Сейсенбі, 25 Маусым 2019
Жолжазба 4524 2 пікір 24 Тамыз, 2018 сағат 12:19

Бердібектің еш жерде жарияланбаған суреттері һәм Оразхан әжімен әңгіме

Тәңіртаудың қойнауындағы шыңынан тас құйылған Ақкердің етегінде ырыс-несібесі тасыған Сарыбастау деген ауыл бар. Біз білетін тарихи атауы – Есекартқан. Бұл ел аңыз етіп, «төре баласы Шоқан есекке тең-тең жүк артып, Қашқар асыпты» дейтін аңызды өлке ғой баяғы. Бірақ, Шоқанның осы асу арқылы Қашқарға барғаны нақты жазбалармен расталмаған. Есесіне Махмұт Қашқари сызған картада бұ асу «Искарт» («Қасиетті асу» деген мағынада) деп белгіленгені анық. Сол аңызы мен ақиқатын ішіне бүккен ауылға құрбан айт күндері жолымыз түсті. 

Алматы облысының Райымбек, Кеген аудандары аумағында Айдос Суанбеков атты кәсіпкер азаматтың идеясымен құрылған "Ұлағатты ұрпақ" атты қоғамдық қор талай игі істің бастамашысы болып жүр. Назардан тыс қалған ауыл руханиятына ерекше көңіл бөліп, өз қаржыларымен шамалары келгенше ауыл-ауылға көмек қолын созуда. Сол қоғамдық қордың мұрындық болуымен, Сарыбастау ауданында Құрбан айт мейрамы аудандық деңгейде тойланды. Бұ тойды өткізуді осы ауылда 1983 жылы туған жастар өз мойындарына алып, "Үлгілі отбасы", "Балуандар күресі", "Жүгіруден жарыс" секілді бірнеше сайыстар ұйымдастырды. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтар алды.

"Құрбан айтқа" жайылған дастархан

"Марафон". Жүзден кім жүйрік шығар екен?

Құдай жолына - құрбандық

Ауданның белді палуандары

Белгілі журналист Мәди Манатбек пен осы шараның бастамашысы Айдос Суанбек те жүгіруден жарысқа қатысты

Арқантартыс

Райымбек ауданының үлгілі отбасы

Балалар да бір серпіліп қалды

Қош! Ел тойға айналғанда, біз өзімізге қажет дүниені іздедік. Сарыбастаудағы Нүсіпбек Әшімбаев атындағы мұражайдан бұрын-соңды баспасөзде жарияланбаған Бердібек Соқпақбаевтің бірнеше суреті қолымызға түсті.

Бұл "Үш ұрпақ өкілдерінің тойы" атымен өтіп, халықтың есінде қалған той. 

Сол тойға Бекең құрметті қонақ ретінде шақырылған. 

Ел аузында Бердібек Соқпақбаев осы тойда аудан активтерінен саяқ жүргені айтылады. Көбіне ауыл адамдарының арасында болыпты. Мына сурет соның дәлелі. 

Бекеңнің көзілдірігі мен бас киімі КСРО қалыбына сыймайтынын айғақтап тұрғандай көрінеді.

 

Комунистер кәстөм-шалбар киіп, галстукпен қылғынып жүрсе, Бекең жағалы спорт киімімен көзіне дөңгелек көзілдірік тағып алыпты. 

Білетіндердің айтуынша, сол тұста жазарының бәрін жазып болған классикке дұрыс құрмет көрсетілмеген. Аудандық ұсақ бастықтарға жасалған ілтипат Бекеңе келгенде суалып қалса керек. Соған өкпелі жазушы тойдың аяғын күтпей қайтып кеткен деседі. Мына суретте Бекеңнің шет қалуы сол әңгіменің растығын дәлелдейді. Ең шетке халықтың сұрауымен орындық қойылып, Бекең мінберге көтерілді ме екен, кім білсін!

 

Мұражайдан тағы мынандай екі сурет таптық.

Бердібек Соқпақбаев сарыбастаулық жастармен кездесіпті.

Кеңестік кезеңдегі көп жиынның бірінде

Қош! Сарыбастауда Оразхан қажы Әділ баласы атты қазыналы қария бар дегенді бұрыннан естуші едік. Сол кісімен біраз сырласудың сәті түсті. Қажылыққа барып, әжі атанған ақсақал ауыз-екі әңгіменің жүйрігі екен. Әңгіме былай басталды. 

- Ақсақал Сізді ескі әңгімелерді жақсы біледі деп естіп едік. Сөз сұрай келіп едім. 

- Е, балам бізде не жетіскен сөз бар дейсің. Бұрынғылар, жақсы адамдардың артынан еріп жүріп, өнегелі сөздерді үйренеді екен. Біздің уақытымызда оған мұғдар болған жоқ. Үкімет мал баққызды. Малдан ұзап шыға алмаған адамда не әңгіме болушы еді.  Мұнда-мұнда, осы егемендікті алған соң ғана әңгіменің шетін ұққанымыз ғой. Әйтпесе, бұрынғылардың ескі әңгімесіне ілесе алмай қалдық қой, біз...

- Ұзақ батырдың заманындағы кісілерге қатысты білеріңіз бар ма?

- Қырғыздың бір сыншысы "Албанда екі құт бар. Екі жүйрік шешен бар. Екі кесір бар. Олар тұрғанда Албанды ешбір жау ала алмайды" депті. "Албанның құты кім екен?" дегенде, "Албанның құты – Ниязбек пен Жәмеңке. Бұл елдің берекесі сол екеуі" депті.

"Екі жүйрік шешен кім?" дегенде, "Біреуі – Жанғабыл шешен, екіншсі Баба – Қашаған" депті. "Әуелдің ұлы Қашаған, Құдай артық жасаған" деп ол да қиын шыққан тілмар адам екен. Қырғыз сыншы: "Қашағанның өз несібесі өзінде, ешқандай кемдігі жоқ, ал Жанғабылдың екі кемдігі бар. Оның біреуі – перзенті жоқ екен. Екіншісі – малсыз екен. "Мал табылар-ау, бірақ, перзент жайы қиын" депті.

"Кесірі кім?" депті жиылғандар ентелей. "Албанның өзі батыр, өзі кесірлі екеуі бар. Оның біреуі – Диқанбай, біреуі – Ұзақ. Ұзақ кесірленеді, кесірі өз басына жағады, еліне жақпайды, Диқанбай кесірленеді, оның кесірі еліне жағады да, өзіне жақпайды" депті.

- Сыншы қандай кесірлік турасында айтып отыр, ақсақал? 

- Кесірлік жасағанда былай ғой. Ұзақ көп сөз білмейтін, кекештеу адам болыпты. Бұйырып қана сөйлейді екен. Мысалы, Қарқарада үлкен бәйгі болғанда "атымның бәйгесін шаппай беріңдер" деп қиғылықты салыпты. Оған ел көнсін бе, бәйгіге Ұзақтың атын көп болып күштеп қосқызады. Қасындағы серіктері ыңғайсызданып:

- Ай, батырым-ай, атың алдымен келсе - абырой, келмей қалса, Ұзақ атыңа ұят емес пе?, - депті.

Сөйтсе, кесірленіп отырған Ұзақ (аздап шалығы бар, қасиетті кісілер ғой):

- Атым алдымен келеді. Келмесе, бір саймен, топқа кірмей жылыстап шығып кетеміз, - депті. Қасиетіңнен айналайын, Ұзақтың аты осы бәйгіден бас жүлдені алыпты. Міне, кесірлігінің өз басына жаққаны осы емес пе?

- Тағы да осындай әңгімеден айта отырсаңыз. 

- Албанның Айт руындағы атақты Жансеркенің ұлы Тұрлықожа мен Ұзақ екеуі қарайлас өскен адам. Осы екеуі бірде Қызайдың Әбілқайыр деген төресінің ауылына қонаққа барыпты. Сол төре кім келсе де, төсекте жатып тілдеседі екен. Келген қонаққа түрегеліп құрмет көрсетпейді-міс.

Ал, төренің ауылына келгендер бір шақырым жерден аттан түсіп, атын жетелеп жаяулап келуге тиіс екен.

Ұзақ пен Тұрлықожа төренің үйінің іргесіне дейін атпен салып-ұрып жетіп келеді. Төре "Мына келген дәу де болса, Тұрлықожа мен Ұзақ болар" депті де төсегінен қозғалмай жата беріпті.

Төренің ауыды малын сойып, екі батырды құда күткендей күтіпті. Тек төре ғана жатқан жерінен қозғалмай қояды. Тұрлықожа сүйіндіктің сүйкемесі жұққан сөзшең адам.

- Төре бізбен бірге дастарханға келмейсіз бе, - дейді.

- Өздеріңіз ала беріңіздер, бізге де бір сүйек келер, - депті Төре.

Осыны күткендей Тұрлықожа:

-  Бұ Әбілқайырды елдің бағына туған төре екен десем, иттің сорына туған төре екен ғой, - депті.

Мына сөзге не дерін білмей сасып қалған төре орнынан тұрып, қос батырға ат мінгізіп, риза етіп қайтарыпты.

- Бағанағы Албанның жүйрігі деген Жаңғабыл шешенге қатысты қандай әңгімелер бар?

- Әңгіме көп қой, балам.  Бірде Жанғабыл шешен Қызай ауылындағы Дарубай дегеннің үйіне бір топ нөкерлерімен бара қалыпты. Жаздың күні. Жаңадан бие байлап, мал енді семірген кез болса керек. Қымыз бабына келген шақ.

Бірақ, сойыс малға бата сұрай келген ешкім болмапты. Дарубай байлығын көрсетемін деп, қыстан қалған қазы-қарта, сүрілерін асса керек. Жарым жазға дейін сүр сақтау оңай дейсің бе?

Буы бұрқырап, қазы-қарта келеді алдыға. Сонда Жанғабыл:

"Мұның өзі сүр екен ғой,

Былтыр күзден жаз жайлап жүр екен ғой.

Біреу десем Қарынбай екеу екен

Біреу өліп, біреу тірі жүр екен ғой.

Тарт, тісім батпайды ары", - депті.

Бұл сынға жауап бере алмай қалған Дарубай ертесіне тағы қондырып, қой сойдырады. "Тісім батпады" дегенін ескеріп, арнайы ұйғыр шақыртып, палау да бастырады. Тамақ дайын болып, тағы да алдыға келеді.

"Ой, бұның өзі быламық.

Быламықты жеп сыналық

Дарубай біздің елге бара қалса,

Бізде осындай қылалық" депті Жанғабыл.

Мұны естіген Дарубай қонақтарын тағы да қайтармай, тай сойыпты. Кетерінде ат мінгізіпті. Дарубайдың бір аттың құнына татитын тартпасы бар екен. Оны да сөзбен жеңіп алып, шу деп жүріп кетіпті. Қасындағы жолдастары: "Шешен тым құрыса тартпасын неге бірімізге бермейді?" депті естірте.

"Жоғарғы жақтан келеді құнажын қарға,

 

Ебін тауып жегенге ләжің бар ма?" деп өлеңдетіп бастап жырды төгіп-төгіп жіберіпті. Достары бұған дауа жоқ екен десіпті.

- Сізді Көдектің "Сасан ауылына барғанда" деген өлеңінің тарихын біледі деп естіп едім. 

- Көдек қасына Әбілжан деген жолдасын ертіп, Сасанның ауылына барыпты. Сасан да сондай кесірлі адам болса керек. Көдектерді менсіне қоймайды. Сол ауылда Албаннан қыз алған Қызайдың бір зәңгісі бар екен. Көдектер соның үйіне барып қонады. Сол үйде жатып Көдек бір баладан қалам қағаз алып, "Сасан ауылына барғанда" деген өлеңін жазады. Бұлардың артынан Сасан аңдушы қойған екен. Сол әлгі өлеңді байқатпай қалтасына салады да, байға жеткізеді.

Ол уақытта мұндай өлеңнің таралып кетпеуі үшін барын салатын заман. Тіпті, ақынды өлтіріп жіберуі де мүмкін. Көдекең осы өлеңде тау-таста жүз әскермен барымта жасап жүретін Мақсұт деген батырын да жамандап жіберген. Ашуға булыққан Сасан екі нөкерін жібереді.

Сол күні кеш батып кетіп, Көдектерді әкетуге келген нөкерлерге де қонуға тура келеді. Зәңгі Сасанның жамандық ойлап отырғанын біле қойып, түнде нөкерлер ұйықтағанда екеуін қашырып жібереді.

Қашқыннан қашып отырып, қызай Дарубай қажының үйіне жетеді. Олардың артынша жеткен нөкерлерге "Іздеген ақының бізге келген жоқ. Келсе де, бермейтін едім" деп кері қайтарыпты.

;feature=youtu.be

Қазыналы қарттан оқырмандарға тәбәрік

 

Сөз соңы

Біз Сарыбастаумен қимай қоштастық. Енді, міне Алматы қайдасың деп жүйіткіп келе жатырмыз. Сарыжазға жеткенде "московичпен" шөп тасып жүрген  мына бір ағамызға кездесе қалмасымыз бар ма? Cосын қиялы шектеусіз, ойы еркін, қалыпқа сыймайтын адамдары бар бұл өлкені түсіну үшін осы өңірге келу, көзіңмен көру, адамдарымен сырласу керек екенін аңғардым. 

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

2 пікір