Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық 5604 8 пікір 24 Қыркүйек, 2018 сағат 10:00

2,5 миллион үйсіз қазақтың құқын кім қорғайды?

Ресми деректер бойынша Қазақстан халқының 57%-ы қалада тұрады. Бірақ, қалада тұрғанның бәрі қызыққа толы ғұмыр кешіп жатқан жоқ. Бала-шағаның қамы деп қала жағалаған ағайын жиған-тергенінің жартысын пәтер иелеріне санап беріп, үйсіз-күйсіз күн кешуде. Әрине, қала халқының бәрінің басында үй жоқ деуден аулақпыз. Құдай берген несібесін кертіп жеп, өз үйі өлең төсегінде алаңсыз жатқандар да жетерлік.

Тағы да ресми дерекке жүгінсек, елімізде 2,5 миллион адам баспанаға зәру. Ал осы баспанасыз жүргендердің басым көбі өзіміздің қаракөздер екені тағы рас. Бабасынан қалған байтақ даладан бір бөлмелі пәтер бұйырмаған біздің қазақ не билік басындағы безбүйрек қандастарына, не тәлейі тайқы түскен тағдырына өкпе артарын білмей басы қатуда. Амалсыз өмір көшінің бұйдасын ұстаған өзімшіл тіршіліктің соңынан еш қарсылықсыз еріп барады.

Қала жағалаған қазақтың көбі өзгенің пәтерін паналап жүр. Біз енді «қазақтың бәрі үйсіз емес» деген пікірмен келісетінімізді айта отырып, қаладағы қаймана қазақтың қайғы-мұңы — жалдамалы пәтерлер жайын сөз етеміз. Әрине, қолынан көп іс келетін, пысық жандар үшін жеке басының жағдайын оңдап алу қиын емес болар. Алайда, көпшілік қауым үшін алып шаһардан аз уақыт ішінде баспана алу тау қопарғанмен бірдей қиын шаруа. Екінің бірінің қолынан тау қопару келмегендіктен, амалсыз жалдамалы пәтер жағалайды.

Қиынның - қиыны сол жалдамалы пәтерлерде алаңсыз тұрудың өзі арман болып тұр. Ұрған сайын үлкейетін жалмауыздай жыл сайын қиындап бара жатқан нарықтық қоғам қазақтың қыл мойынына түскен бұғаудай буындырып барады. Жылдан-жылға нашарлап бара жатқан ел экономикасы күннен-күнге қымбаттап бара жатқан зат бағасына ілесіп қызметкерлердің жалақсын жоғарлата алмай отыр. Осыдан барып жалақысы бұрынғыдай аз қызметкерлер бағасы бірнеше есе өскен пәтерлерді жалдап тұруға мәжбүр. Айлығы шайлығына жетпейді деген сөз осыдан шығады…

Осындай қиын кезде онсыз да «жарты құдай» саналатын пәтер иелері пәтер жалдаушылардың мойнына мініп алған. Бұған заңдық танымы өскен, өз құқығын білетін жаңа заманның жастары да қарсы тұра алмай отыр. Үй иесі тарапынан құқығының бұзылып жатқанын біле тұра «күш қазандай қайнайды, күрсуге шама жоқ» деп күн кешіп жүргендер қаншама. Мәселен, пәтер иелері бүгін келіп, зат бағасы қымбаттауда, үй ақысын көтеремін дейді, ал ертең келіп, үйді босатуын талап етеді. Бұған қарсы тұрайын десе қолында заңды келісімшарты жоқ пәтер жалдаушы алмалсыз «жарты құдайдың» айтқанына көнеді.

Негізі ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда пәтер жалдаушының барлық құқықтары қорғалған. Онда «Жеке тұрғын үй қорындағы меншiк иесi тұрмайтын тұрғын үйдi ол жазбаша түрде жасалған шарт бойынша басқа адамға жалға бере алады» деп көрсетілген. Демек, кез-келген пәтер иесі үйін жеке тұлғаға жалға берерде міндетті түрде жазбаша келісімшартқа отыруы керек. Алайда, үйін жалға берушілер бұл талапты көзге ілмей отыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін айтайық, біз бірқанша пәтер иесіне хабарласып, үйін жалға алатынымызды айтып жазбаша келісімшарт жасасауды сұрадық. Алайда, krisha.kz қатарлы сайттарда үйін жарнамалап отырған «қожайындар» жазбаша келісімшарт жасасудан үзілді-кесілді бас тартты. Әрине, олар мұндай өз құқығын шектейтін қадамға бармайды.

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында көрсетілгендей үй иесі жалдаушыларды мезгілсіз мазалауға, қалай және кімдермен бірге өмір сүретінін тексеруге, жалға алу мерзімі біткенге дейін қандай да бір материалдық шығын өндіріп алуға шектеу қойылған. Алайда, тағы да сол жазбаша келісімшарттың жоқтығынан үй иесі пәтер жалдаушыларды аңдып, оларды бақылап-басқарып отыр. Ал бұндай әрекеттер қып-қызыл қылмысқа жатады.

Біз сөз етіп отырған «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 24-бабында (Меншiк иесi тұрмайтын тұрғын үйдi жалдау шарттары) жазылғандай, пәтерді жалға беруші-алушы қос тарап келісе отырып жасалан келісімшартты біржақты бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Жалға беру шартының күшi тараптар белгiлеген мерзiм бiткеннен кейiн не шартта көрсетiлген ахуал туғанда тоқтатылады. Жалға берушiнiң талап етуi бойынша шартты мерзiмiнен бұрын бұзуға жалдаушы жалдау шартының ережелерiн сақтамаған жағдайда, сондай-ақ осы Заңның 91-бабының 2 және 3-тармақтарында, 101-бабының 7-тармағында, 105-бабының 1-тармағындағы 1), 2) және 3) тармақшаларда, 106-бабының 5-тармағында, 107-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген негiздер мен ережелер бойынша жол берiледi.

Міне, кез-келген пәтер жалдаушы осы Заң негізінде үй иесімен жазбаша келісімшарт жасасатын болса, бос әурешіліктен алыс болар еді. Алайда, бүгінгі таңда пәтер жалға берушіден жазбаша келісім талап ету мүмкін болмай тұр. Біз жоғарыда айтқандай, өз құқығын шектегісі келмегендіктен болар пәтер жалға берушілер жазбаша келісімшарт жасасқысы келмейді. Егер сіз жазбаша келісімшарт талап етсеңіз сізге үйін жалға беруден бас тартады. Сен алмасаң алатындар толып жатыр. Әрине, келісімшарт талап етіп басын ауыртпай, айтқанына көнетіндер.

Заңгер Сәкен Ешмұратовтың айтуынша, пәтерді жалға алу туралы келісімді жазбас бұрын пәтердің жалға берушінің атына жазылғанына көз жеткізіп, үйдің нағыз меншік иесімен іс-әрекет жүргізіп жатқаныңызға көз жеткізуіңіз керек. Содан кейін құжатта жалға берілетін ғимараттың барлық сәйкестендіру сипаттамасы жан-жақты көрсетілуі тиіс: мекен-жай, жылжымайтын мүлік объектісінің түрі (пәтер, үй, саяжай), көлемі, қабаты. Келісімшартта сонымен қатар тараптардың құқықтары мен міндеттемелері жазылады және оны орындаудың шарттары белгіленеді — қандай тарап коммуналдық ақыны төлейді, кім және қандай жағдайда келтірілген залалдың орнын толтырады. Сома, төлемнің мерзімі (ай сайын, тоқсан бойынша), жалдау мерзімі талқыланады.

Алайда, Заң бойынша қорғалған осы құқықтарын пәтер жалдаушылардың өздері қарсы тарапқа жығып береді. Себебі, қатігез қаланың шақырылмаған қонағындай шарқ ұрып шапқылап жалдамалы пәтер іздеп жүрген қазақтың келісім жазайық деп кергіп тұруға күйі келмейді. Табанынан таусылып жүріп тапқан аядай үйден айырылып қалардай асығып, үй иесінің айтқанына көніп, көшіп кіріп алады. Осыдан кейін қораға кірген қойдай қоңыр қазаққа пәтер иесі қалағанын істейді. Қаласа пәтер ақысын көтереді, қаласа көшіріп жібереді.

Пәтер жалға берушілердің жазбаша келісімшарттан ат тонын ала қашуының бір себебі осы болса, тағы бір себебі мемлекетті алдау екені сөзсіз. Себебі, жалдаушы жалға беріліп отырған тұрғынжайда тұратын адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеуге міндетті. Алайда, жылжымайтын мүліктерді жалға берушілердің көбісі заңды түрде салық органдарында тіркелмей, жасырын әрекет етуге тырысады. Демек, жазбаша келісімшарт жасамай пәтерін жалға беретіндер Заңды белінен басып, салықтан жалтарып отыр деген сөз. Ендеше, бұлармен тек пәтер жалға алушылар ғана емес, мемлекеттік кіріс органдары қызметкерлері де күресу керек.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5359