Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3498 0 пікір 4 Қыркүйек, 2018 сағат 03:07

Түркістан облысынан Солтүстікке көшкендер көп

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қа­зақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдау­ындағы «Үшінші кешенді міндет − еңбек нарығын жаңғырту» атты бөлімін­де басы артық жұмыс күші бар өңірлер­ден басқа жерлерге, ауылдардан қала­ларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тарту­ға қолдау көрсету жөнінде орынды атап көрсетілген болатын. 

Таратып айтқан­да, еңбек ресурстарының ұтқырлы­ғын арттыруға байланысты облыстың хал­қы тығыз орналасқан аудандарынан республикамыздың шалғайдағы өңір­лері­не халықты көшіру барысы туралы айт­қаны мәлім. Тәуелсіздік кезеңіндегі көрсеткіштерге көз салсақ, еліміздің Оңтүстік өңірлерінде халық саны көбейсе, керісінше Солтүстік аймақтарда халық саны едәуір азайған. Айталық, СҚО-да 2004-2014 жылдар аралығында 100 мың адамға азайғаны ресми деректерде көрсетілген.

Түркістан облысы, Алматы облысы, Жамбыл облысы, Маңғыстау облыстарында бала туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда шамамен 24-26 баладан тура келсе, Солтүстік өңірлерде 13-15 бала мөлшерінде қалып отыр. Осы мысалдан-ақ Оңтүстік өңір халқының өсу барысы байқалса керек. Дегенмен, бұл облыстарда халық санының артуына мұнан басқа да факторлар түрткі болып отыр.

Өздеріңізге мәлім, республикада халқы тығыз өңірлерден халқы сирек орналасқан өңірлер­ге халықты қоныстандыру жұ­мыс­­тары 4 жылдан бері жүзеге асы­рылып келеді. Журналист С.Жексенбаевтің жазуынша, Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысының 2014 жы­лы Шығыс Қазақстан облысы­мен, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысымен халықты жұмыспен қамту жөнінде ынты­мақ­тастық меморандумдары тү­зілген. Ал 2014-2016 жылдары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде аталған облыстан бар­лы­ғы 154 отбасы қоныс аударып, көшу шығындары өтелді. Аталған басқарма тарапынан қоныс аударған азаматтарға сол өңірдегі уәкілетті органдар ар­қылы мониторинг жұмыстары да жүргізілген. Қоныс аударған аза­мат­тардың 48-і ауыл шаруа­шы­лығымен айналысса, білім са­ласында 42 азамат қызмет ат­қаруда. Бұдан бөлек, жергілікті атқару органдарында 11, қызмет көрсету саласында 12, денсаулық сақтау саласында 7 адам еңбек етіп жүргені анықталды. Біздің өңіріміздегі мұндай игілікті әре­кетті қанатқақты жоба ретінде қарастырып, сәтті өткен эксперимент ретінде бағалауға болады.

Қазақстан Республикасы Үкіметі 2018-2022 жылдарға ар­налған өз еркімен қоныс ау­да­рушыларды ынталандыру, іш­кі көші-қон саясатын жүзеге асыру мақсатында «Оңтүстік-Сол­түс­тік» жобасын дайындауда. Се­бебі, республикамыздың сол­түс­тік облыстары халқының саны (Сол­түстік Қазақстан, Шығыс Қазақ­стан, Қостанай, Павлодар) жыл сайын кеми түсуде. Расында да Оңтүстік Қазақстан об­­лы­сы − артық жұмыс күші бар, респуб­­л­и­кадағы халқы тығыз орналас­қан аймақ­тардың бірі. Оның үстіне өңір­дің таби­ғи-климаттық және геогра­фиялық жағ­дайының қолайлы болуы да адам капи­талының дамуына оң әсе­рін тигізетіні сөз­сіз. Ресми деректерге жү­гінсек, соңғы бес жылда халық саны 272,8 мың­ға не­ме­се 24 пайызға ар­тып, бүгінде тұрғын­дар 2 861,3 мың адам­ға ( оның ішінде жұ­мыс­сыздар саны 62,7 мың) жетті. Сөйтіп, республика хал­қы­ның 16,1 пайызын құрап отыр. Ішкі көші-қон (миграция), яғни ха­лық­тың об­лыстан көшуі мен келуі бары­сын­дағы айырмашылықты қоса алған­дағы көр­сеткіштің өзі өсу динамикасын байқатады.

Әрине, еліміздегі үшінші мегаполис болуға ұмтылған шаһарға қарай халықтың шоғырлана түсуіне заңды құбылыс ретінде қарауымыз қажет-ақ. Өйткені, облыс орталығы − Шымкент қаласына қоныс тебушілер қатары кө­­бейіп тұр. Мұны төмендегі деректер дә­лелдей түседі. Бүгінгі таңда облыс бо­йынша тұрғын үй салуға жер телі­мін алуға 173 мыңға жуық адамның өтіні­ші тіркелсе, 49 мыңға жуық адам бас­па­на кезегінде тұр. Ал, осыған әлі де құ­жат­тарын ресімдеу қаракетінде жүрген, тір­кеуге тұрып үлгермегендерді қосыңыз.  Өңірдің экономикалық белсенді халқының жұмыспен қамтылғаны 1147,2 мың адам екен. Оның құ­ра­мында өз­ді­гінше жұмыспен қамтылғаны 502,8 мың адамнан асады. Бұл не деген сөз? Біз­дің ағайын­дардың «жұмыс жоқ» деп жүні жығыла салмайды. Жоқ жер­ден жұ­мыс таба қояды. Өз авто­кө­лігін «такси» ете салады. Үлкенді-кішілі кеңсенің маңайын «ақылы» автотұраққа айналдырып, мәшине кіргізіп-шығарудан да өз нәпақасын айырып отырғандар аз емес. Жұмыс іздеген адам әйтеуір «осылай» ай­налысатын кәсібін тауып ала береді. Нарық заманына бейім мұндай жандар жал­пы жұмыспен қамтылғандардың 43,8 пайызын құрайды екен. Ал облыс бойынша өздігінше жұмыспен қам­тыл­ғандар үлесі республикада ең жоғары көр­сет­кішті көрсетіп отыр.

Ішкі көші-қонды реттеу бо­йын­ша облыста бұл жұ­мыстар биыл да жалғасын тау­ып, Еңбек және халықты әлеу­меттік қор­ғау министрлігінің қа­тысуымен биылғы жылдың сәу­ір айында өңір­аралық бірігуді дамытудың шара­лары бірнеше аудандарда ұйым­дастырылды. Мұндай іс-шараға барлығы 5780 азамат қатысып, 672 отбасы (2019 отбасы мүше­лері­мен) қоныс аударуға ниет білдірді. Осы азаматтардың 1008-і еңбекке қа­бі­летті болса, олардың 116-сы ауыл шаруашылығымен, 98-і кә­сіп­кер­лікті дамытумен, 794-і мемле­кет­тік кәсіпорындарда жұ­мыс істеу­ге талаптанып отыр.

2017 жылы қоныс аудару­шы­ларға 288 отбасына квота бе­кі­тілді. Бұл квотаға енген бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесінереспубликалық бюджеттен бір реттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері — 35 АЕК, 84 175 теңгеге тең.
– Коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеуге 12 айға дейін:

Қалалық жерге қоныс аударғандар үшін:
– 1 адам үшін — 20 АЕК (48100 теңге);
– отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 25 АЕК (60125 теңге);
– 5 жан және одан көп болса — 30 АЕК (72150 теңге)
2. Ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін:
– 1 адам үшін — 15 АЕК (36075 теңге);
– отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 18 АЕК (43290 теңге);
– 5 жан және одан көп болса — 21 АЕК (50505 теңге)материалдық көмек көрсетіледі.

Егер де тұрғын үй сатып алғыңыз келсе, бірақ қолыңызда қаржыңыз болмаса, бұл соманың бір жылдық жиынтығын бірден алып, үй алуға болады. Айта кетер бір жайт, бағдарламаға қатысушы отбасы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға қол жеткізуі үшін, жанұяның ең болмаса бір мүшесі міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Ал жергілікті билік оларды жұмыспен қамтуға міндетті.

Осындай мүмкіндіктер жасап оңтүстік халқын солтүстікке шақыру бағдарламасы өз жемісін бермей қалған жоқ. Бағдарлама аясында 2017 жылдың алғашқы жартысына дейін рес­пуб­лика бойынша 119 отбасы қо­ныс аударса, оның 99-ы (262 от­­басы мүшелерімен) Оңтүстік Қазақстан облысынан (Қостанай – 7, Павлодар – 13, Солтүстік Қа­зақстан – 44, Шығыс Қазақстан – 35) өзге өңір­лерге көшпек. Оның ішінде 64 от­басы нақты квота алу үшін құжат­тарын (Сарыағаш ауданынан – 11, Мақтаарал ауданынан – 3, Шардара ауданынан – 2, Сайрам ауданынан – 12, Түлкібас ау­данынан – 3, Ордабасы ауданы­нан – 3, Түркістан қаласынан – 2, Шымкент қаласынан – 28 отбасы) тапсырды. Осы мәліметтерге қарап «Оңтүстіктен-Солтүстікке» жобасы аясында терістікті бетке алған халықтың көбі Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысынан екенін аңғару қиын емес.

Ерлан Әбікенұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381