Қасымов: Президент айтса отставкаға кетемін
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Құқықтық тәртіп және қауіпсіздікті нығайту» тақырыбындағы баспасөз мәслихатына қатысты.
Жиналыста сөз алған министр өзінің қазіргі қызметінде қалу-қалмауын президент шешетінін айтты. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қазасынан кейін қоғам құқық қорғау органдарының қызметін сынға алып, Қалмұханбет Қасымов бастаған басшылардың отставкаға кетуін талап еткен еді.
— Біз әскери адамбыз, президент қалай шешеді, соған бағынамыз. Бұйрық берілген жерде істейміз",- деп қысқа қайырды министр журналистердің отставка туралы сұрағына.
Сонымен қатар Қасымов өзі басқарып отырған министрлік пен полицейлер тарапына айтылып жатқан қатаң сындармен келісетінін айтты.
— Өкінішке қарай, соңғы уақытта ІІД, сондай-ақ полиция қатаң сынға қалып отыр. Көп жағдайда сын орынды айтылады. Расында, полиция қызметінде шешілмеген мәселелер көп. Министрлік БАҚ-тағы сыни материалдарға мониторинг жасап отырады. Әрбір ақпарат бойынша тәртіп пен заңның өрескел бұзылғаны анықталған жағдайда жұмыстан шығаруға дейінгі қатаң шаралар қолданылады. Ағымдағы жылы жағымсыз себептермен ІІО-дан 600 қызметкер жұмыстан шығарылды, - деді Қасымов.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары ІІМ жүйесі қоғам алдында жария жұмыс істей бастаған.
— Интернетте ІІМ ресми сайты бар. Ішкі істер министрінің блогы жұмыс істейді, сондай-ақ азаматтар қызметкерлердің әрекетіне қатысты арызданып, ІІО бөлімшелерінің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныс енгізуге арналған ІІМ Бірыңғай сенім телефоны іске қосылды. ІІО қызметіндегі мәселелер бойынша үкіметтік емес ұйымдармен, ІІД жанындағы консультативті-кеңесші органдарымен байланыса Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Кеңес халықпен жиі есеп беру жиындарын өткізеді. Министр, территориалды орган басшылары мен учаскелік полиция инспекторлары, бұдан бөлек министрлік жылына екі рет Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында министрлік қызметінің жеке бағыттары бойынша жұмыстардың нәтижелері туралы есеп береді. Министрлік басшылығы, аймақтық департамент басшылары азаматтардың жеке мәселелері бойынша тұрақты түрде қабылдаулар жүргізеді, - деді министр.
Бірақ, аттан түссе де үзеңгіден түскісі келмеген министр сонша көп сынға қалғанына қарамастан өздерінің жетістіктері жайлы айтуды да ұмытқан жоқ. Министрдің айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда елдегі қылмыс саны көбеймеген. Керісінше, ауыр және аса ауыр қылмыс саны 17 пайызға, орта дәрежелі қылмыс 10 пайызға төмендеген. Тіпті қоғамдық орындарда болатын қарақшылық, ұрлық фактілері мен бұрын сотты болған азаматтар қылмысы да едәуір азайыпты.
— Қазір бұрынғысынша көп орын алатын қылмыс түрі - ұрлық болып отыр. Барлық қылмыстық әрекеттердің шамамен 70 пайызы сонымен байланысты. Мәселен Алматыда 74 пайыз, Алматы мен Ақтөбе облыстарында 72 пайыз, - деді Қасымов.
Министрдің айтуынша, елдегі құқық бұзушылыққа теріс әсер етіп жатқан криминогендік факторлар - нашақорлық, алкогольге құмарлық, жұмыссыздық, оқу оқымау және отбасындағы келеңсіз жағдайлар екен.
Министрдің бұл сөздерінен құқық қорғаушылардың қызметіне оң баға беріп отырғанын аңғару қиын емес. Барша ақпарат құралдарында елде қылмыстың көбейгені жайлы айтылып, жазылып жатса да жауапты қызметкерлер «жағдаймыз жақсы» деген жаттанды уәждерінен танар емес. Егер министр айтқандай қылмыс жылдан-жылға азайып бара жатса, бүкіл ел болып оның отставкаға кетуін талап етпес еді ғой.
Abai.kz