Жұма, 22 Қараша 2024
Ел іші... 5608 9 пікір 26 Қыркүйек, 2018 сағат 09:18

Біз осы қазақпыз ба?

Біз осы қазақпыз ба? Біздің ана тіліміз қазақ тілі ме? Біздің тіліміз қазақ тілі болса, мемлекеттік тіл қазақ тілі болса, несіне онда өңкей қазақ халқы, қазақ ұлты орналасқан ел ішіне орысша жарнамалар ілеміз? Неге біз өз тілімізді ылғи орыс тілімен үнемі жаншып тұншықтырып отырамыз? Әлде көрінген қара домалақ қазақ сендердің көздеріңе шикі орыс болып көріне ме?

Жылойда өңкей орыс жарнамаларына жол жоқ! Егерде, "орыс тілін дамытамын, онсыз маған өмір жоқ, орыс тілі мәңгі жасасын, орыс тілін барынша қорғаймын әрі сақтаймын" дейтіндерің болса, онда ондай іс-әрекеттеріңді Ресейге барып қалағандарыңша жасаңдар! Біздің Жылойда орыс тілі үстемдік құра алмайды! Біз орыс тілінде ілінетін жарнамаларға түбегейлі қарсымыз! Біз өз ана тіліміздің аяқ асты жаншылуына ешуақытта мүмкіндік те, жол да бермейміз!

Жылой ауданында 80 мыңдай халық бар деп есептесек, оның 99, 99 пайызы қазақтар! Қазақ арасында орыс тілінің қамын ойлаған намыссыздарға "өз тілдерің тақияларыңа тар келді ме, әлде орыстың уызына әбден жарығансыңдар ма" демекпіз!

Біздің Жылойда тіл қорғау жұмысы ақсап тұр. Бізде қазақ тілін көзге ілмейтін жарнамаларды бақылау ұйымы бар ма? Болса олардың атқаратын қызметтері қандай? Қоршаған ортада өз тіліміздің дамуына өз қолымызбен бөгет қойып келе жатқан сорлы халықпыз, оны мойындауымыз керек!

Құлсары ішінде орысша жарнамалар бастан асып жығылады. Мұндай орысша жарнамалар ешкімді алаңдатпайтын секілді. Кез-келген жарнама болсын, кесте болсын, т.с.с нәрселер іліну үшін заңында ең бірінші үлкен әріппен қазақшасы жазылу керек! Сосын барып астына орысшасы жазылады. Кейін қажеттілікке қарай өзге тілдерде жазылады. Егер осы заңдылықты бұзғандар болса, бірінші ескертіп алып, соңынан ескертпеге құлақ аспаған жағдайда прокуратураға шағымданып, әкімшілік жазаға тарттыру керек! Ал бізде бұның бірі де орындалып көрмеген. Бұл мәселеде прокуратураға түскен шағымдар жоқ деп ұялмай айта аламын.

Әркім өз өзімен болса, онда біздің тілді кім дамытады? Біздің тілдің тағдырын кім ойлайды, кім қорғайды? Қазақ елінде қазақ тілі жетім баланың күйін кешпеу керек! Қазақ тілінің деңгейі, дәрежесі мен мәртебесі биік болуы керек! Тіл мәселесі, тіл күресі бәрімізге ортақ! Қадірлі өз ана тілімізді ақ жаулықты анамызды құрметтегендей құрметтейік! Талай ғасырлардан, небір соқпақтардан сүрінбей өтіп келе жатқан жалы биік қайран тілім мәңгі жасайды және ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді. Қазақ тілін барын салған орыс державасы да кесе алмаған. Егер кімде-кім менің тілімнің дәржесін түсіріп болмаса кемсітетін болса, ондай орысқұл антиқазақтармен әңгіме бөлек!

Тұрар Шапқара

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297