Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 6029 2 пікір 3 Қыркүйек, 2018 сағат 08:37

Жеңсек – биліктің арқасы, жеңілсек – мемлекеттің қатысы жоқ...

Біздің елде жеке спортшының әлемдік аренада қол жеткізген жақсы нәтижесін бүкіл елдің жетістігі деп тану әдетке айналған. Билік халықты осыған үйретіп тастағалы қашан? Бірақ, спорттағы жетістікті мемлекеттің дамуымен тікелей байланыстыратын билік сол спортшының жеңілісін елдің кемшілігі деп санамайтыны тағы бар.

Мәселен, 2012 жылы Лондонда Қазақстан спортшылары 7 алтын медаль жеңіп алғанда, бұл біздің елдің әлемдегі алпауыт мемлекеттер қатарына қосылғанының белгісі деп үгіттедік. Алайда, арада біраз жылдар өткенде сол «алтындардың» төртеуін допинг дауына байланысты тартып алды. Ал бұл жағдайға бәріміз көз жұма қарадық.

Мақтаған, мақтанған спортшыларымыздың допинг дауына ұшырауына Ресей мен батыс елдерінің арасынан қара мысық өткені себеп болғанын жасырып-жаптық. Әйтпесе, тиым салынған дәрумендерді Ресей мен Қазақстан спортшылары ғана пайдаланып жүрген жоқ. Бұлай дейтініміз, 2008-2012 жылғы Олимпиада ойындарында допинг дауына ілінгендердің рейтингісін осы екі ел бастап тұр. Ресейдің 19 спортшысы Олимпиада медалін қайтарып берсе, еліміз спортшылары еншілеген 9 Олимпиада жүлдесі жаңа иесін тапты. Бұл аз десеңіз, рейтингіде үшінші орында Беларусь елі тұр. Олардан қайтарып алынған медаль саны – 7. Ал енді мына сәйкестікке қараңыз, Ресейдің жер бетіндегі жанашыр жақындары біздің ел мен Беларусь екенін екінің бірі біледі. Демек, Ресейге ренжіген батыс жұрты «жауымның досы – жауым» қағидасын мықтап ұстанған секілді.

Спорттағы жетістік ел дамуының көрсеткіші бола ала ма? Біздің елде «иә» деген жауап қабылданады. Халықтың миына осылай сіңіріп тастағанын баста айттық. Біздің қазақ үшін халықаралық бір спортшымыздың кішігірім жеңісінің буы, ел ішінде әншісымақтардың даурықпа шуы қызық. Бүгінгі таңда бүкіл баспасөз бетін осы әншілер жаулап алған. Қарапайым халық бала-шағасының болашағын емес, өтірік әншілердің өсек-аяңын көбірек уайымдайды. Мұнымен қоймай бір спортшымыз шетелден алтын медаль алып келді деп қуанғанда, еліміздің шынайы алтын мен күмісі жемқорлардың жеміне айналып жатқанын ұмытып кетеміз. Әрине, осыны қалайтындар көп біздің билікте. Сол үшін ақпарат құралдарын әншілерді жарнамалауға итермелеп отыр. Бұл ешкімнен жасыра алмайтын шындығымыз болса да әлі күнге жауырды жаба тоқып келеміз. Бірақ, ауыруды жасырғанмен бір күні өлім бәрін әшкерелейтінін ұмытпаған жөн.

Тамыздың екінші жартысында Индонезия елінде XVIII Азия ойындары өтті. Еліміз құрамасы 15 алтын, 17 күміс, 44 қоласы бар 76 жүлдеге қол жеткізді. Жалпы командалық есепте 9-шы орынға табан тіреді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның Азия ойындарындағы ең нашар көрсеткіші. 1994 жылдан бері сары құрлықтың басты додасында еліміз спортшылары ешқашан үздік бестіктен түсіп көрмеген. Биыл ондыққа әрең ілініп отырмыз.

Ал онда спортшылардың жетістігін ел дамуының көрсеткіші санайтын көкелер мына нәтижеге қарап еліміз дамымай қалды деуі мүмкін бе? Әрине, жоқ. Спортшының жеңісі биліктің арқасы, жеңілісіне мемлекеттің қатысы жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, біз енді орта Азияның озық елі емес екенбіз. Бүгінге дейін кіндік Азияның көшбасшысымыз деп жүргенде Өзбекстан оза шапты осы жолы. Азия ойындарында өзбек спортшылары үздік бес құраманың қатарынан көрініп отыр. Біз бұл сөздерді спорттағы жетістік ел дамуының айнасы дейтін билік иелерінің ұстанымына сай айтып отырмыз. Әйтпесе, елдің өсіп-өркендеуі спортшылардың қалай өнер көрсеткеніне байланысты болмаса керек.

Осы кезекті Азиаданың бағдарламасына өзбектердің «кураш» деген спорттық бәсекесі енген екен. Өзбектер осы «кураштан» алты алтын медаль жеңіп алды. «Кураш» деп отырғаны кәдімгі күрес. Қазақ күресінен айырмасы да, асып тұрған артықшылығы да жоқ. Бірақ, құрлық біріншілігінің бағдарламасына еніп отыр. Ал миллиондап ақша құйып отырған қазақ күресі әлі ауыл-үйдің арасынан аса алмай жүр. Әрине, қазақ күресінен ел чемпионаты, Еуразия чемпионаты қатарлы турнирлер өтіп тұрады. Алайда, Азиада, Олимпиада сынды халықаралық дүбірлі додаларға қосылғанның жөні бөлек.

Бір кездері «Қазақстан барысы» атанған балуан 150 мың доллар алатын. Жүлде қоры қазір де аз емес – 25 млн теңге. Бірақ, біз ұлттық спортқа бөлінген қаржыға қарсылық танытудан аулақпыз. Ресейден әнші шақырып концерт бергенге кеткен ақшаның қасында бұл түкке тұрмайды. Біздің айтпағымыз, спортты дамытудың жолы даурығып доллар шашу емес көрінеді. Өйткені жыл сайын әлемге сауын айтып, турнир өткізетін қазақтың күресі емес үн-түнсіз жүрген өзбектік «курашы» озып кеткенін көзіміз көрді.

Оңтүстіктегі көршіміздің Джакарта жеріндегі жетістігі кездейсоқ емес. Мемлекет тарапынан спортқа оң көзқарас қалыптасуынан болса керек. Биыл қаңтар айында Өзбекстан жастар құрамасы 23 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы Азия Чемпионатында топ жарды. Азия чемпионы атанған жас футболшыларды марапаттау рәсіміне қатысқан Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев: «Біз спорттағы жемқорлықты жойдық. Міне, соның нәтижесі, жастарымыз құрлық чемпионы атанып жатыр», - деді.

Өзбек Президентінің осы сөзі орынды секілді сезіледі бізге. Ақша мен саясаттың әсері жүрген жерде спорттың көрер күні даурықпа ұрандар мен баста біз сөз еткен допинг дауы секілді мәселелер ғана болмақ. Басқа спортты айтпағанда елімізде дәл осы футболдың айналасында өріп жүрген жел сөзден жан шошиды. «Командаға қабылдау үшін пара алады», «Ақшаң, танысың болмаса еш командаға кіре алмайсың», немесе, «Ақша төлеп жасын жасырады, өзгертеді» деген секілді қауесеттер қарапайым қазақ қауымын футболдың маңын баса алмайтындай етіп қорқытып тастаған.

Демек, спортты дамыту үшін саясат пен ақшаның тигізер әсерін азайту керек. Одан да маңыздысы спортшының жеке жетістігін елдің жеңісі ретінде көрсетіп, халықтың көңілін өтірік аулауды қою керек. Спорт өз арнасымен, мемлекет өз арнасымен дамығаны жөн.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257