Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 4223 2 пікір 6 Қыркүйек, 2018 сағат 09:22

Елікпелі тіл шұбарлығы һәм тілдің былғануы

Карикатура Азаттық сайтынан алынды

Тіл шұбарлығының әуелгі кезеңінде қандай да тіл сөйлерменінің біразы, яғни белгілі бір әлеуметтік тобы бірқатар шетел сөзін сән көріп, өз тіліне, айналасына таңа бастайды да, өз кезегінде тілдің қалған сөйлермені де соларға еліктеп сөйлейтін болады.

Орыс ақсүйектерінің бір кездері французға, еуропалықтарға еліктеп, олардың сөздерін қолдана сөйлеуге әуес болғаны осыған жатады. Мысалы, олар кезінде мэрси, орэвуар, селәби, гудбай, айн момент, браво, бис, сударь, сударыня, сэр, мадемуазель, леди, миледи, джентелмены, сеньор, сентиментально, галантно дегендей сөздерді әдемі көріп, әуес болып айтты.

Бұл жай қазақ оқығандарының да, алғаш орысша үйренгендердің де көбінің басында болды. Қазақ та орыстық, еуропалық привет, салют, чао, пока, пажалыста, да, ало, и (және), папа, мама, дядя, тетя, конечно, әбизателньо, маладес, коммуникабельный, шеф, хобби дегендей сөздерді қызық, артықша көрді. Қызым демей, доча, дочка, доченка дегенді ұнатты. Тіпті дискредитировать, дискриминация, диссимиляция, дистрибьютер, дисциплинированный, интерпретация, коалиция, конфессиональный, конфиденциальный, реаблитация, транспортабельный,  физиономия, физиотерапия, цивилизация, шизофрения сияқты айтуға қиын әрі 5-7 буынды ұзын сөздердің өзін сол әздектігіне бола, қиын да болса, айта алатындығын көрсету үшін тілін бұрап, дауысын келтіріп үйреніп алды, қалай да айтатын болды.

Қазіргі таңда да yay, yes, окей, супер, нонсенс, консенсус, ноу-хау, сто пудов, брифинг, гранпри, адреналин, бренд, негатив, позитив, номинация, нюанс, офис, тоефл, ток-шоу, квартет, дуэт, трио, хит (парад), консолидация, консорциум, котрабанда, толерантность (көнбістік), рейтинг, кворум, квота, экспремьер, босс, бонус, вердикт, дантист, маркет, гламур, эскиз, спагетти, уникум, экстремум, эксесс, эксклюзив дегендер осындай «сүйкімді» сөздер тобын құрайды.

Сондықтан мұны пайда болу себебі бойынша елікпелі тіл шұбарлығы немесе тілдің былғануы десек болады. Елікпелі тіл шұбарлығы қоғамның аздаған сәңқой, жылтыраққұмар бөлігін қамтиды және бірқатар сөздер аясымен шектеледі. Әрине, аты «тіл шұбарлығы» болып, тілге қатысты болған соң, заты да содан болар делініп, әдетте, себебі тілден ізделеді.

Алайда, мұндай басқа тіл сөзіне, сөйлеуіне әуестіктің өзі тілден тыс екі себептен туады.

Біріншіден, адам адам болған соң мимырт тірліктегі бірізді-бірөңділіктен, қарапайым-қарабайырлықтан жалықпай, жаңа, жылтыраған нәрсеге құмартпай немесе әлдеқайда ұмтылмай, өзін әлденеге арнамай тұра алмайды. Дегенмен қалыпты, дұрыс жолдағы адам бойындағы бұл «кемістік» орнын оң ниет, ізгі қасиет, жасампаз әрекеттері арқылы толтырып, жақсы істерімен еңсеріп отырады. Оның ерігіп-елігерлік уақыты да болмайды.

Ал «Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар, Жаңа сүйгіш адамзат – көрсеқызар» немесе «Наданға арам жақсының сөзін ұқпақ» дегендей, адал еңбек, дұрыстықтан айнып, ауырдың үсті, жеңілдің астын таңдаған кержалқау, талапсыздар жөн сөзден жаңылып-жалтара бастайды, барға сенбей, жоққа сенеді, кез келген қаңсықты таңсық көреді, жылтырағанның бәрін үстіне жамап-жасқап, жапсырып бағады. Олай етпесіне, басқа істер ісі де болмайды.

Екіншіден, бір француз сауыншысы сүтті немістердің milch дейтінін есітіп, «–дендері сау ма, оның аты La lee ғой» – деген екен. Дәл осылай, қалыпты жағдайда біреудің, әсіресе әл-ауқаты өзіңнен көп төмен жұрттың біртүрлі сөздерін әспеттеп, айтпақ түгілі кем көріп, қор санау, мазақ қылу – дағдылы жайт. Мысалы, Абай сөзімен айтсақ, бір кездері қазекең «..үй төбесіне салам деп Арқадан қамыс артқан, шүлдірлеген тәжік ... атқа мінсе шаршап, жаяу жүрсе демін алады, ноғай дегенше ноқай десеңші ... Орыс ойына келгенін қылады деген ... не айтса соған нанады, «ұзын құлақты» тауып бер депті» деп күлген.

Бірақ уақыт озып, заман өзгере келе сол қазақ орыстың ісіне тәнті, сөзіне іңкәр күйге түсті және бүгінде орысты ысырып қойып, аңсары ағылышынға ауып отыр, ал ертең, бүрсүгүні қалай боларын бір құдай біледі. Яғни белді, беделді жұрттың қылығын қайталап, сөзін айтқыштаудың аржағында оны өзінен жоғары санау, оған мойынсұну, ұқсап-бағу құлқы жатады.

Әрине, аталған екі жай да адамның азғындауының белгісі және оның өзі ол өмір сүріп отырған қоғамның, жүйенің азуынан болады. Айталық, кезінде орыс басынан өткен еуропашылдық та, кеше-бүгінгі қазақ басындағы орысшыл-батысшылдық та қоғамның кемдігінен, елдің азғындығынан бастау алып, солармен тұспа-тұс келді және келіп отыр.

Ал елікпелі тіл шұбарлығы мұнан ары асқынып, еріктен тыс тіл шұбарлығының тууына, орнығуына негіз болуы мүмкін.

Ыспандияр Ақайұлы, Тurki.kz сайтының бас редакторы

Abai.kz

 

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5375