Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 28164 28 пікір 8 Қыркүйек, 2018 сағат 22:26

Қырғыз көкпаршысына Бекболат Қанайұлы жауап берсін!

Айырқалпақ ағайындар ат шаптырып той жасап, Дүниежүзілік көшпенділер ойынын үшінші мәрте өткізгені белгілі. Аталған шарадағы спорттық жарыстардың бірі, бірі емес-ау, ел-жұрт елеңдеп күткен ең қызығы - көкпар болды. Оған біздің Қазақстанның құрамасы да барып қатысты. Қатысты деген жәй аты, оңбай ұтылып келді. Жарыс қорытындысы бойынша жартылай финалда өмірі көкпар тартып көрмеген өзбектерге есе жіберді. Үшінші орын үшін Ресеймен таласып, әйтеуір абырой болғанда ұтты.

Қойшы, несін сұрайсыз, ыры мен жыры көп... Қазақстан құрамасының қылығына біз түгілі қырғыз туғандар қапаланды. Өйткені, Алатаудың теріскейі мен күнгейін тел жайлаған қазақ пен қырғыз ғой. Бұл көкпарды қазақ пен қырғыз тартады, әуелден. Кейінгі жылдары екі елдің ұлттық спорт федерациялары аз-кем дауласып, ақыры әр тарап өз ережелерін бекіткен. Сөйтіп, көкпар тартып та жүрді. Енді міне, қырғызға барған қазақ жігіттері жер шұқып қайтты.

Қырғыз көкпаршысының Қазақстан құрамасының жігіттеріне қарата сөйлеген сөзі әлеуметтік желіде тарады. "Өзбектің астына жатып бергендеңе ұялмайсыңдар ма" дегенде біздің көкпаршылар, "ләм-мим" демеді. Қырғыз көкпаршысының сай сүйекті сырқыратып айтқанына біздің команданың бір жігіті ғана үн қатты. "Біз қолымыздан келгенін жасадық. Сіздер дұға қылыңыздар" деумен шектелді.

Содан "Abai.kz" ақпараттық порталында "Өзбектен жеңілуіміз қырғызға көрсеткен қырымыз ба, Бекболат Қанайұлы!" атты мақала жария болды. Күні кеше ғана. Оны 23 мыңнан аса адам оқыды.

Иә, біз Бекболат Тілеуханның атын атап, түсін түстеп жаздық. Себебі, Бекболат Қанайұлы бізде ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығын басқаратын адам. Президент деген дардай аты бар. Бір білсе сол кісі білер дедік. Бір ауыз пікірін айтар дедік. Әттең... Бекболат Қанайұлы "қыңқ" деген жоқ.

Ә, дау аз-кем шулап, арты тынышталар деп едік. Жоқ, әуелде тараған бейне жазбадағы қазақ көкпаршыларына жекіп тұрған жігіт Қырғызстанның ірі теле арналарының бірі "НТС-ке" сұхбат беріпті.

Есім-сойы Талас Бегалиев екен. Өзі Қырғыздың Талас облысындағы "Көк бөрі" федерациясының өкілі екен. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көкпарға қатысты пікір айтыпты. Біз Бегалиевтің пікірін қырғызшадан қотарып бергенді жөн көрдік.

"Бұның барлығы ащы шындық. Былтыр Астанаға Қырғызстан құрамасын жетектеп, өзім барып келгенмін. Ол жерде олардың әр түрлі өздерінің ойын ережелеріне мақұл болып ойнап келгенбіз. ЭКСПО аясында өткен. Бұл биылғы реванш десек те болады. Бізге келіп, "Көк бөріде" беттесетін уақытта, олардың Өзбекстан командасымен ойнаған ойынына көңіліміз толған жоқ. Бір-біріменен ұрысып жүрді. "Ойнамаңдар, гол салмаңдар" деп жүргендерін естідік. Бізде сол видеолар да бар. Соған ашуланып, әлгі видеода өз ойымды айтқан едім", - дейді Бегалиев.

Әрі қарай Талас Бегалиев Өзбекстан құрамасының көкпаршыларының қарқыны жайлы өз ойын былай жалғайды:

"Көк бөріге" араласып жүрген кісілердің барлығы бұны жақсы түсініп отыр. Финалда беттессек болар еді. Қазақ туғандар бізбенен жақсы ойын көрсетіп, осы көшпенділер ойынының даңқын асырып, нағыз финалдық ойын көрсетуі керек еді. Бірақ, қандай да бір себептермен, бұлар Қырғызстан командасымен кездескісі келген жоқ та, осындай шешімге барды. Біздің осыған көңіліміз толмады", - дейді Талас.

Әуелде, осы көкпар басталарда Қазақстан құрамасы атсыз барып, ат жоқ деп, алатайдай бүлініп едік. Енді, міне, кірерге тесік таппай қалдық. Талас Бегелиев бұл туралы да өз ойын айтыпты.

"Біздің федерация шешімімен, Қазақстан құрамасы жарысқа кіргізілді ғой. Ол шешімге мен кірісе алмаймын. Бірақ, "біз қазандықсыз ойнайтын едік" деп бір жол кетісіп барып, қайтып келгені шындық. Барлық себептері белгілі. Қырғызстан құрамасымен кездескісі келмегені айдан анық болып тұр. Бұны спорт құрлы санамай, біресе кетіп, біресе келіп жүргені, осы "Көкбөрі" мен көкпардың ережесімен ойнап жүреміз. Не десек те, қазақ туғандар былтыр бір рет ұтып алып, енді қайта беттесуден қашып отыр. Бәріміздің ойымыз осы. Қазақстан құрамасы аттарын осындай жерге алып келмесе, Қазақстанның намысын қалай қорғайды? "Атымыз жоқ. Бізге ат беріңдер. Сендердің аттарыңмен шабамыз" деп, одан біздің аттарға көңілі толамағаны бұл өте түсініксіз. Көкпаршы деген жігіттің астында аты болуы керек. Аты жоқ болса, несіне "Көк бөрі" ойнаймын деп келеді?! Басынан бастап, туғандардың келісі бізге ұнаған жоқ", - деді қырғыз көкпаршысы.

Қазақстан командасы бұл жарысқа ұлттық құраманың екінші құрамын апарыпты деген әңгімелер айтылды.

"Шындығында жас балалар келді. Екінші құрамы келді. Екінші команданың құрамы да осал емес. Былтыр Моңғолияда ойнаған жігіттер жүр. Басқасын айтпайын. Әрі барсақ, саясат болып кетеді", - деп түйіндейді Талас Бегалиев өз сөзін. Көремін деген кісіге міне түпнұсқа бейне жазба.

Түйін. Жоғарыда айтқанымыздай, Бегалиевтің Қазақстан құрамасы жігіттеріне жекіп тұрған сөзі әлемжеліде жария болғанда-ақ, "Abai.kz" ақпараттық порталы мақала жазды. Оны қазірдің өзінде 23 мыңнан аса адам оқыды. Біз болған жайдың егжей-тегжейін түсіндіріп беруді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті Бекболат Қанайұлынан сұраған едік. Бекболат Тілеухан мырза бір ауыз сөз айтқан жоқ.

Жоғарыда қырғыз көкпаршысы, "Көк бөрі" федерациясының өкілі Талас Бегалиев есімді азаматтың ашық пікірін жариялап отырмыз. Қырғыз ағайындар наразы. Қазақстан құрамасы Қырғызстан құрамасымен кездеспеудің амалын жасады деп отыр. Көкпаршы болса, көкпарға атсыз келе ме деп отыр.

Бұған Бекболат Қанайұлы не дер екен? ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының тізгінін ұстап отырған азамат ретінде бір ауыз сөз айтар деген үмітіміз әлі жоқ емес...

Айтпақшы, әлі даулы жартылай финалда Қазақстан құрамасы Өзбекстанға есе жіберді дедік. Есеп 4:5 болған. Кейін финалда өзбектер мен қырғыздар жолықты. Қазақ көкпаршылары 5 салым сала алмаған өзбектердің қазандығына қырғыздар 32 салым салды. Қорытынды есеп - 32:9. Қырғыздар чемпион атанды.

Ал үшінші орын үшін таласқан Қазақстан мен Ресей құрамалары болды. Қорытынды есеп 17:1. Есеп Қазақстан пайдасына шешілді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371