Әлі Әлібарыс-Альваресті талқылап жатырсыздар ма?
Әлі Әлібарыс-Альваресті талқылап жатырсыздар ма? Қазекем ат қойғыш қой! Барысы барыс қой енді...Жас, жұлқынып тұр. Генажанға да кінә таға алмаймыз.
...Біздің ауыл да адамдарға ат қойғыштығымен аты шыққан. Кейде кішкене ғана ауылда ондаған Бақыт, Қанат, Жанат дегендер жүреді. Ондайда терісінің түсіне, мінез-құлқына, дене мүшесінің кейбір кемшін тұстарына қарап аттарына жалғау іле саламыз.
«Қара» Бақыт, «сары» Бақыт, «көк көз» Бақыттардан кейін «жырық» Бақыт, «салпоқ» Бақыт, «су ми» Бақыт деп жалғастыра береміз. Ол бітіп қалса жан-жануарға көшетініміз бар. Есек – біздің ауылдағы ең сүйкімсіз жануар. Ақымаққа «есек» деп айғайлаймыз. Сөз тыңдамайтын есерсоқтарды да есекке балап, балағаттап жібереміз. Сондай қасиеті болды ма, әйтеуір, ауылдағы көп Бақыттың бірін – «есек» Бақыт деп атап кеткені есімде. Сыртынан айтылатын бұл лақап атты Бақыттың өзі әлдеқашан іштей мойындап қойған. Тек көзінше айтқан адамның жағасына жармасып, өлуге бар. Бәкеңнің қатты қалжыңдасатын бір жездесі бар еді. Сол кісі бірде Бақыттың лақап атын өз аузымен айтқызып, мойындатты.
...Бақыт бауырымыз Алматыдан келе жатып, Шелек жақта машинасы бұзылыпты. Ары-бері шұқылап, ауылға телефон соғып, керек бөлшекті сұрамаса жағдайының қиын болатынын түсінеді. Мұндайда есіне әрине, гаражда істейтін жездесі сап ете қалады. Шелектегі ұйғыр ағайындардың бірінің үйінен әзер дегенде жездесіне қоңырау шалады.
– Алло, жездеке мен ғой, Бақытпын! Мәшине сынып далада қалдым. Маған... – дей бергенде жездесі өтірік танымағансиды.
– Әй, айналайын, біздің ауылда Бақыт көп. Сен соның қайсысың?
– Оу, жездеке, мен балдызыңыз Бақыт...
– Естілмей кетті. Қай Бақыт?
– Балдызыңыз... Бақыт...
– Қайдағы балдыз? Қай Бақыт деймін?
Біреудің үйінен жаны қысылып телефон соғып тұрған Бақыт айқай салыпты.
– ЖЕЗДЕКЕ, МЕН «ЕСЕК» БАҚЫТПЫН ҒОЙ! «ЕСЕК» БАҚЫТПЫН! ЕСТІДІҢІЗ БЕ?...
Арман Сқабылұлының Facebook-тегі парақшасынан
Abai.kz