Тәжікстан және Өзбекстанның еңбек мигранттары отырған он автобустың шекарадан өте алмай тұрғанына екі күн болған. Кеден қызметкерлерінің түсіндіруінше, рұқсат беру мәселесінің шешілмеуіне байланысты автобустар Қазақстан жағына қарай өте алмай тұр және күніне бір автобустан ғана өткізуге рұқсат берілген.
Ресейдің Новосибирск, Томск, Красноярск қалаларынан келе жатқан жолаушылар Құрбан-айт мерекесіне орай үйлеріне барғысы келген. "Олардың арасында әйелдер мен балалар да бар" деп жазды жергілікті total.kz сайты.
Жолаушылардың тамақ-сулары таусылған, ал автобус тұрған маңда дүкендер жоқ.
“Біздің сұрақтарымызға жауап бермейді. Күтіңдер дейді…Су жоқ, тамақ жоқ. Бүгін (18 тамыз – ред.) түске дейін автобустан бірде-бір адамның шығуына рұқсат бермеді, ал мен отырған автобуста 17 бала бар, олардың арасында көкірек сүтінен шықпаған балалар да бар” дейді автобус жүргізушілерінің бірі Абылайхан Мақсұт.
Youtube-та жарияланған мына видеода наразы жолаушылардың сұрағына жауап беріп тұрған кеден бекетінің өкілі күніне бір автобустан өткізетінін айтады.
Азаттықтың “Сибирь.Реалий” сайты Омбы кеденінің баспасөз қызметіне хабарласқанмен жауап ала алмаған.
Abai.kz