Бұ не деген әкімқұмарлық?
Мен осы, Тұрсынжан аға айтпақшы, "қазақтың әкімқұмарлығына, әлде әкімжандылығына таң қаламын". "Астанаға кім әкім болыпты?". "Алматыға кім болайын деп жатыр екен?". Фейсбукті ашып қалсаң да, танысыңмен жолығып қалсаң да әңгіме осы. Құдды күллі қазақ әкімшілікте жұмыс істейтін сияқты. Әкімшіліктегілерді түсінуге болады: қанша дегенмен жаңа бастық кім болады, қандай адам келеді, жұмысымыздан айрылып қалмаймыз ба... деген секілді әйтеуір нақты уайым, анық алаң бар. Басқамызға не жоқ?
Ал біреу болыпты делік. Әкім. Одан сіздің өміріңізге келіп-кетер не бар? Кеткен әкіммен қандай қарым-қатынаста болсаңыз (яғни, ешқандай қарым-қатынасыңыз болмаса), келген әкіммен де сондай "байланыста" боларыңыз анық қой. "Ойбай, үш күн болды, әкімсіз отырмыз" деп шуласты өткенде бір облыс орталығының фб-шниктері. Күнде жұмысын сол әкім істеп беріп, бала-шағасын сол әкім асырап отырғандай... Әкім тағайындалып еді, бәрі шулап ала жөнелді: "әкіміміз келді", "бізге әкім боп Пәленше келді", "енді біздің де әкіміміз бар"... Бұ не деген әкімқұмарлық? Не деген әкімжандылық? Что за акимозависимость?
Осыған дейін қырық әкім келіп, қырық әкім кетпеді ме? Не тындырып еді? Қазаққа не істеп қойып еді? Тіпті бірдеме істеймін деп тынбай тыртыңдаса да, Әлемге Әйгілі Әкімнен асып қайда барады? Соның тапсырмасын орындап қана отырмай ма онсыз да?..
Кім әкім болып келсе де, сізді кеңесшілікке шақыра қоймас. Одан да бос сөз, құр ыржаңды қойып, жұмысыңызды істеңіз: бәрібір сіздің өзіңізден басқа сенеріңіз де, сүйенеріңіз де жоқ...
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz