Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 6712 0 пікір 17 Қыркүйек, 2018 сағат 11:35

Тәуелсіздік жылдарындағы діни ахуал

Тәуелсіздік жылдарында елімізде орын алған күрделі саяси-экономикалық жаңарулар мен өзгерулер ағымында мемлекет билігінің қайнар көзі болып табылатын халқымыздың рухани өмірі мен діни көзқарастары да бір жағынан толығып, ал енді бір жағынан әралуан бағыттар бойынша дамып, бүгінгі көптеген этникалық топтар мен түрлі діндерді ұстанатын зайырлы Қазақстан қоғамы қалыптасты. Жоғарыда айтқанымыздай, халықсыз билік болмайды, ал – дінсіз халық болмайды. Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы және мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тәуелді байланыс бар екенін ескерелік. Көптеген этникалық топтар мен діни сенімдерден құралған біздің қоғамымыздағы өтпелі кезеңде дін атаулының мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамсыздандырудағы рөлі, өндіруші күш болып табылатын халықты ұйымдастыру құдіреті, халықаралық қатынастардағы салмағы және еліміздің болашағы мен баяндылығына тікелей әсері өте анық көрініс берді.
Мемлекет – дін қатынастарының күрделілігі мен маңыздылығын түсіну үшін алдымен еліміздегі діни ахуалға шолу жасайық:
1. Тәуелсіздік жылдарындағы діни ахуал
Елімізде негізінен басты екі дін бар десек болады. Олар – ислам және христиандық. Ислам дінін ұстанушылар халық санының шамамен 67-70 пайызын құрайтын 24 этникалық топ. Республика халқының 58 пайызы қазақтар және оларға қоса ойғыр, татар, өзбек, түрік, курд, дүнген, шешен, әзірбайжан, башқұрт, ингуш, балкар қатарлы бауырлас халықтар түгелдей ислам дінін және оның ішіндегі сүнни (суннит) жолын ұстанады. Тек, әзірбайжан және курд халықтарының бір бөлігі мен шағын ирандық топ ғана шиға (шиит) жолын ұстанады. Бүгінге дейін көп білінбейтін шиғалар, әсіресе, IV Кәрім Ага Ханның (1936- ) елімізге жасаған сапарлары және «Халықаралық тау университетінің» Қазақстан бөлімшесінің ашылуы арқасында соңғы жылдары елімізде үгіт-насихаттарын күшейте түсуде. 2004 жылдың басындағы деректерге қарағанда елімізде 1648 мұсылман діни бірлестігі уә 1534 мешіт жұмыс істейді. Осы арада ислам дінінің Қазақстанның негізгі діні екенін және халқымыздың тарихында үйлестіруші, ұйымдастырушы һәм біріктіруші күш ретінде ең маңызды орын алғанын атап айтуымыз керек...
Қазақстандағы екінші орынды дін христиандықтың бүгінгі ахуалы исламмен салыстырғанда тым күрделі. Біздегі христиандық (мәсіхшілдік) алуан түрлі конфессиялар мен секталардан құралған және бір діни орталыққа бағынбайтын бытыраңқы көрініс береді. Христиандардың басым көпшілігі славяндық православие бағытында. 1956 жылы республика көлемінде 55 православие жамағаты (приход) болса, бүгінгі күні 240 діни бірлестік уә 8 монастыр жұмыс істейді. Қазақстандағы православие шіркеуінің тікелей Мәскеу Патриархтығына және Қасиетті Синодына бағынатын митрополиттік деңгейіндегі бөлім екенін ескерелік...
Христиандықтың еліміздегі екінші тармағы католицизмді ұстанатын шағын топ. Олардың өзі екі топқа бөлінеді: Рим католик шіркеуі және Грек католик шіркеуі. Бұл екі шіркеу негізінен Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында белсенді жұмыс істеуде. Республика көлеміндегі католик жамағаттардың саны 38, діни бірлестіктер 80 мөлшерінде. Шетелдердегі католик шіркеулері, әсіресе Ватикан және АҚШ-та орналасқан католик ұйымдары Қазақстанда миссионерлік іс-әрекеттерді белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Бүгінгі күні елімізде материалдық қамсыздандырылған 150 шетелдік католик миссионердің (ресми тіркелгендері ғана – М.Б.) тоқтаусыз үгіт-насихат жұмыстарымен шұғылданып жатқанын айтсақ жеткілікті. Сонымен қатар католиктердің Қарағанды, Астана, Павлодар қалаларында діни оқу орындары мен басылымдары бар екенін айта кетелік.
Христиандардың саны аз болғанымен ең көп тармаққа бөлінген тобы – протестанттар. Қазақстандағы ең басты протестант шіркеулері Евангелиялық христиан-баптистер, жетінші күннің Адвентистері және Лютерандар. Еліміздегі баптистердің саны 10-15 мың адам, дегенмен олардың жамағаттарының саны 300 мөлшерінде. Кейбір баптист топтардың ресми органдарда тіркелуден бас тартып келе жатқанын да ескерген жөн. Лютерандардың орталығы Астана қаласында орналасқан, 70-тей діни жамағаттары бар, негізінен немістер арасында көп таралған. Адвентистердің де орталығы Астана қаласында. Осы аталған протестант мәзһәбтары (конфессиялары) елімізде тек өткен ғасырда ғана пайда болғаны, Кеңес билігі кезінде (1917-1991) қоныс аударған келімсектер арқылы елімізге келгені белгілі. Жаңа елордамыз Астананың діни орталық ретінде таңдалуы осы шіркеулердің орталық және солтүстік аймақтарда етене жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде.
Протестанттықтың жаңа формалары, әсіресе, тәуелсіздік жылдарында елімізде өте белсенді миссионерлік іс-қимылдарды жүзеге асырып, бір сыпыра азаматтарымызды өз қатарына тарта білді. Олар негізінен АҚШ-та орналасқан протестант миссионер ұйымдары. Елуліктер, Методистер (Біріккен Методист шіркеуі – АҚШ, Флорида уилаяты), Мун сектасы (Оңтүстік Корея), Меннондар, Пресвитериандар (АҚШ), Жаңа апостолдар шіркеуі (АҚШ), Әлемдік Қырман Шіркеуі (АҚШ, Колорадо уилаяты), Қожайындар шіркеуі (АҚШ, Флорида уилаяты), Агапе, Жаңа өмір шіркеуі, Ізгі хабар, Иеһоуа куәгерлері (АҚШ) т.т. Елімізде протестанттықтың 20 шақты сектасы және мыңнан астам діни бірлестіктері мен қоғамдарының қызмет етіп жатқаны біраз нәрсені аңғартса керек. Күн сайын шетелдердегі протестант шіркеулерінің жаңа тармақтары елімізге миссионерлерін жөнелтуде. Олардың ең басты мақсаты – Қазақстанды інжілдендіру (евангелизация) және қазақ халқын түгелдей өз нанымдарына инандыру болып табылады. Осы арада АҚШ-тағы діни фундаментализмнің негізін қалаған протестант шіркеулері екенін есте сақтаған жөн...
Қазақстанда мұсылмандар мен христиандар жалпы халықтың шамамен 97 пайызын құрайды. Бұларға қоса елімізде көптәңірлі (политеистік) және атеистік бағыттағы нанымдарды ұстанатын шағын топтармен қатар біртәңірлі (монотеист) йаһұдилік (иудаизм) дінінің уәкілдері де бар. Әсіресе, йаһұдилер (еврейлер) мен олардың діни бірлестіктерінің саны тәуелсіздік жылдарында шектен тыс артқан. Тәуелсіздікке дейін бірде бір діни ұйымы болмаған йаһұдилердің бүгінгі күні 25 діни бірлестігі және барлық облыс орталықтарында дерліктей синагогалары жұмыс істеп жатыр. Орталық Азия бойынша ең үлкен синагога жуырда Астана қаласында ашылған. Израил, АҚШ және өзге елдердегі бас раввиндер елімізге жиі келіп, ресми адамдар, кәсіпкерлер және жамағат уәкілдерімен кездесулер өткізуде. Қазақстан йаһұдилері құрылтайы «Шалом» деп аталатын газет шығарады. Йаһұдилердің елімізде санының артуы және діни іс-шараларының бұдан да дамуы күтілуде...
Соңғы жылдары елімізде үгіт-насихат жұмыстарын күшейткен дәстүрлі емес діни ағымдар қатарынан «Сайнтология шіркеуі», Бахаизм, Қадияния (Ахмадия), Кришна қоғамы, Сатанизм, Виссарионство шіркеуі сияқтыларды атауға болады.

2. Мемлекет және дін қатынастары
Қазақстан Республикасы Ата Заңында көрсетілгендей зайырлы мемлекет болғандықтан, тәуелсіздіктен кейінгі жылдары мемлекет органдарының діни ұйымдардың жұмыстарына бақылау функциясынан тыс тікелей араласпағаны белгілі. АҚШ мемлекет басқармасының «Демократия, адам құқықтары және еңбек бюросы» жариялаған «Қазақстан – халықаралық діни бостандық есебі» (2002 ж.) де осыны растайды. Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, дін мемлекетті қалыптастыратын негізгі әлеуметтік институттардың бастыларынан және азаматтық қатынастарда маңызды рөл атқаратындықтан мемлекет ұйымдары мен құрылымдарының ішінде дін саласымен жұмыс істейтін мекемелер уә органдар болуы заңды. Осы орайда ҚР Үкіметі қарамағында діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңес құрылған. Кеңестің облыстар мен Астан, Алматы қалаларындағы бөлімшелері тікелей діни бірлестіктер және жамағаттармен, сонымен қатар әкімдіктер, Әділет министрлігінің тіркеу қызметі, Ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мәдениет министрлігі сияқты құзырлы мекемелермен етене байланыс жасайды.
Конституциямыз бойынша орталығы шетелдерде орналасқан діни ұйымдардың Қазақстандағы басшыларының тағайындалуы «тиісті мемлекет мекемелерімен үйлестіре отырып» жүзеге асырылуы керек. Бұл жерде де сәл ойлануға тура келетін жәйттер бар секілді. Жоғарыда көрсетілген көптеген діни ұйымдар мен миссионерлер және экстремистік бағыттағы зиянды ағымдардың шектен тыс қажыр-қайрат жасауы салдарынан бүгінгі күні еліміздегі діни ахуал аса күрделі қалыпта десек болады. Ал, осы күрделі ахуал ертеңгі күні қандай болмақ? Тиісті шаралар бүгін қолданылмаса, бірнеше жылдан кейін діндер арасы қатынастар қандай кейіпте болмақ? Осындай мәселелерді ойлаған сәтте шетелдік ұйымдардың еліміздегі жүз мыңдаған яки миллиондаған азаматтарымыздың рухани тізгінін қолда ұстауы бір жағынан «ішкі істерге қол сұғушылық» болса, ал екінші жағынан әлеуметтік балансты теңселтетін нәтижелерді алып келетін қауіпті күш болуы мүмкін. Бұған қоса айтпағымыз, болашақтағы президент және парламент сайлаулары кезінде (құдды АҚШ-тағы сияқты) шетелдік діни ұйымдар біздегі жамағаттары арқылы Қазақстандағы белгілі бір тұлғаны яки саяси партияны немесе топты қолдауы, сол арқылы мемлекет билігіне ие болуы да әбден ықтимал...
1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заң бойынша азаматтар діни бірлестіктер құра отырып, ұйымдаса алады. Діни бірлестіктерді Әділет министрлігінде тіркеудің өзіндік шарттары бар. Бұл шарттар орындалғанда ғана бірлестіктер тіркеледі және қызмет атқара алады. 30.01.2001 ж. қабылданған ҚР «Әкімшілік заң бұзушылықтар жөніндегі Кодексі» ҚР соттарына белгілі тәртіп бойынша тіркелмеген діни бірлестіктердің жұмысын тоқтатуға немесе айыппұл салуға құқық берген. 2001 жылғы ақпан айынан бастап Республикамыздың кейбір аймақтарында аталмыш заң бұзушылықтар орын алып, ҚР соттары тиісті шараларды қолданған. Мәселен, Қызыл-Орда қалалық соты 14.03.2001 ж. шешімімен белгілі тәртіппен тіркеуден өтпеген «Иеһоуа куәгерлері» жамағатының жұмысын тоқтатқан. Сол сияқты, Атырау облысы Құлсары аудандық соты 02.05.2001 ж. «Иман» баптист шіркеуінің жұмысын тіркелгенге дейін тоқтату жөнінде үкім шығарған. Құлсарыда Тараз Сомаляк есімді «Пентекосталь» шіркеуінің (фундаменталист бағыттағы протестант сектасы – М.Б.) қызметкерінің ресми тіркеуден өткенге дейін үгіт-насихат жасауына тыйым салынған. Осы орайда айта кететін бір маңызды жәйт – жоғарыда келтірілген Қызыл-Орда қаласындағы «Иеһоуа куәгерлері» жамағатының басшылары Гүлжахан Жарықова және Бақыт Алтаев есімді Қазақстан азаматтары екені және оларға сот тарапынан 7,750 теңге айыппұл салынғандығы. Құлсарыдағы «Иман» шіркеуінің ұйымдастырушылары да Құрманғазы Әбдімұратов және Асхат Әлімжанов есімді қазақ азаматтары екені назар аудартады. Нағыз қазақи ортада миссионерлік жасап, шетелдің діни сенімдерін елімізде таратып жатқан ұйымдардың қандай дәрежеге жеткені және қандай аймақтарды мекен еткені біраз нәрседен хабар бергендей...
Бұлар сияқты елімізде ислам атын жамылып, әртүрлі негізсіз һәм зиянды үгіт-насихат жүргізіп жатқан діни ағымдар да баршылық. Бұлардың ішінде баспасөз бетінде жиі аталатыны және қоғамдық тыныштыққа нұқсан тигізушісі «Хизб-ұт Тахрир» ұйымы. Құран Кәрімде «халифат құру» туралы ешқандай мәлімет келтірілмегеніне қарамастан, бұл ұйым Орталық Азиядағы елдердің орнына «халифалық» мемлекет орнатқысы келеді. Құран Кәрімде баяндалған шынайы исламның насихатталу деңгейінің төмендігін және сауатты мамандар мен дінтанушылардың аздығын пайдаланған осындай ұйымдар, әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарында біршама жастарымызды қатарына қосып та кетті. Қырғызстан, Өзбекістан, Тәжікстан және ҚХР елдерінде белсенді әрекет жасап жатқан осындай ұйымдар мұсылман мемлекеттерінің тұрақтылығына зиян тигізумен қатар, ислам дінінің имиджін бұзу және мұсылман жастарды дінде орны жоқ нәрселерге үйрету арқылы екі есе үлкен зиян тигізіп отыр. Орталық Азиядағы бауырлас республикалардың мемлекет институттары нығайған сайын және әлеуметтік-экономикалық өмір сүру деңгейі жоғарылаған сайын осындай зиянды ұйымдардың ықпалы азаймақ. Дегенмен, азаматтарымызға ненің орны исламда бар, ал не нәрсенің орны жоқ екенін дұрыстап үйретпейінше қауіптің алдын алдық деуге сірә болмас. Сонымен қатар әлгіндей ұйымдардың аталуындағы «ислам», «Аллаһ» сөздеріне мән беруден гөрі, олардың іс-әрекеттерінің исламға қаншалықты сәйкес екеніне көңіл бөлген жөн. Кейбір Батыс елдерінің ислам дінін бұрмалау мақсатымен ислам атын жамылған ұйымдарды құрғызғаны және оларды жан-жақты қамсыздандырып тұратыны белгілі. Олар кейде «Хизб-ұт Тахрир» сияқты саяси кескінде болса, кейде ардақты ата-бабаларымыздың есімдерін өз меншігіне айналдырып, халықты нағыз ата-бабаның бұрынғы жолына шақырғансымақ болып жүрген суфи тариқаты формасында да болуы мүмкін.
Еліміздегі мемлекет және дін қатынастары турасында айта кететін өкінішті бір мәселе – ешбір діни мейрамның мемлекет дәрежелі мейрам ретінде бекітілмегені. Мұсылмандардың «Құрбан айт» және «Ораза айт» мерекелеріне Қазақстанмен көршілес елдердің барлығында да ресми демалыс берілгеніне қарамастан, бізде әлі сең жібитін емес сияқты. Жуырда сайланған Мәжіліс депутаттары осы мәселені алғашқы кезекте қарап, азаматтарымызды қатты алаңдатып отырған үшбу көкейтесті мәселеге дұрыс шешім тапса игі еді. Өткен шақырылымдағы кейбір Мәжіліс депутаттары, ішінде өзіміздің қазақ азаматтарымыз да бар, діни мерекелерге ресми демалыс беру туралы заң жобасы түскенде «біз атеиспіз» деп шыға келгені әлі есімізде. Мұндағы мәселе депутаттың діни сенімінде емес, оған дауыс берген мыңдаған сайлаушылардың діни сенімінде екені әлгі азаматтарды аса мазаламаған сияқты. Біз алуан этникалық және діни топтардан құралған Малайзия мемлекетінің тәжірибесін дұрыс пайдаланып, ең болмағанда Құрбан айтқа үш күн, ал Ораза айтқа бір күн, сондай-ақ, православие шіркеуінің Рождество мерекесіне бір күн ресми демалыс берсек, бұдан тек елімізге, мемлекетімізге пайда болатыны анық. Ай-күннің аманында «халықаралық ұйымдар сынайды» деп, байбалам салатындар осы мәселеге келгенде неге жақ ашпайды, деп сұрағым келеді.
Мемлекет-дін қатынастарының өзекті бір мәселесі азаматтардың дін саласында білім алу, оқу құқығын пайдалануы. Еліміздегі «Білім» туралы заңда бұл мәселе толық шешімін тапқан емес. Бүгінгі күні Қазақстанда 8 діни жоғары оқу орны, 6 орта дәрежелі діни оқу орны мен 3 жалпы білім беру мекемесі жұмыс істеуде. Жоғары оқу орындарынан екеуі мұсылмандардікі. Олар «Нұр-Мұбарак Мысыр ислам мәдениеті университеті» және ҚМДБ қарамағындағы «Имамдардың біліктілігін жетілдіру институты». Бұған қоса 1 католик, 1 лютеран және 4 протестант оқу орны бар. Енді осы діндер мен мәзһәбтарды (конфессияларды) ұстанатын адамдардың жалпы санына шағатын болсақ, сан жағынан ең аз болып табылатын протестанттардың еншісіне ең көп жоғары оқу орны, ал мұсылмандарға болса ең аз оқу орны түсетіні байқалады. Қайталап айтқанда, протестантизм бағытындағы діни бірлестіктер мен діни оқу орындарының саны бәрінен жоғары...
3. Қазақстандағы ислам мәселелері
Қазақстан мұсылмандарының діни істерін ұйымдастырып, діни бірлестіктер, мешіттер және шетелдердегі мұсылман ұйымдарымен халықаралық қатынастарды реттейтін дербес мекеме «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы» діни бірлестігі деген атпен 1990 жылы құрылды. Оған дейін «қазият» деңгейіндегі діни мекеме ретінде қызмет атқарған бұл ұйым бүгінгі күні еліміз мұсылмандарының ең басты ислами ұйымы. 2000 жылғы маусым айындағы құрылтайда ҚМДБ төрағалығына білікті ғалым, арабист және дипломат, профессор Әбсаттар Дербісәлі (1947- ) сайланды. Өткен 3-4 жыл көлемінде тоқырап қалған кейбір мәселелер оң шешімін тапты. Мысалы, Алматыдағы орталық мешіттің ашылуы, әл-Фараби даңғылы бойындағы университеттің ашылуы, діни басылымдардың сан және сапа жағынан бір шама жоғары сатыға көтерілуі, облыс орталықтары мен Астана қаласында жаңа мешіттердің салынуы т.т.
Алдымыздағы уақытта мынадай мәселелер оң шешімін тапса еліміздегі мұсылманшылықтың жүйеленуі уә тұтастануы жағынан үлкен жетістіктерге жетер едік:
Біріншіден: Ең маңызды проблема еліміздегі мұсылмандардың белгілі бір жүйе бойынша ұйымдаспағанында және ислами үгіт-насихаттың дініміздің негізгі бұлағына, яғни Құран Кәрімге толыққанды сәйкестік қағидасы бойынша жүзеге асырылмауында. Әсіресе, өзге мұсылман мемлекеттерінде орталықтары орналасқан суфизм бағытындағы эзотерикалық тариқаттар уә діни ұйымдардың, қайырымдылық қорларының белсенді қамданыста екенін айтуымыз шарт. Бұлардың үгіттері исламның бірегей қасиетті кітабы Құран Кәрімнің үкімдерімен көп жағдайларда қабыспайды және дінге кейіннен қосылған әр түрлі негізсіз ырымдар мен нахақ нанымдарды (бидғаттар мен хұрафаларды) қамтиды. Бір ұйымның ақ дегенін екінші бір ұйым қаралап жатқан жағдайлар жиі кезігеді. Сонымен қатар, діни топтар мен жамағаттардың арасындағы келіспеушіліктер қоғамдық тәртіп пен халқымыздың береке-бірлігіне нұқсан тигізуі әбден мүмкін. Дінге енді бет бұрайын деп жатқан кейбір азаматтарымыз да осындай күрделі жағдайды көріп, діннен жеріп кететіні, тіпті, басқа діндерді қабылдайтыны да шындық...
Екіншіден: Ислам ғылымдарын оқыту және ғылыми зерттеулерді белгілі бір жүйеге салу мәселесі де жөнді шешімін тапқан жоқ. Бұл сала мамандары мен исламтанушылардың, діни кадрлардың жетіспеуінің басты себебі. Шындығында оқу жүйесі мен кадрлар біріне бірі тәуелді екі мәселе. 2000 жылғы қыркүйек айында ҚР Сыртқы істер министрлігі мұсылман елдеріндегі діни оқу орындарында оқып жатқан студенттердің елімізге қайта шақырылатыны туралы хабарлады. Түркия, Иран, Пәкістан қатарлы елдердегі талабаларымыз елге оралып, мұндағы университеттерге, атап айтқанда жаңадан бой көтеріп келе жатқан «дінтану» бөлімдеріне түсті. Оқу базасы және оқытушы кадрлар мәселесі толық шешілмеген осы бөлімдерді бітірген студенттер нағыз дінтанушы яки исламтанушы болды деп айту қыйын. Қазір де шетелдерде студенттеріміз оқып жатыр. ҚМДБ тарапынан Мысыр және Түркияға жіберілген бір сыпыра жастарымыз білім алуда. Алғашқы түлектер елге оралып, мешіттер мен жоғары оқу орындарында қызметке кірісіп те кетті. Ендігі мәселе, шын мәнінде дін ғылымдарын жете меңгерген, көкірегі һәм көзі ашық, осы заманғы ғылыми жетістіктерден хабардар һәм заманауи талаптарға сәйкес кадрларды дайындау.
Үшіншіден: Жоғарыда келтірілген бірінші және екінші проблеманың оң шешімін табуы мұсылмандардың Құран Кәрімді дұрыс түсінуіне тікелей байланысты. Құранды дұрыс түсінбейінше исламды түсіну мүмкін емес десек артық айтқандық болмас. Құранды лайығыншы түсіну екі жолмен ғана болады: 1-арабшаны меңгеру 2-Құранның мағынасын дұрыс жеткізетін сапалы тәржімесін жасау. Азаматтардың барлығын арабшаға үйрету мүмкін емес, сондықтан, қолымыздан келетіні қасиетті кітабымыздың бүгінгі ғылымдар негізінде, адамзаттың өркениет деңгейін есепке ала отырып және шынайы ғылыми жетістіктер бойынша ислам тарихына қайтадан талдау жасай отырып аудармасын жасау. Өкінішке қарай, бүгінге дейінгі жасалған тәржімелер дәстүрлі тәфсірлер мен аудармалардың әсерінен аса алған жоқ және Құранымызды бүгінгі ұрпақтарға түсіндіру ісінде жетіспеушіліктері мол. Меніңше, ҚМДБ-ның алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі осы мәселені шешу болуы керек. Құранның жаңа аудармасы йаһұди және христиандардың, сондай-ақ суфилердің аңыздары (исраилият) мен хиял-ғажайып уақиғалардан, бос сенімдер мен ғылымға қайшы келетін тұжырымдардан ада болуы керек. Мүмкін осы аударма жұмысын жасау үшін арнайы комиссия құрылар...
Төртіншіден: біз бір ащщы шындықты мойындауымыз қажет. Ол тәуелсіздікті алған жылдары елімізде дін мәселесін жете меңгерген мамандардың болмағандығы және мемлекет билігінің жоғары сатысында жүрген азаматтарымыздың осы мәселенің маңыздылығын жете бағаламағандығы. Хош, бүгінгі халіміз қалай деп сұрағым келеді. АҚШ, Израил және Еуропа елдеріндегі депутаттар мен жоғары лауазымды тұлғалар өз діндерін терең зерттеген адамдар және олардың басым көпшілігі миссионер ұйымдарының яки діни басылымдардың қақморшысы, құрылтайшысы немесе мүшесі. Біздегі бір жағынан алғанда табиғи (өйткені ұзақ жылдар бойы атеист түзім тәрбиелеген ұрпақтар) кемшілік салдарынан дінімізді лайықты деңгейде және формада насихаттау жұмыстары іске асырылмады, құқық тұрғысынан алғанда заңдардың өз ішінде және заң мен өмір арасында келіспеушіліктер пайда болды. Сондықтан, тағы бір маңызды проблема діни қатынастарды реттейтін заңдарды қайтадан қарап, қажетті орындарын өзгертіп яки толықтырып, мемлекет пен ұлт мүддесін ескере отырып қайыра қабылдауымыз керек.
Бесіншіден: Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының құқықтық және әкімшілік мәртебесін нығайтуымыз керек. Ұлтты құрайтын ең басты құндылықтың бірі дін екенін жоғарыда атап кеттік. Дін институтының мемлекеттің қалыптасуындағы және өмірдің өзге де салаларындағы маңыздылығын баяндадық. Демек, осындай маңызды салаға мемлекет бейғам қарай алмайды. Біз Конституциямызда көрсетілген зайырлылық қағидасын қатаң сақтай отырып, халықаралық тәжірибелерді зерттеу арқылы мүмкін Қазақстанға тән жаңа бір әдіс табуымыз керек. Бүгінгі заңдар шеңберінде ҚМДБ және оның қарамағындағы діни бірлестіктердің құқықтық мәртебелері бірдей. ҚМДБ-ның діни әдебиеттерді құрастыруы, бекітуі және бастыруы, діни оқу орындарын ұйымдастыруы, ел көлемінде біркелкі діни үгіт-насихат жасалуын қамсыздандыруы, халықаралық қатынастарға шығуы және Республикадағы атқарушы, заң шығарушы және сот билігімен қатынастары жаңа заңнамалар уә құрылымдық өзгерістер бойынша дұрыс жолға салынуы керек. Осы мәселені шешкен кезде ҚМДБ-ын қаржыландыру және басқару тетіктерін де жетілдіруіміз шарт.
Алтыншыдан: Маңызды проблеманың бірі еліміздегі миссионерлік әрекеттерді қатаң бақылау және әсіресе мұсылмандардың басқа діндерге кетуінің алдын алу мәселесі. 2001 жылы талқыға түскен жаңа заңның Үкімет тарапынан қайтарылып алынғандығы естеріңізде болса керек. Содан бері жаңа заң қабылданған жоқ. Кейбір деректерде 100 мың, ал енді кейбір газет хабарламаларында 500 мыңға жуық қазақтар басқа діндерді қабылдаған делінеді. Бүгінге дейін дінге бөлінбеген халқымыздың енді азаттыққа қол деткен шақта алуан түрлі діндерге бөлінуі болашақта аса маңызды проблемаларға апарып соқтыруы, тіпті мемлекетіміздің іргесін шайқалтуы әбден мүмкін. Елімізде христиандықты таратушы ұйымдар мен өзге де миссионерлердің жарғылық құжаттарында бірінші кезекте қазақ халқын шоқындыру мәселесінің алға тартылуы кездейсоқ емес. Егер мүмкін болса, еліміздегі өтпелі кезең белгілі бір дәрежеге көтеріліп, саяси-экономикалық ахуал тұрақтанып, азаматтарымыз алдымен өздерінің дәстүрлі діндерін жете зерттеп, түсініп алғанға дейін миссионерлік әрекеттерге тоқтау салуымыз қажет...

Мұртаза Бұлұтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512