Сенбі, 23 Қараша 2024
3876 0 пікір 18 Қыркүйек, 2018 сағат 11:38

Бас бастама - жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі

Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі мемлекет тарапынан қашанда өз азаматтарының мұң-мұқтажы мен әлеуметтік жағынан қорғалуына үздіксіз көңіл бөлетіндігін көрсетті. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» негізінде аймақ­тарда атқарылатын істің жөн-жобасы түзіліп, тиісті жоспар жасалған-ды.

«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен са­пасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақ­сарту» – дер уақытында көтерілген әлеуметтік мәселе. Жастар – еліміздің болашағы. Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында төртінші өнеркәсіп төңкерісінің мүм­кіндіктерін қоғамымыздың барлық саласында кеңінен қолдануды тапсырды. Сондықтан жастарға заман талабына сай, бәсекеге қабілетті жо­ғары сапалы білім беруіміз керек. Мемлекеттік грантты 54 мыңға қосымша 20 мың грант қосу жастарға жасалып отырған зор мүмкіндік дер едім. Студенттерге 75 мың орындық жаңа жатақ­хана салуды жүзеге асыру, әрбір студент жастың алаңсыз жан-жақты білім алуына жағдай жасайды.

Енді көз жүгіртейік, онда, Үшінші бастамада не айтылды?

Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту».

Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда.

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын.

Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек.

Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады.

Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді.

Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр.

Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі.

Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек.

Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд.

Сонымен бірге, адам ресурстарына салынатын үлкен салым.

Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет.

Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті.

Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек.

Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді.

2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын.

Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді.

Бес бастамасын жариялау барысында үйінен жырақта білім алып жүрген студенттердің жағдайына тоқталған Елбасы: «Бәрімізге белгілі, басқа қаланың жастары қаланың шетіндегі ескі үйлерді жалдауға мәжбүр. Осыдан кейін сапалы білім алу туралы сөз қозғау мүмкін бе?», – деді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Президент жоғары оқу орындарына еуропалық компаниялармен бірлесіп жатақхана салуды тапсырды.

«Бүгінде колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өте өзекті мәселе. Мұны шешу үшін колледждер мен жоғары оқу орындары мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында девелоперлік компаниялармен жатақхана салу жұмысын жолға қоюы керек. Мемлекет өз тарапынан білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестицияның бір бөлігін біртіндеп өтеуге кепілдік береді. Осы орайда, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдары өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола жоятын болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жоғары оқу орындарының басым бөлігі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ете алмай отырғаны жасырын емес. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 470 мың жастың 204 мыңы басқа қалалардан келген, яғни баспанаға мұқтаж. Олардың бір бөлігі қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жалдамалы баспанада тұрса, бір бөлігіне жатақханадан орын бұйырған. Бір ғана Алматының өзінде 131 мың студент білім алуда. Олардың баспана мәселесін шешуге қаладағы 30 мың орындық 94 жатақхананың қауқары жетпесі анық. Астанада да студенттерді жатақханамен қамту мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Бүгінде елордада 30 жатақхана бар, 2017 жылы жаңа 4 жатақхана салынды. 35 колледждің 2200 студентке ғана арналған 16 жатақханасы бар. Десе де, Астана қаласы Жастар департаментінің мәліметі бойынша 13 мың студент жатақханаға мұқтаж.

Елбасы 2018-2019 жылы жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлуді тапсырды. Яғни, жаңа оқу жылында студенттердің саны артса, жатақханаға деген сұраныс та көбейеді деген сөз. Демек, жергілікті әкімдіктер мен жоғары оқу орындары Президент тапсырмасын орындауға уақыт создырмай кірісуі керек.

Елбасы жүктеген міндетті қалай орындағалы жатқанын алғашқылардың бірі болып Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жария етті. Мегаполис басшысының айтуынша, бүгінгі күні Алматыда 50 мыңнан астам студент жатақханаға зәру. Осыған орай, өткен жылы 2 мың орынды 4 жатақхана салынған. Қала басшысы 2020 жылға дейін тағы 20 жатақхана салуға уәде берді.

Ал Батыс Қазақстан облысындағы оқу орындарының студенттері үшін төрт жатақхана бой көтермек. Бұл туралы өткен аптада облыстық мәслихаттың кезекті ХVІ сессиясына қатысқан өңір басшысы Алтай Көлгінов мәлім етті. Оның айтуынша, биыл ЖОО білімгерлері қоныстанатын екі жатақхананың құрылысы басталады. Сонымен қатар, Оралдағы индустриалды колледж жанынан жатақхана салынбақ. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға қажетті қаржы бөлінді.

Елбасы бастамалары қостанайлық студенттерді де баспанаға мұқтаждықтан арылтуға тың серпін берді. 2022 жылға дейін Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті жанынан 344 орындық 4 жатақхана бой көтереді. Өңір білімгерлерін қуантқан бұл жаңалықты ҚМПУ ректоры, профессор Еркін Әбіл өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында жариялады.

Көкшетауда 3 мыңға жуық студент жатақханаға мұқтаж. Қазір қаладағы оқу орындарында 7 жатақхана ғана бар. Ал барлық студенттерді жатын орынмен қамту үшін кемінде тағы 8 ғимарат керек. «Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің бес бірдей жатақханасы болғанмен, әлі 1 мың студент пәтер жалдап жүр. Сондықтан оларға жаңа жатақханалар керек. Облыста 38 колледж бар болса, олардың жанында 20 шақты жатақхана орналасқан. Десе де, олар әзірге 5 жарым мыңнан астам студентті ғана паналатуға қауқарлы», – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов. Білім басқармасындағылар бұл мәселе алдағы 2-3 жылдың ішінде толық шешілетініне сендіруде. Себебі оқу орындары Елбасы көтерген бес бастаманың аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жаңа жатақханалар тұрғызбақ. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Павлодар облысында да үшінші бастаманы жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда Ертіс өңірінде үш жоғары оқу орны қызмет етеді. Олардың ең ірісі – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің екі жатақханасы бар. Жеті мыңнан астам студент білім алатын оқу орны үшін бұл жатақханалардағы орын жеткіліксіз. «Еліміздегі демографиялық жағдайдың жақсаруы талапкерлер мен студенттер қатарының артуына оң септігін тигізуде. Оның үстіне, Елбасы тапсырмасы бойынша техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттар саны көбейсе, келесі жылы білімгерлер саны көбейе түсері сөзсіз. Сол себепті жатақхана салып, тұрғылықты орындарды арттыру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Бұл жергілікті халық үшін ғана емес, Ресей және Қытайдың шекаралық өңірлерінен келетін жастар үшін аса маңызды. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жанында 860 орынға шақталған екі жатақхана бар. Тағы 900 студент кезекте тұр. Мәселені шешу мақсатында жаңа студенттер үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде», – дейді университет ректоры Гаухар Ахметова.

Мамандардың есептеуінше, Елбасы бастамасы негізінде техникалық мамандықтарға қосымша гранттар бөлінген жағдайда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде техникалық білім алатын студенттердің қатары 30 пайызға артады. Мамандар олардың саны 4,5 мыңға жетеді деп болжауда.

Жатақхана мәселесі өңірдегі колледж білімгерлері үшін де өзекті. Қазіргі таңда Павлодар облысында 50 колледж болса, олардың 22-сінде ғана жатақхана бар. Студенттер үйінің көбі өткен ғасырдың 80-  жылдарында салынған. Мәселен, көлік және коммуникация колледжі жанындағы жатақхана 60-жылдары пайдалануға берілген. Тозығы жеткені өз алдына, ол небары 75 студентті паналата алады. «Колледжде 200-ден астам студент оқиды, ал жатақханамыз 75 орындық. Сол себепті студенттерді әлеуметтік жағдайына, оқу үлгеріміне қарай іріктейміз. Жатақхана бөлмесіне ілікпегендер пәтер жалдауға мәжбүр. Бұл мәселе тезірек шешімін тапса дейміз», – дейді Павлодар көлік және коммуникация колледжі директорының орынбасары Бекболат Сейітханов. Облыстық білім беру басқармасының бас маманы Гүлсім Сүйіндікованың айтуынша, өңір студенттерінің баспана мәселесі 2022 жылға дейін біртіндеп шешімін табады. Әуелі Ақсу қара металлургия, Павлодар көлік және коммуникация колледждері жанынан әрқайсысы 200 орын болатын студенттер үйі салынбақ. Жер бөлінген, қаржы қаралуда. Бөлінетін қаражат «көбелек келіп көбігін, жапалақ келіп жартысын ішкен» кеседегі сүттің кебін кимей, мақсатты жұмсалса болғаны.

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485