыланғанын Астана жақтағылар ғана мойындамайды. Әсілі мойындағысы келмейді. Әйтпесе, Қазақстанның 18 миллионнан асып-жығылатын халқының 83 пайызы қазақ тілін еркін меңгергенін білмейді дейсіз бе? Біледі. Біле-тұра, жұртты - бір, өздерін - екі ақымақ көреді. Жә, бұл жайлы сәлден соң кеңейтіп жазармыз.

Енді, мына қызыққа қараңыз. Әлеуметтік желіде жаппай таралып жатқан бейне жазба желдей желіп, бізге де жетті.

Бұл Түркістан облысына қарасты, Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде болған той. Жәй той емес, орыстардың тойы. Үйленіп отырған жігіт Андрей болуы керек. Андрейге тұрмысқа шыққан келіншектің де сойы - орыс.

Оңтүстіктің ғұрыпында келін түскен күні оның беташары жасалады. Міне, жаңағы Андрейіміз үйінде беташар жасап жатыр екен. Қазақтың салтымен, алған жарының бетін ашып, ағайын-туыстарына сәлем салғызуда. Беташарды айтқан сайын, аты аталған Вика, Миша, Женя, Олялар көрімдіктерін беруде.

;feature=youtu.be

Бұл не? Бұл қазақтың салт-дәстүріне, ғұрып-жоралғыларына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын орыс этносының, біздің салтқа құрметі ме? Жоқ әлде пиар ма?

Біздің ойымызша, бұл жоғарыда айтқанымыздай,  Қазақстан халқының (оның құрамына кіретін 100-ден аса диаспораның) қазақыланғанының көрінісі, айқын дәлелі.

Енді, әңгімеміздің ауанын Андрейдің беташарынан, әрі қарай Астана жаққа бұрайық.

Қазақшасын ұмытып қалған Тимур Сүлейменов

Астанадағы кейбір ақ жағалылар Андрей құрлы қазақша беташар айтпақ түгілі, қазақ тілін ұмытып қалғанын ұялмай айтып жүр. "5 жыл басқа елде тұрдым, ана тілімді ұмытып қалдым" деп қағынан жеріген Тимур Сүлейменовтерді айтып отырмыз. Сүлейменовтің суайттығын тағы сөз етелік. Сол Сүлейменов "6 айда қазақ тілін үйреніп аламын" деп ант-су ішкен. "Сөйлеп" жүргенін көріп жүрміз ғой.

Сүйкімі кеткен Сүлейменов сияқтылар Үкімет пен Парламентте құжынап жүр. Қайсыбірін сөз етейік. Бекетаев, Сағадиев, Сүлейменов, Қасымов т.б. Кабминнің тізімінде қазақша сөйлейтіндер болса да, аз.

Міне, жаңағы Андрей секілді қазақ тіліне, ділі мен салт-дәстүріне құрметпен қарайтындардың қас-жауы да осылар. Андрей секілділердің бетін қайтарып, ниетін бұзатындар да осылар.

Қазақстан халқының 83,1 пайызы қазақ тілін еркін меңгерген. Бұл 2017 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының аузынан шыққан бұлтартпас факт.

Ал 2020 жылы Қазақстан халқының 95 пайызы қазақша сөйлейтін болады. Бұны басқа-басқа емес, Елбасының өзі айтты.

Ол аз десеңіз, міне дерек. 18 миллион қазақстандықтың 71 пайызын қазақ ұлтының өкілдері құрайды. Бұған қоса, 83 пайыздан астам аудитория  қазақ тілді екенін есепке алыңыз. 83 пайыз деген қазақ тілін еркін меңгерген, сол тілде сөйлейтін жұрт. Сөйтіп, статистика Қазақстанда абсольютті доминант тіл – қазақ тілі, басым ұлт – қазақ болды дегенді анық айтып тұр.

Түйін. Осыны мойындағысы келмейтіндер - Сүлейменовтер ғана. Қызық иә. Сүлейменов дегенде Тимурды меңзеп ем. Сіз Алжасты, ой кешіріңіз Олжасты ойладыңыз. Дегенмен, екеуі де Сүлейменов қой.

Айналайын, Үкімет! Андрей де, мен де қазақша сөйлейміз. Қазақ салт-дәстүрін ұстанамыз. Қазақстандағы мемлекетті құраушы ұлт - қазақ екенін білеміз. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін жақсы түсінеміз. Ал сен ше?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551