12 қыркүйекте Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердіге мәжіліс жиыны арасында журналистер аталған елдердегі Қазақстан азаматтары туралы сауал қойған. Мұхтар Тілеуберді "Сирия мен Ирактағы азаматтарымыз, я балаларымыздың қайда екені анықталып жатыр. Оларды елге қайтару мәселесі көтеріліп жатыр", - деп жауап берді.
Тілеубердінің сөзінше, азаматтарды іздеумен Қазақстанның Иорданиядағы елшілігі және Ливандағы бас консулдығы айналысып жатыр. Вице-министр қазірге дейін қанша қазақстандықтың табылғанын айтпады. Оның айтуы бойынша, Сирия мен Ирак биліктері "Қазақстанның біраз азаматының" террорлық іс-қимылдарға қатысы бары ықтималдығын арнайы тексеріп жатыр.
"Оларды кінәсіз екені анықталса, Қазақстан тарапына тапсырады", - деді Тілеуберді. Ол кейбір азаматтардың балалары барын да айтты. Тілеубердінің сөзінше, ол балаларды Сирия мен Ирактан Қазақстанға жеткізу үшін ата-аналарының келісімі қажет әрі ата-аналарының өзі "арнайы тексеріс аяқталғанға дейін" сол елдерде қалуы тиіс.
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) соңғы мәліметі бойынша, Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткен. Азаттықтың ресми сауалына жолдаған жауабында ҰҚК Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдарда 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500 бала барын айтқан.
Abai.kz